Оқыту әдістері
Сөздік Көрнекілік Практикалық
1 . Ауызша баяндау 1. Демонстрация 1. Жаттығулар.
( мұғалімнің сөзі) (мұғалімнің көрсетуі ) (ауызша, жазбаша)
2. Әңгіме 2. Бақылау 2. Ойын
(сұрақ-жауап) (оқушылар) (дидакт.,қ/қозғ.) 3. Оқулықпен жұмыс 3. Лаб., практ.
жұмыстар
Әдебиеттер:
1. Қоянбаев Ж.Б., Қоянбаев Р.М. Педагогика, А. 2004
2. Әбиев Ж., Бабаев С., Құдиярова А. Педагогика, А. 2004
3. Подласый И.П. Педагогика. кн. 1,2. М. 2001.
4. Нұрғалиева Г. Оқыту әдістері. А. 1991
5. Курманов М.К. О целостном воздействии методической системы на процесс формирования познавательной активности личности //Труды международной научной конференции «Наука и образование - ведущий фактор стратегии «Казахстан - 2030», Караганда. 1998 - С. 42-46.
6. Педагогика: Оқулық / Абай атындағы Ұлттық Педагогикалық Университетінің педагогика кафедрасының авторлар ұжымы - А. 2005.
Лекция №11
Тақырыбы: Оқытуды ұйымдастыру формалары
Мақсаты: оқытуды ұйымдастырудың ертедегі әдістерімен таныстыру, олардың маңызы мен кемшіліктерін анықтау.
Жоспар:
Оқытуды ұйымдастыру формалары туралы түсінік
Оқытуды ұйымдастырудың тарихи формалары
Оқытуды ұйымдастырудың кластық-сабақтық формасы
Негізгі ұғымдар: оқыту формалары, кластық-сабақтық форма.
1. Оқытуды ұйымдастырудың формасы дегеніміз - мұғалім мен оқушылардың оқу әрекетіне қолайлы жағдай жасау үшін арнайы ұйымдастырылған, белгілі тәртіппен өтетін жұмыс. Оқытуды ұйымдастыру формасы - оқыту процесінің міндеттерін жүзеге асырудағы мұғалім мен оқушылардың іс-әрекеттерінің сыртқы көрінісі. Ұйымдастыру формасында оқытудың мақсаты, мазмұны, әдістері бірыңғай жүзеге асады.
Қоғамның даму тарихында мектептердің дамуына қарай оқытуды ұйымдастыру формалары да өзгеріп отырды.
2. Алғашқы оқыту формасы жеке-топтық болды. Бұл орта ғасырда шіркеулік мектептерде қолданылды. Мектепке оқушылар жылдың әр мезгілінде қабылданды. Әр жастағы балалар бір бөлмеде бірге оқығандықтан, топтық деп аталды. Ал жеке деп аталу себебі мұғалім әр оқушыдан жеке сұрап отырған. Бұрын қазақ жеріндегі молдалардың оқытуы осы жеке-топтық оқуға өте ұқсас. Өйткені әр жастағы балалар молданың алдында жүгініп отырған және әр баладан жеке сұралған. Оқытудың бұл формасының нәтижесі шамалы болғанымен, сол кездегі оқыту талаптарына сәйкес келген.
Англияда оқытудың сатылы жүйесі немесе Белль-Ланкастер жүйесі пайда болды. Оны ойлап тапқан Белль деген діни қызметкер мен Ланкастер деген мұғалім. Бұл мұғалімдер жетіспеген жағдайда өте қолайлы болды, себебі бір мезгілде 200-600 баланы оқытуға мүмкіндік берді. Бұл жүйені өзара бірлесіп оқыту деп те атады. Өйткені мұғалім ересек балаларды оқытады, ал олар өз кезегінде мұғалімнің басшылығымен кіші балаларды оқытқан. ХХ ғасырда Америкада Дальтон-план (Алғаш рет Дальтон қаласында қолданылған), Трамп-план (Трамп деген мұғалім қолданған) деген оқыту формалары пайда болды. Бұл формада оқушылар мектепте мұғалімнен оқымаған. Олар мұғалімнен тапсырма алып, үйде өздігінен дайындалған. Дайын болған кезде мұғалімге келіп сынақ тапсырады да, келесі тапсырманы алады. Сонымен бірге АҚШ-та Мангейм жүйесі немесе саралап оқыту қолданылды. Алдымен оқытушы сабақтың 10-15 минутында 100-150 балаға лекция оқиды, кейін балалар 10-15 адамнан бөлініп топпен жұмыс істейді, қалған уақытта өздері жеке дайындалады Кеңес дәуірінде Россия мектептерінде бригадалық-лабораториялық жүйе енгізілді. Мұғалім оқушыларды 4-5 адамнан топтарға бөліп, әр топқа тапсырма береді. Оқушылар бірлесіп дайындалып, бригадир үнемі жауап беріп отырады. Бригадирдің жауабына сай, барлық балаларға бірдей баға қойылған.
