С. Көбеевтің «Қалың мал» романының мазмұнын баяндаңыз.
Спандияр Көбеевтің «Қалың мал» романының тақырыбы әйел мәселесі: қазақ әйелінің хал-жайы, бас бостандығы, теңдігі, оқып, білімді әлеумет қайраткері болуы.
Қазақ әйелінің хал-жайы, бас бостандығы, теңдігі деген тақырыпты бір Спандияр ғана емес, ХХ ғасыр басындағы қазақ ақын, жазушыларының бәрі дерлік жазды. Бұл мәселені жедел шешуді қажет ететін нағыз көкейтесті күрделі мәселелердің бірі деп қарады, оған әрқайсысы шешу іздеді.
Бірқатар ақын, жазушылар қазақ арасында әлі бектік-феодалдық ескіліктің сарқыны, ескілік заңы тіпті күшті. Сондықтан ол жағдайда еркіндікке — сүйгеніне, теңіне тиюге, теңдік алуға талпынған қазақ әйелі ол мақсатына жете алмады; өледі, ескілік құрбаны болады деп білді. Осы негізде кейбір ақын, жазушылар өздерінің роман, повесть, поэмаларын солай, бас кейіпкерлерінің өлуімен немесе трагедиялық жағдаймен аяқтады. Бірқатар ақын, жазушылар: рас, қазақ арасына бектік-феодалдық қалып арқылы, ескілік заңы күшті. Бірақ, сонымен бірге, қазір қазақ арасында көріне бастаған, өсіп, арпалысып, оны жеңе алатын жаңа күш те бар деп білді. Сондықтан бұл ақын, жазушылар өздерінің роман, повесть, поэмаларының оқиға желісін осы тұрғыдан дамытып, шығармадағы басты кейіпкерлердің ескілікті қарсы күресте жеңіп, негізгі мақсаттарына жетумен шешіп отырды.
Спандияр Көбеев әлгі екі түрлі көзқарастың соңғысын ұстады. Өзінің «Қалың мал» романының түйінін оның бас кейіпкерлері Ғайша мен Қожашты мұрат, мақсаттарына жеткізумен шешкен болды. Бұл жөнінде жазушы санасына, сөз жоқ, ХХ ғасыр басындағы саяси-әлеуметтік жағдайлар, халықтық оянулар өз ықпалдарын тиігізбей қалған жоқ.
Жазушы романында жалаң қалың мал мәселесін ғана сөз етіп коймайды; соған байланысты халықтың әлеуметтік, шаруашылық жайын да, салт-санасын, ғұрпын да едәуір сөз етеді. Роман ел ішіндегі әлеуметтік таптардың өкілдері, олардың шаруасы, тіршілігі, жер дауы, жесір дауы, ру таласы, барымта, ас-той, ойын, сауық т. б. суреттеледі.
«Қалың мал» романында жетпіс шамалы кейіпкердің аттары аталады. Олардың ішінде бірқатар кейіпкерлер аттары аталып, сол аталған жерінде қалып қояды; ал, бірқатар кейіпкерлер әңгіме барысында, роман сюжетінің ұласуында жиі ұшырап, тартыстарға араласып, азды-көпті қызмет атқарады. Автордың мұндай кейіпкерлері: Тұрлығұл, Итбай, Ғайша, Қожаш, Құрымбай, Байғазы, Әбіш, Амантай, Жамантай, Серғазы, Ақсұлу, Балкүміс, Жүніс, Бірке, Әлке тағы басқалар.
Шығарманың кейіпкерлері, әрине, біріне-бірі қарама-қарсы екі топқа: Ұнамсыз кейіпкерлер тобы мен ұнамды кейіпкерлер тобына бөлінеді. Бірінші топқа жататын кейіпкерлер: Итбай, Құрымбай, Байғазы, Әбіш, Амантай, Жамантай; екінші топқа жататын кейіпкерлер: Ғайша, Қожаш, Серғазы, Ақсұлу, Балкүміс, Жүніс, Бірке, Әлке. Романда осы екі топтың тартысы суреттеледі.
