Кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты



Дата14.11.2016
өлшемі134,55 Kb.
#1735
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Қазақстан тарихы

кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты

ТАСИЛОВА НАЗИЯ АЙТБАЙҚЫЗЫ

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Қазақстан тарихы

кафедрасының PhD докторы

БАЙДАВЛЕТОВА МАДИНА ДОСБЕРГЕНҚЫЗЫ
АУЫЗША ТАРИХ АЙТУ ДӘСТҮРІНДЕГІ қазақ батырларының ерлігі мен ерекше қасиеттері
қазіргі таңда ауызша тарих айту дәстүріне деген қызығушылық пен сұраныс күннен-күнге өсіп жатыр. Әсіресе жазбаша деректер мен ауызша деректерді салыстыра талдау, жүйелеу мен төл деректеріміздің маңызын, ерекшеліктерін ескеріп, ғылыми айналымға қосу мәселесі де күрделі. Қазақ халқы өзінің төл деректерінің негізінде тарихымыздың күрделі, тарихи бағасын ала-алмаған тұстарын ашуға көмектесіп, кейбір біржақты зерттелген оқиғалар мен құбылыстарға жаңаша қарауға үлес қоса алады. Кеңестік дәуірде тыйым салынған ауызша тарихнамамызды қайта жаңғыртуға мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасының қосқан үлесі қомақты. 100 томдық «Бабалар сөзі» атты жинақ, ауызша деректерді зерттеуге бағытталған кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғалып, ғылыми мақалалар, монографиялар мен оқу құралдары да жарық көруде.

Түйін сөздер: Жырау, би, батыр, дәстүр, тұлға, қарым-қатынас, ауызша тарихнама.
Тәуелсіздігімізге қол жеткізгеннен кейін қазақ халқы өзінің өткенін дәстүрлі ауызша тарихынан іздей бастады. Бұл ретте бұрын соңды тыйым салынған жырлар мен дастандар, аңыздар қайта жаңғыртылды. Осы кезде ортағасырлардағы билер мен батырлар, шешендер мен жыраулардың тарихи тұлғасы, олардың қайталанбас туындылары еліне қайтарылып, тарихшылар мен филологтар және т.б. саланың зерттеушілері осы мәселені жаңа тұрғыдан зерттей бастады.

Төңкеріске дейінгі қазақтардың ауызша тарихи шығармаларының деректік маңызы зор екені мәлім. XVIІ-XVIІІ ғғ. ақындар мен жыраулардың жырлары мен өлеңдері дені қазақ халқын жоңғарларға қарсы күресте бірігуіне шақырып, олай болмаған жағдайда көрші жатқан орыс пен қытайға жем болатындығы баяндалған. Олардың ішінде Қожаберген жырау, Бұхар жырау, Тәттіқара, Үмбетай, Ақтамберділерді ерекше атап өтуге болады. Бұл сол кезеңде қазақ халқының мұң-мұқтажы мен қоғамдық-саяси жағдайын көре білген, көкірегі ояу, алысты болжаған ақын-жыраулар көшпелі екі елдің арасындағы күресті Ресей және Цин империялары пайдаланып кететіндігін жақсы түсініп, халықтың құлағына құйып, тәуелсіздігін сақтап қалуды, бірігуді насихаттаған тарихи тұлғалар.

XVIІ-XVIІІ ғғ. қазақтардың жеріне жоңғарлардың қайта-қайта шабуылдауы, елдің мазасын қашырып, саяси және экономикалық жағынан әлсірете бастады. Елді Ақтабан шұбырындыға душар етіп (1723 ж.), халқын қырып, босқыншылыққа ұшыратқан қалмақтарды орыс елі айдап салып отырғандығы тарихи зерттеулерде айтылмай келді. Ресей империясының отарлау, арандатушылық саясатын 70 жылдан аса уақыт қорғаушы, қол ұшын берген ұлы орыс халқы деп бағалап келдік. Бұл ретте Ресей империясының ұстанған отарлау саясатын ашып көрсететін Қожаберген жыраудың «Елім-ай» жырында мынандай шумақтар келтірілген:

«Қырылу Алакөлден басталып тұр,

Қазақтар жау қалмақтан жасқанып тұр –

Орыстар мен Қытайға арқа сүйеп

Ит қалмақ сол екі елден күш алып тұр...

