1-лекция. Математикадан сыныптан және мектептен тыс жұмыстар. Кластан тыс жұмыс деп математикадан оқытушының көмегімен сабақтан тыс уақытта жүйелі түрде өткізілетін міндетті емес жұмысты айтамыз.
Математикадан сыныптан тыс жұмыс мектепте мұғалімдермен бірге жүзеге асырылатын оқу-тәпбие процесінің құрамды бөлігі болып табылады.
Сыныптан тыс жұмыстың 2 типі бар:
Бірінші типіне оқу бағдарламасы материалдарын оқыту басқалардан кейін қалған оқушылармен жүргізілетін сыныптан тыс жұмыстар (сабақтан соңғы қосымша сабақ). Оның негізгі мақсаты оқушының математика пәні бойынша білімімен іскерлігіндегі кемшіліктерді уақытылы жою болып табылады. Сыныптан тыс жұмыстың бұл типі қазіргі таңда да мектептерде сақталған.
Алдыңғы қатардағы озық тәжірибелі математика пәнінен жүргізген жұмыстарынан көріп жүргізгеніміздей, жұмыстың бұл түрін өткізу барысында төмендегідей ұсыныстарды ұстанған орынды:
Математикадан қосымша сабақ оқу бағдарламасынан қалып қойған оқушылардың шағын тобымен өткізіледі, бұл топтағы оқушылардың білім деңгейіндегі және оқуға деген көзқарасындағы кемшіліктер бірдей деңгейде болғаны жөн.
Бұл сабақтың барынша жекешелендірілуін қадағалау керек. Мысалы бұндай оқушылардың әрқайсысына алдын ала дайындалған жеке тапсырмалар ұсынылып, олардың әрқайсысына жұмыста орындау барысында нақты көмек көрсету.
Оқу бағдарламасынан қалып қойған оқушылармен жүргізілетін сабақ, оқушыға үйге берілетін жеке тапсырмалар жоспары мен үйлестіріліп аптасына бір реттен артық болмау керек.
Математикадан қосымша сабақтардың бір бөлімнің материалын оқып, қайталағаннан кейін тақырып бойынша қорытынды бақылау жұмысын жүргізіп, оны бағалау қажет.
Математикадан қосымша сабақ ереже бойынша оқыту сипатында жүргізілуі керек: сабақты өткізу барысында міндетті түрде өзіндік жұмыстар мен бақылау жұмыстарының сәйкесті нұсқаларын және тест тапсырмаларын қолданған пайдалы.
Математика мұғалімі үнемі математиканы оқыту барысында жеке оқушылардың оқу бағдарламасынан неліктен қалып қою себептерін анықтап, тақырыптарды оқу барысында оқушылардың жіберген қателерін зерттеп отыру қажет.
Класстан тыс жұмыстың екінші типі математиканы оқуға қызығушылығы мен қабілеті басқа оқушыларға қарағанда жоғары деңгейдегі оқушылармен жұмыс болып табылады. Осы тип біздің түсінігіміздегі класстан тыс жұмыстың дәстүрлі түрі болып табылады.
Математикаға қызығушы оқушылармен жүргізілген класстан тыс жұмыстың түрлерін қарастыра отырып, мына төмендегілерді атап өтеміз:
Сыныптан тыс жұмыстың мазмұнына міндетті түрде математикадан мектеп бағдарламасынан тыс, бірақ оған сүйенетін сұрақтарды енгізу қажет.
Сыныптан тыс жұмыстың мазмұнына соңғы он жылдықтарда математикалық білім берудің мазмұнына енген: логика, ықтималдықтар теориясы, комбинаторика және т.б. сұрақтарды енгізу қажет.
Жоғарғы сыныптар оқушылары үшін оқушылардың таңдаған мамандығын ескеру қажет.
Сыныптан тыс жұмыстың 3 түрі бар:
Жеке (дара) жасалынған жұмыс — математикадан сыныптан тыс оқуға, баяндамалар дайындауға, рефераттар жазуға, математикалық шығармалар, модельдер дайындауға жетекшілік ету мақсатында оқушылармен жүргізілетін жұмыс, кеңесшілермен жұмыс, кейбір оқушылармен қалалық (аудандық) немесе облыстық олимпиадаларға қатысуға дайындау.
Топпен жүргізілетін жұмыс — оқушылар ұжымымен жеткілікті түрде тұрақты, жүйелі жүргізілетін жұмыс. Оған факультативтік курстар, үйірмелер, арнаулы курстар, элективтік курстар жатады.
Көпшілікпен жүргізілетін жұмыс — көптеген балалар ұжымымен өткізілетін эпизодтық жұмыс. Жұмыстың бұл түріне кештер, ғылыми-практикалық конференция, математика апталығы, олимпиада, сайыстар, жарыстар және т.с.с.
Сонымен бірге сыныптан тыс жұмыс оқушылардың сабақтағы оқу-танымдық белсенділігін ұйымдастырудың негізгі түрінің нақты түрдегі жалғасы және қосымшасы болып табылады.
Қазіргі таңдағы мектепте даму сатысындағы класстан тыс жұмыстардың ең маңызды міндеттері мыналар болып табылады:
Математикаға және оның салаларына деген оқушылардың қызығушылығын ояту және дамыту.
Оқу материалы бойынша оқушылардың білімін кеңейту.
Оқушылардың математикалық және ойлау қабілетін дамыту.
Оқушылардың оқулық және ғылыми-көпшілік әдебиеттермен өзбетінше және шығармашылықпен жұмыс жүргізу іскерлігін дамыту.
Берілген сыныптың ұжымына математиканы тиімді оқытудың жолдарын ұйымдастыруға математика пәнінің мұғаліміне көмектесу үшін қабілетті оқушылардан белсенділер қоғамын сайлаған жөн.
Математиканың техникадағы, экономикадағы практикалық маңызы туралы оқушылардың түсінігін тереңдету және кеңейту.
Математиканың мәдени-тарихи құндылығы, дүниежүзілік ғылымның дамуы үшін көрнекті ғылым математиканың қызметі туралы оқушылардың түсінігін тереңдету және кеңейту.