Зерттеудің нысаны: жоғары оқу орнындағы кәсіби даярлау үдерісі.
Зерттеудің пәні: жоғары оқу орнында студенттердің өзіндік жұмысы арқылы кәсіби бағыттылығын қалыптастыру жүйесі.
Зерттеудің мақсаты: Өзіндік жұмыс арқылы студенттердің кәсіби бағыттылығын қалыптастыруды теориялық-әдістемелік тұрғыдан негіздеу, оны ғылыми-әдістемелік нұсқаулар негізінде жетілдіру.
Зерттеудің болжамы: егер, өзіндік жұмыс арқылы студенттердің кәсіби бағыттылығын қалыптастыру теориялық тұрғыдан айқындалып, студенттердің өзіндік жұмысын ұйымдастырудың педагогикалық шарттары анықталып және сол шарттарға сәйкес ұйымдастырылса, өзіндік жұмыс түрлері әрбір тақырып мазмұнына сай алынып, оларды ұйымдастыру тиімді әдіс-тәсілдер арқылы тәжірибеге ендірілсе, онда бүгінгі қоғамға қызмет ететін білікті және бәсекеге қабілетті мұғалім мамандары даярланады, өйткені бұл қазіргі білім беру саласындағы қоғамдық сұраныс.
Зерттеудің міндеттері. 1.Өзіндік жұмыс арқылы студенттердің кәсіби бағыттылығын қалыптастыруды теориялық тұрғыдан негіздеу.
2. Өзіндік жұмыстар арқылы студенттердің кәсіби бағыттылығын қалыптастырудың мүмкіндіктері мен қазіргі жағдайын анықтау.
3.Өзіндік жұмыс арқылы студенттердің кәсіби бағыттылығын қалыптастырудың педагогикалық шарттарын айқындау.
4.Студенттердің өзіндік жұмысы арқылы кәсіби бағыттылығын қалыптастыру әдістемесін жасау, оны тәжірибелік-эксперименттен өткізу, қорытындысын шығару.
Зерттеудің жетекші идеясы: Өзіндік жұмыс арқылы студенттердің кәсіби бағыттылығын қалыптастыру қазіргі заман талабына сай білікті мамандардың кәсіби даярлығын жетілдіре түседі.
Зерттеу жұмысының әдіснамалық және теориялық негіздері: әрекет, еңбек әрекеті, жеке тұлға теориялары, кәсіптік еңбек әрекеті туралы философиялық, әлеуметтанушылық, психологиялық тұжырымдар; біртұтас педагогикалық үдеріс теориясы; тұлғаны дамытудағы әрекеттілік қатынастың психологиялық тұжырымдамасы; кәсіптік білім беру мазмұнын құрудағы қазіргі кездегі тұжырымдамалар; кәсіби білім беру технологиялары саласындағы зерттеулер.