7 сынып Сабақ жоспары Физика
Сабақ тақырыбы: Жол және орын ауыстыру. Бірқалыпты және бірқалыпты емес қозғалыстар.
Сабақ мақсаты:
Білімділік: оқушыларға қозғалыстағы дененің орнын келесі орнымен қосатын бағытталған кесінді, яғни орын ауыстыру деп аталатын физикалық шаманы таныстыру.
Дамытушылық: орын ауыстырудың өлшем бірлігімен таныстыру, пәнге қызығушылығын арттыру.
Тәрбиелік: сабаққа ойын элементтерін енгізу арқылы оқушыларды ұқыптылыққа тәрбиелеу.
Сабақ түрі: жаңа сабақ.
Көрнекілігі: плакаттар, жұмыс дәптері, сөзжұмбақ, балықтар, штатив.
Әдіс - тәсілдер: түсіндіру, сұрақ - жауап, сөзжұмбақ шешу.
Пәнаралық байланыс: математика, астрономия.
Сабақ барысы:
І. Ұйымдастыру бөлімі (2 мин)
а/ оқушылардың сабаққа зейінін жинақтап, олардың сабаққа әзірлігін тексеру.
б/ жаңа сабақтың мақсат - міндеттерін айту.
в/ Психологиялық дайындық
ІІ. Үй тапсырмасын тексеру. (6 мин)
а/ Штативке ілінген балықтарды қайшымен қиып арқылы сұрақтарға жауап береді.
Дененің қозғалыс кезінде сызық түрінде қалдырған ізі қалай аталады? (қозғалыс траекториясы)
Материялық нүкте дегеніміз не? (қозғалыстың қарастырылып отырған жағдайында өлшемдерін елемеуге болатын дене)
Қисық сызықты қозғалысқа не жатады? (шеңбер бойымен, парабола бойымен қозғалыс)
ІІІ. Қызығушылықты ояту
Мақалдың физикалық баламасын табу арқылы жаңа сабақтың тақырыбын табады.
Өрісті жол елге жеткізер,
Өзен - су көлге жеткізер.
Соқпақ жолға жеткізер,
Жол молға жеткізер.
Жаңа сабақты меңгеру. (15 мин)
Дененің орын ауыстыруы деп қозғалыстағы дененің бастапқы орнын оның келесі орнымен қосатын бағытталған кесіндіні айтады. Қандай да бір уақыт аралығында дене жүріп өткен траекторияның ұзындығы сол уақыт ішінде жүрілген жол деп аталады.
Дененің жаңа орнын табу үшін оның бастапқы орнын соңғы орнымен қосатын кесіндінің бағытын да білу керек. Дененің бастапқы және соңғы орнын қосатын осы бағытталған дененің орын ауыстыруы болып табылады.
Дене тең уақыт аралығында әр түрлі жол жүріп өтсе, ондай қозғалысты бірқалыпты емес қозғалыс деп атайды. Бірқалыпты және бірқалыпты емес қозғалыстарды бақылау үшін мынадай тәжірибе жасауға болады. 48, ә - суреттегі кішкентай арбашаның үстіне тамызғыш орнатылған. Тамызғыштан өзара тең уақыт аралығы өткен сайын су тамшылап тұрады. Арбаша қозғалғанда қағаз бетіне тамған тамшылардың арақашықтықтары бірдей. Демек, арбаша бірдей уақыт аралығында ұзындықтары бірдей жол жүреді, яғни бірқалыпты қозғалады.
Тамызғыштың шүмегін қаттырақ ашып, тамшы жиі таматындай етіп, тәжірибені қайталайық. Бұл жағдайда да тамшылар бірдей қашықтықтарға түседі. Демек, өзара тең аз уақыт аралығында да арбаша ұзындығы бірдей жол жүреді, яғни ол бірқалыпты қозғалады.
Енді тәжірибе арқылы арбашаның бірқалыпты емес қозғалысын бақылайық (48, ә - сурет). Бұл жағдайда бірдей уақыт аралығында тамған тамшылардың іздерінен арбашаның қозғалысы бірқалыпты болмайтыны байқалады. Тамшылар бірдей уақыт аралығында тамады, бірақ арбаша қозғалғанда ол тамшылар іздерінің арақашықтықтары бірдей емес. Демек, бұл жағдайда арбаша бірқалыпты емес қозғалады. Осы қозғалыстардың салыстырмалы көрінісі 49 - суретте келтірілген.
Бірліктердің Халықаралық жүйесінде (SΙ) орын ауыстырудың бірлігіне метр (м) алынады.
ІV. Оқулықпен жұмыс (5 мин).
V. Сергіту сәті (3 мин)
Жұмбақ жасыру.
1. Арқаным бар тым ұзын,
Кесіп бірақ ала алмайсың бір үзім. (Жол)
2. Бір алаша төселген,
Екі ауылды жалғайды.
Өмірінде еш адам,
Оны жинай алмайды. (Жол)
VІ. Жаңа сабақты бекіту (6 мин).
Сұрақ қою арқылы сұрақ қойып, жаңа сабақтан алған білімдерін тексеру.
♦ Орын ауыстыру деп нені айтады? (Қозғалыстағы дененің бастапқы орнымен келесі орнын қосатын бағытталған кесінді)
♦ Бірқалыпты қозғалыс дегеніміз қандай қозғалыс? (Дене тең уақыт аралығында ұзындығы бірдей жол жүрсе, ондай қозғалыс бірқалыпты қозғалыс деп аталады)
♦ Бірқалыпты емес қозғалыс дегеніміз қандай қозғалыс? (Дене тең уақыт аралағында ұзындығы әр түрлі жол жүрсе, ондай қозғалыс бірқалыпты емес қозғалыс деп аталады).
♦ 1, 5 км - дк қанша м бар? (1500м)
VІІ. Жаңа сабақты қорытындылау. (4 мин)
10 - тапсырманы орындау.
VІІІ. Үйге тапсырма. (2 мин)