14-дәріс. Шылау. Шылаудың түрлері. Септеулік, жалғаулық, демеулік шылаулар



Дата19.05.2022
өлшемі21,33 Kb.
#143887
Байланысты:
14-дәріс




14-дәріс. Шылау. Шылаудың түрлері. Септеулік, жалғаулық, демеулік шылаулар
Өз алдына толық мағынасы болмайтын, сөйлем ішінде өздігінен дербес сөйлем мүшесі бола алмайтын, бірақ толық мағыналы сөздің жетегінде оған қосымша мән үстейтін сөз табы шылау деп аталады. Мысалы: үшін, арқылы, не болмаса, алайда, т.б. Шылаулар – лексикалық мағынасынан айырылу натижесінде туындаған көмекші сөздер.
Шылаудың негізгі белгілері:

  • Толық лексикалық мағынасы болмайды.

  • Сөйлемде толық мағыналы сөздермен тіркесіп, оған түрлі грамматикалық мән үстейді.

  • Шылаулар сөз бен сөзді, сөйлем мен сөйлемді байланыстырады.

  • Шылауларға сұрақ қойылмайды, сондықтан ол жеке тұрып сөйлем мүшесі бола алмайды.

  • Шылаулар түрленбейді.

  • Басқа сөз таптарынан жасалмайды.

Шылау сөздер грамматикалық мағынасы мен сөйлемдегі қызметіне қарай септеулік, жалғаулық және демеулік болып бөлінеді.
Толық мағыналы сөздермен тіркесіп келіп, оны басқа сөздермен сабақтастыра байланыстыруға дәнекер болатын шылау септеулік шылаулар немесе септеуліктер делінеді. Қазақ тіліндегі септеулік шылаулар: сайын, үшін, арқылы, туралы, секілді, сияқты, тәрізді, шамалы, жайында, жөнінде, дейін, шейін, қарай, таман, жуық, гөрі, соң, кейін, ары, бері, бұрын, кейін, бірге, т.б. Олар меңгеретін сөздерінің соңында келеді. Септеуліктер атау септігін меңгеретін септеуліктер, барыс септігін меңгеретін септеуліктер, шығыс септігін меңгеретін септеуліктер және көмектес септігін меңгеретін септеуліктер болып бөлінеді.

  • Атау септігін меңгеретін септеуліктер: үшін, арқылы, жайында, жөнінде, туралы, сайын, тәрізді, сияқты, т.б.

  • Барыс септігін меңгеретін септеуліктер: дейін, шейін, таман, қарай, жуық, тарта, т.б.

  • Шығыс септігін меңгеретін септеуліктер: кейін, соң, гөрі, бері, бұрын, әрі, т.б.

  • Көмектес септігін меңгеретін септеуліктер: қатар, қабат, бірге, т.б.

Жалғаулық шылаулар
Сөз бен сөзді, сөйлем мен сөйлемді салаластыра байланыстыратын шылау жалғаулық шылау немесе жалғаулықтар деп аталады.
Қазақ тіліндегі жалғаулық шылаулар: мен, бен, пен (менен, бенен, пенен), да, де, та, те, не, не болмаса, яки, немесе, және, әрі, біресе, бірақ, алайда, әйткенмен, дегенмен, сонда да, әлде, өйткені, себебі, сондықтан, сол себепті, т.б.
Жалғаулық шылаулар мағыналарына қарай ыңғайластық жалғаулықтар, қарсылықты жалғаулықтар, талғаулықты жалғаулықтар, себеп-салдар жалғаулықтар және шартты жалғаулықтар болып беске бөлінеді.
(1) ыңғайластық жалғаулықтар: мен, бен, пен (менен, бенен, пенен), да, де, та, те, және, әрі;
(2) қарсылықты жалғаулықтар: бірақ, алайда, дегенмен, әйткенмен, сонда да;
(3) талғаулықты жалғаулықтар: әлде, біресе, бірде, не, немесе, яки, болмаса, кейде;
(4) себеп-салдар жалғаулықтар: себебі, өйткені, сондықтан, сол себепті;
(5) шартты жалғаулықтар: егер, онда.
Демеулік шылаулар
|Тіркескен сөзіне немесе сөйлемге күшейту, шектеу, сұрау, болжал, күмән сияқты қосымша мән үстейтін шылау демеулік шылау немесе демеулік деп аталады.
Демеулік шылаулар: ма, ме, ба, бе, па, пе, ғана, қана, тек, ғой, қой,-ақ,-ау,-ай,-мыс,-міс,-ды,-ді, ше.
Демеуліктер негізгі сөзге, сөйлемге үстейтін мағынасына қарай жетіге бөлінеді.
(1) сұраулық демеуліктер: ма, ме, ба, бе, па, пе, ше.
(2) күшейткіш демеуліктер:-ақ,-ау,-ай, да, де, та, те.
(3) шектеу демеуліктері: ғана (қана), тек,-ақ (кейде).
(4) болжалдық демеуліктер:-мыс,-міс,-ау (кейде).
(5) қарсы мәнді, салыстыру демеуліктері: түгіл, тұрсын, тұрмақ, құрлым.
(6) нақтылау мәнді демеуліктер: қой, ғой,-ды,-ді,-ты,-ті.
(7) қомсыну мәнді: екеш.


Шылаудың емлесі
1) шылау сөздер өздері қатысты сөздерден бөлек жазылады. Мысалы: болашақ үшін, жайлауға дейін, одан гөрі, көп пе? т.б.
2) -ау,-ақ,-ай,-мыс,-міс,-ды,-ді сияқты шылаулар өзінен бұрын тұрған сөзбен сызықша (-) арқылы жазылады. Мысалы: Өзің-ақ ал! Таудың биігін-ай! Бұрын көріпті-мыс. Былтыр келген-ді.
3) ма, ме, ба, бе, па, пе сұраулық шылаулары жіктік жалғауынан бұрын келсе, тұлғасы мы, мі, бы, бі, пы, пі болып өзгеріп, қосылып жазылады. Мысалы: Баламысың? Үйдемісің? Көремісің?
(1) да, де, та, те шылаулары сырт тұлғасы жағынан жатыс септік жалғауымен (-да, -де, -та, -те) ұқсас болғандықтан, оларды ажырата білу керек. Егер өзі қатысты сөзге күшейткіш мән үстеп қана тұрса, ол шылау болады да бөлек жазылады. Мысалы: Әсет те, Серік те келді, т.б. Ал сөздерді байланыстырып, кімде? неде? қайда? деген сұраққа жауап берсе, ол жатыс септік жалғауы болады да бірге жазылады. Мысалы: Жасымда ғылым бар деп ескермедім (Абай).
(2) мен, бен, пен шылаулары көмектес септік жалғауымен (-мен, -бен, -пен, -менен, -бенен, -пенен) ұқсас. Егер олар екі есім сөздің арасын байланыстырып, сөйлемде біріңғай мүше ретінде келсе, шылау болады да бөлек жазылады. Мысалы: үйрек пен қаз, Асан мен Үсен, т.б. Ал сөздерді байланыстырып кіммен? немен? қалай? деген сұраулардың біріне жауап берсе, ол көмектес септік жалғауы болады да өзінің алдындағы сөзге қосылып жазылады. Мысалы: атпен келдім, қаламмен жазды, т.б.
(3) ма, ме, ба, бе, па, пе сұраулық шылаулары сыртқы тұлғасы жағынан етістіктің болымсыз түрін жасайтын -ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе жұрнақтарымен ұқсас. Сөйлемге сұрау мәнін үстеп тұрса, ол шылау болады да бөлек жазылады, ал болымсыздық мәнін білдірсе, ол жұрнақ болады да бірге жазылады. Мысалы: Бардың ба? – барма; Келдің бе? – келме, т.б.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет