Студенттің өзіндік жұмысы – болашақ мамандарды даярлаудың және білім сапасын арттырудың ең басты резервтерінің бірі. Осыған орай жоғары оқу орындарында әр білім алушыдан ой еңбегінің ұтымды әдістерін білуі, яғни аз уақыт кетіріп қажетті ақпаратты іздеп және меңгеруді, фактілер, теорияны, тұжырымдамаларды жүйелеп және жіктей білуді, өз көзқарасын нақты айтып және дәлелдей білуді, түрлі күрделі сұрақтарды шығармашылықпен шеше білуді үйренуі талап етіледі.
Студенттің өзіндік жұмысы – бұл студенттің дидактикалық тапсырмаларды өзінше орындауға, танымдық әрекеттерге қызығушылығы- ның қалыптасуына және нақты бір ғылым саласында білім жинақтауына бағытталған студенттің оқу әрекетінің ерекше түрі.
Студенттің өзіндік жұмысы – жоғары оқу орнының оқыту үдерісінде студенттердің өзіндік әрекетін ұйымдастыру мен басқарудың ерекше бір құралы. Олай болса кредиттік оқыту жүйесінің жоғары мектепте ендірілуі және СӨЖ-дің үлесінің артуы оны белсендіруге баса көңіл аудартады. Жаңа оқыту технологиясының ендірілуіне сәйкес ЖОО-дағы оқу-тәрбие үдерісін жаңаша ұйымдастыру, оқыту технологиясын және оның әдістемелік жағынан қамтамасыз етілуін өзгерту қажеттілігі туындады.
Студенттің өзіндік жұмысы логикалық ойлауды дамытуды, шығармашы- лық белсенділікті, оқу материалы негізінде зерттеушілік ықпалды қамта- масыз ететін практикалық тапсырмаларды жүзеге асырумен байланысты.
Студенттің өзіндік жұмысы аудиторлық жұмыспен бірге, оқыту процесінің негізгі бөлігі болып табылатын СӨЖ-нің жүйелі түрде орындалуы мұғалімнің жоспарлау және бақылау қызметі нәтежесінде қалыптасады.
Оқытушының басқаруымен студенттің өзіндік жұмысы - оқытушының тікелей қатысумен өтетін бірақ, оқытушының тапсырған жұмыстары және әдістемелік басқаруымен орындалатын студенттің жоспарланған жұмысы.
Студенттің өзіндік жұмыстарын ұйымдастырудағы қызметі: өз әрекетін өзі ұйымдастырушы; өз бетімен ізденіп, шығармашылық әрекет жасаушы; өз тағдырын өзі басқарушы. Педагогикалық пәндерден білім беру барысында ұйымдастырылатын өзіндік жұмыстың түрінің көптігіне қарамастан, олардың бәріне ортақ мақсат– студенттердің кәсіби бағыттылығын қалыптастыру, құзырлылыққа жетуге талпыныс тудыру тұрғысында даярлау, кәсіптік іс-шаралар ұйымдастыруға, оның жүргізу жолдарын білуге, орындаудың әдіс-тәсілдерін меңгеруге жаттықтыру мәселелерін қарастырамыз. Өзіндік жұмысты орындауда студент психологиялық тұрғыдан қызмет атқарады. Ол әрбір жағдаятты түсіну, қабылдау, сырттан әсер ететін ақпараттарды іріктеу, өңдеу, керегіне қарай жүйелеп пайдалану. Мұндай жағдайда оған қабылдау, еске түсіру, назар аудару, ойлану сияқты психологиялық үрдістер қатысады. Мұндай жағдайда студентке оның жігері мен шешімділігі көмектеседі. Өзін өзі реттеп, өзін-өзі басқарып, ой елегінен өткізу әрекеті басым болады.
Ғылыми психологиялық-педагогикалық әдебиеттерде «өзіндік жұмыс», «студенттің өзіндік жұмысы» ұғымы кеңінен қарастырылып, зерттелген.
Педагогикалық әдебиеттерде алғаш өзіндік жұмыс мәселелері В.К.Буряк, Е.Я.Голант, Б.П.Есипов, Р.Г.Лемберг, Р.М.Микельсон, И.И.Пидкасистый, Е.С.Саблик, М.Н.Скаткин еңбектерінде зерттелініп, оқу үдерісінде білім алушылардың өзіндік жұмысын жүйелі түрде қолдану негіздері қарастырылды.
