Қан айналым жүйесінің филогенезіне сипаттама
Қан өзіне тән физиологиялық қызметтерді бір ғана жағдайда - тоқтаусыз айналымда болғанда атқарады. Ал оның қан тамырларымен толассыз ағуы қан айналым жүйесі мүшелерінің қызметіне байланысты. Сондықтан барлық мүшелер мен жалпы организмнің әрекеті қан айналым жүйесі мүшелерінің қызметіне тікелей байланысты.
Қан айналым жүйесін организмде сору (насос) қызметін атқаратын жүрек пен қан тамырлары – артериялар (қызыл тамырлар), веналар (көк тамырлар) және капиллярлар (қыл тамырлар) құрайды. Қанды жүректен ұлпалар мен мүшелерге тарататын тамырларды артериялар, ал олардан жүрекке алып келетін тамырларды – веналар деп атайды. Ұлпалар мен мүшелерде жіңішке артериолалар мен венулалар бір-бірімен капиллярлар арқылы жалғасады.
Барлық омырқалыларда қан айналым жүйесі тұйық жүйе. Ол үлкен (жүйелік) және кіші (тыныстық) қан айналым шеңберлерінен тұрады.
Қан айналым жүйесінің сол қарыншадан қолқамен басталып, оң жүрекшеде қос қуыс венамен аяқталған бөлігін үлкен (жүйелік) қан айналым шеңбері деп атайды. Жүректен басталған қолқа артерия тамырларына тармақтала келіп, ұсақ тамырларға – артериолалар мен тек микроскоппен ғана көрінетін капиллярлар түзеді. Капиллярға келген артерия қаны өзінің құрамындағы оттегіні ұлпаларға береді де, зат алмасу процесі нәтижесінде ұлпаларда түзілген көмір қышқылгазды сіңіріп, вена қанына айналады.
Жүрек етінің құрылымдық ерекшеліктері
Жүрек еті екі түрлі ет талшықтарынан құралады. Оның бірі жүректің жиырылып, босаңсуын қамтамасыз ететін негізгі миокард талшықтары, ал екіншісі – жүрекше мен қарынша еттерінің үйлесімді жиырылуын қамтамасыз ететін бейқалып (атипті) өткізгіш ет талшықтары.
Миокард құрылысы жағынан қаңқа етін құрайтын көлденең жолақ ет талшықтарына ұқсас. Оның саркоплазмасында актин және миозин протофибрилдерінен құралған миофибриллалар болады. Жүрек еті талшықтарында саркоплазмалық тор (ретикулум) сиректеу. Бұл екі түрлі ет талшықтарында да жиырылу процесі кезінде саркоплазмалық тордан кальций иондары саркоплазмаға шығады. Миокардта бұл иондар саркоплазмадан кері бағытта да өте алады. Саркоплазмадағы кальций ионы жүрек еті талшықтарының жиырылу күшін арттырады. Жүрек етінде қаңқа етімен салыстырғанда аэробты процестер басымырақ болады және ол шабандау жиырылады.
Миокард талшықтары ерекше тарамдалып, бір-бірімен ендірме табақша – нексус арқылы қосылады да, біртұтас тор, немесе синцитий, құрайды. Бұл ендірме табақшалардың электрлік кедергісі өте төмен, сондықтан бір жасушада пайда болған қозу көрші жатқан жасушаға оңай беріледі. Осының арқасында миокард әрекетінде біртұтастық қасиет пайда болады.
Жүректің бейқалып (атипті) элементтерінің де өзіне тән ерекшеліктері болады. Олардың көлденең жолақтары сиректеу, гликогені мен саркоплазмасы мол. Бұл элементтер негізгі ет талшықтарынан дөнекер ұлпалы қабықпен шектеледі. Осы атиптік ұлпа элементтері жүректің белгілі бір бөліктерінде түйіндер мен шоқтар құрып, жүректің өткізгіш жүйесін түзеді. Өткізгіш жүйені Кис-Фляк (синус, жүрекше), Ашофф-Тавар (жүрекше – қарынша) түйіндері, Гис шоғыры, Гис сабақтары және Пуркинье талшықтары құрайды. Өткізгіш жүйе жүректің автоматия қасиетін қамтамасыз етеді.
Жүрек етінің үшінші құрылымдық ерекшелігі онда қабырғалық (интрамуральдық) нерв түйіндерінің болуында. Бұл түйіндер алғаш рет 1838 жылы Ремак еңбектерінде, кейінірек Людвиг (1848), Биддер (1852), Догель (1895) зерттеулерінде суреттелген. Олар жүрекше қабырғаларында, жүрекше аралық пердеде және қарынша ертерінің табан (жоғарғы) бөлігінде орналасады. Бұл түйіндер кезеген нервпен тығыз байланысты және қозғағыш не сезімталдық қызмет атқарады,
|