Мектеп менеджментінде оқушылар мен ата-аналарға орын бар ма? – Әрине. Мектепті басқаруда ішкі аудитпен қатар сыртқы ортаның пікірі, қызметімізді тұтынушылармен кері байланыстың мәні мен маңызы ерекше. Мен шешім қабылдауға қажетті ақпаратты тек статистикалық деректерден ғана емес, оқушылармен, ата-аналармен сұхбаттасу барысындағы оралымды ойлардан да аламын. «Апта оқушысы» атты жобамыз щәкірттермен әңгімелесуге бағытталған. Мақсатымыз барлық оқушының директормен түрлі тақырыпта ашық сөйлесуіне жағдай жасау. Мен үшін әрбір шәкірттің көзқарасы – құнды ақпарат көзі. Жас буын өкілдерінің идеялары керемет, олар біз байқамай жүрген кемшіліктерді көреді және оңтайлы шешудің алуан нұсқаларын ашық айтады. Осыған орай оқушылардың өзін-өзі басқаруына мүмкіндік берудеміз. Өрендердің бастамасымен «76TOLQYNY» мектеп радиосы ашылып, «Тіл сақшысы» жобасы енгізілді және «Оқушы-тьютор» қызметі қосылған. «Anti X» жобасы шеңберінде көптеген азаматтық жобалар жасалды. Ата-аналар үшін де әрдайым ашықпыз. Жылына екі рет дәстүрлі түрде пән мұғалімі мен ата-ананың бетпе-бет жеке кездесуіне арналған арнайы конференция ұйымдастырылады. Баласының әрекетін, басқалармен топтаса еңбектенуін бақылау үшін жылына екі рет онкүндік ашық есік күндері жоспарланады. Тоқсан сайын бір апталық «Ата-ана сағаттары» бар. Ата-аналар өздерінің қалауымен сыныпта тәрбие сағатын өткізеді. Үш жылдан бері тұрақты үрдіске айналған бұл басқосуға қатысатын ересектердің белсенділігі өте жоғары. Түрлі отбасылық жобаларымыздың жетістігі жетерлік. Осы шаралардың барлығы ата-аналарды мектеп ісіне қатыстыру, бірлесе тәрбиелеу бағытындағы тағылымды тәжірибемізді құрайды.