3. Оқытудың кең тараған формасы - кластық-сабақтық жүйе. Оның негізін салған чех халқының педагогы Ян Амос Коменский. Атынан көрінгендей, бұл жүйеде оқушылар жастарына қарай кластарға бірігіп, оқыту сабақ түрінде жүрді. Жүйенің ерекшелігі:
Оқушылар класқа жас ерекшеліктеріне қарай топтастырылады.
Кластағы оқушылардың құрамы тұрақты.
Жеке пәндер сабақ кестесіне қарай алмасып оқытылады.
Оқыту оқу жоспарына, бағдарламаға және оқулыққа негізделіп жүргізіледі.
Оқыту жылдың тұрақты бір мезгілінде басталып, аяқталады.
Оқыту мұғалімнің басшылығымен жүргізіледі.
Практикалық тапсырмалар:
1. Қоғамның әр кезеңіндегі оқытуды ұйымдастыру формасының маңызын көрсету, салыстыру. Олардың кемшілігін атау.
2. Бір форманы зерттеп, хабарлама дайындау.
3. Ертедегі оқыту формаларының қандай элементтері осы кезге дейін сақталып қалды?
Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар:
Дұрыс жауапты көрсетіңіздер:
ХІХ ғ-ң аяғында Англияда пайда болған оқыту жүйесі
А) Бригадалық-лабораториялық
В) Дальтон-жоспар
С) жеке-топтық
D) Белль-Ланкастерлік
Е) жеке
Әдебиеттер:
1. Қоянбаев Ж.Б., Қоянбаев Р.М. Педагогика, А. 2004
2. Әбиев Ж., Бабаев С., Құдиярова А. Педагогика, А. 2004
3. Подласый И.П. Педагогика. кн. 1,2. М. 2001.
4. Педагогика. Пед.теории, системы, технологии. )Под ред. С.А. Смирнова. М 1999.
5. Педагогика: Оқулық / Абай атындағы Ұлттық Педагогикалық Университетінің педагогика кафедрасының авторлар ұжымы - А. 2005.
Лекция №12
Тақырыбы: Оқытуды ұйымдастырудың қазіргі кездегі формалары
Мақсаты: оқытуды ұйымдастырудың қазіргі кездегі формаларымен таныстыру, олардың ерекшеліктерін анықтау.
Жоспар:
Экскурсия
Факультатив
Үйірме
Үйдегі оқу жұмысы
Семинар
Конференция
Негізгі ұғымдар: оқыту формалары, сабақ, экскурсия, семинар, факультатив, үйірме, үй жұмысы, конференция.
Қазіргі кезде оқытуды ұйымдастырудың сабақтан басқа формалары бар. Олар: семинар, экскурсия, факультатив, конференция, үйірме, үйдегі оқу жұмысы, өзіндік жұмыстар, өздігінен білім алу, т.б. Экскурсия - табиғатта, өндіріс орындарында, музейде, т.б. жерлерде өткізілетін сабақ. Оның мақсаты-оқушылардың сабақта алған теориялық білімдерін практикада жалғастыру, бекіту. Экскурсия алдын-ала дайындықты талап етеді. Қайда барамыз? Қандай мақсатпен? Экскурсияның тақырыбы мен мақсаты, қауіпсіздік шаралары оқушыларға түсіндіріледі. Экскурсия жоспары жасалады. Семинар көбінесе жоғары сыныптарда, өтілген лекциялардағы өзекті мәселені талқылау үшін ұйымдастырылады. Семинардың тақырыбы, сұрақтары мен әдебиеттер тізімі оқушыларға ерте беріледі. Тақырыпқа байланысты баяндама, реферат дайындауға болады. Семинарда сұрақтар ретімен талқыланады, оқушылар өз пікірлерін айтады, тыңдайды, сұрақ қояды, пікір алмастырады. Факультатив оқушылардың қызығушылығы мен сұранысы негізінде әр түрлі пәндерге сәйкес ұйымдастырылады. Онда оқушылардың пәнге бейімділігін ескере отырып, ғылым негіздерімен кеңірек таныстырады, кәсіби бағдар береді, кітаппен, анықтамалық әдебиеттермен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастырады. Конференция