Б.Күлеевтің ақындығына талдау жасаңыз.
ХХ ғасырдың бас кезіндегі әдебиеттің көрнекті өкілі, сол шақтағы поэзияға мазмұн жағынан да, тақырып жағынан да, түр жағынан да өзіндік үлес қосып, жаңалық әкелген талантты ақындардың бірі – Бернияз Күлеев болды.
Ысқақ Дүйсенбаев «Бернияз Күлеев» зерттеуінде ақынның өмірбаянымен қоса оның лирикасын да бөліп алып қарастырған. Тақырып бойынша Бернияздың лирикасын үш салаға бөліп қарастырады. «Бірі – әлеуметтік мәні бар келелі мәселелерді қозғайтын өлең-жырлар, екіншісі – жеке басының сезіністерін білдіретін толғаулар, үшіншісі – махаббат сырын шертетін немесе табиғат көріністерін бейнелейтін әсем лирика». Бұдан байқайтынымыз – Берниязда лириканың барлық дерлік түрі бар екендігі. Айталық, әлеуметтік лирика, махаббат лирикасы, көңіл-күй лирикасы, табиғат лирикасы. Осы жерде мән беретін бір нәрсе – альбомдарға, автордың әркімге арнап жазған өлеңдерін мұндай поэзия қазақ әдебиетіне жаңа келген құбылыс екендігі. Оны орыс әдебиетіндегі дәстүрмен байланыстылығы. Сол кезде әрине, альбомдық поэзия Мағжанда да бар екенін біз оның өлеңдерінен кездестіреміз.
Бернияз 1916-1917 жылдары 26 өлең жазыпты. Ішінде арнау өлеңдерімен қатар әлеуметтік мәні бар өлеңдері де бар. Саяси тақырыптағы жырлары: «Бұлт», «1917 жылға», «Бостандық күнінде» атты шығармасында ол қазақ ауылының болашағына орай өз көңіл-күйін шертеді. «Бұлт» өлеңінде ол болып жатқан оқиғаларға сәйкес өзінің ішкі күдіктері мен халық тағдырын тебірене жырласа, қалған екі өлеңінде бостандықты қуана қарсы алып, құттықтау сөзін арнайды. Бұлардан тыс, сәл кейінірек туған «Қазақ қызы», «Анама хат», «Әкеме», «Солған гүл», «Әйелдер сөзі» атты өлеңдерінде революцияға дейінгі қазақ әйелдерінің ауыр хәлі мен қайғылы өмірі сөз болып, бұған өз тілегі мен ой-арманын қоса өрнектейді. Сондай-ақ оның «Зорлық», «Ойдағым», «Құдірет жаратыпты Жер мен Көкті», «А, Жалған, білдім жаңа алдарыңды», «Өзім» деген туындыларында адам өміріне, оның дүниедегі орнына үлкен мән беріп сенім артылады. Ақын бұл кезеңде «Қызықты жаз», «Жаздың алды» атты өлеңдерінде табиғат мейірі мен адам өмірін астастыра суреттесе, «Толғанып, ойланып та» деген жырын сегіз аяқ үлгісінде жазып, адамдағы ой мен мидың күші мен құдіретіне зор үміт артады. Б.Күлеев осы кезеңде орыс ақындары Цыганов пен Никитиннің «Тұтқын», «Аяныш», «Ауылдағы қысқы түн» атты өлеңдерін қазақ тіліне аударады.
Бернияз Күлеев шығармашылығының ең бір жемісті кезеңі 1918 жылдар болып саналады, бұл жылы ол 34 өлең жазған екен, соның алтауы әйгілі орыс ақыны А.С.Пушкиннен жасалған аударма. Ал, өзінің «Аңқыған гүлдің исінен», «Көңіліме», «Жас жүрегіме», «Қиял сөзі», «Жастық күнім» атты өлеңдерінде ақын өзінің ішкі ой-сезім, тебіреністерін әрі нәзік, әрі көркем етіп сипаттай алған. Алайда жас ақынның кейбір өлеңдерінде торығу мен жабығу, налып зарығу секілді сезім-күйі айқын аңғарылады. Ақын жастық шақта жаңа буынды суырған семсер сияқты тыныш жатпай тың әрекет-қимылға шақырады. Ал енді, «Таң алдында», «Шын сүю», «Шын сұлуға», «Айнымаған аруға», «Сүйікті қайғылыға» атты өлеңдерінде махаббат жайы сөз болып, сондағы үміт пен күдіктің алмасу сырлары табиғат сипаттамаларымен астастырыла суреттеледі.
Ақынның 1920 жылдарғы өлеңдеріне «Ел ерлеріне», «Алға», «Қуларға», «Замана-ай әніне», «Күз», «Ер жігітке» өлеңдерінен әлеуметтік маңызы зор мәселелерге бой ұрғанын көреміз. Осылардан «Ел ерлеріне» деген өлеңі өзінің мазмұнының дәлдігімен қатар, қазақ халқының өткен өмірдегі мүшкіл халіне, езілу мен қорлық-зорлықтың билеп-төстеп келгеніне тоқталып, ел басшыларын аяусыз түйреп сынайды, мұнымен шектеліп қалмай, сол ел ерлеріне сенім артады.
Бернияздың 1921 жылғы лирикалық жырлары негізінен арнау түрінде келеді де, достық пен махаббатты, ел үшін адал қызмет етуді мақсат еткен сезім-күйлерін бейнелейді. Осы мәселе сол өлеңдердің «От жүрегім күнде өртеніп», «Мұңды жүрек улы дәрі», «От-жалын ой өртеп ішті», «Өткен өмір өкініш» деген аттарының өзінен-ақ анық аңғарылғандай. Алайда торығу түрінде бұл өлеңдердің ішінде түңілуден гөрі, алға сеніммен қарайтындары да бар.
Ы.Дүйсенбаевтың «Бернияз Күлеев» зерттеуіне қайта оралсақ, ақынның лирикалық жырларынан «Жас теректің жапырағы» атты өлеңін бөліп алып талдап, оның Еуропа үлгісінде, тіпті, Абай үлгісінде жазылғанына ерекше мән береді. Мұнда ақын жас теректі әуелі өзге бір адам бейнесінде алып, ондағы қуаныш-сүйінішті, зар-нала, толқу-тебіреністі сипаттай отырып, сәл кейінірек солардың бәрін, атап айтсақ, әлгі жас жапырақ, өз басынан кешкен өмірдей кейіп танытады. Сондай-ақ шығыс классиктері туындыларын еске түсіретін «Көңіл» атты өлеңінде ақын адам көңілінің қилы-қилы көріністерін өте әсем, тартымды бейнелеген. Зерттеуші Б.Күлеевтің өзінен бұрынғы Абайдың Лермонтовтан жасаған аудармасындағы немесе Сұлтанмахмұт жырларындағы альбомдық өлеңдерді үзбей жалғастырғанына, бұлардағы дәстүрлі сүйіспендіктен гөрі, бостандық немесе әлеуметтік мәнге көбірек көңіл аударғанын атап көрсетеді.
Б.Күлеевтің келесі поэмасы «Қайда екен?» деп аталып, оған автордың өзі «Қияли поэма» деп айдар таққан. Поэма ұлы Абайдың алты аяғы үлгісімен жазылып, алты бөлімге жіктеліп бөлінген. Алғашқы бөлімде ақын қазақ даласын қаймағы бұзылмаған қалпында алады да, сол дәуірді қайтып оралмас, қол жетпес асыл арман күйінде суреттейді. Екінші бөлімде жастық шақ дәурені, жайлау көрінісі, жас арумен өткізген бақытты шақ – бәрі таңғажайып, сиқырлы түс ретінде сипатталады. Үшінші бөлімде жат жерге аттанған басты кейіпкердің өз жарына деген сүйіспендігі мен төртінші бөлімде қоғамдық, саяси өмірдегі өзгерістер бейнеленеді. Бесінші бөлімде аштықтың зардаб-зияны, апаты сөз болып, ең соңғы бөлімде өзінің жастық шағына қайта оралып, жас-қайыңға мұң-зарын шағады. Ы.Дүйсенбаев Б.Күлеевтің «Қайда екен?» поэмасының әдебиетімізге қосқан үлесін әңгіме ете келіп, өз ойын қорытқанда былай дейді: «Қайда екен?» жаңа стильде яғни жазба әдебиеті үлгісінде орындалған аса көркем туынды, ақынның шеберлігі жетіле түскендігінің айқын куәсі» деп жоғары бағалайды. Автор Б.Күлеев шығармашылығын тұтастай алып бағалағанда: «Бернияз Күлеев қазақ әдебиеті тарихынан келелі орын алатын үлкен дарын иесі, реалистік мектептің өкілі, негізінде демократтық идеяны қолдаған, осы жолда жемісті еңбек еткен талантты ақын» – деген қорытынды жасайды.
Достарыңызбен бөлісу: |