Ақкемер селосы.
Мұғалжар ауданы.
Болат АСАУОВ,
еңбек ардагері, зейнеткер
КӨКІРЕГІ ҚАЗЫНА АҒАМ
Балаларының абзал әке Қонақбай Назаров туралы кітап шығарғалы жатқанын естіп, мен де қолыма қалам алдым. Тұла бойы иманға толы осы адаммен алғаш 1969 жылы танысқан едім. Қонекең – «Пролетарий» кеңшарында партком хатшысы, мен – бас агрономмын. Қызмет барысында күнбе-күн араластық, тіпті қатар құрбыдай әзілдесіп қоямыз. Көңілімде мәңгі орныққан қасиеттері – адамгершілігі мол, қарапайым, үлкенге де, кішіге де құрметпен қарайтын. Асып-тасу, асыра сөйлеу мүлде жат. Жастықтың буы бұрқырап тұрған біздер кейде қызбаланып, артық кетіп қаламыз. Сонда ағамыз байыппен ақыл-кеңес беріп, сабамызға түсіре қоятын. Қиналып-қысылған шағымызда төрелігіне жүгінетінбіз. Қысқасы, Қонекеңмен жұмыстас болу арқылы кейінгі өміріме сабақ болар мектептен өттім. «Өз пікірімде қаламын» деп, айтқанымнан қайтпай қоюшы едім. Өндірістік мәселелер мұндай өзімшілдікке көне бере ме? Кейде тіктеу келер мінезімді байқаған ағамның:
-Бала, қисаймай тыңдап ал, - деп әзілдегені есімде.
Бір жолы қызметтік кабинетіне шақырып алып:
-Болат, неге партия мүшелігіне өтпей жүрсің? – деді.
Кідірместен ондай ойымның жоқтығын айттым.
Сонда жарықтық:
-Сен олай жасама. Келешегің алда. Қызмет бабында өсуіңе керек, партияға өтіп ал, - деп еді.
Кез келген адам бұлай жанашырлық көрсетпейді. Жөн сөзге тоқтадым.
Алла тағы да қарасып, кеңшар орталығында үй арасында үй жоқ – екі отбасы көрші болдық. Бар дәмді бөліп ішіп, отбасылық мәселелерді де ақылдасып шешетін жағдайға жеттік. Шолпан жеңгей нағыз қазақы бәйбіше, ағамыздың жақсысын асырып, жаманын жасырды, отағасының алаңсыз жұмыс істеуіне барлық жағдайды жасады.
Бірді айтып, бірге кеткендей болам-ау, 1969 жылдың мамыр айында болуы керек, Қонекеңе әдейі кіріп, үйлену ниетім барлығын жеткіздім.
-Несі бар, бір бастың екеу болғанын мақұлдаймын. Совхоздың білдей маманысың, сыбай-салтаң жүре бергенің жараспас, - деді балаша мәз болып. Сәлден соң сөзін жалғады:
-Ендігі айтарым – тойды күзге қалдыр. Егінді орып алайық, шөп дайындалып, малшылар қыстауға көшіп алсын. Сөйтіп, арқаны кеңге салып, жақсылап тойлаймыз. Айтпақшы, тағы қандай мәселеден көмек керек?
Мүмкіндікті жібермеуге тырысып:
-Болашақ келініңіздің аулына құдалыққа барар жөні түзу адам болса, - дедім.
Ағам бұл жолы да кеңдігін танытты.
-Болат, сенің әке-шешеңді жақсы білемін. Бұл жағынан алаңдама, шешіледі, - деді.
Қонекең өзіне жарасар мәрт мінезімен қайынжұртымның аулына құдалыққа да барды. Ол жақтағылар мұндай беделді адамның келгеніне мәз, мен де жалым күдірейіп шыға келдім. Қазақы дәстүрмен құда тартамыз деп өзеуреген қыз-келіншектерден:
-Қойыңдар, парткомды тарту заңда қаралмаған, - деп, сыпайы әзілмен құтылды.
Зейнет демалысына шығардан сәл ғана бұрын ол кісінің:
-Болат, сен кеңшарда алты жылдай абыройлы қызмет атқардың, білемін – еңбегің лайықты бағаланбады. Бұған жасыма, тіпті ойыңа алма. Қандай белестер күтіп тұрғаны бір Аллаға аян, - деген тілегін батадай қабылдадым.
Сол әңгімеден соң бірінен соң бірі үш ауданда абыройлы қызмет етіп, зейнет демалысына шықтым.
Көкірегі қазына ағалармен сыйлас, дәмдес, әріптес болғанның өзі бір ғанибет екен-ау!
Достарыңызбен бөлісу: |