Қаруын орыс, қытай қалмаққа сатты

Айдап сол малғұндарды қоқаңдатты

Қырғызып қазақтарды қалмақтарға,

Орыстар қамалдарын салып жатты [1]». Жыр авторы Қожаберген XVIІІ ғасырда өмір сүрген ақын, әнші, күйші, елшілікте де болған көреген адам екен. Демек, оның айтып отырғаны тарихи шындық. Бұл жыр жолдарынан қалмақтардың орыс елі мен қытайлардан күш алып, олардан қару сатып алып жатқаны, әрине қазақ халқын әлсіретудің бірден-бір жолы еді. Сол арқылы Ресей империясы Қазақ хандығын тезірек отарлап, өз бұғауын мойнына салудың әрекетін жасады. Сондай-ақ, қалмақтардан қорғаймыз деген сылтаулармен қамалдар мен бекіністер тұрғызып, оларға әскерін әкелді. Қожаберген жырау орыстардың бұл саясатын терең түсініп: «Қазақтың сахарасы жүз құлпырған, Қытай мен орыстарды қызықтырған» [1, 124 б.], - деген болатын.

Одан әрі жырау:

«Қаруын орыс пен қытай сатпаған соң,

Қатынас арадағы тоқтаған соң,

Сенделді хандар, билер ақыл таппай,

Кенеттен қалмақ елді таптаған соң» [1, 159-160 бб.], - деп баяндаған жыр жолдарынан ол заманда қазақ-орыс байланыстары тоқтатылғандығын, ал орыстар қазақтарға қару сатпай, қалмақтарға жығып беріп отырғанын көреміз. Бұл мәліметтер орыс тарихнамасында айтылмайды, кеңестік дәуірде бұрмаланып, тыйым салынады. Алайда бұл тарихи фактілер қазақ халқының жадында мәңгі сақталып, келешек ұрпаққа жетті.

Елбасы Н.Ә. Назарбаев: «Ұлы тұлғаларды білмейінше, бірде-бір дәуірді дұрыстап тану мүмкін емес. Адам тарихының айнасынан біз тарих көшінің жүрісін ғана аңдап қоймаймыз, оның рухын, тынысын сезінеміз. Сондықтан да халқы мен елінің алдындағы өздерінің перзенттік парызын айқын да анық түсінген, қандай қиын-қыстау жағдайда оны адал орындаудан жалтармаған адамдар қай дәуірде өмір сүрсе де, дүйім жұртының нағыз азаматы болып қала бермек. Тарихтың қай кезеңінде болсын олар өз ұлтының бетке ұстар мақтанышы болып келген» деген болатын. Дегенмен, қазақ халқына еңбегі сіңген, халықтың тұтастығы мен мемлекетіміздің тәуелсіздігі жолында күрескен батырларымыздың ел тарихындағы орны әлі күнге дейін толығымен зерттелген жоқ. Ол туралы зерттеуші К. Есмағамбетов: «Отандық тарих ғылымында қазақ батырларының елі мен жері үшін қан майданда жаулармен шайқасқан жанкешті күресін, оның халық тағдырындағы орнын көрсетуге әлі күнге дейін толық мән берілмей келеді. Бұл, ең алдымен, кеңес заманында батырларды «үстем тап өкілдеріне жатқызған» кеңестік идеология мен тарихнаманың салқыны болса, екіншіден, өзіміздің ұлттық идеологияны қалыптастырудағы салдыр-салақтығымыздың, «жайбасарлығымыздың» салдары екені анық», - деп айтқан болатын.

Билер мен жыраулардың шығармаларында хандар мен батырлардың ерліктері мен ерекше қасиеттері көп сипатталған. Онда әділ де дана билер, аузы дуалы, сөзі өткір жыраулардың тарихи тұлғаларға берген бағалары дәл және халықтың көңілінен шыға білген. Үш жүздің ханы атанған Абылай ру-руға бөлінген қазақ жұртын темірдей тәртіпке, бір орталыққа бағынған мемлекеттік жүйені құруға ұмтылады. Күйрей бастаған жоңғар ордасына, қырғыздарға және Еділден қашқан торғауыт қалмақтарына жасаған сәтті жорықтары, алып Қытай мен Ресей елдерімен қарым-қатынасты жолға қоюы, Абылай­дың үш жүзге хан болып, ішкі және сыртқы факторлардың әсерінен жағдайы әбден шиеленіскен қазақтың саяси жүйесіне реформалар жүргізуіне көмектесті. Бұл тұста Абылай ханның даналығын, жеке даралығы мен реформаторлық шеберлігін атап өту қажет. Әйгілі Бұхар жырау бабамыз:

Хан Абылай атандың

Дүниеден шықпай мініңіз.

Алтын тақтың үстінде

Үш жүздің басын құрадың,

Жетім менен жесірге

Ешбір жаман қылмадың.

Әділдікпен жүрдіңіз,

Әдепті іске кірдіңіз.

Арманың бар ма хан ием,

Мәртебелі төбеге

Жауыңды алып жайладың.

Жеті күн кіріп ұрысқа

Өлімге басың байладың... – деген екен.

XVIII ғасыр қазақ елі үшін аса қауіпті, тағдыры қыл үстінде тұрған өте қиын заман болды. Бұл ауыр кезеңдегі қазақтан шыққан Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Шапырашты Наурызбай, Шақшақ Жәнібек, Тама Есет, Малайсары, Олжабай және т.б. батырларымыздың әрқайсының ерлігі мен еліне сіңірген еңбегін бағалаудың өзі ауыр. Өйткені ел басына күн туған XVIII ғасырдағы қазақ-жоңғар соғыстарының зардаптары мен қасіреті адам төзгісіз ауыр болды. Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама оқиғасына ұшыраған қазақтардың «Елім-ай» деп қайғылы ән салып, өз туған жерлерінен көшуін көрген кез-келген батырдың ерлігін жігерлендіріп, жауға табандап қарсы тұруға итермеледі. Бөгенбай батырдың заманындағы батырлардың әрқайсысының тарихта өз орны, өздеріне тән ерекшеліктері болды. Бүгінгі таңда батырлардың тарихтағы орнын зерделеуде жыр-дастандар мен аңыз әңгімелерге жүгінеміз. Сақталған аңыз-әңгімелерді зерттеу мәселесі де маңызды. Аңыз ауыздан-ауызға, ұрпақтан-ұрпаққа берілетін дәстүрлі халық ауыз әдебиетінің бір түрі. Оның негізгі қызметі – тарихи тұлғалар мен ірі оқиғалар жайлы жадыны сақтап, баға беру. Ол арқылы көшпелі халықтың тарихи зердесін, тарихи пайымын анықтауға болады. Бұл жырларда батырлардың еліне сіңірген еңбегі, халқының оларға берген бағасын анық байқауға болады. Кемеңгер Бұхар жырау өз жырларында:

Қаракерей Қабанбай,

Қанжығалы Бөгенбай,

Шапырашты Наурызбай!

Оларды қазақ көруші еді,

Жер жібіткен наурыздай.

Бөгенбай батыр қайратты

Жасанған жауын жайратты.

Ерасыл жауға көк-жасыл,

Арыстандай айбатты.

Жас жолбарыс Наурызбай

Сарымақтай азулы,

Осы үшеуі тұрғанда,

Дұшпанның көрі қазулы, - деген екен. Сонымен қатар әйгілі батыр, даңқты би, тұңғыш тархан болған Шақшақұлы ер Жәнібектің халқына сіңірген еңбегін көпшілік біле бермейді. Атақты Бұхар жырау, Тәттіқара, Көкбай ақын, Шәкәрім Құдайбердіұлы Жәнібекті жыр-дастандарына арқау еткен. Оны білімді, ерлігі мен батырлығын, тақуалығын да ерекше атап көрсетеді. Ол туралы Тәттіқара:

Қамыстың басы майда, түбі сайда,

Жәнібек Шақшақұлы – болат найза.

Алдыңнан су, артыңнан жау шыққанда,

Ер жігіттің ерлігі осындайда, - деген екен.

