9.2. Жасөспірімдерді мамандыққа бағыттау және мамандық түріне дәрігерлік кеңес беру.
Мамандық таңдау – қарапайым міндет емес. Белгілі бір кәсіби іс-әрекетке бейімділік мектеп жасынан ақ, 12-13 жастан бастап және 14-16 жастарда одан да айқындалып, қалыптаса бастайды. Жасөспірімдердің белгілі бір мамандықты игеруге ұмтылуы, оның беделі мен материалдық жетістіктеріне қызығу ғана емес, оған қызығушылық пен нағыз құмартудан туады. Бірақ, адамның қалауы ағзаның күші мен мүмкіншіліктеріне, әсіресе денсаулық жағдайына кейде сай келмейді.
Бұл факторлар ескерілмей, таңдап алынған мамандықта жұмыс істеу, денсаулық жағдайының нашарлауына, жұмыс операцияларын тиімді орындауға қабілетті болмауына, істеген жұмысы мен өміріне қанағаттанбауына, кәсіби аурулар мен мүгедектік даму мүмкіндігіне әкелуі мүмкін. Осыған байланысты, оқушыларға өз уақытында мамандыққа бағыт берудің маңызы зор.
Мамандыққа бағыттау деп, қабілеттілікке, икемділікке, білімділікке, денсаулық жағдайына, жеке бастың ерекшеліктеріне, сондай-ақ, қоғамға қажеттілікке сәйкес, оқушыларды өз еркімен мамандық таңдауға дайындайтын шаралардың ғылыми-негізделген жүйесін айтады.
Мамандыққа бағыттау бірнеше маңызды мәселелерді шешеді. Соның бірі әр түрлі саладағы мамандардың халық шаруашылығында қажеттілігін анықтау болып табылады. Бұл мәселені экономика мамандары шешеді. Басқа мәселелерді кәсіп түріне медициналық-физиологиялық кеңес беру (КМФК) қарастырады.
КМФК міндеттеріне жатады:
Мамандықты, жұмыс істеуге қажет болатын адамның қабілеттілігі бойынша бағалау;
Оқушының психологиялық-физиологиялық және басқа жеке басының ерекшеліктерін, оның іске икемділігін зерттеу, олардың таңдалған мамандықпен жұмыс істеу үшін сәйкестігін анықтау.
Жұмыс істегенде денсаулыққа қолайсыз салдары жоқ, үйрету үрдісінде кәсіптік жарамдылықтың табысты қалыптасуына мүмкіндік туғызатын, сондай-ақ, кейінгі еңбек әрекетінде денсаулықтың сақталуы мен нығаюына жағдай жасайтын мамандықтар таңдау мақсатында, оқушылардың денсаулық жағдайын зерттеу.
Медициналық-физиологиялық мәселелерді шешуде әр түрлі мамандар: психологтар, педагогтар, физиологтар, мектеп дәрігерлері, жасөспірімдер кабинеттерінің, СЭБ балалар мен жасөспірімдер гигиенасы бөлімінің дәрігерлері қатысады. Бірақ, негізгі рөлді мектеп дәрігерлері мен жасөспірімдер кабинетінің дәрігерлері атқарады, олар белгілі мамандыққа жасөспірімнің кәсіби жарамдылығы жөніндегі қорытындыны береді және ынғайлы мамандық таңдауға да көмектеседі.
Қазіргі көзқарас бойынша, кәсіп түріне жарамдылық адамға тән, іштен туа біткен қасиет емес, ол оқу және кәсіптік қызмет үрдісінде қалыптасады, бірақ баланың талабы кәсіп түріне жарамдылықтың қалыптасуының биологиялық негізі болып табылады. Сондықтан, оларды анықтағанда жасөспірімдердің денсаулық жағдайы ғана емес, тіршілік ету барысында өзгерістерге аз ұшырайтын, жоғары жүйке қызметінің типологиялық ерекшеліктері де, сондай-ақ, кәсіптік маңызды қызметтерінің даму дәрежесі де (бұлшық ет күші, төзімділік, координация, ой өрісінің, анализаторлық қызметінің даму деңгейі және т.б.) міндетті түрде ескерілуі қажет.
Мамандыққа бағыттау бойынша шаралар кешенін мектептерде 5 сыныптан бастап, педагогтар ата-аналарының қатысуымен жүргізеді. КМФК 7 сыныптан бастап жүзеге асырылады. Оны жүргізу үшін дәрігер жасөспірімнің толық медициналық тексерілуінің нәтижелерін алу керек, жасөспірімдік-бозбалалық жастағы ағзасының анатомиялық-физиологиялық ерекшеліктерін білуі керек, әр түрлі өндірістердегі еңбек жағдайларымен және олардың ағзаға әсерімен, ағзаның функционалдық жағдайына және жеке мүшелер мен жүйелерге, белгілі еңбек түрімен ұсынылатын талаптармен таныс болуы керек, кәсіптік оқытуға және онымен жұмысқа медициналық қарсы көрсетілімдердің тізімін білуі, жасөспірімдер еңбегін қорғау бойынша негізгі заңнамалық құжаттарды білуі керек.
Осы ақпараттарға сүйене отырып, дәрігер жасөспірімдерді мамандық үшін іріктеуі емес, қайта жеке жасөспірім үшін, денсаулық жағдайында кездесетін ауытқуларды одан әрі нашарлатпайтын, олардың компенсациялануына ықпал ететін және ағзаның резистенттілігін арттыратын, мамандық түрін таңдауы керек.
Достарыңызбен бөлісу: |