тақырыптың ғылыми деңгейін көтеру мақсатын көздейді. Ол семинарға ұқсас, тек баяндамалардың саны көбірек болуы керек. Конференцияға бірнеше сыныпты біріктіруге болады. Үйірме жұмысының өзіндік ерекшеліктері бар. Ол оқушылардың пәнге деген қызығушылығын жетілдіреді, тапсырмаларды орындауға қолайлы жағдайлар жасайды. Оқушылардың үйдегі оқу жұмысы сыныптағы сабақтың жалғасы болып саналады. Үй жұмысының тәрбиелік мәні зор. Себебі, үй жұмысын күнделікті орындау барысында оқушы ұқыптылыққа, тәртіпке үйренеді, дербестігі артады, жауапкершілігі дамиды. Үй тапсырмасын дұрыс ұйымдастыру үшін мұғалім белгілі шарттарды ескеруі керек. Оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай үй жұмысының көлемі де әр түрлі болады. Оқушының өзіндік жұмыстары (самостоятельная работа) оқыту процесінің әрбір кезеңінде және үйдегі оқу жұмысында да орын алады. Өзіндік жұмыстар оқушының ойлау қабілеттерін арттырады, іскерліктері мен дағдысын қалыптастырады, өз бетімен қызмет етуге үйретеді. Өздігінен білім алу (самообразование) оқушыны өз уақытын тиімді жоспарлауға, үнемді пайдалануға, өзіне керек мәліметті іздеуге, кітапханада жұмыс істеуге үйретеді. Өздігінен білім алудың негізгі көздері: кітап, газет-журналдар, радио, теледидар.
Практикалық тапсырмалар:
1. Мектептегі педпрактика барысында оқытудың жаңа бір формасын бақылау.
2. Топта өткен бір сабақты бақылап, жазу.
3. Экскурсияны ұйымдастырып өткізудің жоспарын құру.
Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар:
Дұрыс жауапты көрсетіңіздер:
І. Оқытуды ұйымдастыру формалары бір-бірінен мынадай түсініктер арқылы ерекшеленеді:
А) оқушылардың құрамымен, сабақты өткізу орны және уақытымен, мұғалім мен оқушылардың іс-әрекетінің сипатымен, бұл әрекетті мұғалім тарапынан басқарумен
В) қалыптасқан іскерлік пен дағдының мазмұнымен, оқушылардың жеке жұмыс дәрежесімен
С) оқушылардың өзіндік дәрежесімен
D) оқыту әдістерімен, мұғалім мен оқушылардың байланыс түрлерімен
Е) мұғалім мен оқушылардың іс-әрекет сипатымен
ІІ. Мұғалім сабақта бірнеше оқушыға зейінін бөледі, бұл уақытта басқалары өз бетімен жұмыс жасайды. Бұл оқыту формасы:
А) фронтальдық
В) жеке
С) ұжымдық
D) жеке - топтық
Е) аралас
Әдебиеттер:
1. Қоянбаев Ж.Б., Қоянбаев Р.М. Педагогика, А. 2004
2. Әбиев Ж., Бабаев С., Құдиярова А. Педагогика, А. 2004
3. Подласый И.П. Педагогика. кн. 1,2. М. 2001.
4. Сабыров Т. Оқушылардың оқу белсенділігін арттыру жолдары. А. 1978
5. Педагогика: Оқулық / Абай атындағы Ұлттық Педагогикалық Университетінің педагогика кафедрасының авторлар ұжымы - А. 2005.
Лекция №13
Тақырыбы: Сабақ - оқытуды ұйымдастырудың негізгі формасы
Мақсаты: сабақ - оқытуды ұйымдастырудың негізгі формасы екенін көрсету, сабаққа қойылатын талаптармен таныстыру.
Жоспар:
Сабақ - оқытуды ұйымдастырудың негізгі формасы
Сабаққа қойылатын талаптар
Сабақта оқушылардың жеке, топтық және ұжымдық жұмыстарын ұйымдастыру
Негізгі ұғымдар: сабақ, мұғалімнің басшылығы, сабаққа қойылатын талаптар.
1. Сабақ дегеніміз - оқушылардың топқа ұйымдасқан класс деп аталатын тұрақты тобымен, мұғалімнің басшылығымен жүретін оқу жұмысы. Сабақтың оқытуды ұйымдастырудың негізгі формасы болатын себебі - ол алдымен мұғалімге оқытатын пәнінің мазмұнын жүйелі түрде баяндауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ сабақ оқушының оқу әрекетінің кластан тыс және үйдегі түрлеріне бағыт-бағдар беріп, жетекшілік роль атқарады.
2. Қазіргі мектептегі сабаққа мынадай талаптар қойылады:
Әр сабақтың айқын мақсаты, мазмұны, жоспары болуы керек.
Сабақ оқыту принциптерінің ережелері мен талаптарына сәйкес болуы керек.
Сабақтың ғылыми мазмұны оқушылардың жас және дара ерекшеліктеріне сай түсінікті болуы керек. Сондай-ақ сабақта оқушылардың бойында біліктер мен дағдыларды қалыптастыру міндеті жүзеге асырылуы тиіс.
Сабақтың мазмұны оқытылатын пәннің бағдарламасына сәйкес болуы және әрбір сабақ басқа сабақтар жүйесінің буыны болуы міндетті нәрсе.
Сабақта оқушылардың білімге ынтасы мен қызығушылықтарын арттыру үшін сабақтың құрылымы мен әдістерін түрлендіріп, көрнекі және техникалық құралдарды, ойындарды тиімді қолдануы керек.
Сабақта оқушылардың белсенділігін арттыру үшін проблемалық ситуациялар туғызып, проблемалық міндеттер мен тапсырмаларды орындауға басшылық ету қажет.
Сабақтың сапасын жақсарту үшін мұғалім оқушылармен қарым-қатынас жасау шеберлігін арттырып отыруы қажет.
Сабақта оқушыларға білім берумен қатар, оларды өздігінен білім алудың әдіс-тәсілдеріне үйрету міндет.
Сабақ оқытудың білім беру, тәрбиелеу, дамыту қызметін біртұтастық принципіне сай жүргізілуі керек.
Сабақтың дидактикалық құрылымы немесе кезеңдері бірізділікте, бір-бірімен өзара байланыста, бірін-бірі толықтырып тұрулары қажет.
Сабаққа дайындалу және оны өткізу барысында мұғалім сыныптағы, мектептегі нақтылы жағдайды (оқу кабинетінің жабдықталуы, оқу-техникалық, көрнекілік құралдарының болуы, тұрғылықты жердің табиғаты, т.с.с.) ескеріп отыруы шарт.
3. Мұғалім сабақты бекіту, қайталау кезінде оқушылардың белсенділігін оятуы тиіс. Ол үшін оқушылардың жеке, топпен, ұжыммен бірлесіп орындайтын түрлі жұмыстарын ұйымдастырады. Жаке дара жұмыс оқушыны өз бетімен білім алуға ынталандырады. Топтық жұмыс оқушыларды міндетті ақылдасып шешуге үйретеді. Ұжымдық жұмыс әрбір оқушыға алдына қойылған міндетті түсінуге көмектеседі.
Практикалық тапсырмалар:
1. Мектептегі бір сабаққа қатысыңыз. Сабақтағы мұғалім мен оқушының іс-әрекетін бақылаңыз.
2. Мұғалім талаптарды қалай ескергенін бақылаңыз.
3. Атақты педагогтардың сабақ туралы пікірлерін жазу.
Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар:
Дұрыс жауапты көрсетіңіздер:
Сынып-сабақтық жүйенің негізгі ерекшеліктерінің бірі
А) жаңа материалды түсіндіру
В) жастары мен дайындық деңгейлері біркелкі оқушылардың тұрақты құрамы
С) дарынды оқушыларға бағдарлануы
D) оқушылар құрамы тұрақты болдмауы
Е) үлгермеуші оқушылармен жұмыс
Әдебиеттер:
1. Қоянбаев Ж.Б., Қоянбаев Р.М. Педагогика, А. 2004
2. Әбиев Ж., Бабаев С., Құдиярова А. Педагогика, А. 2004
3. Подласый И.П. Педагогика. кн. 1,2. М. 2001.
4. Коменский Я. Великая дидактика. Избр. пед. соч. М.1955
5. Педагогика: Оқулық / Абай атындағы Ұлттық Педагогикалық Университетінің педагогика кафедрасының авторлар ұжымы - А. 2005.
Лекция №14
Тақырыбы: Сабақтың типтері мен құрылымы
Мақсаты: сабақтың типтері мен құрылымы туралы мағлұмат беру.
