Әож 37. 036: 373. 3 Бастауыш сынып оқушыларының мінез-қҰЛЫҚ МӘдениетін тәрбиелеу



Дата25.12.2016
өлшемі74,89 Kb.
#4832
түріСтатья
ӘОЖ 37.036:373.3

БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ МІНЕЗ-ҚҰЛЫҚ

МӘДЕНИЕТІН ТӘРБИЕЛЕУ

Жайлауова М.К., Жарылқасынова А.Ш.

(Қорқыт Ата атындағы ҚМУ)

Аннотация

Статья посвящена проблеме воспитания культуры поведения младших школьников.
Түйін сөздер: мінез-құлық мәдениеті, әңгімелесу, жаттығу, көшеде жүрі ережелері, үстел басындағы мінез-құлық, ойлаудың нақтылығы, мектептегі жағдаят, мәдени мінез-құлық.
Бастауыш сыныптарда мінез-құлық мәдениеті бойынша жүйелі түрде оқушылармен сабақтар өткізіп тұрған дұрыс. Сабақтарды ұйымдастыру формалары алуан түрлі болуы мүмкін: әңгімелесу, ойындар, көріністер, жаттығу. Әдетте әңгімелесу, жаттығу, көрсету балалармен жұмыстың тұрақты формалары болып табылады.

Мәселен, үстел басындағы мінез-құлық ережесі бойынша сабақтарда көрсету, жаттығу басым болады. Көшеде жүру ережелерін оқып үйренуді ойын формасында өткізген дұрыс. Әрбір тақырып қарапайым ережелерді қамтиды. Сабақ сайын кейбір ережелер қайталанады. Мысалы: қыздарды алға жіберу «Театрдағы мінез-құлық» сабағында ғана емес, сондай-ақ «Мектеп ертеңгілігіндегі мінез-құлық ережелері» сабағында да қайталана отырып, қолданылады.


Асхана құралдарын пайдалана білу дағдысы «Үстел басындағы мінез-құлық» және «Қонақтар» сабақтарында қолданылады. Қайталау таныс ережелерді бекітуге көмектеседі.

Бастауыш сынып оқушыларының ойлауының нақтылығы мен бейнелігі мұғалімнен мінез-құлық мәдениеті бойынша оқушыларға білім беруде көрнекі құралдарды пайдалануды талап етеді.

Әдетте ережелерді игеру нақты жағдаяттарға байланысты жүзеге асырылады. Бастапқыда бұл сыныптағы, мектептегі жағдаят болуы мүмкін.

Бұдан соң ата-аналармен бірлесе жұмыс жүргізе отырып, мұғалім балаларды үйдегі, көшедегі және қоғамдық орындардағы мінез-құлық мәдениеті ережелерімен таныстырады. Балалар белгілі бір ережелерді сақтауы тиіс. Нақты жағдаяттарды бірте-бірте кеңейту оларды түрлі жағдайларда мәдени мінез-құлық ережелерін орындай білуге үйретеді.

Жаттығулар тек сабақтарда ғана өткізілмеуі тиіс, оларды мектептің, сыныптың күнделікті өміріне енгізу қажет; балалар сабақта өткен ережелер олар үшін міндетті екенін білуі тиіс.

Бастауыш сынып оқушыларының мінез-құлық мәдениеті бойынша сабақтар тақырыптары төрт негізгі бөлім төңірегіне топтастырылуы мүмкін:



  1. Мектептегі мінез-құлық: а) сабақта; ә) үзілісте; б) мектептегі мерекелерде.

  2. Үйдегі мінез-құлық: а) киімдегі ұқыптылық және тазалық; ә) үлкендерге көмектесе алуы; б) балалар бұрышындағы тәртіп; в) үстел басындағы мінез-құлық; г) сыпайы сөздер.

  3. Көшедегі мінез-құлық: а) сенің подъезің, сенің аулаң; ә) сен қыдыруға шықтың; б) ересектермен және құрбы-құрдастарымен қатынас.

  4. Қоғамдық ортадағы мінез-құлық: а) қоғамдық көлікте; б) кинода, театрда, мұражайда, көрмеде және т.б; в) қонақта.

Әрбір тақырып бойынша әңгіменің өзіндік мазмұны болуы тиіс.

Әр әңгімеде балалар игеруі тиіс ережелердің қысқаша тізімі беріледі. Осы ережелер негізінде әңгіме өткізіледі.

«Мектептегі мінез-құлық» бөлімінде оқушылар мұғалімге, өзінің құрбы-құрдастарына және мектептің басқа қызметкерлеріне, ата-аналарына қарым-қатынасымен байланысты қарапайым ережелермен танысады.

Сабақ, үзіліс, мектептік іс-шаралар – берілген тақырып аясында мінез-құлықты қарастыру – бұл оқушы үшін қалыпты жағдай. Мұнда мұғалімге, үлкендерге, жолдастарына деген қарым-қатынас, олардың киім киюдегі ұқыптылығы, өз заттарына тиянақты болу сияқты мәселелерді қарастырады.

«Үйдегі мінез-құлық» бөлімінде де үй-ішіндегілерге, ата-аналарына деген қарым-қатынас қарастырылады.Көп жағдайда балалар бөтен адамдарға ілтипат көрсету қажет деп санайды, ал үйдегі адамдарға қатысты алғанда бұл ережелерді сақтамайды. Амандасу, алғыс айту, ата-анадан, әжеден, ападан және ағадан кешірім сұрау қажет деп есептемейді. Бұл бөлімде туысқандарына көмектесуге ұмтылу, оларға қарапайым ізет көрсету, үйдегі жұмыстарға жауапкершілік сияқты мәселелер қарастырылады. Мұнда үстел басындағы мінез-құлық мәдениетін сақтау қарастырылады.

«Көшедегі мінез-құлық» бөлімі ұлттық құндылық, қоршаған ортаға деген қарым-қатынас, таныс емес адамдарға деген ізеттілік және жолда жүру ережесін сақтау т.б. маңызды мәселелерді көтереді.

«Қоғамдық ортадағы мінез-құлық» тақырыбында бір-бірімен қарым-қатынас жасауға тура келетін таныс емес адамдар арасындағы мінез-құлық ережелері айтылады. Қарым-қатынас мәдениетінің нақты ережелерін сақтау таныс емес адамдармен байланыс орнатуда шыдамды болуға ғана емес, жағымды қарым-қатынас жасауға әкеледі.

Бастауыш сынып оқушыларымен тәрбиелік жұмыстарда әр түрлі тәсілдерді пайдалану сабақ құрылымында ғана анықталмайды, мұғалім оны бір сабақтың басқа сабақпен ұқсас болмауы мақсатында саналы пайдаланады. Осыны ескере отырып, педагог сабақты әр түрлі формада өтіп қана қоймай, ол сабақтарда көптеген қызықты ойындар енгізуге тырысады. Балаларды оқыту ол сабақ үстінде партадан тыныш тұрғызу, қаламсаппен ойнамау – шаршаңқы және қызықты емес. Егер сабақ ойын түрінде ұйымдастырылса, мәселен, «бақылаушы» сыныпқа теріс қарап тұрып, кімнің қай қатарда, қай партада тұрғанын біліп қояды. Бұл жағдайда балалар партадан өте жай, тыныштық сақтап тұруға тырысады, олар бұл жаттығуды қызыға орындайды.

Асыға күткен сабақ оқушылар үшін мерекемен бірдей. Бұл бүкіл сыныптың сабаққа дайындығына қатысуына әкеледі. Әрбір оқушы өз тапсырмасын алады, ортақ іске өз үлесін қосады; біреулері костюмдер дайындайды, басқалары сыныпты безендіреді, үшіншілері тақпақтар мен көріністерді оқып үйренеді, төртіншілері мұғалімге көрнекі құрал жасауға көмектеседі, меркелік көңіл күй құрады және сабаққа үнемі ата-аналар, жоғары сынып оқушылары, мектеп әкімшілігі, тәлімгерлерді шақырады. Сабақты шынайы қылу үшін мұғалім міндетті түрде сынып өмірінен, мектеп, қоршаған ортадан мысалдар алу керек. Мұндай мысалдар табу үшін мұғалім оқушылардың мектеп асханасындағы, мектеп ауласындағы, театрдағы, кинодағы, көшедегі мінез-құлықтарын арнайы бақылайды. Балалардың жасаған қателіктері мен кемшіліктерін және олардың мінез-құлықтарындағы дұрыс, жақсы жақтарын да байқап, оны мінез-құлық мәдениетіне тәрбиелеу жұмыстарында пайдалануға мүмкіндік береді.

Жұмыстың табысты болуы ең алдымен мінез-құлық ережелерінің жаттығулары мен түсінісушіліктің сәйкестенуімен байланысты. Сабақтағы түсінісушілік әр түрде жүргізіледі. Көп жағдайда мұғалім мен балалардың сұхбаттасуы беріледі. Мұғалімнің қойған сұрақтарына жауап беру арқылы оқушылар бір-бірінің жауабын толықтырады және өз ой-пікірлерін айтады. Мұнда балалардың сол және басқа ережелерді түсінуі ашылады. Оқушылардың өз ойын айтуы мұғалімнің оларға қандай ережелер жақсы таныс, ал қандай ережелер аз таныс немесе мүлдем таныс емес екенін білуіне көмектеседі. Балаларды тыңдау арқылы педагог сұхбаттасудың нәтижесін шығарады, айтылғандарды талқылайды, қорытындылайды, мінез-құлық мәдениетін қалыптастырады, қате ойларға тоқталады. Балалардың қатесі мұғалімге оқушылардың не нәрсе жақсы таныс, ал қандай білім олар үшін жаңа екенін білу үшін көмектеседі. Жаңа ережелерді бекіту мен түсіндіруге мұғалім көп уақытын жібереді.

Оқушыларға ережелерді көркем шығармалар: мысалдар, әңгімелер, өлеңдер арқылы әңгіме түрінде түсіндіреді. Олардың кейбіреуі бойынша көріністер қойылады. Әңгіменің негізгі мазмұны әр тақырыпта беріледі. Оқушыларды қадағалай отырып, сынып өмірінен мысалдар алып, бұл мазмұнды мұғалім оқушыларға айтып беруге немесе талқыға салуға болады.

Ойын балаларда мінез-құлық ережелерінің жаттығуларын ұйымдастыруға көмектеседі. Ойын бүкіл сыныппен немесе топпен сынып ішінде, залда, көшеде ұйымдастырылады. Мысалы, «Жолда жүру ережесі» ойынына бір сынып немесе бірнеше сынып қатысуға болады. Бұл ойынды өткізу үшін бағдаршам, трамвай, троллейбус, автобус макеттерін, жол полициясының қалпағын, таяғын жасау керек, т.с.с. Ойынды залда, көшеде немесе мектеп дәліздерінде өткізген жақсы. Балалардың бір бөлігі жай жүргіншілерді, басқалары – жүргізушілерді, үшіншілері – жол полициясы қызметкерлерін сомдайды. «Кино», «Пошта», «Дәріхана», «Зообақ», т.с.с. кестелерді іліп қояды. Жолаушылар бағдаршамның жасыл түсі жанғанда жолдан өтіп, « Трамвай, троллейбус аялдамасы» деген жазуы бар кесте жанынан көлікке отырады. Ойын үшін ақша, билеттер дайындауға болады. Поштада марка, конверттер (оны балалар өздері жасайды), дәріханада дәрі сатады, зообақта аңдарды көрсетеді (суреттер, ойыншықтар). Жолда жүру ережесін бұзғандарға жол полициясы айыппұл төлетеді.

