НАҒЫЗ КӨП КЛЕТКАЛЫЛАР - EUMETAZOA.
СӘУЛЕЛІЛЕР - RADIATA, ҚОС ҚАБАТТЫЛАР - DIPLOBLASTICA
Нағыз көп клеткалы жануарлардың басты ерекшелiгi - дене құрылысындағы клеткалары толық дифференциаланып, бiр – бiрiмен өзара байланысты ұлпалары, мүшелерi, нерв жүйесi жақсы дамыған.
Eumetazoa тобындағы жануарлар, мүшелерiнiң белгiлi тәртiпте орналасуына
немесе дене симметриясына қарай екi үлкен бөлiмге бөлiнедi: сәулелi (радиальді) - Radiata және екi жақты (билатеральді) симметриялы жануарлар - Bilaterata.
Жануарлардың бекiнiп тiршiлiк етуiне немесе суда шарықтап жүзуiне және қоршап тұрған ортаның оған жан -жағынан бiр қалыпта әсер етуiне орай мүшелерi бiр ортаның төңiрегiнде шашыраған сәулелер сияқтанып орналасады да, дененiң сәулелi (радиальді) симметриясын құрайды.
Сәулелi симметриялы жануарлардың денесi екi қабаттан тұрады: сыртқы - эктодермадан, iшкi - энтодермадан. Осы белгiсiне сай олар екi қабатты - Diploblastica - тобына жатады.
Сәулелiлерге екi тип жатады: iшекқуыстылар – Coelenterata және ескектiлер - Ctenophora.
IШЕКҚУЫСТЫЛАР ТИПI - CОЕLENTERATA (CNIDARIA)
Iшекқуыстылардың басты белгiлерiнiң бiрi онтогенездiк дамуы барысында тек екi ұрық жапырақшалары қалыптасып және олар ересек особьтарында айқын сақталып, бiр-бiрiнен мезоглея қабатымен бөлiнген эктодерма және энтодерма қабаттарын құрайды.
Осы белгiсiне байланысты iшекқуыстылар екi қабатты (Diploblastica) жануарлар тобына жатады.
Екiншiден- энтодерма қабатындағы клеткалары қуыс iшiне ас қорыту сөлін шығарып, асты қуыстың iшiнде қорытады. Осыған байланысты ішекқуыстылардың дене қуысы гастральді қуыс немесе iшек қуысы деп аталады.Типтiң аты да осыған сәйкес берiлген.
Белгiлерiнiң тағы бiрi - сәулелi симметриясының болуы.
Жоғарыда айтылғандай, ол өмiр бойғы немесе тiршiлiк циклiнiң бiр ғана кезеңiндегi тiркелмелi немесе суда қалқып жүзiп тiршiлiк етуiнiң және қоршаған ортаның тұрақты әрi бiрқалыпты ықпал етуiнiң салдары.
Морфологиялық құрылысы жағынан және тiршiлiк етуiне қарай iшекқуыстылар тiркелмелi - полиптер және еркiн жүзiп жүретiн-медузалар болып топтасады.
Полиптердiң денесi көбiнесе цилиндр тәрiздi. Табаншасымен субстратқа бекiнедi, ал оған қарама-қарсы жағында гастраль қуысына ашылатын қармалауыштармен қоршалған ауыз тесiгi болады.
Полиптер тобында жеке тiршiлiк ететiн особьтары өте аз кездеседi, негiзiнде олар колонияльды формалар. Колониядағы особьтары құрылысы және қызметi жағынан әртүрлi болса ол полиморфты, ал бiрдей болса - мономорфты колония.
Медузалар - жеке, шарықтап жүзiп тiршiлiк ететiн организмдер. Денесi шатыр, табақша, қоңырау тәрiздi. Колония құрмайды.
Iшекқуыстылардың тағы да бiр ерекшелiгi - атқыш (күйдiргiш) және нерв клеткаларының болуы.
Iшекқуыстылардың басым көпшiлiгi теңiздерде, аз ғана өкiлдерi тұщы суларда мекендейдi. Олардың 9000-ға жуық түрлерi белгiлi. Дене пiшiнi цилиндр, шатыр, табақша, қоңырау тәрiздi, ұзындығы 1 мм-ден бiрнеше см-ге дейiн. Iрi түрлерi де кездеседi. Мысалы, Сyanea arсtica-ның көлденеңi 2 м, ал қармалауыштарының ұзындығы 30 м-ге дейiн жетедi.
Iшекқуыстылар жыныссыз, жынысты және ұрпақ алмасуы - метагенез арқылы дамиды.
Iшекқуыстылар өте ертедегi жануарлар, олардың iзбестi қаңқасы болғандықтан көпшiлiгi қазба күйiнде жақсы сақталынған.
Iшекқуыстылар типi үш класқа бөлiнедi: гидрозоа класы-Hydrozoa, сцифозоа - Scyphozoa және маржан полиптерi - Anthozoa.
Достарыңызбен бөлісу: |