Жоспар:
Сабақтың классификациясы жайлы түрлі пікірлер
Сабақтың құрылымы туралы түсінік
Сабақтың түрі және құрылымы
Негізгі ұғымдар: классификация, құрылым, кезең.
Сабақтың типтері мен құрылымы маңызды проблемалардың бірі. Әсіресе сабақтың жіктелуі жайлы әр түрлі көзқарастар бар. Мысалы:
И.Н.Казанцев - оқу материалының мазмұны мен дидактикалық мақсатына қарай 10 түрге бөледі:
Алғашқы сабақ
Кіріспе сабақ
Жаңа сабақ
Пысықтау сабағы
Жаттығу сабағы
Тәжірибелі сабақ
Қайталау-қорыту сабағы
Тексеру сбағы
Бағалау сабағы
Қорытынды сабақ
С.В.Иванов - оқыту процесінің ерекшеліктеріне қарай 7 түрге бөледі:
Кіріспе сабақ
Оқу материалымен алғаш танысу сабағы
Жаңа сабақ
Меңгерген білімді тәжірибеде қолдану сабағы
Дағдылану сабағы
Қайталау, пысықтау, қорыту сабағы
Бақылау сабағы
Данилов пен Есипов - сабақтың негізгі дидактикалық мақсатына қарай 6 түрге бөледі:
Аралас сабақ
Жаңа сабақ
Пысықтау сабағы
Қайталап жинақтау, қорыту сабағы
Жаттықтыру сабағы
Білімді сынау сабағы
Шет елдердің арасында Чехословакиядағы сабақтың жіктелуі бізге ұқсас:
Жаңа сабақ
Жаттығу сабағы
Қорыту сабағы
Қайталау, білім сынау сабағы
Аралас сабақ
2. Сабақтың құрылымы деп сабақтың барысында оның құрамдас бөліктерінің, кезеңдерінің бір-бірімен ұштасып, белгілі тәртіппен жүзеге асырылуын айтады. Сабақ құрылымын белгілеу оқу жұмысын неғұрлым айқын және дұрыс ұйымдастыру үшін керек.
3. Жаңа сабақ жаңа материалды хабарлау мақсатын көздейді және сабақтың басым бөлігі осыған арналады. Бекіту сабағының мақсаты - өтілген жаңа материал бойынша оқушылардың білімін бекіту. Қайталау сабағының мақсаты - өтілген оқу материалдарын бір жүйеге келтіру, қайталап, пысықтау. Аралас сабақ мектеп тәжірибесінде ең жиі қолданылатын сабақтың түрі. Онда бірнеше міндет жүзеге асырылады. Тексеру (бақылау) сабағында өтілген тақырып бойынша оқушылардың білімі тексеріледі, бақылау жұмысы орындалады.
Практикалық тапсырмалар:
1. Сабақтың типтері туралы педагогтардың әр түрлі топтастыруларын жазу.
2. Өзі қатысқан бір сабақтың типін анықтап, құрылымына талдау жасау
3. Аралас сабақтың жоспарын құрып, үзінді көрсету.
Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар:
І. Таблицаны толтырыңыздар: сабақ түріне сәйкес кезеңнің тұсына «+» таңбасын қойыңыз
сабақтың түрлері
|
үй жұмысын тексеру
|
жаңа материалды түсіндіру
|
ұйым-дастыру
|
өткенді қайталау
|
үйге тапсырма беру
|
аралас
|
|
|
|
|
|
жаңа
|
|
|
|
|
|
қайталау
|
|
|
|
|
|
бекіту
|
|
|
|
|
|
бақылау
|
|
|
|
|
|
ІІ. Таблицаны пайдаланып, сабақ кезеңдеріне сипаттама беріңіз:
Сабақтың түрлері мен құрылымы
Р/с
|
Түрі
|
Құрылымы
|
1.
|
Жаңа сабақ
|
ұйымдастыру
сабақтың мақсаты мен міндеттерін қою
жаңа материалды түсіндіруге оқушыларды дайындау
жаңа материалды түсіндіру
сабақты қорытындылау, үйге тапсырма беру
|
2.
|
Бекіту сабағы
|
ұйымдастыру
сабақтың мақсаты мен міндеттерін қою
бұрын өтілген материалды бекіту
сабақты қорытындылау, үйге тапсырма беру
|
3.
|
Аралас сабақ
|
ұйымдастыру
үй тапсырмасын тексеру
сабақтың мақсаты мен міндеттерін қою
жаңа материалды түсіндіру
жаңа сабақты бекіту
қорытынды, үйге тапсырма беру
|
4.
|
Қайталау сабағы
|
ұйымдастыру
сабақтың мақсаты мен міндеттерін қою
бұрын өтілген материалды қайталау
қорытынды, үйге тапсырма беру
|
5.
|
Тексеру, бақылау сабағы
|
ұйымдастыру
бақылау жұмысының мақсатын түсіндіру
бақылау жұмысының мазмұнымен, орындалу ретімен таныстыру.
Жұмысты өздігінен орындау
Сабақты қорытындылау.
|
Әдебиеттер:
1. Қоянбаев Ж.Б., Қоянбаев Р.М. Педагогика, А. 2004
2. Әбиев Ж., Бабаев С., Құдиярова А. Педагогика, А. 2004
3. Подласый И.П. Педагогика. кн. 1,2. М. 2001.
4. Онищук В.А. Урок в современной школе. М. 1985
5. Дидактика средней школы //под ред. Скаткина. М. 1982
6. Педагогика: Оқулық / Абай атындағы Ұлттық Педагогикалық Университетінің педагогика кафедрасының авторлар ұжымы - А. 2005.
Лекция №15
Тақырыбы: Дәстүрлі емес сабақтар
Мақсаты: дәстүрлі емес сабақ түрлерімен және оларды жоспарлау мен өткізу ерекшеліктерімен таныстыру.
Жоспар:
Дәстүрлі емес сабақтардың ерекшелігі
Дәстүрлі емес сабақтардың сипаттамасы
Негізгі ұғымдар: дәстүрлі емес сабақ.
Дәстүрлі емес сабақтар - бұл ойдан шығарылған сабақтар. Оның негізгі құрылымы анықталмаған, ешбір дидактикалық қағидаларға негізделмеген. Сабақта қолданылатын конкурс, сайыс, көкпар, ойын, бәйге, аукцион, т.б. жеке тәсілдерді сабақтың элементтері деп қарау керек. Дәстүрлі емес сабақтардың, дәстүрлі сабақтар сияқты, мақсаты мен міндеттері, жоспары болады. Сабақтың мазмұны, барысы мұғалімнің шеберлігіне, біліміне, тәжірибесіне байланысты.
И.Подласыйдың «Педагогика» оқулығында дәстүрлі емес сабқтардың 36 түрі ұсынылады: іскерлік ойындары сабағы, КВН-сабақ, концерт-сабақ, сот-сабақ, аукцион-сабақ, ертегі сабақ, т.б. Сайыс-сабақ оқушылардың пәнге деген қызығушылықтарын артырады, ұйымшылдыққа, бірлікке тәрбиелейді. Ертегі-сабақ балалардың артистік қабілеттерін жетілдіреді, өздерін еркін ұстауға, ситуацияны өз бетімен шешуге үйретеді. Соңғы кездері теледидардан көрсетіліп жүрген «ХХІ ғасыр лидері», «Не? Қайда? Қашан?», «Кім миллион ұтып алады?», «Алтын қақпа», «Атажұрт», т.б. интеллектуалдық, танымдық бағдарламаларға негізделген сабақтар да өткізіледі.
Практикалық тапсырмалар:
1. Педпрактика барысында өзі бекітілген сыныпта дәстүрлі емес сабақты бақылап, нәтижесін дәптерге жазу.
2. Мұғалімнің оқушылардың қызығушылығы мен ынтасын арттырудағы жұмыстарына назар аудару.
3. Дәстүрлі емес сабақтың бір түріне жоспар құру, үзінді көрсету.
Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар:
Подласый И.П. «Педагогика» оқулығында дәстүрлі емес сабақтардың қандай түрлері келтіріледі?
Дәстүрлі емес сабақтың жоспары бола ма?
Дәстүрлі емес сабақта баға қойыла ма?
Әдебиеттер:
1. Қоянбаев Ж.Б., Қоянбаев Р.М. Педагогика, А. 2004
2. Әбиев Ж., Бабаев С., Құдиярова А. Педагогика, А. 2004
3. Подласый И.П. Педагогика. кн. 1,2. М. 2001.
4. Онищук В.А. Урок в современной школе. М. 1985
5. Дидактика средней школы //под ред. Скаткина. М. 1982
6. Махмутов М.И. Современный урок. М. 1985
Достарыңызбен бөлісу: |