Л.И.Заякинаның пікірінше, ғылыми білімді игерудегі студенттің өзіндік жұмысы жоғары оқу орнының оқыту үдерісінің жетекші формасы болуы қажет, ал оны белсендіру, жүйелі түрде басқару және әдістемелік жағынан жетілдіру басты дидактикалық қағидалардың бірі болуы қажет, өйткені оны жүзеге асыру кәсіби даярлау сапасын арттыруға әсер етеді. Студенттің өзіндік жұмысын ұйымдастырудың мәнін дидактикалық тұрғыдан ашуға А.Е.Абылқасымова, Н.А.Адельбаева, С.И.Архангельский, М.В.Буланова-Топоркова, М.Г.Гарунов, И.И.Кобыляцкий, Р.А.Низамов, П.И.Пидкасистый еңбектері арналды.
Қазіргі таңда жоғары мектепте жүріп жатқан түбегейлі өзгерістерге байланысты СӨЖ-дің маңызы артқанын, ондағы оқытушының орнын, кредиттік оқыту жүйесінде оны ұйымдастырудың кейбір ерекшеліктері мен мәселелерін отандық зерттеушілер С.Е.Калдыкозова, А.Головчун және ресейлік зерттеушілер Е.Галицких, Ю.Попов пен В.Оробинский, И.Г.Ковалевский, Г.Ларионова еңбектерінде қарастырады. Қашықтықтан оқытудағы СӨЖ-ді ұйымдастыру мен оны тиімділеудің психологиялық-педагогикалық алғышарттары Т.Сережка еңбектерінде анықталған.
Студенттің өзіндік жұмысы - кез-келген пәнді оқуға өзіндік жұмыстың орындалу әдістерінің қалыптасуына бағытталғанымен, бұл жұмыс – студенттің ғылыми, оқу кәсіби құзырлылығын қалыптастырып, мәселелерді өзіндік шешуіне оңтайлы шешімдерді қабылдауға, дағдарыстық жағдайлар- дан шығуға арналған. Жоғары мектептің орта мектептен ең басты айырма- шылығы – оқыту жұмысының әдісі және білімгерлердің жеке деңгейі болып табылады.
Педагогикалық-психологиялық тұрғыдан алсақ, өзіндік жұмыстың қай түрі болса да, оның студенттердің оқу әрекетіне жататыны белгілі. Ал оқу әрекетін ұйымдастыру оқытушының шеберлігін, студенттердің қызығушы- лығын тудыруын, олардың алдына мақсат қоя білуін, мақсатты шешуге жағдай жасауын, оны кәсіби тұрғыда шешетіндей міндет жүктеуін қажет етеді. Бұл өзіндік жұмысқа байланысты оқытушыға жүктелетін мәселе болса, енді тікелей студенттің әрекетіне байланысты мәселе-мақсатты әрекет ету, ойлану, ой қорыту, дұрыс шешім қабылдау, нақты нәтижеге қол жеткізу. Осындай құрылымнан тұратын өзіндік жұмыс нәтижесінде студент өздігінен білім алудың көзін ашады, кәсіби бағыттылығы қалыптасады.
Қазіргі таңдағы жоғары оқу орындарында жүргізіліп отырған өзіндік жұмыс түрлері баршылық болғанмен: біріншіден, оның мазмұнын ашу, екіншіден, оның құрылымын нақтылау, үшіншіден, өзіндік жұмысты ұйымдастыру әдістерін жетілдіру, төртіншіден, оны бағыттай отырып, кәсіптік шеберлік деңгейіне көтеру жақтары жетіспей келеді.
Кәсіби бағыттылығы әлі қалыптаспаған студенттің мұндай қиындыққа кездесуі олардың өздігінен жұмыс атқаруға деген ынтасын төмендетеді, өзіндік жұмыстың үстірт орындалуына, оның мақсатын жете түсінбеуіне әкеліп соғады. Сонымен қатар, өзіндік жұмысты студенттің мүмкіндігіне қарай даралап беру жолға қойылмай отырғандығы белгілі. Бүкіл аудиторияға ортақ жұмыс түрлерінің басым болуы осы кезге дейін негізгі орынды алуда. Мұндай тапсырмаларды орындау үстінде студенттер оқулықтар мен қосымша әдебиеттердегі материалды қопарып көшіріп, семинарлық сабақта оны оқып берумен шектеледі.
