Дәріс №7.
Ньюкасл ауруы.
Аурудың дамуы, өтуі, клиникалық белгілері.
Аурудың патанатомиялық өзгерістері.
Дифференциалды диагнозы, емі, алдыналу және күресу шаралары
Ньюкасл ауруы (morbus Newcastle,ньюкалская болезень, псеводчума) – тауық тұқымдастығына жататын құстардың бәріне тән тыныс жолдары, ас қорыту мүшелері мен жүйке жүйесін зақымдайтын аса жұғымтал ауру.
Тарихи деректер. Бұл ауруды алғаш рет 1926 жылы Англяның Ньюкасл қаласы маңында байқап, зерттеген ағылшын ғалымы Доиль оны осы қаланың атымен "Ньюкасл ауруы" деп атады. Ауру құс шаруашылығы дамыған елдердің барлығында кездеседі.
Қоздырғышы – парамиксті вирустар туыстығына жататын РНҚ-лы вирус. Оның көгершін, тауық, күрке тауық және теңіз тышқанының эритроциттерін агглютинациялайтын қабілеті бар. Вирустың табиғи штаммдарының зардаптылығы ір алуан болғандықтан аурудың сыртқы нышандары мен таралуы да әр түрлі болады. Биологиялық ерекшеліктеріне қарай Ньюкасл ауруы қоздырушысының штаммдары лентогенді, мезогенді және велогенді деп бөлінеді.
Лентогенді түрі – табиғи әлсіреген, қай жастағы балапандарға болса да зиян келтіре алмайтын штаммдар. Дегенмен дүние жүзінің бірқатар елдерінде, сондай-ақ біздің еліміздің құс көп шоғырландырылған өлкелерінде бұл вирус штаммдары Ньюкасл ауруына қарсы табиғи, спонтанды, өздігінен туындайтын иммунитеттің пайда болуын қамтамасыз етеді.
Мезогенді түрі – табиғи немесе қолдан әлсіретілген штаммдар. Бұлар жұмыртқа ішіндегі ұрықты өлтіреді, сонымен бірге 25-30 күндік нәзік балапандарды зақымдай алады.
Велогенді түрі – індет таратқыш аса уытты штаммдар. Бұл барлық жастағы құстарды зақымдай алады. Ньюкасл ауруы вирусының велогенді штаммдары құс ағзаларына бейімделуіне және енуіне қарай екіге бөлінеді. Оның бірі ішкі ағзаларда өсіп-жетіледі, өте қауіпті, оның азиялық түрі құстың 99-100% - ын қырып кетуі мүмкін. Екіншісі – тыныс долындық, біріншіден сәл әлсіздеу түрі, дегенмен ол да құстың 80-90% - ын қырып кете алады.
Вирус тауықтың 9-12 күндік эмбрионында немесе ұлпа өсіндерінде өсіп-өнеді.
Төзімділігі. Ньюкасл ауруының вирусы сыртқы ортаның әсеріне өте төзімді. Салқын ауада жақсы сақталады. Мәселен 2-4°С суықта вирус жұмыртқа ішінде немесе дертке шалдыққан әр түрлі ағзаларда бір жылдан астам уақыт сақталады.
Тоңазытылған құс етінде бұл вирус алты айдан астам өлмейді. Егер температура 65-75 градусқа жеткізілсе вирус 30 минутта, ал 100 градуста санаулы секундтар ішінде өледі. Құс қаңғырығындағы вирус күн сәулесі тура түскен жағдайда 48-72 сағатқа ғана шыдайды.
Балапан шығару кезінде жұмыртқа қабығының сыртына жабысқан вирус алғашқы күндердің өзінде-ақ зардаптылығын жоятын болса, жұмыртқа ішінде балапан шыққанға дейін жандана түседі. Органикалық заттарға бай ортада вирус 18-21°С ауаның ылғалдылығы 64-70% болған жағдайда 15 күннен 50 күнге дейін сақталады. Жұмыртқа қабығының сыртындағы вирус формалин буының әсерінен 1 сағатта, ал 0,5% натрий сілтісінен 20 минутта, 1% белсенді хлорлы әк ерітіндісінен 10 минутта өледі.
Ньюкасл ауруының вирусымен зарарланған құсханаларды 1% натрий сілтісімен немесе 3% формалин ерітіндісімен 24 сағатта, ал 2% формалинмен немесе 3% хлорлы әк ерітіндісімен 18 сағат ішінде толық зарарсыздандыруға болады.
Ауру қоздырушысының бастауы – негізінен ауру құстар, ауруға қарсы тұратын иммунитеті жоқ әлсіз балапандар мен осындай сақа құстар болып табылады. Ал қоздырушының берілу факторлары: өлекселер, зарарсыздандырылмаған құс еті, қасап қалдықтары, балапан шығаруға арналған немесе сауда орындарында түсетін жұмыртқалар.
Індеттің кең таралуына қазіргі заманғы құс өнеркәсібіндегі зарарсыздандырылмаған ыдыстар мен тасымал көліктерінің де қатысы жоқ емес. Құс өнімдері үздіксіз өндірілетін ірі құс шаруашылықтарында қандай бір жолмен әкелінген вирус әлсіз тауықтар мен балапандарға жұғып, сол жерде ұзақ уақыт бойы сақталып қалуы мүмкін. Ал мұндай шаруашылықтарда құс індеті жиі шығып отырады.
Достарыңызбен бөлісу: |