Шалқар ауданы.
Бағдагүл Ағытайкеліні ӨТЕБАЕВА,
көп балалы ана
ДЕГДАР
Кез келген адамның тірліктегі бейнесін биіктететін асыл қасиеті – кісілігі. Алыстан қарасаң асқақ, жақыннын қарасаң кішіпейіл, әулетіне қыдыр қонған мұндай адамды қазақ бір ауыз сөзбен «дегдар» деп түйіндейді. Осы теңеуге сай, сұлу өмір сүрген, халықтың ықыласына бөленген тұлғалардың бірі Қонақбай Назаров деп ойлаймын.
Себебі марқұм папам, дәлірек айтқанда отағасымның әкесі, саналы ғұмырын Ырғыз өңірінің экономикасын дамытып, мәдениетін жақсартуға арнап, облыстық дәрежедегі дербес зейнеткер болған, «Ырғыз ауданының құрметті азаматы» атағының иегері Ағытай Қойлыбаев отырыстарда өткен өмірден мағыналы сыр шертетін. Сондай әңгімелерінде біз көрмеген Қонақбай назаровты ерекше ықыласымен жиі ауызға алып жүрді. Ғибратты сөз санада сақталып қалады екен.
Менің қалыптасқан дағдыммен күнделікті поштамен келген газет-журналдарда жылт еткен жаңалықты мамама (енемді алғашқы күннен осылай атап кеттім – Б.Ө.) айтып, оқып беремін. Аудандық «Ырғыз» газетінің кезекті санында жоғарыда сөз болған қонақбай ағаның балаларының өтініш-хаты жарияланған. Авторлар әке-шеше жайында естелік кітап шығарғысы келеді екен. Мамам сүйсініп, «Оң болсынын» айтып жатыр. Сәлден соң ойын жүйелеп, былай деді:
-Ол кісі біздің жақта ертеректе тұрды, Ұмытпасам, райкомның екінші секретары. Шаңыраққа келін боп түскеніме көп уақыт өткен жоқ. 1948 жылы отағасымды «Жаңақұрылыс» колхозына есепшілік қызметке жіберді. Ата-енемнен еншімізді алып, көшіп бардық. Колхоз басқармасы Қуандық Жөкеев ағай.
Көктем шыға қыстаудан етекке түсіп, киіз үйде отырмыз. Басқарманың үйіне көршіміз. Суармалы алқапқа егіс салып, өнім алумен даңқы шыққан, сол еңбегі, ауыл-елде беделі бағаланып, облыстық кеңестің депутаттығына екі мәрте сайланған атам Қойлыбай Белесов отбасымен Құрылыс ауылында тұрады. Ара-тұра біздің үйге – балаларына келіп тұратыны бар. Сондай бір келгенінде түс мезгілі болатын. Отағасым:
-Кісі келе жатыр, - деді.
Сөйткенше болған жоқ, қасында екі-үш серігі бар, толықша келген, орта бойлы, қарасұр азамат кіріп келді. Атам қонақтардың сәлемін алып, қалбалақтап «Төрге шығыңдар» деп жатыр.
Соғыстан кейінгі кезең. Ел-халық әлі жұпынылықтан арыла қойған жоқ. Қазіргідей ас та төк болмаса да ауылдың іс басындағы есті азаматтары «қонақ келіп қалады» деп, қамданып отырады. Бөлек атау болып шыққан соң мен де азды-көпті дастарқан құралын сақтап қоятынмын. Дастарқан жайып, барымша шәй дайындадым. Жаспын, қысылыңқырап жүрмін, себебі өз алдымызға шаңырақ көтергелі алғаш рет маңызды қонақ қабылдауым.
Шәй құйып отырып байқағаным – мына кісінің қимыл-қозғалысында, сөз саптауында мәдениеттілік бар. Менің ұғымымша шен-шекпені бар азаматтар көп сөйлемейді, түсі суық, тәкаппар болып келеді. Жаңа қонағымыз бұл түсінігімді теріске шығарды. Кең отырып, ашық-жырқын әңгімелеседі екен. Тұрғылықты жұрт жағдайынан хабардар болғысы келеді. Ризашылығы ғой, кетерінде атама:
Ақсақал, мынадай бала тәрбиелегеніңізге рахмет, өсетін бала екен, -
деді.
Жылы лебіз жан жадыратпай ма?! Жасы жиырмаға енді ғана іліккен отағасым екеуміз марқайып қалдық.
Қонақбай ағай бұдан кейін ауылымызға бірнеше рет келді. Қайсысында да ұстамды, ескерімді қалпынан, ауытқыған жоқ. Бірыңғай жұмысты ойлап қоймай халықтың тұрмыс жағдайына да зер салып жүреді екен. Тілек-өтініштерді сабырмен тыңдайды, құрғақ уәдеге, жалған дақпыртқа әуес емес. Сонысымен қадір-қасиетін еселей түсті. Кейін үйімізде қанша қонаққа дәм ұсындық, көп адаммен араласып, сыйласып кеттік. Сүйсінерлігі – әңгімелескен, пікірлескен адамдардың бірде-бірінен Назаров ағай туралы жағымсыз лебіз естімеппіз. Зейнет демалысына шыққан отағасым: «шіркін, сырбаз адам ғой, шаруашылықты аралап жүргенде әкім-қара деп бөлмей бәрімен де сыпайы сөйлесетін, дөрекі әңгімеден бойын аулақ ұстады» деп жүрді.
Жылдар өтті. Сыйластық жалғасып, Назаровтар әулетімен құдандалы болдық. Шыңдау қайнымның (прокуратура органдарының ардагері Шындәулет Алдияровты айтып отыр – Б.Ө.)қызы Майра Қонақбай ағаның баласы Болатқа тұрмысқа шықты. Құдағиымыз Шолпанды етене біле бастадық. Артық-ауы сөзі жоқ, байсалды бәйбіше. Ұл-қыздарына әдемі тәрбие дарытқан.
-Мұндай өнегелі жандар ешқашан ұмытылмайды, - деп, мамам әңгімесін аяқтады.
Достарыңызбен бөлісу: |