Өзіндік жұмыс өз бетінше іс-әрекет арқылы іске асады. Өзіндік оқу іс-әрекеті дегеніміз – бұл дидактикалық ұғым, ғылыми практикалық міндеттерді өз бетімен қою, оның шешімін табудың өзіндік тәсілдерін болжау және анықтау, жеке тұлғаның өзін-өзі бақылауы, өзін-өзі бағалауы негізінде педагогикалық үдеріске қатынасушылардың өзара іс-әрекетінде қалыптасқан жеке тұлғаның кіріктірілген білімі. Ғылыми психологиялық-педагогикалық әдебиеттерге жасалынған теориялық талдау «студенттің өзіндік жұмысы» ұғымының бірмәнді анықталмағанын, оны анықтауда әртүрлі тұрғыдан қарап, түрлі әдістер болғанын көрсетеді. Өзіндік жұмыстың анықтамасының негізіне әр автор әртүрлі белгілерді алады. Оларды тұтас қарастырғанда ғана маңызды, бірақ жекелей алғанда толыққанды анықтама бола алмайды.
Студенттердің өзіндік жұмысына берген түрлі анықтамаларды саралай келе, студенттердің өзіндік жұмысы (СӨЖ)– жоғары мектептің оқу үдері- сінде студенттің өзіндік әрекетін ұйымдастырудың және басқарудың ерекше құралы деп есептейміз. Ғылыми әдебиеттерде ол оқытудың құралы, оқу-ғылыми танымның формасы, шығармашылық ойлау әдісі ретінде де қарастырылады.
Өзіндік жұмыстың түрлері көп болғанымен, оның студенттердің кәсіби бағыттылығын қалыптастыруға бағытталған түрлерін, оны орындауға жұмсалатын уақытты және нәтижесін айқындайтын критерилерін саралаудың да өзіндік ерекшелігі бар.
Жоғары оқу орындарында жеке өзіндік жұмыстың түрлері өте көп, олар:
дәрістерге дайындық; семинар, лабораторияық жұмыстарға, сынақтарға, емтихандарға, рефераттарды орындауға, курстық жұмыстарға дайындық; қорытынды кезеңде – дипломдық жобаны орындау.
Педагогикалық әдебиеттерде өзіндік жұмыс түрлерін әр түрлі тұрғыдан қарастырып, төмендегідей жіктейді: 1) ұйымдастыру түрлеріне қарай: ұжымдық, топтық, жеке-дара жұмыс; 2) мақсатқа бағытталу сипатына байланысты: теориялық және практикалық; 3) логикалық бағыттылығына байланысты: фактілерді бақылау және ұғымның белгілерін айрықшалау, құбылыстар арасындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтарды анықтату; өз бетімен игерген оқу материалындағы ұғымдарды анықтату және игергендерді жинақтау; кейбір типтес құбылыстарды айрықшалау; фактілер арасындағы байланысты анықтату; 4) іс-әрекеттің сипаты бойынша: репродуктивті (қайталаушы), реконструктивті-вариативті, жартылай ізденісті және зерттеушілік (шығармашылық) өзіндік жұмыс; 5) танымдық үдерістегі қолдану орнына байланысты: жаңа білімді қабылдау және игеру үшін арналған; алынған білімнің негізіндегі өзіндік жұмыстар; бекітуге бағытталған; білімі мен білігін жүйелеп, жалпылауға бағытталған; қайталау мен білім, білік және дағдыны тексеруге арналған өзіндік жұмыс түрлері; 6)оқытушы ұйымдастыратын СӨЖ–ді өткізілу уақыты мен орнына, оқытушы тарапынан жасалынатын жетекшіліктің сипатына, нәтижелеріне бақылау жасау тәсілдеріне байланысты шартты түрде мынандай түрлерге бөлуге болады: негізгі аудиториялық сабақ (дәріс, семинар, зертханалық жұмыс) үстінде жүргізілетін өзіндік жұмыстар; жоспар бойынша жүргізілетін кеңестер, шығармашылық байланыстар, сынақтар мен емтихандар түрінде оқытушы жетекшілігімен орындалатын өзіндік жұмыстар; оқу және шығармашылық сипаттағы үй тапсырмаларын орындаудағы аудиториядан тыс студенттің өзіндік жұмыстары; 7) студенттің өз бетімен жұмыс істеу (дербестілік) деңгейіне қарай: еліктеу, жаттықтыру, шығармашылық, зерттеу өзіндік жұмыстары; 8)білім көздері мен оқытушының тарапынан бақылаудың дәрежесіне байланысты: оқулықтармен, оқу әдебиеттерімен, анықтамалық әдебиеттермен жұмыс; есептер шығару, жаттығулар, шығарма және сипаттама беру, қадағалау, және басқа да жұмыстар; 9) ЖОО-дағы оқу үдерісінің құрылымына байланысты: міндетті (оқу сабағының үдерісіндегі және сабаққа дайындалудағы) және қосымша өзіндік жұмыстар (студенттің жеке қызығушылығы мен бейіміне қарай міндетті оқу жұмыстарынан тыс); 10) аудиториялық СӨЖ түрлері: конспектілеу, алдыңғы үлгі бойынша өзі жазу, дәлелдеу (мысалы, теореманы), дәрістің логикалық карта-сүлбесін жасау, оқытушы сауалына жауап беру, пікірталасқа қатысу, проблемалық сұрақтарға жауап даярлау.
Аудиториялық СӨЖ оқу жоспары мен оқу пәнінің бағдарламасы арқылы анықталып, оқу кестесімен реттеледі, оқытушының тікелей жетекшілігімен дәрісте, семинарда, зертханалық жұмыстарда, коллоквиумдарда және т.б. жүргізіледі.
Өзіндік жұмысқа оқытушының тікелей қатысуына байланысты: оқытушы қатысуынсыз және оның жетекшілігімен жүргізілетін студенттің, магистранттың, докторанттың, білім алушылардың өзіндік жұмыстары (СӨЖ, ОСӨЖ, МӨЖ бен ОМӨЖ; ДӨЖ және ОДӨЖ, БӨЖ және ОБӨЖ);
Аудиториядан тыс орындалуы міндетті өзіндік жұмыс түрлері: дәріс материалын қарау, конспектілеу, әдебиеттерді рефераттау, рефератты оппоненттеу, баяндама әзірлеу, кітаптар мен мақалаларға аңдатпа жазу, глоссарий құрастыру, ізденіс-зерттеу сипатындағы тапсырмаларды орындау, ғылыми-әдістемелік әдебиетті терең талдау, тәжірибе жүргізу, коллоквиумға, практикалық және семинар сабақтарына дайындалу, ғылыми немесе проблемалық хабарламалар мен шолулар, жоба әдісі, телекоммуникациялық жоба, оқыту бағдарламалары (жеке бөлімді/тақырыпты игерудің кезеңмен орындалатын оқу жоспары), шығарашылық сипаттағы тапсырмаларды, диплом, курс жұмыстарын орындау.
Өзіндік жұмысты ұйымдастыру мен оны нәтижелі орындату оқытушы мен студент арасындағы қарым-қатынасқа, яғни оқытушының студентке дұрыс бағыт беретін, сабақтың өне бойына оны өнімді іске жұмылдыратын, керекті жағдаятты кәсіби тұрғыдан шешуге талпындыратын басшылығы мен кеңесіне тікелей байланысты. Қазіргі таңда бүкіл пәнге бөлінетін уақыттың үштен бірі өзіндік жұмысқа арналған болса, студенттердің оқытушымен бірге орындайтын жұмысының да көпшілігі олардың ізденушілігін күшейту мақсатына бағытталады. Жалпы кредиттік жүйе бойынша білім беруге көшудің мақсаты- студенттердің өздігінен білім іздеуіне, білімді молайтуына, оны тереңдетуге негіз салу болып отыр.
Педагогикалық-психологиялық тұрғыдан алсақ, өзіндік жұмыс студенттің оқу әрекетіне ене отырып, студенттің алдына мақсат қоя білуін, мақсатты шешудің жолын іздеуін, әрекет етуін, ойлауын, ой қорытуын, нақты нәтижеге қол жеткізуін қамтамасыз ететіндігі белгілі.
Студенттердің өзіндік жұмысын ұйымдастыру педагогикалық пәндерді, оның ішінде біздің зерттеуімізде “Мектепке дейінгі педагогика” мен “Педагогикалық шеберлік” пәндерінің мазмұнын кіріктіре оқытуға негізделіп отыр. Өзіндік жұмыстардың кәсіптік бағдарлылығын жетілдіру үшін осы екі пәннің мазмұн сабақтастығының үлкен мәні барлығын зерттеу жұмысымызда аша көрсетуге тырыстық. Әрине өзіндік жұмысты ұйымдастыруда студенттің қарым-қатынастық құзырлылығының алатын орны өте жоғары. Себебі, өзіндік жұмыс нәтижесінің қандай түрі болса да, ол тек қарым-қатынастық әрекет барысында бағаланады және нәтижесі қорытылады. Олай болса, студенттің жұмыс жасауға деген ынтасы мен оның орындаушылық қарым-қатысы ерекше орын алады.
Өзіндік жұмысты орындау барысында жаңа технологияларды қолдана білуінде де көп мән бар. Әсіресе, студенттер жұмысты орындау барысында олардың педагогикалық көзқарастары, дүниетанымы, жұмыс атқарудағы дербестігі ( мақсатын өзі анықтау, атқаратын әрекетті таңдау, уақытты дұрыс пайдалана білу, өзін-өзі тексеру т.б.) оларды шығармашылықпен жұмыс істеуге жетелейді. Бұл тұста студенттің белсенділігі басым орын алуға тиісті. Шығармашылықтың дамуына олардың педагогтік мамандыққа қызығушы- лығы мен қажеттігі көп әсер етеді.
Студенттердің шығармашылықпен жұмыс істеуіне олардың бос уақытының болуы да әсер етеді. Сондықтан да, өзіндік жұмысты шамадан тыс көп беруден гөрі оларды елеп-екшеп, іріктеп, ең керекті және студенттке қосымша ұғым беретін, кәсібіне қарай бағыттайтын түрлерін беру арқылы олардың қызығушылығын төмендетпей, керісінше орындау белсенділіктерін көтеретін түрлеріне баса көңіл аударған жөн.
Біз зерттеу жұмысымызға байланысты кәсіби бағыттылықты қалыптастырудың моделін жасау кезінде кәсіби бағыттылықты қалыптасты-руда өзіндік жұмыстарды ұйымдастырудың формаларын да ендірдік. Себебі, қандай да жұмысты ұйымдастырсақ та, алдымен оның формаларын анықтауға тиіспіз. Сондықтан да бұл формаларға жататын: сабақ; сабақтан тыс жұмыстар, педагогикалық практика, пікір сайыс, дөңгелек үстел, бақылау жұмыстары жеке-жеке форма ретінде қаралады да, олардың әрқайсысы бойынша орындалатын өзіндік жұмыс түрлері әр түрлі.
Зерттеу тақырыбымыз бойынша алға қойған мақсат, міндет және ғылыми болжам негізінде тәжірибелік-эксперимент жұмысы Қазақтың мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде және І.Жансүгіров атындағы Талдықорған мемлекеттік университетінде 2005-2009 оқу жылдары аралығында өткізілді.
Өзіндік жұмысты іріктеу кезінде студенттердің оқу үдерісіндегі педагогикалық-психологиялық ерекшеліктері ескерілді.
Зерттеу тақырыбымыздың болжамын экспериментке қоймас бұрын өзіндік жұмыс арқылы студенттердің кәсіптік бағыттылығын қалыптастыру- дың компоненттерін, өлшемдерін және көрсеткіштерін айқындауға тура келді.
Ізденіс барысында өзіндік жұмыстар арқылы кәсіптік бағыттылықты қалыптастырудың төмендегідей компоненттерін негізге алдық: мотивация- лық-құндылылық, мазмұндық, нәтижелік-бағалау.