Студенттердің алдын-ала меңгеріп келуге тиісті теориялық материалдары Химиялық лабораторияда ең қажетті негізгі құралдардың бірі таразы, сондықтан да таразымен өлшей білу лабораторияда жұмыс істейтін әр адамның міндеті. Химиялық лабораторияда әдетте технохимиялық және аналитикалық таразы қолданады.
Өлшеуге кірісер алдында таразының дұрыс жұмыс істеп тұрғанына және оның дұрыс көрсетіп тұрғанына көз жеткізу керек. Ол үшін арретирді төмен түсіріп, таразы тілінің оң және сол жаққа қарай тербеліп, істеп тұрғанын байқау керек. Таразы дұрыс істеп тұрған уақытта оның тілі оң және сол жаққа шкаланың ортаңғы бөлігінен бірдей қашықтықта екенін көрсетеді. Егер бір жаққа қарай ауытқу көбірек болса, онда таразыны тепе-теңдік күйге келтіру керек. Тепе-теңдік жағдайға келген соң өлшеуге кірісуге болады. Өлшейтін затты сол жақ тостағанға, ал оң жағына шымшуырмен гірлерді ретімен ең үлкендерінен бастап қоямыз.
Гірлерді тек арретирленген таразыға қою немесе алу керек. Гірді қойып, арретирін босатып, таразының тіліне қарайды. Егер тепе-теңдік жоқ болса келесі гірді қояды және осылайша тепе-теңдік орнағанша жалғастыра береді. Таразы тілінің шкаладан оң және сол жаққа бірдей қашықтықта тербелуі немесе тепе-теңдік күйге келуі өлшеудің аяқталғанын көрсетеді. Массасын (қойылған гірлердің массасының қосындысын) бөлек жазылған гірлердің массасы арқылы есептейді. Оларды қораптың босаған ұяшықтарымен, одан соң гірлерді орнына салғанда тексереді.
Жұмыс нәтижесін тапсыру: Лаборанттан алынған (салмағы 1-ден 100г-ға дейінгі) екі затты 0,01г-ға дейінгі дәлдікпен технохимиялық таразымен өлшеңдер. Өлшемнің орташа квадраттық қателігін табыңдар