Лекциялық сабақтар тезистері:
Лекция тақырыбы: Қазақтың тарихи прозасы.
Лекция мақсаты:Тарихи прозаның жанрлық табиғатын түсіндіру, қазіргі қазақ әдебиеті кезеңіндегі тарихи прозаның саяси – әлеуметтік маңызын көрсету.
Қазақ әдебиетінің тарихын қайта қарап, жаңадан жазатын кез келді. Бұған себептер көп, ол түсінікті де. Ең алдымен әдебиет тарихынан көптеген есімдердің, әсіресе көрнекті, белгілі, уақытында бүкіл қауымға мәшһүр болған тұлғалардың шығып қалуын, кейбір шығармалардың аты да аталмауын, тіпті ұшты – күйді жоқ болып кеткенін айтқан жөн. Мұнның бәрін орнына келтіру қажет. Екінші себеп – аты аталған, шығармалары талданған қаламгерлерге ол кезде берілген бағаның кей–кейде көпе – көрне қате, әділ емес оғаш екендігі. Бұл жайда я асыра мақтау, көзжұмбайға салынған, я болмаса әдейі шүбә, күмән келтіру, тіпті теріс баға беруге орын берілгендігі ескерілуі тиіс. Әдебиеттің идеология шылауында болуы, бүкіл өсіп – өну көркею мәселелерінің бәрі осы көзқараспен өлшенуі, тәжірибенің де, теорияның да бірден – бір партиялық саясатқа бағынуы, көркем әдебиетті өзінің табиғи даму заңынан айырып, оны мемлекеттік халық шаруашылығы міндеттерінің бірі ретінде қарау, айналып келгенде, көркемсөзді жүдеткен, оны ежелгі жаратылысынан айырған фактор болды. ХХ ғасыр әдебиетін, және қазіргі заман әдебиетін зерттегенде бұл аса есте болатын жай. Тарихты қайта қарап, жаңаша жазу керектігінің өзі осыдан. Коммунистік идеология шытырманынан аршып алып, өткен жолдың дұрыс – бұрыс келбетін әділ ашып көрсету айтарлықтай абыройлы іс. Сол идеологияның көркемөнерге арналған кезі – социалистік реализм жарты ғасырдан артық уақыт /мәселен, 1934 – 1985жылдар деуге болады/ әдебиет пен мәдениетті бұлтартпай ұстап, бір жолмен айдап келді. Бұл жайда тарихтан өз бағасын алуы тиіс. Кеңес дәуірінің 1960 – 1980 жылдардағы қазақ әдебиеті дамуының бұл кезеңі алдыңғы дәуірлерге қарағанда, бірсыпыра өзгешеліктерімен ерекшеленеді. Бұл өзгешеліктер, ең алдымен, кеңес қоғамының мемлекеттік – саяси беталысындағы жаңалықтармен, И.В.Сталин қайтыс болғаннан кейін оның диктаторлық режімін жұмсарту саясатымен, осы салада жаңа шешім қабылдаған КОКП ХХ съезінің /1956/ қаулыларымен байланысты басталды. Съезд И.В.Сталиннің жеке басына табыну кезінде орын алған қателіктерді сынап, демократиялық нормаларды қалыпқа келтіру саласындағы істерге бастау болды. Кеңес адамына сенімсіздік көрсетіп, одан үнемі жаулық іздеу, көрші мемлекеттермен ылғи да қырғиқабақ болу, дүниежүзілік мәдениет пен экономика дамуынан өздерін оқшау ұстау саясатын айыптады. Мұның әдебиет пен өнер ісін жақсартуға өзіндік әсері тиді. Әдебиет дамуы жайындағы кейбір жалған теориялар, оның ішінде «тартыссыздық, уақыт дистанциясы, шындықтың сыртын жылтыратып бейнелеу» сияқты ұғымдар сынға ұшырады. Жазушылардың өмірмен байланысын арттыру мәселесі көтерілді, шығармашылық ынталылыққа жол ашу қаламгерге деген сенімсіздікті жою мәселесі сөз болды. Мұның өзі өмір талаптарынан туындаған дүниелер болатын. КСРО Жазушыларының екінші съезі /1954/ әдебиеттің өмірмен байланысын арттыру мәселесіне айырықша мән берді. Екі дәуір шекарасында туған осындай жаңа лепті қорғауға батыл қадамдар жасалды, әдеби дамуға жаңа бағыт сілтеді. Дегенмен, қоғамдық – әлеуметтік өмірдегі қайшылықтарды көрсете отырып, билеуші коммунистік партия әдебиет дамуын бұрынғыша қадағалауды жалғастырды. Осы тұстағы партия съездерінің шешімдеріне байланысты 1937 жылдары жазықсыз қараланған қаламгерлер ақталды. Қазақстанда С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров, С.Шәріпов, М.Дәулетбаев сияқты жазушылар есімі мен шығармалары әдебиет тарихына қайта кірді. Ө.Тұрманжанов, Х.Есенжанов, М.Қаратаев, С.Талжанов, З.Шашкин тағы басқалар қайта оралып, жазушылық жолын жалғастыруға мүмкіндік алды.
1946 – 1948 жылдар ішіндегі партияның идеология саласындағы қаулыларында кеткен мен оны орындау кезіндегі асыра сілтеушіліктер біртіндеп қалпына келе бастады. Орталық Комитет 1958 жылы «Ұлы достық», «Богдан Хмельницкий», «Шын жүректен» операларын бағалауда жіберілген қателер туралы жаңа қаулы қабылдады. Бұл қаулының негізгі қағидалары бүкіл кеңес әдебиеті мен өнерінің дамуында маңызды рөл атқарды.
1957 жылы Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті «Қазақ халқының әдеби – поэзиялық және музыка мұрасын зерттеудің, сын тұрғысынан қарап пайдаланудың жайы және оны жақсарту шаралары туралы» арнайы қаулы қабылдап, онда бұрынғы дәуірлерде туған халықтық шығармаларды ғылыми тұрғыда зерттеп, пайдаланудың шараларын белгіледі. Осының негізінде әдебиет пен өнерді, тарихты зерттеу саласындағы бұрын тыйым салынып келген деректерге жол ашылды. Осы қаулыға сәйкес 1959 жылы «Мәдени мұра және оны зерттеу» тақырыбына үлкен ғылыми – теориялық конференция ұйымдастырылды. Қазақ халқының бай фольклорлық және тарихи – әдеби мұрасын түгелдей ұлттық мүдде тұрғысынан әділ бағалауға көтеріле алмағанмен, бұл конференция бұрынғы асыра сілтеулерден арылу, әдебиеттің халықтығын анықтау саласында едәуір ілгері басқандықты көрсетті.
1958 жылғы Мәскеуде өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі, осы кезеңде шақырылған Қазақстан жазушыларының ІҮ /1959/ және Ү /1966/ съездері республикадағы әдебиет дамуының мәселелерін талқылап, оның жаңа міндеттерін белгіледі. Қазақстан жазушыларының қатары білімді, дарынды жастармен толықты. Жас таланттар қазақ әдебиетінің ауыр жүгін арқалап келген аға буын өкілдерімен ынтымақтаса, бірлесе әдебиеттің жаңа міндеттерін шешуге қатысты. Саяси – әлеуметтік жағдайдағы өзгеріс, қаламгерлер ортасының ынта – ықыласы жаңа шығармашылық еңбекке жол ашты, тың ізденістерге бастады. Әдебиетшілер ортасында бұл дәуір «жылымық» /И.Эренбургтің осы аттас повесінің атымен/ деп аталды. Мезгіл жағынан отыз жылдан астам уақытты қамтитын бұл кезең қоғам дамуы мен идеологиялық ұстанымның, ой – пікірдің алмасуы жағынан біркелкі емес. Кеңес мемлекетінің И.В.Сталиннен кейінгі басшысы Н.С.Хрущев заманында басталған осы «жылымық» одан кейінгі Л.И.Брежнев тұсында біраж тежеуге түсті. Саясатты мойындамаушылар қуғынға ұшырап, әдебиет пен өнердің кейбір қайраткерлері шетелге кетуге мәжбүр болды. Алайда бір адамның бттлігіне құрылған қоғамның И.В.Сталин қайтыс болғаннан кейінгі жағдайы жөнделе қоймады. Социализм экономикасы құлдырауға түсті. Жамап – жасқауға тырысқан М.Горбачевтің «қайта құру» бағыты да оған пайдалы ықпал ете алмады. Мұның аяғы 90 жылдардың басында КСРО – ның тарауына әкеп соқты. Әдебиет бұл дәуірде осындай күрделі қоғам шындығын бастан кеше отырып дамыды. Дегенмен, ол билеуші партияның ықпалынан шығып кете алған жоқ. Коммунистік партия бұрынғыша әдеби процеске басшылық жасады. Бұл дәуірлерде өткен коммунистік партияның съездері әдебиеттің партиялық бағытын жалғастыруды міндет етіп қойды. Оның Қазақстан Компартиясы мен Жазушылар ұйымдарының кезекті съездері де қолдап, «бірауыздылық» танытты. Оларда көркемдік шығармашылық үшін жауапкершілікті арттыру, әдеби шығарманың идеялық дәрежесін көтеру айырықша аталды. Әдебиет, негізінен, партия белгілеген дәуір міндеттеріне сүйенді, сол дәуірдің үні болуға тырысты.
1967 жылы КСРО – нің құрылуының 50 жылдығы атап өтілді. Осымен байланысты алынған қаулыда: «КСРО – да социализм мен коммунизм орнату жылдарында адамдардың тарихи жаңа қауымы – совет халқы пайда болды». «Кеңес халқы» деген ұғым кеңес халықтарының әрқайсысына тән өзгешеліктерді мойындамау, олардың психологиясымен санаспау, бәріне бір көзбен қарау саясатының көрінісі болды. Осы негізде партия біртұтас мәдениет туралы пікірді енгізді. «Советтік социалистік мәдениеттің алуан түрлі ұлттық формаларынан ортақ интернационалдық сипаттар барған сайын айқын көрініп отыр... Жаңа коммунистік мәдениеттің – ұлттық кедергілерді білмейтін, еңбек адамдарының барлығына бірдей тең қызмет ететін мәдениеттің негізі осылай қаланады» – деді Л.И.Брежнев.
Бұл партия саясаты мен ұлттық мәдениеттің айырылатын жері еді. Саяси – қоғамдық ғылымдар саласында бұл ұғымдар жиі қайталанғанмен, көркем әдебиет өзінің ұлттық сипатынан айырылып кете алмады. Әр халықтың қаламгерлері өз ұлтының тағдырын, өмірін жазуға тырысты. Әдебиет ұлттық категория боп қалды. Бұл жағдайлар партияны әрқашан сескендіріп келді. Сондықтан да олар әдебиеттің бетін бүгінгі заманды мадақтауға бұрып, тарих тақырыбынан алыс ұстауға тырысты. Мезгіл – мезгіл тарихи тақырыптың басым болып бара жатқанын ескертумен болды. Мұндай ескерту қазақ әдебиетіне жазушылардың ҮІ съезінде /1971/ жасалды. Ал партияның ХХҮІІ /1986/ съезінде М.С.Горбачев «Ұлттық томаға – тұйықтыққа, жершілдікке ұмтылушылық» бой көрсетіп қалатынын, «әдебиет пен өнердің кейбір шығармаларында, ғылыми еңбектерде біздің идеологиямызға, социалистік өмір салтына, ғылыми дүниетанымға қайшы келетін, реакциялық – ұлтшылдық және діни сарқыншақтарды сүйсіну сарында көрсетуге тырысушылық» барын атап көрсетті. Ол да «ғасырлардың терең қойнауына саяхат тартып, хандар мен байлардың өзара қатынастарына» көбірек әуестенушілер барлығын айтты.
Қазақ халқының ұлттық ой – санасының әлсіреп бара жатқанын көрген зиялы азаматтар 60 – 70 жылдардан бастап, халық тарихының оқиғалары негізінде ұлттық сананы оятып, тәрбиелеуге көркем әдебиетті пайдалану мақсатын қойған еді. Ол үшін М.Әуезов негізін салған тарихи роман дәстүрін жалғастыру қажет болды. Қазақ тарихының әрқилы беттері жаңаша бажайланып, көркем бейнелеуге ие болды. І.Есенберлиннің, Ә.Әлімжановтың, С.Сматаевтың, Ә.Кекілбаевтың, М.Мағауинның романдары жарық көрді. Мұндай ұлттық оянуды көптеген туысқан халықтар да басынан кешірді. М.С.Горбачевтың «Ұлтшылдық – реакциялық» деп шошынуы осының әсері болатын.
