Қазақ хандығының құрылуының деректері және тарихнамасы. 2-сағат. Негізгі сұрақтар 1 Қазақ хандығының құрылуының деректерін топтау, оларға сипаттама Жазба дерек мәліметтері әртүрлі тілдерде, әртүрлі аумақтарда, әртүрлі әулеттердің билігі тұсында жазылғандықтан тілдік, аумақтық және әулеттік принциптер бойынша топтастырамыз.
Тілдік принцип бойынша жазба деректер араб, армян, орыс, монғол және түрік тілдеріндегі деректер деп жеке-жеке топтастырылды.
1. Араб тіліндегі жазба деректерге Ибн әл-Асирдың, ән-Насавидың (Несеви), Ибн Абд әз-Захирдың, Рукн әд-дин Бейбарс әл-Мансури әл-Мысридың, ән-Нувайридың, әл-Омаридың, әл-Айнидың, әл-Дженнабидың тарихи-географиялық сипатта жазылған еңбектері жатады. ХІІІ-ХV ғасырларда Алтын Орда мен Египеттің арасындағы қарым-қатынастар достық, одақтастық сипатта болғандықтан, екі ел арасында елшілік, сауда-саттық байланыстар жақсы дамиды. Араб елшілері мен саудагерлері өздерінің тікелей міндеттерінен басқа, жалпы Алтын Орданың саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени, рухани, этникалық өмірі туралы құнды тарихи материалдар, географиялық сипаттағы деректер жазып қалдырады. Осы деректердегі мәліметтерге сүйеніп, біз ХІІІ-ХV ғасырларда Алтын Орданың ішкі, сыртқы саяси өмірін, әлеуметтік-экономикалық, этникалық, діни, рухани, мәдени жағдайларын қарастырамыз.
Араб тіліндегі деректердің мәліметтерін В. Тизенгаузеннің 1884 жылы шығарылған «Сборник материалов относящихся к истории Золотой Орды» атты жинағының бірінші томы бойынша пайдаландық.
2. Тілдік принцип бойынша топтастырылған жазба деректердің екінші тобына армян тіліндегі деректер жатады. Дерек авторлары инок Магаки, Варден, Айривон Вардапет Мхитер, Стефан Орбелян, Смбат, Киракос Гандзакеци, Себастаци, Степанос, Оганес Тавушеци, армян патшасы Гетум және тағы басқалар өз деректерінде Жошы Ұлысының ХІІІ ғасырдағы жалпы жағдайы, ондағы Шыңғыс хан ұрпақтары арасындағы билік үшін болған күрестер, Алтын Орданың жеке хандары, олардың ислам және христиан діндеріне көзқарастары, ХІІІ ғасырдың екінші жартысынан бастап, исламның күшейе бастағандығы және т.б. мәліметтер туралы баян етеді. Біз армян тілінде жазылған деректердің мәліметтерін К.П. Паткановтың, А.Г. Галстянның ежелгі армян тілінен орыс тіліне аударылған нұсқалары бойынша пайдаландық.
3. Орыс тіліндегі деректер ішінде «Троицк жылнамасының», «Никонов жылнамасының», «1497 жылғы Жылнамалар жинағының», «Уваров немесе 1518 жылғы Жылнамалар жинағының» мәліметтері біздің қарастырып отырған тақырыбымыз үшін өте маңызды.
Орыс жылнамаларындағы мәліметтерде Алтын Орданың ХІІІ-ХY ғасырлардағы саяси тарихы жүйелі түрде баяндалмаса да кейбір ірі оқиғалар өте қысқаша бірақ, өте нақты берілген. Әсіресе, біз үшін ХY ғасырдың бірінші ширегінде Алтын Ордада болған билік үшін күрестер жөніндегі мәліметтер өте маңызды.
4. Монғол тіліндегі деректерден тақырыбымызға қатысы бар «Монғолдың құпия шежіресі» және Лувсанданзанның «Алтын шежіре» (ХVІІ ғ. 2-ші жартысы) атты еңбектеріндегі мәліметтерді пайдалдандық. Бұл деректерде Шыңғысханның шығу тегі, оның өмірі мен билікке келуі, жаулап алу соғыстары, ең бастысы, чаджарат, барин, салжиут, барлас, маңғыт, таишиут, бесут, кенегес, боржігін, дөрбет, қатаған және т.б. көптеген тайпалардың шығу тегі туралы құнды мәліметтер баяндалады.
5. Түрік тілінде жазылған деректер тобына біз Махмұд Қашқаридың «Түрік тілінің сөздігі» атты еңбегі [34] мен Қадырғали Жалайырдың «Жылнамалар жинағы» атты еңбегінің мәліметтерін жатқыздық. Махмуд Қашқари еңбегінде XI ғасырда Дешті Қыпшақ пен оған іргелес аумақтарда өмір сүрген түрік тілдес тайпалар туралы жалпылама мәліметтер баяндалады. Ал Қадырғали Жалайырда біздің тақырыбымыз үшін маңызы бар Орыс хан, Құйыршық хан, Барақ хан, Жәнібек хандар туралы мәліметтердің, ХІY –ХY ғғ. Жошы Ұлысында болған оқиғалар туралы, Ноғай Ордасындағы Едіге және оның ұрпақтар Мансұр, Қази, Наурыз, Нұраддин, Афас, Оқас, Хорезми, Мұса, Жаңбыршы билерге қатысты мәліметтердің, Сібір хандары мен Шибанилық Әбілқайыр хан мен Иадгар хандарға қатысты мәліметтердің орны ерекше екендігіне көңіл аудардық.
Жазба деректердің келесі тобын аумақтық принцип бойынша топтастырып, оны аумақтық немесе европалық авторлар деректеріндегі мәліметтер деп шартты түрде атадық. Оған Марко Полоның, Плано Карпинидың мен Вильгельм Рубруктың, Матвей Меховскийдың шығармаларындағы мәліметтер жатады.
Қазақ хандығының құрылу тарихына қатысты жазба деректердің ең басты, ең негізгі тобын әулеттік деректер тобы құрайды. Бұл топтағы жазба деректердің өзі өз ішінде хұлагулық, делилік, жалайырлық, темірлік, шайбанилық, бабырлық, аштраханилық және Хиуадағы қоңыраттық деректер деп жіктеледі.
Хұлагулық деректерге – әл-Жувейнидың «Тарих-и Жахангуша», Рашид әд-диннің «Жылнамалар жинағы», Вассафтың «Вассаф тарихы», Хамдаллах Казвинидың «Тарих-и гузиде» [39, 90-98 бб.] атты тарихи шығармалары жатады. Олардың мәліметтерінде монғолдардың Орта Азияны мен Дешті Қыпшақты жаулап алуы, түрік тілдес және монғол тілдес тайпалардың шығуы, Алтын Орданың саяси тарихы мен оның алғашқы хандарының саясаты және т.б. мәселелер жөнінде баяндалады. Бұл деректер ішінде Рашид ад-Дин еңбегіндегі мәліметтердің алатын орны ерекше.
Делилік дерекке – Жузжанидың «Табақат-и Насири», ал Жалайырлық дерекке – әл-Ахаридың «Тарих-и шайх-Уайыс» атты еңбектері жатады. Бұл деректерде ХІІІ ғасыр басындағы монғолдардың жаулап алуы, Жошы хан туралы, Берке хан туралы1342-1357 жж. Алтын Ордада болған оқиғалар туралы, Жәнібек ханның билігі тұсындағы жағдайлар туралы мәліметтер кездеседі.
Ал Темірлік деректер деп аталатын деректер тобына келсек, олар біздің тақырып үшін ең негізгі деректер қатарынан орын алады. «Тузик-и Тимури», Шамидің «Зафар-наме», Йаздидың «Зафар наме» атты еңбектері, Натанзидың «Муин ад-дин Натанзи», анонимді «Муизз әл-ансаб», Самаркандидің «Матла әс-садайн ва маджме әл-бахрайн», Фасихидың «Муджмал-и Фасихи», Мирхондтың «Раузат әс-сафа», Хондамирдың «Хабиб әс-сиар» атты еңбектеріндегі мәліметтерден біз Қазақ хандығының құрылуының тарихи алғышарттарын, ХY ғасырдағы Мауереннахр мен Хорасандағы саяси жағдайлардың барысын тереңірек біле аламыз.
Шайбанилық деректерге жататын «Тауарих-и гузида-йи нусрат наме», «Фатх-наме», «Шайбани-наме», «Түрік шежіресі, «Шыңғыс-наме атты тарихи шығармалардағы мәліметтерде ХY ғасырдың бірінші жартысындағы Шығыс Дешті Қыпшақ, Моғолстан және Мауереннахр аумақтарында болған саяси оқиғалар, Шығыс Дешті Қыпшақтағы этникалық процестер, осы кезеңдегі тарихи тұлғалардың жеке өмірбаянына қатысты оқиғалар, хандар әулетінің шежіресі және тағы басқа көптеген мәселелер туралы баяндалады.