Қалмақтармен соғыста аты шыққан батырлардың бірі – Олжабай. Ол туралы:

«Ақтабан шұбырынды» заманында,

Қазақтың қоныс таппай қалғанында,

Қазаққа қоныс тапсам деп айтады,

Олжабай шыбын жаным аманымда, - деген екен. 1730 жылдары Олжабай батыр Баянауыл тауларына барып, қалмақтарды жеңеді, оның мәңгілік ескерткіші «Шүршітқырған» және «Қалмаққырылған» тауы деп кейбір деректерде жазылған. Және батырдың осы қызметі үшін Айдабол руына Павлодар уезінің ең шұрайлы Баянауыл және Далбын таулары, Жасабай көлшігінің маңы берілген деп деректе көрсетілген.

Жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық күресіне белсене қатысушы, халық қамқоршысы ретінде бейнелейді. Олжабай Абылайдың ту ұстаушы батырларының бірі болып, «Ала ту» деген лақап атқа ие болған.

Ал Бөгенбай батыр туралы Бұхар жырау:

Алдымызда Бөгенбай,

Жасы үлкен аға ғой.

Арғын, Қыпшақ елінің,

Бағына туған дана ғой, - деп жырласа, Қожаберген жырау:

Қанжығалы арғын Бөгенбай,

Алтынды тонның жағасы.

Осы күнгі сардардың,

Бәрінен артық бағасы, - деп бағалаған екен. Баһадүр Бөгенбай қазақ елінің бірлігін асырған, қас дұшпанның құтын қашырған, ғажайып адамгершілік қасиеті жоғары болған. Оның жасы да, жолы да үлкен болғанымен ол ешқашан жасы кіші батырлармен баққа, атаққа таласпаған, керісінше басқаларға үлгі-өнеге болып, жауға қарсы қол ұстасып төтеп беріп, өз басының пендешілігінен халық, ел мүддесін жоғары қойған батыр. Белгілі тарихшы М.Қ. Қозыбаев өзінің «Жауды шаптым ту байлап» деп аталатын зерттеу еңбегінде Бөгенбай мен Қабанбай батырға қатысты: «...мен өз басым Бөгенбай мен Қабанбай аталарымызды бөлмес едім, бір-біріне қарама-қарсы қоймас едім, бақталас батырлар есебінде санамас едім. Бүкіл халықтық дәрежеге қарадан шығып көтеріліп, ханды аузына қаратқан, әскери өнерімен тамсантқан ұлы қолбасшылар, мемлекет қайраткерлер санатына екеуін де бірдей көтерер едім», - деген екен.

Бұқар жырау:

Қаракерей Қабанбай,

Қанжығалы Бөгенбай,

Шақшақұлы Жәнібек,

Қаз дауысты Қазыбек,

Ормандай көп Орта Жүз,

Содан шыққан төрт тірек, - деп сипаттаған екен. Бұқар жырау Абылай ханға жақын болған Қабанбай мен Бөгенбай батырларды ерекше құрметтеп, олардың қазақ-жоңғар соғысындағы орнын, мемлекеттегі беделін қашанда жоғары бағалап отырған.

Бұхар жыраудың өзі «Қазақтың қамал қорғаны» деп ат қойған Бөгенбай батыр Ақшаұлы – Қазақ мемлекетінің тәуелсіздігі жолындағы күрескері, ХVІІІ ғасырда жоңғар басқыншыларына қарсы соғыста қол бастаған даңқты батыр, көрнекті мемлекет қайраткері, ұлы қолбасшы. Есімдері елге танымал батырлар әулетінен шыққан, тегі орта жүздің арғын тайпасының қанжығалы руынан тараған. Оның атасы Әлдеуік еңсегей бойлы Ер Есім ханның әскери қолбасшысы болса, әкесі Ақша Әз-Тәуке ханның даңқты қолбасшысы, 80 мың қолды басқарған атақты сардары болған.

Үмбетей жырау: «Алатаудай Ақшадан, асып тудың Бөгенбай» деуі де, Ақшаның қандай айбынды батыр болғанын танытып тұрғандай.

Сонымен қатар Құттымбетұлы Наурызбай сынды атақ-даңқы алысқа жеткен батырдың тұлғасын биік көтере, марапаттай жырлайтын, оның ата-тегін, ата-жұртын, асыл елін өлең-жыр арқауына негіз ететін, батырлықтың, қаһармандықтың қазақ тағдырындағы тарихи маңызын сипаттайтын өлең-жырлар аз болған жоқ. Соның бірі әулие Бұхар жырау:

Қаракерей Қабанбай,

Қанжығалы Бөгенбай,

Шапырашты Наурызбай,

Ту тұсында тұр еді,

Жас жолбарыс Наурызбай

Сарымақтай азулы,

Осы үшеуі тұрғанда,

Дұшпанның көрі қазулы - деген екен.

Батырдың замандасы Қазыбек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» атты әдеби-тарихи еңбегінде Абылай ханның арқа сүйеген, қиналғанда қолтығынан демеген, қайраттанғанда дұшпанына жасын болып шүйілген, елін, жерін жаудан сақтаған – хас батыр Шапырашты Наурызбайдың тарихи тұлғасын әр қырынан танытқандығымен құнды болды.

Қалданменен ұрысып,


Жеті күндей сүрісіп,
Сондағы жолдас адамдар:
Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай,
Шақшақұлы Жәнібек,
Сіргелі қара Тілеуке
Қарақалпақ Қылышбек,
Төкеден шыққан Сатай, Бөлек,
Шапырашты Наурызбай.
Өңкей батыр жиылып,
Абылай салды жарлықты
Қалдан ханды қашырып,

– деген жолдармен басталатын Бұқар жырау толғауында Наурызбай батырдың барлық қаһармандық қырлары, туған елі мен жері үшін қасық қаны қалғанша жаумен жаға жыртысып өткен батыр тұлғасының сырт келбетімен қоса, оның рухани жан дүниесіне де баға беріледі.

Төле бидің өзі батырды жас кезінде алғаш рет көргенде оның тау денелі алып тұлғасына таңдана қарап, мерейленіп:

Шапырашты Наурызбай,

Шабынды қазақ еліне

Пана, дана, ақыл бол!

Қарсыласқан жауыңды

Жайрататын батыр бол!

Алланың ғана құлы бол!

Бар қазақтың ұлы бол!

Әумин! – деп батасын берген екен.

Бұқар жырау да Наурызбайдың ерлігіне тәнті болып:

Ей, Наурызбай, Наурызбай,

Асылы едің асылдың.

Еңкерістен жау келсе,

Бетіме ұстар керегім, - деп баяндаған екен.

Шәді төренің «Тарихат» дастанында оның елшілік қабілеті мен 1774 ж. Наурызбай батыр мен Абылай ханның жауды Сарыбелге дейін қуғаны туралы мәліметтер сақталынған.

Наурызбайдың екпіні,

Таудан аққан тасқындай.

Қалмақты қойдай қырады.

Оттан, судан тартынбай,

Торы ала тұлпар астында.

Шойын шоқпар қолында,

Түйе тұрпатты тұткыр ер,

Оңды-солды ұрады, - деген екен.

Наурызбай ту ұстаған үш батырдың ең кішісі болғанымен, оны Бөгенбай да, Қабанбай да үнемі қолдап, сөзін сөйлеген екен. Бұл батырдың беделі үлкен ағаларының алдында да жоғары екендігін көрсетеді. Оны Бұқар жыраудың мына жырларынан көруге болады:

Бөрідей арлан Бөгембай,

Қаһары қатты Қабанбай,

Сөзіңді сөйлеп екеуі,

Күркірейді қабандай.

Сөзіңді біреу сөйлесе,

Сөйлегені жаман ба-ай?!

Сен үшін отқа күймедім,

Хан қаршына түнедім, - деген.

