Астана қаласы.
Төре Жайлаубайқызы ӘМИНОВА,
еңбек ардагері, зейнеткер
БАҚЫТТЫ ҰҒА БІЛГЕНДЕР
Темір жол бойындағы Жылан стансасында тұрып, сәмбі талдай солқылдап, бойжеткен шағым. Ол кезеңде баласына немесе інісіне қызды қазақы үрдіспен айттырып алып бермей ме?! Болашақ қайнағам Сағитжан Әминов деген сол төңіректе жағымды іс-қимылымен аты шыққан азамат інісі Аманбекке мені ыңғайлап, үйімізге құдалық жол-жоралғымен келді. Сөйтіп 1963 жылы бұрынғы «Шалқар» кеңшарының №1 фермасына қарасты Астаусор деген жерде бөгде үйдің табалдырығын имене аттадым. Атам – сиыр фермасының меңгерушісі. Тұрмыс-жағдайымыз күйлі, екі ақбоз үйді қатар тігіп отыратынбыз. Енем Шолпыш – үйдің шаруасын дөңгелетіп ұстаған ұқыпты адам. Келім-кетімді қонағы көп, берекелі шаңырақ. Желіге оншақты бие байлап, қымыз ашытамыз. Халқымыздың тірлігінің ұнамды сипаты мал ұстау екен-ау. Ата-енем бәйгеге қосып жүрген торы жорғаны үстіне кілем жауып, ағам Ережепке мінгізгені көңілде өшпейтін сурет болып орнықты.
Шәй құйып, дәм әзірлеп жүріп, әңгімеге құлақ түресің. Өзара көтермелеген, жақсыны үлгі еткен сыпайы сөзсаптаулардан сергіп қаламыз. Әсіресе, өзім бұрын көрмеген жездеміз Қонақбай Назаров туралы мақтау лебіздерді көп естідім. Әрі-беріден соң «Сол адамды көрсем...» деген қиял пайда болады екен. Бір күні үйімізге маңдай тіреп, шәй құю бақытына ие болдым. Тұлғалы, айбары бар жан екен, сөйтсе де өзіне кісіні үйіріп ала қояды. Үлкен-кіші демей жұмсақ үнімен сөзге тартады.
Мамыражай көңілмен ештеңеге алаңсыз жүріп жатырмыз. 1969 жылы милиция бөлімінде қызмет істейтін күйеуімнің қалтасына әлдекім қаскөй ниетпен отыз сом салып жіберіп, ұстатады. Тағылған айып: «пара алды». Ештеңені ұқпай біз далмыз. Атам дереу тоқтамға келіп, мектептің тоғызыншы класында оқитын қайным Қойшыбекті пойызға отырғызып, Ақтөбеде тұратын жездемізге жіберді. Ол кісі үлкендер сәлеміне салғырт қарамай Шалқарға келіп, қасына қайнымды ертіп, аудандық партия комитетіндегі, прокуратурадағы шенді азаматтарға жолығыпты. Өзінің сабырлы мінезімен, өмірлік бай тәжірибесімен, терең ойымен, сөзінің түсіндіру қабілетімен болған жағдайды дұрыс түсіндірген. Беделінің мықтылығы емес пе, істі болғалы тұрған жерінен күйеуім ақталып шығады. Мұндай қызмет санадан кетер ме?!
Кейін қайынсіңлім Алтынгүл апа-жездеміздің үйіне жатып, Ақтөбе медицина институтына оқуға түсуге құжаттарын тапсырды. Мектепті таяуда ғана бітірген қыз ауылға келгенінде қожайындардың өзара сыйластығын аңызға бергісіз қып айтып жүрді. Өзі әуелден сұлу апамыз талғаммен
киінетін. Қыста қаракөл жағалы пальто, соған түстес бас киім, ақ байпақ киіп шыққанында көшедегі адамдар сүйсіне қараушы еді. Әйелдің мұндай падишалығы әрине, жездеміздің арқасында екені сөзсіз.
Достарыңызбен бөлісу: |