Тарихилық әдеби шығарманың тарихи – әлеуметтік ортамен, белгілі бір халықтың мәдени тарихымен, салт – дәстүрімен, ырым – нанымдарымен, ұлттық мінез, ойлау ерекшеліктерімен, аңсар, арманымен тамырлас құбылыс. Осынау тарихилық ұғымы суреткер дүниетанымының шартараптылығына, асқан білімдарлығына яки мынадай таным кезеңдерінің өткен /ретрогноз/, бүгінгі /презентогноз/, болашақты /прогноз/ жетік, жан – жақты меңгергеніне тікелей қатысты. Әдебиеттегі тарихилық және зерттеу саласындағы методикалық әдіс ретіндегі тарихилық өмірдегі, ақиқат болмыстағы әрбір қүбылысты тексеру мен бейнелеу жалпы тарихи процестің бір бөлшегі, яғни тарихи сабақтастық негізінде қарастырылуға тиіс. Сонымен, тарихилық беллгілі бір заманның нақты тарихи жағдайларын, қайталанбас келбеті мен өзіндік қасиеттерін, мән – мағынасын, болмысын, ұлттық – тарихи және өмір шындығын, идеялық – танымдық тереңдігін көркемдік тұрғыдан жырлап, тарихтың көркемдік философиясын шеберлікпен жеткізу.
Ал тарихи шындық – өмір шындығының тарихи тақырыпқа арналған шығармадағы көркемдік көрінісі. Тарихи шындыққа қоғамдық өмірдегі нақтылы құбылыстар, болған уақиғалар, өмір сүрген тұлғалар арқау болады. Тарихтың, халық өмірінің шынайы болмысын елестету арқылы өткеннің сипаты танылады. Алайда, әдеби шығармадағы тарихи шындық – көркемдік бейнелеу тәсілмен ерілетін өмір шындығы , яғни көркемдік шындық. Тарихи шығармада өмірде болған уақиғалармен қатар ойдан шығарылған жайлар аз болмайды, тарихи тұлғалармен бірге көркем қиялдан туған кейіпкерлер араласып жүреді. Мәселе, шындап келгенде оқиғаның, кейіпкердің өмірде болған неболмағанында емес. Шығарманың барлық мазмұны,оқиғалары көркем ой көрігінен өтіп, жиынтықталып, өзгеше бейнелілік сипат алып шығатындығында. Әрине, тарихи шығармада айтылмақ уақиғаның өзегі негізінен өмірде болған оқиғалардың аясында алынбақ. Сондықтан жазушы маңызды тарихи жағдайларды, көптеген нақтылы деректерді анық білуі қажет. Ол қанша көркем суреттеулерге барса да тарихи шындықты аттап өтіп, бұрмалауға қақысы жжоқ. Өткен дәуір қалай суреттелмесін, бәрібір сол кездің өз болмысын білдіруі керек. Шындыққа сай нанымды шығуы тиіс. Бұл үшін тарихи дерек көздеріне сүйену шарт. Сонда ған бұрынғы қоғам өмірі, халық тұрмысы өз қалпында сенімді бейнеленбек. Қоғамның даму процесі, саяси таптар мен топтар, кейіпкелердің мінезі, іс – әрекеті өз уақытының қалпына орай алынуы керек. Осының бәрі суреткерлікпен жанды түрде көркем бейнеленіп берілсе, тарихи шындықтың әсері, оқырманға берер танымдық мәні арта түседі. Тарихи шындықты әдебиетте көрсету әдістері, тәсілдері бірте – бірте қалыптасып, өрістеп келді.
Қазақ тарихына жұрт назарын аударуда әдебиеттің жетекші рөл атқаруы, қоғамдық ой – пікірдің басқа салаларына ықпал етуі жоғарыдағы авторлдар шығармаларымен тікелей байланысты. Елуінші жылдардың бас кезіндегі қазақ тарихына байланысты талқылаулар, көрнекті тарихшылар мен әдебиетші ғалымдардың қудалануы әдебиет алдында тарихи тақырыпты біржола жауып тастағандай болып еді. Орыс халқымен достықты жазған жекелеген шығармалар болмаса, қазақ тарихының көптеген күрделі мәселелері жабық жатты. Әсіресе, Кенесары қозғалысының кертартпа реакциялық тұрғыдан бағалануы халық тарихындағы азаттық идеясын көтеруге тыйым болды. Осындай ұзақ үнсіздікті алдымен, алпысыншы жылдардың аяғында І.Есенберлин бұзды. Оның ең бір даулы, қиын тарих беттеріне арналған «Қаһар»/1969/ романы әуелде көп адамды шошытты әрі таңқалдырды. Әуелгі әсер біртіндеп басылды, роман оқылды, орнықты. Көп дауға түскен жоқ. Бұған бірінші себеп – қоғамдағы идеологиялық бақылаудың әлсірей бастағаны болса, екіншіден жазушының Кенесары қозғалысын бағалаудағы екіжақты көзқарасы болды. Патша отаршылдығының күшейіп, халықтың тұрмыс – тіршілігінің ауырлауы жағдайында көтерілген Кенесары қозғалысының алғашқыда халқтық сипат алғанын, тілектес жұрттың оның соңынан ергенін көрсете отырып, Ілияс Кенесарының хан көтерілгенінен кейін көтерілістің халықтық сипаты әлсіріеп, жеке бастың хандық мүддесі үстем бола бастағанын суреттеді. Кенесары соңына ергендердің одан қол үзіп айырыла бастауы да осыған байланысты. Мұндай тұжырымдама билеуші идеология саясатына онша қиғаш та келмейтін еді. Олар көтерілістің осылай бағалануына келіскендік білдірді. Негізінен Кенесары қозғалысның екіжақты сипаты дайлы осындай пікір ұстана отырып, Ілияс патшаның отаршылдық саясатының қазақ халқының өмірін ауырлатып жібергені, Кенесары көтерілісінің туу заңдылықтары, Кененің жеке басының әскери басқарушылық таланты жайлы жазды. Онда халықтың арман – мұраты мен өкініші, күйініш – сүйініші, олармен тілектес ел басшыларының /Кене және оның айналасы/ бейнесі жаңа ұғым түсінікте жасалды. Бұрын хан, би, жырау сияқты ел билігіне араласқан адамдар тек үстем тап адамы есебінде теріс бағаланып келсе, Ілияс бірінші рет қазақ әдебиетінде олардың ісі, арман – тілегі, ой – пікірі халық тағдырымен байланысты болғанымен ашты.
Сөйтіп, «Қаһар» тарихты қайта қозғаудың басы болған, халықтың отаршылдыққа азаттық күрестері жайлы елдің есіне салып, оның санасын оятуға көмектескен шығарма болып тарихқа енді. Қазақ тарихының ХҮ ғасырдан басталған ұзақ тарихы жайлы жаңа романдар / «Алмас қылыш», «Жанталас»/ жазған Ілияс кейін оны осы серияның үшінші кітабы етіп қосты. Бәрі бірігіп «Көшпенділер» деген трилогияны құрады.
Қазақ – Ресей қарым – қатынастарының басталуы мен ооның күрделі жағдайда өріс–теуін суреттеген М.Мағауиннің «Аласапыран» /1981– 1983/, оның кейінгі тарихын жазған Ә.кекілбаевтың «Үркер»/1981/, «Елең – алаң»/1984/, қазақ пен қалмақ жаулаушылығының оқиғаларына арналған С.Сматаевтың «Елім – ай»/1979/, Ә.Әлімжановтың «Жазушы»/1974/ романдары ел тарихының әр алуан сырын көркем бейнелей алуымен, оқырман бойында отаншылдық, елшілдік сезімдерді оята білуімен бағалы.