Дәстүрлі қазақ қоғамындағы батырлардың рөлі қашанда маңызды орынды иеленген. Қазақ тарихының әрбір кезеңі, яғни ел басынан өткен, халық тағдырында терең із қалдырған тарихи, саяси оқиғалар нақты тарихи тұлғалардың - қазақ батырларының бейнесі арқылы, солар өмір кешкен заман арқылы халық ауыз әдебиетінде, жыр-дастандар мен шежірелерде көркем суреттелген. Кеңес үкіметінің тыйым салуына қарамастан ХХ ғасырдың басындағы ақындарымыз бен жыршыларымыз І. Жансүгіров, С. Мұқанов, М.Жұмабаев, М. Әуезов, Жамбыл, Кенен, Қ. Бекхожин т.б. өз шығармаларының негізгі кейіпкерлері етіп батырлар тұлғасын алған.

Түйіндей келгенде, қазақтың дәстүрлі ауызша тарихы XVI-XVIІІ ғғ. тарихи жағдайларды жан-жақты зерттеуге, бұл мәселенің басқа тарихи зерттеулерде кездеспейтін қырларын ашып көрсетуде құнды дерек көзі болып табылады. Қазақтың дәстүрлі ауызша тарих айту дәстүрінің туындыларын тарихи деректер мен ғылыми зерттеулерді пайдалана отырып кешенді зерттеу арқылы, тарихи құбылыстар мен оқиғалардың зерттелмеген, көмескі тұстарын жаңа концептуалдық тұрғыда қайта қарау қажет.


Пайдаланған әдебиеттер тізімі:



  1. Үш пайғамбар. – Алматы: Жазушы, 1992. – 184 б.

  2. Дала даналары. / Құраст. Ұжым. Е. Әбен, Е. Дүйсенбайұлы, И.Тасмағамбетов/ - Алматы: Қазақстан даму институты, 2001. – 640 б.

  3. Сәнік З.М. Хан батыр – Қабанбай.т- Алматы., 2005. – 375 б.

  4. Тауасарұлы Қазыбек бек. Түп-тұқианнан өзіме шейін: Баспаға дайындаған Б.Қыдырбекұлы. – Алматы, 1993. – 416 б.

  5. Бес ғасыр жырлайды. 2-томдық. / Құрастырған М. Мағауин, М.Байділдаев. – Алматы: Жазушы, 1989. - Т.1. – 384 б.

  6. Екімыңжылдық дала жыры. / Бас редакторы Ә. Нысанбаев. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 2000. – 752 б.

  7. Қозыбаев М.Қ. Жауды шаптым ту байлап. – Алматы, 1994.

  8. Бабалар сөзі. Алматы., 2006.

Резюме

Подвиги и особенности качества личностей батыров в казахской традиционной устной историологии
В настоящей статье рассматриваются произведения средневековых жырау и биев, как источник по истории Казахстана ХҮІ-ХҮІІІ вв. На основе устной историологии раскрыты историческая роль батыров в защите Родины от внешних врагов, и особенности качества их личностей.
Summary

Exploits and especially the quality of batyr individuals in the Kazakh traditional oral istoriology



This article considered the works of medieval zhyraus and biys as a source for the history of Kazakhstan XVІ-XVІІІ centuries. On the basis of oral istoriology disclosed historical role batyrs in defense of the homeland against foreign enemies, and features the quality of their personalities.
Каталог: edu.history -> media -> upload -> 2403
upload -> Жандарбек з
upload -> Ауызша тарих: деректемелік талдау мәселелері ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Тарихнама, деректану және заманауи методология
upload -> Ханкелді Әбжанов, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры
upload -> Боранбаева б. С
upload -> А. А. Оралова ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері жеңіс үшін күрескен азаматқа тағзым
upload -> Мақалада Мәскеу мұрағаттарында және Санкт-Петербор шаһарларында жинақталған Қазақ халқының тарихи-этнографиялық жәдігерлері туралы деректер сөз болады
upload -> Сапакова К. Н. 2 курс магистранты ХХ ғасыр басындағЫ Ұлттық элитаның Қалыптасу тарихынан
upload -> Мақалада қимақ қағандығын құрған тайпалардың шығу тегінің тарихы және осыған орай ғалымдардың әртүрлі пікірлері талданған. Махмут Қашқаридің «Түркі тілдерінің сөздігіндегі» яғма сөзі талданады
2403 -> Тасилова н. А., Кулмесканова с. С


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет