XX ғ.б. ұлт-азатшыл бағыттағы ақын-жазушыларға тоқталыңыз.
Ұлт-азатшыл бағыттағы ақын-жазушылар шығармашылығының басты міндеті ұлт-азаттығының тірегі ұлттық сананы ояту болды. Олар өз шығармашылығында отаршылдыққа қарсы ашықтан-ашық пікір айтып, азатшыл күрес идеясын өркениетті елдердегі саяси күрес тәсілімен ұштастыруды мақсат тұтты. Ағартушылық, өнер-білім барлығы ең алдымен ұлт-азаттығы үшін қызмет етуі керек деген берік байламдағы ой-идеяны насихаттады. “Мақсаты тіл ұзстартып, өнер шашпақ” болған Абайдың ағартушылық бағыттағы ой-толғамдарын жаңа арна – азаттықпен ұштастырды. Тапшылдық, жікшілдік мүдделерді көздемей, ұлт тұтастығын сақтауға ұмтылды. “Елім”, “Жерім" деген ұрандарды ұлттық сананы ояту жолындағы негізгі ұстындарға айналдыруды көздеді. Яғни бұл бағыттағы ақын-жазушылар шығармашылығында “елшілдік” (М. Әуезов) сипат басым болды.
Бұл бағыттың қалыптасуына ХХ ғасырдың басында жаңа әлеуметтік саяси күш ұлтжанды зиялы топтың пайда болуы жан-жақты әсер етті. Олардың көбі шығармашылықпен айналысқандықтан да, өз шығармаларында бостандық, теңдік, азаттық идеяларын ту етіп көтерді. Ал өздерінің саяси көзқарастарында елдің жігін ажыратпай, біртұтас етіп біріктіруді көздеді. Сондықтан ең басты мәселе ретінде саяси тәуелсіздікті нысана етіп қоя білді. Ұлттың жан-жақты дамуы, өркендеуі ұлттық салт-дәстүрлерді сақтай отырып, өзге өркениетті елдерден үйренер еркіндік салтымен жетілуде деп білді. Оқу-ағартуды, өнер-білімді ел тәуелсіздігі жолындағы саяси күреске пайдалануға әрекеттенді. Әдеби шығармаларында ұлттық сананы оятуды, күрескерлік рухты көтеруді басты мақсат тұтты. Сондықтан да олардың шығармаларындағы көркемдік әдіс-тәсілдер азатшыл оймен ұштасып жатты. Ұлт-азаттық әдебиет бағытының өкілдері қандай да бір әдеби шығарма болмасын, оған ұлттық мұрат тұрғысынан талап қойды. Сөйтіп, қазақ әдебиетіндегі өзінен бұрынғы Дулат, Шортанбай, Мұрат, Махамбет дәстүрлерін жаңа арнада дамытты. Халықты саналы іс-әрекетке үндей отырып, таптық қайшылықты емес, ұлттық бірлікті жырлап, ұлт тұтастығын сақтауды көздеді. Бұл бағыттың негізін қалаған Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев шығармашылығында Ресей империясы отаршылдық езгісінің бүкіл сипаты толыққанды ашылды.
Ахмет Байтұрсынов өзінің И. Крыловтан алған мысалдарында қазақ қоғамының өткір мәселелерін қозғайтын мысалдарды таңдап, оларда ұсынылатын түйін-тұжырымдар арқылы ел санасын оятуға баса күш салды. Ал өзіндік төл өлеңдерінде ұлт-азаттығына үндеп, тәуелсіздік мәселелерін айбынды рухпен жырлай алды.
Міржақып Дулатов — «Оян, қазақ!» деп азаттық жырын алғаш ту етіп көтерген ақын. Оның отты өлеңдері ұлттық сананы оятуға айрықша қызмет етті. Ақын поэзиясына өмірдің күйкі тірлігі жат. Оның поэзиясы азаматық асқақ үнге толы болып келеді. Ол жазған алғашқы қазақ романында да бас бостандығы жолындағы күресте мерт болған қазақ қызының бейнесі сомдалып, күрескерлік рух алдыңғы қатарға шығарылды.
Мағжан Жұмабаев поэзиясы ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің алтын айдары десек, еш қателеспейміз. Поэзия әлеміне өзгеше өркенді жаңашылдығымен келген ақын қазақ лирикасын тың көркемдік сапамен байыта алды. Мөлдір сезім мен нәзік лиризммен қауышып жатқан тұнба тұнық ой-таным ақын поэзиясына әлемдік әдебиеттің төрінен орын бергізді. Мағжан поэзиясындағы азаматтық сарын өлең-жырдың өн-бойында өріліп түсетін рух қуатымен астасып жатады. Оның өлеңдерінде азаттық пен тәуелсіздік идеясы ба- сты белгі ретінде бейнелі көрініс тапты.