Қазақ бұл тұстағы тарихи романында тарихтың әркезеңінде өмір сүрген ұлы тұлғалардың өмірі мен кейінгі ұрпаққа қалдырған өнегесін негізге ала суреттеу дәс–түрі қалыптасты. С.Мұқановтың Ш.Уәлихановқа арналған «Аққан жұлдыз»/1967 – 1969/, Ж.Молдағалиевтың Ы.Алтынсарин туралы «Алғашқы қоңырау»/1978/, Д.Әбілевтің «Сұлтанмахмұт»/1965 – 1971/, С.Жүнісовтің «Ақан сері»/1971,1978/, З.Ақышев тің «Жаяу Мұса»/1981/ романдары әдебиет тарихында елеулі мән – мағынаға ие болған туындылар. Бұлардың бәрі де ғұмырнамалық мәліметтер негізінде жазылған. Қоғам өмірінде анық ізі қалған оқиғаларды іріктей отырып, авторлар нақты заман кейіпкерінің қыры мен сырын ашуға ұмтылды. Алайда көркемдік ізденістері олар біркелкі емес еді. Оладың ішінде ұзын – сонар баяндауларға, тарихи оқиғаларды тізбелеуге құрылған, характерлік мінездеуден гөрі, әңгімелеп түсіндіруге тырысқан туындылар да кездеседі. Дегенмен тарих сырын тануға, қазақ халқының ұлы тұлғалары жайлы мәліметтер алуға пайдалы еңбектер болғаны даусыз. Бұл дәуірдің бірталай тәуір шығармалары қазақ халқы бастан кешкен тарихи кезеңдердің шындығын ондағы тарихи қайраткерлердің тұлғасын танытуға арналды. Халықтың азаттық жолындағы күресі, жаңа өмір үшін талас бұл шығармалардың негізгі өзегі болып табылады. Бұл салада Ғ.Мұстафиннің «Дауылдан кейін»/1957/, «Көз көрген» /1963/, С.Мұқановтың «Есею жылдары»/1963/, Х.Есенжановтың «Ақ Жайық» /1957–1965/, Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер»/1961–1970/, Ғ.Слановтың «Асау арна»/1962/, Ш.Мұртазаның «Қызыл жебе»/1978–1984/, Қ.Сәрсекеевтің «Қызыл жалау»/1979–1983/ сияқты романдарының атап айтарлық маңызы бар. Тарихи оқиғаларды терең талдап, олардың қоғамдық өмірдің өзгерістерін түсінудегі маңызын ашудағы ұмтылыс бұл шығармаларды көп жағынан туыстырады.
Тарихи романдар бұл дәуірде үлкен прозаның белгілі бір саласын толықтырып, халық тарихының өзекті мәселелерін көтеру арқылы оқырман үшін аса мағыналы танымдық қызмет атқарды. Қазақ халқының көне дәуірлерден /Д.Досжанов «Жібек жолы», «Фараби»/ басталған тарихы, мәдениеті мен салт – дәстүрі барын, ел қамын жеген басшылары мен өнерінің, ғылымының үлкен тұлғалары болғанын әйгіледі. Оларды халықтық ойларымен тансытырды. Осы мәселелерді биік идеялық – көркемдік дәрежеде бейнелеу қазақ қаламгерлерінің де шығармашылық өнерде өскендігін танытты. Бұл шығармалардың таңдаулы үлгілері әлем әдебиетінің қорына қосылды.
Тарихи романдардың табыстары мен идеялық – көркемдік концепциясы бүгінгі заман тақырыбына шығарма жазушылар үшін де мектеп болды десек, артық емес. Жаңа заманды жырлаушылар да белгілі тарихи кезеңнің шындығын суреттей отырып, оның заман мен адам үшін қалдырған ғибратын, өнегесін көруге тырысты. Қазақ халқының тағдыры туралы ойларға ой қосты.
Осы дәуірде туған прозалық шығармаларда бүгінгі заман тақырыбын жырлаудың өзі жаңа позицияда қойылды. Өмірді күнгей жағынан ғана алып, боямалап көрсету фактілері сынға ұшырағаннан кейін қазақ жазушылары бүгінгі заман шындығындағы қайшылықты құбылыстарды көріп зерттеуге, көркем бейнелеуге ұмтылыс жасады.
Бұл саладағы жаңаша ізденістің бір үлгісін алғашқы кезеңнің өзінде – ақ М.Әуезов көрсеткен еді. Ол «Өскен өркен» /1962/ романы арқылы бүгігі күн тақырыбын игеруге жаңа бағыт сілтеді. Әдебиетте өз замандастарының бейнесін эпикалық түрде бейнелеуді ойлаған жазушы өмірінің соңғы кезінде республиканы көп аралап, еңбек адамдарымен танысып, өмір сырына ой жібере қарады. «Өскен өркенде» ол Қазақстандағы бүгінгі мал шаруашылығының жайы және онда еңбек етіп жүрген адамдар тағдырын суреттей отырып, сонымен байланысты моральдық – этикалық, ұлттық дәстүрлер мен олардың жаңаруы, салт – санадағы ескі ұғымдар мен өзгерістер, жаңа адамды тәрбиелеу мәселелері тәрізді көптеген проблемаларды қозғады. Бүгінгі тіршіліктің күнгей жағын ғана қудаламай, дамуға бөгет болып отырған қиындықтар мен қайшылықтарды шыншылдыпен ашты. Романның бүкіл сюжеттік – композициялық, идеялық – көркемдік негізінен туатын қорытынды – мал шаруашылығын өркендетудің сенімді шараларын ойласудың қажеттігі /өмір бойы мал басының өсуіне бөгет болған жұт әлі бар, малшылардың көшпелі күйінде өзгеріс аз емес/ мен санадағы ескілікпен аяусыз күресу /Айсұлу–Сағит оқиғалары/ керектігі. Мұны жазушы кейіпкерлердің белсенді әрекеті мен іскерлігін күтіп отырған мәселе етіп көтерді.
М.Әуезов «Өскен өркен» арқылы қазақ әдебиетіндегі ұнамды кейіпкерлер турлы ұғымды кеңейте түсті. «Біздің замандасымыз – барша қауымның бақытын тілейтін, жалпақ дүиенің жан лебін жүрегімен ұғатын адам. Оны тебірентпейтін нәрсе жоқ – ел өмірі, достар мен қастар жайлы ойын бөледі, саясат та, ғылым да, өнер де, еңбектегі жеңіс пен жетімсіздік те, отаршылдыққа қарсы күрес те бәрі – бәрі де оны толғандырады. Жеңісіміздің әр сәті – кеңес еңбеккерінің жан жүрегінің жарқ еткен сәулесі, жалт еткен ұшқыны іспетті. Ол – «өзі осындай адам» – деп жазды «Қазіргі роман және оның қаһарманы» атты мақаласында.
Көркем прозадағы заман жаңалықтарын кең ашып, адамдардың өсу жолының күрделілігін көрсету, сол арқылы дәуір ерекшеліктерін диалектикалық тұрғыда танытудағы осы бастама Т.Ахтановтың «Боран» /1963/ романында қолдау тапты. Жазушы онда күресте шыныққан, бойында рухани қуаты мол, моральдық сапасы биік еңбек адамының жаңа бейнесін жасады. Шығарманың сюжеттік желісінде ұзақ сонар баяндау жоқ. Онда шопан Қоспанның малымен ақтүтек боран астында қалып, бір отар қойды қалай аман алып қалу жолындағы арпалысы суреттеледі. Сол арқылы Тахауи Қоспан тағдырына, оның ішкі сырына, ол бастан кешкен дәуірдің өзгешеліктеріне үңіледі. Боранмен алыса жүріп, өз басынан кешкен өмір белестерін еске алады, терең ойға батады. Шығарма композициясын ұстап, тұтастырып тұрған да осы ойлар, қаһарманның ішкі монологі. Жазушы шығарма идеясын бас кейіпкердің өмір сүйгіштігі, жандүниесінің тазалығы, рухани байлығын көрсетуге құрады. Осы тұстағы әдебиетке өмір шындығын жеңілдетіп көрсетпей, кейіпкер бейнесін терең тартыста, күресте таныту талабы қойылды. Осы үлгідегі ізденістер Т.Әлімқұловтың «Ақбоз ат», С.Жүнісовтің «Жапандағы жалғыз үй», З.Шашкиннің «Теміртау» романдарында танылады.
Кейінгі қазақ романы ішінде де біздің замандастарымыздың бейнесін олардың жұмыс орындарындағы мамандығымен, ондағы өзіндік қарым – қатынастары арқылы көрсетуді мақсат тұтқан жақсы шығармалар аз емес. Өндірістегі еңбек адамдарының өмірі мен проблемаларын суреттеген З.Қабдоловтың, Ш.Мұртазаның, М.Сәрсекеевтің, А.Жақсыбаевтың, Р.Сейсенбаевтың романдары мен ауыл өміріне арналған К.Ахметбековтің, М.Сүндетовтің, Д.Досжановтың романдары туды. Бұларда өндіріс пен ауыл проблемаларын фон етіп алып, рухани әлемі бай, қоғамдық іске жауапкершілігі мол, адамдық, азаматтық қылықтары көңіл толтыратын кейіпкерлердің жаңа бейнелерін ашуға ұмтылыс жасалды.
Бірқатар қазақ романына кешегі өткен соғыс пен соғыс кезіндегі ел өмірінің шындығы негіз болды. Адам тағдырына әлеуметтік және адамгершілік тұрғыдан қарау және оның философиялық сырын ұғыну соғыстың шындығы арқылы танылатын, адамның өмір мен өлім шекарасында өзімен өзі кездесуін ашатын шығармалар тудыруда Т.Ахтановтың еңбегі үлкен. «Қаһарлы күндер» /1956/, «Шырағың сөнбесін» /1981/ романдары соғыс шындығы арқылы көрінетін адамдық қасиеттерді бекіте түседі.
Б.Соқпақпаевтың «Өлгендер қайтып келмейді»/1967/ романының тақырыбы – соғыстың өзі емес, оның алыс қазақ ауылындағы жаңғырығы. Соғыстың оған қатысушылар үшін ғана емес, тылдағы ел үшін де үлкен апат, дүрбелең болғанын сол тұстағы жоқшылық, қысаңшылдық өмірді кең суреттейді. Сол арқылы соғыс кезінде майданмен тең сынға түскен ел бейнесі, ел намысын қорғаған жандардың адамдық кейпі жайлы мәселе қозғайды.
Бұл жылдары жастар ішінде романшы жазушылар өсіп жетілді. Олардың шығармалары тақырыбы жағынан шектеуге келмейтін дәрежеде өсті. Ә.Таразидің, Қ.Ысқақовтың, Р.Тоқтаровтың, Ж.Нәжімеденовтың, Т.Әбдіковтің, С.Досановтың романдары негізінен адам тағдырын нысана етіп, қоғамдық ортаның әрқилы сырын танытуға ұмтылысымен ерекшеленеді. Оларда адамды тану оның әрқилы тіршілік қалпындағы ой – сезімін, жан толғанысын суреттеу арқылы беріледі. Өмірдегі қайшылықты құбылыстарға негіздеп, бұрынғы социалистік ұстанымдарға, оны бекітуге ұмтылған әдебиет үлгісіне, ұнамды кейіпкер тағдырына жаңа көзқарас танытқан шығармалар да көрінді. Бұл шығармалар әдебиетте қазіргі заман шындығын суреттеу жалаң тақырып қуалау емес, адамдардың биік сапасын ашу, адамгершілікті сақтау, бастанк ешкен қиындықтарға қарамай, қайткенде адам болып қалу проблемаларымен байланысты қойылғанын байқатады. Тақырып кейіпкерлердің еңбек еткен ортасын, олардың қоғамдық міндетке деген көзқарасын, қатысын таныту үшін алынады. Ал адам қайда болса да адам, әдебиет осы адамның бүгінгі бейнесін танытуға ұмтылды. Мұндай жаңа бағыттағы ізденістерді қазақ әдебиетінің басқа жанрларынан да байқау қиын емес. Ғ.Мүсіреповтің «Кездеспей кеткен бір бейне» /1967/, «Ұлпан»/1974/ повестерінде эпикалық проза дәстүрі шебер жасалған адам тұлғалары, дәуір суреті, көркем бейнелі тіл өрнегі арқылы жаңарта дамытылса, С.Шәймерденов повестері / «Жыл құсы» – 1969, «Мәжнүн тал» – 1978/ қазақ даласындағы жаңа өмір орнатудың қайшылықты жақтарын аша суреттеген шыншылдығымен, лиризмімен көңіл аударады. Бұл жанрды дамытуға алпысыншы жылдардың бер жағында әдебиетке келген жастар айырықша еңбек сіңірді. С.Мұратбековтың, О.Бөкеевтің, Д.Исабековтың, Ә.Кекілбаевтың, Т.Нұрмағанбетовтың, Б.Мұқаевтың, А.Мекебаевтың шығармаларында өмірді социалистік мұрат тұрғысынан кең панорамалық суретке түсіруден бас тартып, оның қарапайым шындығын деталь /бөлшек, бөлік/, жеке адамның жандүниесін тану арқылы суреттеуге ұмтылыс жасалды.
Достарыңызбен бөлісу: |