МАМАНДЫҒЫ: 0105000- «Бастауыш білім беру»
БІЛІКТІЛІГІ: 0105083- Ағылшынша білімі бар бастауыш білім беру мұғалімі
Тобы: ББ-П-17
Пән атауы: Құқық негіздері және еңбекті қорғау
Уақыты: 23.09.2020 ж
Оқытушы аты-жөні: Қарабалаева Күлпан Темірбекқызы
Қайырлы күн, құрметті білім алушы!
Сабақ тақырыбы: Қазақстан Республикасы – президенттік басқару
нысанындағы біртұтас мемлекет
Жоспары:
Қазақстандағы президенттік институт: қалыптасу ерекшеліктері мен алдағы перспективалары
Қазақстан Республикасы Президентінің конституциялық-құқықтық мәртебесі
Қазақстан Республикасы Президентін сайлау.
Қазақстандағы президенттік институт: қалыптасу ерекшеліктері мен алдағы перспективалары
Қазақ КСР Президенті өзінің мәртебесіне сәйкес, республика шеңберінде азаматтардың құқы мен бостандығы сақталуының кепілі ретінде танылып, Қазақстаннан Одақ ішінде және халықаралық қатынастарда өкілеттілік етті, Қазақстанның бүкіл аумағында міндетті күші бар жарлықтар шығарып, азаматтық қабылдау және басқа да мәселелерді шешу бойынша міндеттер атқарды. Оның бір мезгілде кез келген деңгейдегі Кеңестің халық депутаты болып сайлана алмайтыны билікті бөлісу институтын дамыту үдерісінде аса үлкен маңыз иеленді.
1990 жылдың 25 қазанында Қазақ КСР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның қабылдануы айтулы оқиға болды. Осы құжаттың негізінде республика өзін саяси, экономикалық, әлеуметтік және ұлттық-мәдени құрылыспен, әкімшілік-аумақтық құрылыммен, мемлекеттік биліктің құрылымдары мен өкілетті органдарын айқындаумен және өзінің рәміздерін басқарумен байланысты барлық мәселені өз бетінше шешу құқына ие егеменді мемлекет деп жариялады. Декларация, сондай-ақ, мемлекеттік билікті заң шығарушы, атқарушы және сот билігі қағидаттары бойынша бөлуді бекітіп берді. Оның үстіне, Президент өзіне жоғары өкім етуші-атқарушы билік өкілеттілігін алып, бұл оның мәртебесін едәуір кеңейтті.
1992-1993 жылдары Қазақстанның мемлекеттік құрылысы түбегейлі саяси және экономикалық жаңғыртулармен қатарласа жүрді. Қоғам мен мемлекетте демократия, құқықтық мемлекет және нарықтық экономика құруға бет бұрған қарым-қатынастар ресми саяси бағыт деп жарияланды. Қазақстан Президенті аталған бағыттың негізгі сәттерін өзінің «Қазақстанның егеменді мемлекет ретіндегі қалыптасуы мен дамуының стратегиясы» (1992 жылғы мамыр) деп аталатын туындысында белгілеп берді.
Мұнда негізгі мақсаттардың ішінде жас егемен мемлекетті күшті президенттік республика қалыптастырып, өтпелі кезеңде экономикалық реформаларды табысты жүргізуге бағыттаудың қажетті шарты ретінде тұрақтылықты қамтамасыз ету ерекшеленіп тұрды. Негізгі екпін Мемлекет басшысының қолында тиімді басқарушылықты жүзеге асыру үшін қажетті барлық құралдары бар президенттік басқаруды қамтамасыз етуге түсірілді. Президент, сондай-ақ, назарды билікті бөлісу жүйесін жетілдіру, өкілеттіктерді нақты шектеу қағидаттарына сүйене отырып, олардың өзара іс-қимылын тиімдірек ұйымдастыру мен жергілікті өкілетті және атқарушы органдардың жүйесін жетілдіру қажеттігіне аударды.
1995 жылдың 30 тамызында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануы мемлекеттің институттық жүйесін түбегейлі өзгертті. Атап айтқанда, жаңа институттар – екі палаталы Парламент, Конституциялық Кеңес, Жоғары Сот Кеңесі енгізілді және, керісінше, Вице-президенттің лауазымы қысқартылды. Қазақстан Республикасы Президентінің мәртебесі мен өкілеттілігі айтарлықтай өзгеріске ұшырады. Ол тек мемлекеттегі үстем тұлға ғана болып қоймай, сондай-ақ, биліктің барлық тармағының үстінен қарайтыны мойындалды. Конституция, сонымен қатар, Мемлекет басшысына биліктің басқа барлық институттарына өзінің ережелері мен ықпалын реттеуде қолдау көрсететін күшті тетіктерді қамтамасыз етті. Сөз ретінде, Қазақстанның басқарудың президенттік пішініне көшкен ел екені ресми нақтыланғанын айта кетейік.
Осылайша Қазақстанда президенттік институт қалыптасып, жеткілікті деңгейде орнықты сипатқа ие болды. Конституциялық және институттық реформалар жүргізумен байланысты келесі жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің мәртебесі мен өкілеттілігі барған сайын нығая түсті. Мәселен, 2007 жылғы мамыр айында еліміздің Негізгі Заңына өзгерістер енгізілуіне сәйкес ол заңнамалық бастама таныту құқын – Парламенттің тек төменгі палатасын ғана емес, сондай-ақ, барлық деңгейдегі мәслихаттарды тарату құқын иеленіп, саяси партияларға мүше бола алатын да болды. Соңғы жағдай Нұрсұлтан Назарбаевқа «Нұр Отан» партиясының толыққанды Төрағасы атануға мүмкіндік берді. Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті ретінде оған 2012 жылдан бастап кезекті президенттік сайлауларға мерзімсіз қатысу құқы ұсынылды. Ал 2010 жылдың маусым айында егемен Қазақстанды құру мен дамытуға қосқан үлесі үшін Мемлекет басшысы Ұлт Көшбасшысы деген атаққа лайық деп табылды.
Қазіргі кезде Қазақстан Республикасының Президенті – Қасым- Жомарт Кемелұлы Тоқаев болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |