Фолацин (фоль қышқылы). Тетрагидрофоль қышқылы гистидин, метионин, т.б. амин қышқылдарының айналуларға түсуі кезінде, пуриндік және пиримидиндік нуклеотидтердің биосинтезі кезіндегі біркөміртекті топтарды тасымалдау үрдістерінде кофермент ретінде қатысады. Ол гем мен порфириннің түзілуін реттейді және белсенді етеді.
Фолацин жетіспегенде, балаларда мегалобласты анемия, алиментарлық макроцитарлық анемия, тропикалық спру дамуы мүмкін. Көбінесе, оның жетіспеушілігінің себебі, тамақ құрамында аз кездесуі мен сіңірілуінің бұзылуынан болады. Сонымен қоса, бұндай жағдайлар фолациннің сіңірілуін төмендететін дәрі-дәрмекті (бисептол, метотрексат, т.б.) көп қолданғанда, дәруменнің эндогенді синтезінің белсенділігін төмендететін бауыр ауруларында, фолациннің қажеттілігі жоғары болатын сәби жасындағы балаларда және қатерлі ісіктер кезінде пайда болады.
Балаларда тәуліктік қажеттілік- 40-200 мкг, ересектер үшін - 200 мкг құрайды (8.11.- кесте). Фоль қышқылы салыстырмалы түрде жапырақты дақылдарда (петрушкада- 117 мкг%, шпинатта - 53 мг%, бауырда -160 мг%, ашытқыда - 1470 мкг% көп, ал басқа өнімдерде оның үлесі аз. Ұзақ кулинариялық өңдеу фолациннің бұзылуына әкеледі.
Кобаламиндер (В12 дәрумендер). В12 дәруменінің барлық белгілі биохимиялық қасиеттері кофермент қызметін атқаратын метилкобаламин және аденозинкобаламин арқылы жүзеге асады.
Біріншісі, нуклеин қышқылдарының метаболизміне, екіншісі пропионаттың алдынғы өнімінің ыдырау жүйесіне қатысады.
В12 дәруменінің аш ішекте сіңірілуі үшін Кастл деп аталатын ішкі фактордың болуы керек. Оны асқазанның шырышты қабықшасының париетальді жасушалары бөледі, ол дәруменді ішектің шырышты қабықшасы арқылы тасымалдайды.
В12 дәрумені жетіспеушілігі кезінде, пернициозды анемия және жұлынның артқы бүйір бағаналарының склерозы және дегенерациясымен байланысты неврологиялық бұзылыстар дамиды.
В12 дәрумені тапшылығы, көбінесе ащы (жіңішке) ішек ауруларында ( целиакия, спру, қатерлі ісіктер) сіңірілудің бұзылуымен, құрт (гельминт) ауруларында ішкі фактордың бұзылуымен, эндокринопатия мен гастроэктомия кезіндегі ішкі фактор бөлінуі төмендеуімен, т.б. байланысты. В12 дәруменінің жетіспеушілігі, вегетерианецтерде көп кездеседі, себебі, бұл дәрумен тек жануар өнімдерінде ғана кездеседі.
В12 дәруменінің тәуліктік қажеттілігі, емізулі жаста -0,3-0,5 мкг, 11-17 жаста- 3 мкг дейін, үлкен адамдарда қажеттілігі - 3 мкг.
В12 дәрумені құрамында көп болуымен ерекшеленетіндер, сиыр бауыры (60 мкг%), бүйрек (25 мкг%), шошқа бауыры (30 мкг%). Басқа өнімдерде оның үлесі аз: етте 2-6 мкг%, балықта 1-3 мкг%, сүтте 0,4 мкг%, сүзбеде 1-2 мкг%.
Майда еритін дәрумендер. А дәрумені. А дәрумені тобына ретинол, ретинил-ацетат, ретиналь, ретиной қышқылы, т.б қосылыстар жатады (8.9. -кесте). А дәрумені ретиналь түрінде түрлі-түсті, күндізгі және тұнгі көруді қамтамасыз ететін торлы қабықтың көру пигменттерінің простетикалық тобы болып табылады. А дәруменінің басқа түрі – ретинильфосфат жасуша мембраналарының гликопротеидтерінің түзілуі кезінде қант қалдықтарын тасымалдаушысының коферменті қызметін атқарады.
А дәрумені жас ағзалардың қалыпты өсуі мен дамуы үшін, эпителий тіндерінің қалыпты жағдайын сақтап тұру үшін, көру актісін реттеу үшін және жасушалрдың антигендік құрамының тұрақтылығын иммундық бақылау үшін керек.
А дәруменінің біріншілік жетіспеушілігі, әдетте, құрамында А дәрумені мен каротиндері бар тамақ өнімдерін аз қабылдау салдарынан тамақта ұзақ уақыт болмау себебінен және А дәруменінің сорылуын қамтамасыз ететін рациондағы ақуыздың, майдың, Е дәрумені мен және басқа нутриенттердің жетіспеушілігі нәтижесінде дамиды.
А дәруменінің екіншілік жетіспеушілігі, ақуыз-энергия жетіспеушілігі, ұйқы безі, бауыр, асқазан ішек жолдарының аурулары кезінде А дәруменінің тасымалдануы, қорға жиналуы және сіңірілуінің бұзылуы кезінде пайда болады.