Мұғалім ойын қорытындысын шығарады. Алдымен ойын барысын талқылайды, содан соң үйренген және үйренбеген ережелер жөнінде мысалдар келтіреді. Оқушылардың өздері ойын туралы, онда не ұнады, не ұнамады, өмірде қандай ережелерді орындайтындығы жөнінде әңгімелейді.

Мінез-құлық мәдениетіне тәрбиелеу жұмысы мектептің, сыныптың күнделікті өмірінде жүргізіледі. Оқушылардың жіберген қателіктеріне мұғалім үнемі көңіл бөле отырып, оларды өздерінің түзетуіне мүмкіндік береді. Мұғалім өз мінез-құлқы арқылы барлық жағынан үлгі болуға тырысады.

Мұғалім ұжымда мінез-құлық ережелерін өздері бақылауға ұмтылатындай етіп, оқушылардың қарым-қатынасын ұйымдастырады. Бұл арқылы мінез-құлық мәдениетінің сабақтарында мұғалім де, балалар ұжымы да өз жұмыстарына бақылау жасайды.

Тәрбие жұмыстары ата-аналармен тығыз байланыста ұйымдастырылады. Егер үйде ізеттілік пен ұқыптылық ережелерінің негізі орындалмаса, онда мектепте жүргізілген тәрбие жұмыстары нәтиже бермейді. Сондықтан оқу жылының басындағы ата-аналар жиналысында мұғалім ата-аналарды мінез-құлық мәдениеті бойынша жұмыс жоспарымен таныстырады. Бастауыш сынып оқушыларының орындайтын талаптары туралы ата-аналармен әңгіме жүргізіледі. 1–4-сынып оқушыларының ата-аналары мінез-құлық мәдениетінің бүкіл білім, білік, дағдыларын білуі керек.

Мұғалім жыл бойына оқушылармен жеке сабақтар жүргізіп, ата-аналарға балалармен дәл осы уақытта жүргізілген мінез-құлық мәдениеті туралы мәлімет береді.

Мінез-құлық мәдениетіне тәрбиелеу мұғалімнен сынып жұмысының жағдайы туралы білуді талап етеді.

Бастауыш сынып оқушыларының мінез-құлық мәдениетіне тәрбиелеудегі табыс көбінесе олармен жұмыс жасауда әдіс, тәсілдерді дұрыс таңдаумен байланысты. Басты әдіс оқушыларды мінез-құлық мәдениетін орындауға үйрету және соған сәйкес ұғындыру. Бұл екі әдіс өзара тығыз байланысты. Тәжірибеде балаларды ережелерді орындауға үйрету үнемі өткізіледі. Сынып жетекшісі оқушыларды этикалық біліммен қаруландырады. Бұл білімнің алғышарты – оқушылардың өзіндік өмір тәжірибелері.

Бір мұғалім оқушыларға бақылауды аз жасайды. Бұл сыныпта сабақ беретін мұғалімдер оқушының мінез-құлқына әр түрлі талаптар қояды. Біреулері ережелерді бұзбай, қатаң сақтап, үнемі дәл орындауды әдетке айналдырады, ал екіншілері ондай талапты орындамайды. Үлкендер пікірімен санасатын балалардың қоғамдық пікірі маңызды рөл атқарады. Егер бұл пікір ізеттілікті, мұқияттылықты талдаса, онда оқушылардың көбісі айтылған пікірге сай болуға тырысады. Бұл мысалдар - оқушыларда мінез-құлық мәдениеті біліктері мен дағдыларының қалыптасқандығының дәлелі.


Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Әбенбаев.С. Тәрбие теориясы мен әдістемесі. –Алматы. «Дарын» 2004



2.Қоянбаев. Ж. Балаларды отбасында тәрбиелеу. –Алматы. 1977

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет