Зерттеудің нәтижелерінің дәлелділігі мен негізділігі зерттеу проблемасын жан-жақты әдіснамалық және теориялық талдаумен, педагогикалық зерттеудің логикасымен, зерттеу барысында педагогика әдіснамасының талаптарының сақталуымен, зерттеу мақсаты мен міндеттеріне сәйкес әдіс-тәсілдерді жүйелі түрде нақты қолдануымен, эксперимент бағдарламасының педагогикалық мақсатқа сәйкестігімен, олардың тиімділігінің эксперимент жүзінде тексерілуімен қамтамасыз етіледі.
Зерттеудің практикалық мәнділігі: Зерттеудің нәтижелері бойынша жоғары оқу орнының студенттеріне арналған “Өзіндік жұмыс арқылы студенттердің кәсіби бағыттылығын қалыптастырудың маңызы, мүмкіндігі мен қазіргі жағдайы”, “Болашақ мамандардың кәсіби бағыттылығын қалыптастыруда студенттердің өзіндік жұмысын ұйымдастырудың теориялық мәселелері” атты оқу-әдістемелік құралдары даярланған. «Педагогикалық шеберлік» және «Мектепке дейінгі педагогика тарихы» пәндерінен оқу-әдістемелік кешен жасалған.
Зерттеу бойынша дайындалған оқу-әдістемелік құралдар жоғары оқу орындарында мектепке дейінгі ұйымдарға мамандар даярлайтын факультеттердің оқу үдерісінде, балабақша тәрбиешілеріне, мұғалімдер білімін жетілдіру және мұғалімдерді қайта даярлау мекемелерінің жұмыстарында пайдалануға болады.
Зерттеудің кезеңдері: Бірінші кезеңде(2004-2006 жылдар) зерттеу проблемасы теориялық тұрғыда қарастырылып, материалдар жүйеге келтірілді; ғылыми аппарат айқындалып, студенттердің кәсіби бағыттылығын қалыптастырудың психологиялық, педагогикалық тұғырлары сараланды. Білім мазмұнын айқындайтын мемлекеттік құжаттар сараланып негізге алынды. Айқындаушы эксперимент жүргізілді.
Екінші кезеңде(2006-2008 жылдар) оқу жоспарлары, бағдарламалар, әдістемелік әдебиеттер талданып, оқу үдерісін ұйымдастырудың тиімді әдіс-тәсілдері айқындалды. Педагогикалық мамандық шеңберінде жалпы кәсіби даярлау тиімділігін арттыруға бағытталған оқу үдерісін ұйымдастырудың тәжірибелік-педагогикалық жұмыс мазмұны негізделді. Қалыптастыру эксперименті жүзеге асырылды.
Үшінші кезең (2008-2009 жылдар) зерттеу нәтижелерін, эксперимент жұмысын түйіндеуді, өзіндік жұмыс арқылы студенттердің кәсіби бағыттылығын қалыптастыру жұмыстарын ұйымдастырудың ғылыми тұрғыда негізделген тұжырымдары мен қағидаларды белгілеуді, зерттеуді қорытындылауды қамтиды. Эксперименталды–қорытындылау жұмыстары жүргізілді.
Зерттеу базасы: Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті, І.Жансүгіров атындағы Талдықорған мемлекеттік университеті және Қорқыт ата атындағы мемлекеттік Қызылорда университеті.