А дәруменінің жетіспеуі немесе сіңірілуінің бұзылуы, түрлі түс қабылдауының, қараңғы жағдайға бейімделуінің бұзылуына - гемералопияның (тауық соқырлығы) дамуына әкеледі. Сонымен қатар, тері, тыныс жолдарының, көздің, асқорыту, зәр шығару жолдарының шырышты қабықшаларының эпителийлерінің метаплазиясын, яғни қалыпты эпителийдің көпқабатты жалпақ мүйізденетін эпителийге айналуын дамытады. Бұл конъюктиваның ксерозын, ал ауыр жағдайда, көздің қасаң қабығының қабынуын тудырады, тері құрғайды, шаш фоликулаларының мүйізденуі және гиперкератозы дамиды. Эпителий метаплазиясы нәтижесінде, тіндердің инфекцияға төзімділігі төмендейді, жоғарғы тыныс жолдарының, өкпенің, бүйректің, асқорыту жүйесінің қабыну аурулары жиілейді.
А дәруменінің жеткіліксіздігі салдарынан, ағзаның әр түрлі антигендерге иммундық жауабы әлсірейді, өйткені, ретинойдтардың әсер ететін жері Т-хелпер жүйесі. Соның салдарынан А дәруменінің жетіспеушілігі, антибластомды резистенттілікті төмендетіп, қатерлі ісіктердің дамуына мүмкіндік тудырады. Эпидемиологиялық зерттеулер көрсеткендей, ретинолмен және β-каротинмен аз қамтамасыз етілген кезде, тоқ ішектің қатерлі ісіктері көбейеді.
Адам жас болған сайын А дәруменінің жетіспеушілігінің салдары ауыр болады. Балалардағы алғашқы белгілері - көз бен терінің зақымдануы, инфекцияға қарсылықтың төмендеуі, кейін өсу және даму үрдістері баяулайды. Ауыр жағдайларда өлімге әкеліп соғуы мүмкін.
А дәруменін көп қолдану, жедел немесе созылмалы гипердәрумендікке әкелуі мүмкін. Әсіресе, оның жедел түрі емдеу мақсатында тағайындалған А дәруменінің үлкен мөлшерін (100000 мкг дейін) қолданғанда, балаларда жиі байқалады және ол бас ми қысымының көтерілуі, құсу белгісімен көрінеді.
Құрамында А дәрумені көп су жануарларының - ақ аю, кит, тюленьнің бауырын тамаққа қолдану А дәруменінің гипердәрумендігін дамытады және ол бас айналумен, ұйқышылдықпен, құсумен, диплопиямен, есі шатасуымен, бауырдың зақымдануымен сипатталады.
Созылмалы гипердәрумендік, әдетте, емізулі жастағы балаларда тәулігіне 6000-20000 мкг, қабылдағанда бірнеше жетіден кейін, ал жасы үлкендеу балаларда тәулігіне 33000 мкг дейін бірнеше ай бойына қолданғанда байқалады. Оның алғашқы белгілері - терінің құрғауы, мүйізденуі, ерні жарылуы, шаштың түсуі. Кейін, бас сүйек ішілік гипертензия дамиды, көк бауыр мен бауыр үлкейеді, кортикальды гиперостоз бен артралгия байқалады.
А дәруменіне қажеттілік, тек ретинолмен ғана қамтамасыз етіліп қоймай, сонымен қатар бауыр мен жіңішке (ащы) ішектің шырышты қабықшасында А дәруменіне айналатын, продәрумен А - өсімдіктердегі каротиноидтардың (-, - каротиноидтары, криптоксатин, т.б.) ағзаға түсуінің есебінен де қамтамасыз етіледі. Каротиноидтардың А дәрумендік белсенділігі, ретинолға қарағанда төмен. Ең бағалысы --каротин, белсенділігі басқа каротиндерден екі есе артық, ретинолға қарағанда алты есе төмен, яғни 1 мкг ретинолдың белсенділігі 6 мкг каротиноид белсенділігіне тең.
Ағзаға А дәруменінің қажеттілігі, ретинолмен қатар каротиноидпен де қамтамасыз етілетіндіктен, А дәруменіне физиологиялық қажеттілік ретинолдық эквивалентпен сипатталады, оның 1 мкг-сі ретинолдың 1 мкг-не немесе каротиннің 6 мкг-не тең.
А дәруменінің емізулі жастағы балаларға қажеттілігі, үлкен адамдарға қарағанда 6-7 есе жоғары, орта есеппен 70-100 мкг/кг дене массасына (400 мкг/тәулік), үлкен адамдарға - 14-15 мкг/кг. Балалардың келесі жас шақтарында оның қажеттілігі, емізулі жастағыға қарағанда төмендегенімен, үлкен адамдарға қарағанда жоғары болып қалады.
А дәрумені, тек жануар текті өнімдерде ғана кездеседі. Бұл дәруменнің қоры ағзада жиналады, негізінен бауырда. Бауыр қоры ересектерде 1-2 жылға жетеді, сондықтан олардағы жетіспеушілік онша байқалмайды, ал балалар бауыры А дәруменін көп мөлшерде жинай алмайтындығынан, оның жетіспеушілігі тез дамиды. А дәруменінің негізгі көздері- балық майы (19 мг%), жануарлардың және теңіз балықтарының бауыры (4-8 мг%); ал сары майда (0,4-0,5 мг%), жұмыртқада (0,4 мг%) және сүтте (0,025 мг%) ол азырақ.
Жасыл жапырақты және сары көкөністер каротиноидтарға бай: сәбіз (2-7 мг%), қызыл бұрыш (2 мг%), шпинат (4-5 мг), салат (1,8 мг%), қызанақ (0,7-1 мг%) және т.б. Олар тамақта оңай еритін өсімдік майлары болған жағдайда тез сіңеді.
Достарыңызбен бөлісу: |