Спандиярдың ұнамсыз кейіпкерлері түгелдей бай, би, ақсақал, атқа мінер, молда-қарттар. Олар ескіні: ру-ақсақалдык, бектік-феодалдық қалыпты, соның салт-санасын, заң, дәстүрін, ғұрып-әдетін қолданады, жақтайды. Ал, автордың ұнамды кейіпкерлері түгелдей дерлік жастар. Олар ескіге, ру-ақсақалдық, бектік-феодалдық қалыпқа, оның салт-санасына, заң, дәстүріне, ғұрып-әдетіне, байлар мен билердің озбырлықтарына қарсы күреседі. Қазақ әйелінің бостандығы, теңдігі, еңбекші бұқараның адамдық-азаматтық құқы, еркі тә- різді бостандықтың болуын талап етсе, коғамда әділеттің болуын көксейді.
Осыдан Спандиярдың «Қалың мал» романының негізгі мазмұнына ескішілдер тобы мен жаңашылдар, жастар тобын, халық тұрмысын, шаруасы, салт-санасы, ой-сезімі, іс-әрекеті, тартысы, ескі мен жаңаның, кертартпалық пен ілгерішілдіктің күресін жаңаның ескіні жеңуін көруге болады. Бұл жағдайлар «Қалың мал» романының сюжетінен айқын аңғарылады. Ол былай: Қатыны өлген, жасы алпысқа жеткен ірі бай Тұрлығұл елдің Құрымбай, Байғазы деген байлары мен билерінің ұйғаруы, кеңесі бойынша Итбай молданың он бес жасар қызы Ғайшаны өзіне айттырады, атқамінер, пысық Әбіш барып ол үшін құда түседі, қалың мал береді. Ал Ғайша Тұрлығұлды менсінбейді, өлердей жек көреді. Осыдан ол өз теңі, кедей, еті тірі, оқыған Қожашпен көңіл қосады. Шешесі Ақсұлудың, жанашыр жеңгесі Балкүмістің, жігіт ағасы Серғазының кеңесі бойынша Ғайша Қожашпен қашпақ болады. Оны әкесі Итбай біліп қалады. Ғайшаны тез Тұрлығұлға ұзатады. Бірақ Ғайша Тұрлығұлмен тұрып қалмайды. Аз уақыттан кейін, Қожаш өз елімен келісіп, өзінің туыстары, достары Жүніс, Бірке, Әлке, тағы басқалардың көмегімен Ғайшаны Тұрлығұлдың үйінен алып қашып кетеді. Осылай Ғайша, Қожаш қосылып, үйлі-жайлы, бала-шағалы болып, мақсатына жетеді.
«Қалың мал» қазақ тіліндегі тұңғыш романдардың бірі. Оны жазғанда Спандиярдың алдында үлгісі, жанында кеңесетін кісілері болмады. Бұл жөнінде ол кейінгі жазған «Орындалған арман» деген мемуарлық шығармасында былай дейді.
«Бұл романды (яғни «Қалың малды» Б. К.) жазу маған оңай тиген жоқ... Біріншіден, роман жазылған кезде баспа жүзін көрген қазақтың жазба түрдегі көркем әдебиет шығармалары тіпті аз еді... Екіншіден, романның сюжеті, оның құрылысы (композициясы), кейіп-кескіндері жайында кеңесетін, пікір алысатын да адам жоқ еді. Мұны түсінер деген бірен-сараң адамболса, оның да «қызық екен» дегеннен басқа айтары жоқ болатын»!.
Романның жоғарыда біз көрсеткен бірді-екілі кемшіліктері осыдан деп білеміз; дәуіріне, жағдайына, сол дәуірдегі қазақ әдебиетінің жалпы дәрежесіне байла- нысты кемшіліктер деп білуіміз керек. Дегенменен, кезінде «Қалың мал» романын оқушы, жастар өте қызығып оқыды. Ол қазақтың сол замандағы көптеген жастарына, ұлдары мен қыздарына зор әсер етті. Ой-санасын оятып, бойын сергітіп, оларды ескілікке, ескі ғұрып-әдетке, заң-дәстүрге қарсы күреске, қазақ әйелінің бас бостандығы, теңдігі үшін күреске құлшындырды.