Шалқар ауданы.
Жұмабай ЖАНСҮГІРОВ,
еңбек ардагері, зейнеткер
СӘН-САЛТАНАТЫ КЕЛІСТІ КӨШ
Біздің қазақ ежелден ата-текті білуге көп мән берген ғой. Тұрғыластарым тәрізді мен де өзімнің, кемпірімнің шыққан әулеттерімізді зерттей жүруді дағды қылдым. Асыл сүйегі Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде жатқан Тілеу батыр айтұлының бір тармағы Дәулейден төрт арыс – Бектау, Қоңызақ, Қамбар, Көшен шығады. Күні кешеге дейін бұл ауылдың ақсақалдары №71 «Кеңдала» разьезінде тұрып келді. Ырғыз ауданында жауапты қызмет атқарып жүрген Қонекең немере ағайыны Орынбасар – Ардақ деген ерлі-зайыпты адамдардың үйіне түскенінде балаңдау жігітпіз, жүріс-тұрысына қызыға қарайтынбыз. Ауылдағылардың сырт жерде атамекен мерейін көтеріп жүрген азаматқа құрметі айрықша, бірінен соң бірі кезектесіп шақырып, барын дастарқанға қояды, құнарлы әңгіменің тиегін ағытады. Қонекеңмен аталас Қожахметтің, Махамбеттің, Баймағанбеттің бар кезі. Қожахметтен менің кемпірім Қамқа туған, Махамбеттен – Бисенбай, Баймағанбеттен – Әли. Бәрінің де ұрпақтары өсіп-өнді, ақар-шақар ауыл.
Қонекең Сағитжанның апасы Шолпанға үйленген ғой. Нақтылап айтсақ, Әмин мен Алмағанбет бірге туады, Әминнен – Сағитжан, Алмағанбеттен – Шолпан. Апамыздың тағдырын текті азаматпен қосып, іргелі ауылдың бәйбішесі болуы – бізге де қуаныш. Сағитжанның үйіне жездемізбен келгенінде малын сойып, қолына су құйып, барымызша қызмет жасаушы едік. Біздің ауылға райкомдар (тұрғылықты халық аупартком хатшыларын солай айтатын – Ж.Ж.) сирек келетін. Қонекең әр сапарында бізді «жас» демей хал-жайымызды сұрайтын.
Оның елдің қалың ортасынан шыққан, кез келген жанмен тіл табысатын адам екені аңғарылып тұрды.
Қонекең болса бізді қалжыңға тартып тұратын. Кейін қай ауданда жүрсе де қайын жұртымен байланысын үзген емес. Сағитжан ағамыз дүниеден озғанда Шолпан апам қасында ұлдары Жалғас пен Талғат бар, арнайы келіп, көңіл айтты, жаназасына қатысты.
Өмір өз заңымен жүріп жатыр, бір кезде Қонекеңдерге қонақ күтуші ретінде қызмет қылған менің жасым 80-ге келді. Жетпіске тарта шаруа қожалығын біріктіріп отырған Шалқар селолық округінде бата берер ардагерлердің бірімін, кемпірім екеуміз он баланы тәрбиелеп өсіріп, қызығын көрудеміз.
Қонекең мен Шолпан апайды еске алып, кітап шығаруға ниеттенген ұрпақтарына алғысымызды айтамыз.
Достарыңызбен бөлісу: |