Бабырлық әулеттің деректеріне біз «Бабыр-наме», Мұхаммед Хайдар мырза Дулатидың «Тарих-и Рашиди», Ходжамқұли бек Балхидың «Тарих-и Қыпчақи» атты шығармаларындағы мәліметтерді жатқызамыз. Осы топтағы «Тарих-и Рашиди» еңбегінің Қазақ хандығының құрылу тарихына қатысты мәліметтері біз пайдаланып отырған 60-тан астам жазба деректер ішіндегі ең басты, ең негізгісі болып саналады. Шығарма авторы өзінің моғол хандары мен Моғолстан мемлекетінің тарихына арнап жазылған еңбегіндегі Есенбұға ханның билігі тұсындағы оқиғалар жөнінде айта келеді де Керей мен Жәнібек хандардың Әбілқайыр ханнан бөлініп, Моғолстанға келуін баяндайды. Автордың бұл мәліметтері Қазақ хандығының құрылу тарихына қатысты қазіргі таңдағы ең алғашқы жазба дерек болып саналады. Осы мәліметтің оған дейін ешбір деректе кездеспейтінін ескеріп, біз автордың бұл дерегін қарастырып отырған тақырыбымыз үшін ең маңызды және ғылыми құндылығы жағынан өте жоғары деп есептейміз. Ал «Бабыр-наме» мен «Тарих-и қыпчақи» еңбектерінде Қазақ хандығының құрылу тарихы толық көрсетілмесе де, мәселенің кейбір жақтарын нақтылап көрсетуге мүмкіндіктер беретін құнды мәліметтер кездеседі.
Аштарханилық топқа жататын Махмуд бен Уәлидің «Бахр әл-асрар фи манакиб әл-ахйар» атты ХVІ ғасырдың орта тұсында жазылған тарихи шығармасында Керей мен Жәнібек хандардың Әбілқайыр ханнан бөлініп, Моғолстанға келуі жөнінде айтылады. Автор бұл мәліметті «Тарих-и Рашидиден» алса да, онда біз үшін аса маңызды және басқа ешбір деректе кездеспейтін мәліметтер ұшырасады.
Хиуадағы қоңыраттық әулет билігі тұсында дүниеге келген «Фирдаус әл-иқбал» атты тарихи шығармада бізге қажетті деректер өте аз болса да, кездесіп қалады. Ондай дерек мәліметтері біздің қарастырып отырған тақырыпты ашуымызға үлкен көмегін тигізеді.
Қазақ хандығының құрылу тарихын зерттеуде Дешті Қыпшақ аумағында өмір сүрген түрік тілдес халықтар мен қазақ халқының ауыз әдебиеті материалдарының алатын орны ерекше. Түрік тілдес халықтардың бәріне ортақ туынды – «Едіге», «Қырымның қырық батыры» атты батырлық жырлар мен дастандардағы оқиғалар ХІV-ХV ғасырлар аралығын қамтиды. «Едіге» жырында ХІV ғасырдың соңы мен ХV ғасырдың басындағы Едіге мен Тоқтамыс хан арасындағы күрестер жақсы суреттеледі. Біз бұл жырдан Алтын Орданың ыдырауы процесі кезеңіндегі жағдайларды білуге мүмкіндіктер ала аламыз. Ал «Қырымның қырық батыры» атты жырлар топтамасында ХV ғасырдағы оқиғалар баян етіледі. Онда кездесетін басты кейіпкерлердің бәрі жазба деректерде айтылатын белгілі тарихи тұлғалар. Сондай-ақ Шығыс Дешті Қыпшақ аумағындағы тайпалардың – «ноғайлы» деген атаумен кездесуі осы кезеңдердегі этножағдайдан хабардар етеді. Жалпы алғанда, бұл батырлық жырлар мен дастандар біздің тақырыбымыз үшін қосымша роль атқарады.
Ал Ақжол биді Қобыланды батырдың өлтіруі туралы тарихи аңыз әңгімеден ХV ғасырдың орта тұсында Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында болған этносаяси процестердің жағдайын, ең бастысы Керей мен Жәнібек хандардың Әбілқайыр ханнан бөлінуінің ішкі себептерін көреміз. Егерде жазба дерек мәліметтері объектіні сырттан тануға мүмкіндіктер берсе, ауыз әдебиетінің деректері оны іштен тануға жол ашады. Деректердің екі түрін бір-бірімен толықтыруға, байланыстыра қарастырғанымызда біз зерттеп отырған тақырыбымызды толық аша аламыз.