ӘОЖ 81:373.3/.5
ӘДЕБИЕТТІК ОҚУ САБАҚТАРЫНДА ЖҮРГІЗІЛЕТІН ТІЛ ДАМЫТУ ЖҰМЫСТАРЫ
Таиыр Г. – 102-12 тобының студенті
Ғылыми жетекші: Оразбаева Э.Б. – ф.ғ.к.
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты, Шымкент
Резюме
В статье рассмотрены пути развития языка на уроках литературы.
The article describes the way the development of language in literature classes.
Бастауыш білім – үздіксіз білім берудің алғашқы басқышы, қиын да жауапты жұмыс. Ең бастысы, бастауыш мектеп балаға белгілі бір білім беріп қана қоймай, оны жалпы дамыту, яғни, сөйлеу, оқу, қоршаған орта жөнінде дұрыс көзқарас қалыптастыруға, жағдайларды объективті түрде бақылап, талдау жасауға, ойын дұрыс айтуға, салыстыра білуге, дәлелдеуге, сөйлеу мәдениетіне баулиды. Тіл дамыту арқылы оқушылардың ақыл-ойы кеңейеді, адамгершілік, эстетикалық тәрбие, бір-бірімен достық қарым-қатынас жағдайлары да дұрыс жолға қойылады.
Бастауыш сынып оқушыларының тілін дамыту мәселесі үнемі назардан тыс қалмауы қажет. Жас ұрпақты ұлтжандылыққа тәрбиелеуде ұлттық сананы оятып, тілін дамытып және білім беруді тиімді әдістемемен жандандыра түсіп, дамыта оқыту керектігі туындайды. Оқушылардың тілін дамыту – қазіргі кезде оқу-тәрбие ісіндегі басты мәселе болып табылады. Ол үшін мұғалім шығармашылықпен тілдік материалдарды дұрыс таңдай біліп және оны тиімді әдіспен беруді қарастыруы қажет.
Әдебиеттік оқу пәні – бастауыш сынып оқушыларының ауызша және жазбаша тілін дамытуды, яғни сөздік қорын байытуды, байланыстыра және грамматикалық тұрғыдан жүйелі сөйлеуге үйретуді, сөйлеу мәдениетін қалыптастыруды көздейді. Ұлттық тәрбие, рухани-мәдени құндылықтар, ана тілі мен қазақ халқының салт-дәстүрі негізінде сусындаған жеке тұлғаны қалыптастыруға ықпал етеді. Адамның ішкі рухани жан дүниесі байлығын ашуға, адамгершілікке тәрбиелеуге, тілі мен қиялын дамытуға мүмкіндік береді [1].
Бастауыш мектепте оқытылатын әр пәннің оқушы тілін дамытуға қосар үлесі болғанымен, бұл үлкен міндетті жүзеге асыруда «Әдебиеттік оқу» пәнінің атқаратын қызметі жоғары. Пәннің негізгі мақсатының өзі – оқушының сөздік қорын дамыту. Және сөздік қормен қоса оқушының тіл мәдениеті нормаларын меңгеруіне түрткі болады. Оқушылардың таза, жатық, түсінікті сөйлеуін қалыптастыру – осы пәннің міндеттерінің бастысы. Осы тұста ғалым Н. Уәлиев: «Тіл мәдениеті дегеніміз – сөйлеудегі, жазудағы сыпайылық, ізеттілік қана емес, сонымен қатар айқын ойлылық, сөзді дәл айыру шеберлігі, сөйлеу өнеріне шыныққандық», – дейді. Жалпы, әдебиеттік оқу сабағы арқылы жазу мен сөйлеу мәдениетінің алғы шарты қаланады. Сабақ үстінде жаңа сөз үйретілумен қатар сол сөзді дұрыс қолданудың қажеттілігі туралы мұғалім тарапынан ескертіліп, ана тілінің ұлылығы, байлығы туралы мәселе кешенді қарастырылғанда ғана оң шешімін таппақ [2].
Тіл байлығы – сөз байлығы. Лингвист-ғалым М. Балақаевтың: «Ана тілін жақсы білу – әркімнің азаматтық борышы. Егер әрбір сөзді орнымен жұмсай біліп, айтқан ойы мазмұнды, нысанаға дәл тиетіндей ұғымды шығып, тыңдаушысын баурап алардай әсерлі болса, ана тілінің құдіреті сонда ғана сезілер еді. Ал мұндай шеберлік тек тіл мәдениеті жоғары адамдардың ғана қолынан келер жайт»,- деген пікірінің маңызы зор.
Бастауыш мектепте әдебиеттік оқу сабағында сөздік қорды дамыту жұмыстары түрлі әдіс-тәсілдер: сұрақ-жауап, әңгімелесу, әңгімелеу, түсіндіру, зерттеу түрлі шығармашылық тапсырмаларды орындату арқылы жүзеге асады.
Сабақ сайын өтілген тақырып ауқымына қарай кем дегенде екі-үш сөзден болсын оқушының лексикалық минимумы артып отырады. Және барлық үйренген сөзі күнделікті өмірде белсенді қолданыла бермеуі мүмкін. Көнерген сөздер (зат, киім - кешек, салт - дәстүр, музыкалық аспаптар, ай, жыл, қару - жарақ атаулары), кәсіби сөздер т. б. қажеттілік болмаса, үнемі белсенді қолданысқа түсе бермейді. Осыдан келіп сөздік қордағы сөздерді белсенді және белсенді емес сөздер деп қарастыру қажеттігі туындайды.
Тіл байлығын арттырып, оқушылардың сөйлеу тілін жетілдіруде мәтіндермен жұмыс жүргізу аса маңызды. Көркем мәтінге тақырыптық талдау жасап, негізгі ойын анықтау, кейіпкерлердің іс-әрекетіне баға беру, сол арқылы оқушы танымын кеңейтіп, тәрбиелік жағына көңіл бөлу керектігі бастауыш сынып бағдарламасында ескерілген. Бірақ, көркем мәтінді оқыған соң, талдаған кезде сөздік жұмысын жүргізу одан әрі оқушының барынша дұрыс түсініп, барлық талдауларға еркін қатысуына себеп болады. Тіл дамыту жұмыстары жүйелі жүріп, оны дұрыс меңгеруі үшін әр оқушыда жеке сөздік дәптер болуы керек. Тек дәптерге жазғызып қою жеткіліксіз. Енді танысқан сөзді санада тұрақтандыру үшін жаңа сөзбен көптеген жұмыстар жүргізіледі(мүмкіндік болған жағдайда):
– заттың өзін көрсету (мүмкіндік болған жағдайда);
– суретін көрсету;
– синониммен түсіндіру;
– антонимдері арқылы түсіндіру;
– мұғалімнің жалпы түсініктеме беруі [3].
Мақал-мәтелдер мен тұрақты тіркестерді үйрету барысында да оқушының тіл байлығы артады. Оқулықта берілген және басқа да мақал-мәтелдерді, тұрақты тіркестерді ұдайы үйретіп отыру – мұғалімнің күнделікті сабақтағы жұмысының бір түрі. Үйренгендерін ұмытып қалмауы үшін оны сөздік дәптеріне жаздырып, әр тоқсанда соларды көбейту кестесі тәрізді жатқа жаздырып, бақылау жұмыстарын алуға болады. Мақал-мәтелдерді қаншалықты білетінін білу үшін, көбірек меңгерулері үшін осы бағытта жарыс сабақтар ұйымдастырылады. «Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ» тәрізді сайыстар оқушының тіл байлығының артуымен қатар, ой-өрісінің, танымының артуына ықпал етпек.
Мұғалім осындай жұмыстарды атқарту арқылы оқушылардың өздігінен кітап оқуына бағыт береді. Көркем шығармамен жұмыс – оқушының тілін байытудың ең тиімді жолы. Көркем шығарманы көп оқу арқылы оқушының танымы артып қана қоймайды, ойын жүйелі жеткізуді, байланыстырып сөйлеуді, тілдің орфоэпиялық, орфографиялық нормаларын дұрыс меңгеруді үйренеді. Бірақ, көркем шығармамен жұмыс істеу барысында есте ұстайтын нәрсе: шығарманың оқушының жас ерекшелігіне сай болуы, мазмұнының қызықты болуы, тәрбиелік мәнінің зор болуы, оқушыны жалықтыратындай ұзақ болмауы.
Сонымен бірге әдебиеттік оқу сабағында өтілген материалды бекіту үшін оқушының ауызша сөйлеу мүмкіндігін арттыруға назар аударған дұрыс. Мұның тиімді жолы – түрлі рөлдік ойындар. Ондай ойындар оқушының тілін, еске сақтау қабілеттерін арттырады, зейінін шоғырландыруға көмек көрсетеді. Ойын кезінде өзіне бекітіліп берілген рөлді ойнау үшін оқушы ізденеді, талаптанады, айтатын сөзін салмақтайды. Белгілі бір жағдаятқа өзі кіріп, өз басынан өткереді. Нәтижесінде сөйлеу тілінің дұрыс қалыптасуына осы ойынның көмегі болатынын түсінеді.
Тіл дамыту мақсатындағы жүргізілетін жұмыстар оқушының ойлау қабілетіне, сондай-ақ өз ойын жеткізе білуіне, шығармашылық ізденісіне жол ашады. Бұл жұмыстар оқушының білімін ғана жетілдіріп қоймайды, жеке дара шығармашылық қабілетінің ашылуына септігін тигізеді.
Сабақ барысында мұғалімнің қадағалауымен мұндай жұмыстар жүзеге асырылып, үнемі орындалуы қажет:
– оқушының сөздік қоры мен тілін байытуға ықпал етеді;
– ауызша және жазбаша тіл мәдениеті талаптарын меңгереді;
– сауатты жазуға үйретеді;
– оқушы өз бетімен шығармашылықпен айналысуға үйренеді.
Қорыта келгенде, әдебиеттік оқу сабақтарында жүргізілетін тіл дамыту жұмыстары сұрақ-жауап, әңгімелеу, әңгімелесу, түсіндіру, зерттеу түрлі шығармашылық тапсырмаларды орындату арқылы оқушылардың сөздік қорын байыта түсеміз.
Әдебиеттер:
1. Рахметова С. Бастауыш сынып оқушыларының тілін дамытудың ғылыми - әдістемелік негіздері: педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертациясының авторефераты. - Алматы: 1994
2.Уәлиханұлы Н., Тілемісұлы Н. Сөз мәдениеті. - Алматы: 2002
3. Балақаев М., Серғалиев М. Оқулық. - Алматы: Зият Пресс, 2004. - 140б
Достарыңызбен бөлісу: |