Адам сүйiспеншiлiгi. Адам жер бетіндегі кемелденіп жаратылған жаратылыс. Барлық нәрсе адам үшін, адам игілігіне пайдалану үшін жаратылған және адам жер бетіндегі Аллаћтың халифасы (орынбасары) екендігі жайлы Құран аяттарында орын алған. Сондықтан адамдарды адам үшін сүю дініміздің негіздерінде жатыр. «Бір-біріңді сүймейінше - дейдi, Мұхаммед пайғамбар, - нағыз мұсылман бола алмайсыңдар».
Құран Кәрiмде “Аллаћтан басқаға құлшылық қылмаңдар, әке-шешеге жақсылық істеңдер, жақындарға жетімдерге, міскіндерге, қамқорлық жасаңдар” (Бақара-177), деген Аллаһтың бұйрығына сай, мұсылмандық мораль қағидаларындағы әке-шешемен, балалармен, көршілермен, туған-туыстармен жақсы қарым-қатынас жасау, үлкендерді құрметтеп, кішілерді сыйлау, әлсіздер мен мұқтаждарға көмектесу, жетімдерге пана болу сияқты негіздер адам сүйіспеншілігіне жатады. Ардақты Пайғамбардың: «адамдардың ең қайырлысы, адамдарға пайдасы тигендер» немесе «қайрымды болғандарға Аллаћ та қайрымдылық жасайды» - деген сөздерiне қарай отырып, мұсылмандықтағы адам сүйіспеншілігінiң орны ерекше екендiгiн аңғару қиын емес. Иманды адам дүниеге қатыгездікпен емес, сүйіспеншілікпен және мейрімділікпен қарайды. Имандылық жол - бауырмалдық, өзара түсіністік, бір-бірінің көңілін сұрау мен бір-біріне көмектесу жолы, осы жолмен Хаққты іздеуге шыққан адам құдайды табары анық.
Дiни төзiмдiлiк. Жер бетiндегi адамзат баласы бірдей етіп жаратылған кемел жаратылыс екендiгi жоғарыда баяндалған, бiрақ құдiреттi құдай адамзатқа сенiм еркiндiгiн берген. Сондықтан қазіргі жер бетіндегі адамдар әртүрлі нәрселерге сенеді, олардың бірі - мұсылман, бірі - христиан, бірі - буддист, тiптi бiрi құдайға сенбейдi. Ал біздің міндетіміз - адамдардың ар-намысына, азаматтық хұқығына қол сұқпау, оларды дініне қарай бөлмеу, алаламау және кемсітпеу, керісінше адам баласы кемелденiп жаратылған жаратылыс болғаны үшін сыйлауға, құрметтеуге мiндеттiмiз. Ал ол кәпір ме, мүшірік пе, мұсылман ба сол құл мен Аллаћ арасындағы өзара мәселесі. Міне бұл «дiни төзiмдiлiкке» жатады. Құран Кәрімде: «дінде зорлық жоқ» - дегенi сияқты әрбiр сенiм иесiне ақыл-кеңес берумен шектелу мiндеттелген.
Ахмет Ясауи де исламдағы дiни төзiмдiлiктi жақсы ұққан сопы. Оның пікірі бойынша жақсы мұсылман адам, бүкіл адам баласының кез келген қырынан ең кемелi болуы тиiс. Оның көзқарасы бойынша кәміл мұсылман адам ұлы Аллаћтың барлығына, бірлігіне иман етіп қана қоймай, барлық адамды бақытты қылатын турашыл, кемел, үлгі болатындай адам болуы керек. Дiни төзiмдiлiк әдiстi ұтымды қолданған кемеңгер бабамыз қандай нәсілде, қандай дінде, қандай ұлтта болса да барлығына Жаратушының пендесi ретінде қараған, тiптi дiни төзiмдiлiктi Мұхаммед пайғамбардың сүннетi деп бiлген.
Достарыңызбен бөлісу: |