Тәрбие сағатының тақырыбы : «Тәуелсіздік – теңдесі жоқ байлығым»
Тәрбие сағатының мақсаты:
білімділігі: оқушыларға 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының болу себептерін және тәуелсіздіктің қадір - қасиетін түсіну.
дамытушылығы: оқушының ойын жеткізе білуі мен тіл байлығын дамыту.
тәрбиелігі: Отан - Ананы құрметтеу, тәуелсіздікті бағалай білуге, ұлтжанды, елжанды болуға, елінің тәуелсіздігі жолында күрескен ерлердің қаһармандығы мен күрескерлік ерліктерін әрдайым есте ұстауға, үлгі ете білуге үйрету.
Типі: баяндама
Әдісі: сұрақ - жауап, әңгімелесу.
Көрнекілігі: Желтоқсан қаһармандарының суреттері (Қайрат, Лаззат, Сәбира, Ербол), тақырып желісі бойынша слайдтар.
Пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы.
Жоспары:
I. Ұйымдастыру
Кіріспе сөз
II. Негізгі бөлім.
Желтоқсан көтерілісінің себебі.
Желтоқсан оқиғасына қатысқандардың саны
Желтоқсан оқиғасына қатысқан қаһармандарға тоқталу ( қысқыша өмірбаяндары)
III. Қорытынды.
Сабақ барысы:
I. Ұйымдастыру.
Мұғалімнің кіріспе сөзі:
«Мен - қазақ, қазақпын деп мақтанамын,
Ұранға «алаш» деген атты аламын» - деп азаттықты аңсаған, сол жолда аянбай қызмет еткен алаш арыстарының барлығы да қуғын – сүргінге ұшырап, Сталиндік қызыл террордың құрбандары болды. Сол алаш қайраткерлерінің азаттық идеясын жалғастырған, қыршын кеткен арыстардың аманатын арқалаған кейінгі толқын іні – қарындастары 1986 жылдың желтоқсанында тәуелсіздік үшін күресе білді.Тәуелсіздіктің түп тамыры «Желтоқсан» оқиғасына тікелей байланысты екендігіне ешкім дау айта алмас. «Түбін білмеген тексіз» деген қазақтың ғажап сөзі осындайдан шықса керек. Себебі, тәуелсіздіктің түп тамыры сонау бабалар ар – намысынан туындап жатқан жоқ па? Бейбіт шеруге шығып, билік тарапынан кінәлі деп саналған жастарымыздың бір бөлігі қанды қырғында көз жұмса, аман қалғандары өздері аңсаған азаттықтың қызығын көруде. Уақыт емші деп өзімізді жұбатқанымызбен, қыршын кеткен бауырларымыз есімізге түскенде жан жарасы жаңғырып, қайғының айықпас дертіне шалдыққаныңды терең сезіне түсесің. Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова, Ербол Сыпатаев сынды қандастарымызды естен шығару мүмкін бе?
Осы желтоқсан оқиғасы салдарынан қаза болған жазықсыз жастарымыздың рухына бас иіп, орынымыздан тұрып бір минут еске алайық!
Бір минут үнсіздік.
II. Негізгі бөлім.
Желтоқсан көтерілісінің себебі:
Желтоқсан көтерілісі ұлттық рухтың қуатын, елдік пен ерліктің мұратын танытқан көтеріліс болды. Желтоқсан оқиғасының шығу себебі: 1986 жылы 16 желтоқсанда небәрі 18 минутта өткен Қазақстан Орталық Комитетінің бесінші Пленумы Д. Қонаевты «өз еркімен» қызметінен босатып, Қазақстан КП Орталық комитетінің бірінші хатшылығына республика халқына мүлде таныс емес, қазақ халқы туралы еш хабары жоқ В. Колбиннің «сайлануы» болды. Ертеңіне 17 желтоқсан күні орталық алаңға лек - легімен ағылған жастар тобы бейбіт шеру арқылы Орталықтың кадр саясатын дұрыс жүргізбей отырғандығына наразылық білдірді. «Қазақстанға қазақ басшы!», «Әр халыққа - өз көсемі!»,«Ешбір халыққа артықшылық берілмесін!» деген ұранмен, «Менің Қазақстаным» әнін айтып алаңға шықты. Ұлт саясатын дұрыс жүргізуді, ұлттық тіл мәдениеттің дамуына қамқорлық жасауды, ұлттық саяси қайраткерлердің басшылық орындарында лайықты лауазымға ие болуына назар аударуды талап етті. Жастар өздерін толғандырып жүрген мәселелерді айтып қалуға тырысты
Желтоқсан оқиғасына қатысқандардың саны:
Желтоқсан оқиғасы Алматыдағы Брежнев ( қазіргі Республика) алаңында басталып, ары қарай Тараз, Қызылорда, Шымкент, Талдықорған, Қарағанды, Өскемен, Жезқазған, Көкшетау, Семей, Павлодар, Арқалық қалаларында, Шамалған, Сарыөзек елді мекендерінде толқу болып өтті. Оларға 2, 5 мыңнан астам адам қатысып, 281 – і ұсталып 20 астамы түрлі мерзімге сотталды.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы коммисиясының анықтауы бойынша қозғалысқа қатысқаны ұшін ұсталғандардың саны - 8500. 2401 уақытша қамау орындарына жіберіліп, сыймағандарын қала сыртына апарып тастаған. Оның ішінде медициналық көмек алғандар - 1383, ал ауруханаға түскені - 369 адам. 1720 адам жарақат алған.
Желтоқсан оқиғасына қатысқан қаһармандарға тоқталу
( қысқыша өмірбаяндары)
Қайрат Рысқұлбеков 1966-жылы 13-наурызда Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, Бірлік ауылында малшы әулетінде дүниеге келді. Қайрат 1973-1981 жылдары Шу ауданындағы Төле би ауылына орналасқан Сәду Шәкіров атындағы мектеп-интернатта оқып сегіз жылдық білім алды. Мектепте сабақты жақсы үлгеріп, кластан класқа емтихансыз көшіп отырды. Қоғамдық жүмыстарға белсене аралаласып, мектептің бастауыш комсомол ұйымының хатшысы болды.
Ал 1981-1983 жылдары Бірліктегі бұрынғы Киров атыңдағы орта мектепте оқып, он жылдықты бітірген соң, әскер қатарына шақырылғанға дейін әкесі Ноғайбайға жәрдемші-малшы болып, Көктерек товарлы-сүт фермасында жұмыс істеді.
1984-1986 жылдары Амур өлкесі Белогор қаласыңда әскери міндетін абыроймен өтеді. Әскери-саяси қызметтердің үздігі ретіңде бірнеше мақтау қағаздарымен марапатталып, әскери бөлімше командирлері ата-анасына алғыс айтқан құрмет қағаздарын жіберді. 1986-жылы мамырда әскери борышын өтеп ауылға келіп, тамыз айында әскери бөлімшенің жолдамасымен Алматы сәулет-құрылыс институтына келіп сынақтан сүрінбей өтіп, оқуға түсті. 1986-жылы 16-желтоқсанда Қазақстанның бас тізгіні қайдағы біреуге тапсырылуына бейбіт наразылық білдірген жастар мен студенттерге қосылып, Орталық алаңға шығып, шеруге қатысты.
Асанова Ләззат Алтынайқызы (27.07.70 Алматы обл. Панфилов ауд.
Ақжазық а.25.12.86 Алматы) - Желтоқсан көтерілісінің құрбаны.1985ж. Алматыда П.Чайковский атынд. муз. уч-щеге оқуға түскен. Алматыда 1986 ж 17-18 желтоқсанда болған қазақ жастарының отаршылдық және әміршілдік жүйеге қарсы азаттық көтерілісіне белсене қатысқан. Ол Орталықтың билеп-төстеушілігіне наразылық білдіріп, қаладағы Жаңа алаңға алғашқы ереуілшілер қатарында «Қазақтар! Кіріптарлық құлдықта өмір сүргеніміз жетеді! Біз еліміздің тәуелсіздігін жеңіп алған кезде ғана азат бола аламыз!» деген ұранмен шықты.Көтеріліс қатыгездікпен жанышталғаннан кейін басқа да ұсталған 87 адам қатарында Алматыға Қазақ КСР ҚК-нің 65-бабымен айып тағылып, қамауға алынды. 1986 жылғы 17-18 желтоқсанда Алматы қ-нда болған оқиға түпкілікті баға беру жөнінде респ. Жоғ. Кеңесінің Төралқасы құрған комиссия мүшесі Ф.Игнатовтың мәлеметтеріне қарағанда Ләззаттың мәйіті бірнеше күннен кейін муз. уч-ще жатақханасынан табылғанда, ол туралы «жатақхананың бесінші қабатынан құлап өлген » деген қауесет таратылған . Осыған қарамастан мәйіті Алматы обл. Панфилов ауд-ндағы Ақжазық кентіне Ішкі істер министірлігі мен Мемл.қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері арнайы қарауылдап апарған. Ләззатты жерлеудің алдында денесін ақ жуып, аруланған кезде оның екі білегіне салынған темір бұғаудың қалдырған көкпеңбек іздерін, бас сүйегінің шүйдесі ойылып кеткені анықталды. Осыған қарағанда ол жазалаушылардың қолынан қаза тапқан. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан соң ғана Асанова жөніндегі шындық қалпына келтіріле бастады. Ләззаттың ерлігіне арналған ән, ол жөнінде баспасөз беттерінде ғалымдар мен мемлекет, қоғам қайраткерлерінің пікірлері жарық көрді.
Cыпатаев Ербол Мұқажанұлы (10.03.1964 ж. Алматы облысы Панфилов ауданының еңбекші ауылы - 23.12.1986 ж. Алматы) – 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің құрбаны. Орта мектепті бітіргеннен кейін 1981-1982 жылдары Кеңшарда жүргізуші болып істеді. 1982-1984 жылдары Кеңес Армиясы қатарында болды. 1985 жылы Алматыдағы энергетика институтына оқуға түсті. 1986 жылдың 17-18 желтоқсанында болған қазақ жастарының отаршылдық және әміршілдік жүйеге қарсы көтерілісіне белсене қатысты. 18 желтоқсан күні ауыр жараланып ауруханаға түсіп, сонда қайтыс болды. Мәйітін ауылына Ішкі істер министрлігі мен Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері арнайы қарауылдап апарған. Қазақстан тәуелсіздік алған соң ғана Сыпатаев жөніндегі шындық айтыла бастады. Ол туралы баспасөз беттерінде, Желтоқсан көтерілісіне байланысты жарық көрген жинақтар мен кітаптарда жазылды.
Сабира Мухамеджанова желтоқсан оқиғасының тағы бір қызғалдақ құрбаны-Сабира Мухамеджанова. Ол 1970 жылы Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы, Ақмектеп ауылындағы Ленин жолы атындағы 8 жылдық мектепті үздік бітірді, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысты, осы арқылы мұғалімдер мен оқушылар арасында зор беделге ие болды.1985 жылы сегіз жылдықты үздік бітірісімен, Өскемен қаласында мұғалімдер даярлайтын оқу орнының қазақ бөлімінде оқиды. 1986 жылдың 19 желтоқсанында Өскемен қаласындағы әмбебап дүкенінің маңайына жиналған жастар Алматы оқиғасының шындығын білуге, ізгі-тілек, ниетін білдіруге барған. 16-желтоқсан күні өткен жиналысқа анасымен бірге барған Сабира атып тұрды Ол: (Саңқ-саңқ етіп)
-Бәріне кінәлі мен. Алаңға мен үгіттеп апардым .Оларды оқу орнынан қумандар. Шеруді де мен ұйымдастырдым, -деп таймастан. Күтпеген жерден кесіп айтқан Сабираның сөзінен жұрт тынып қалды. Оларды семсердей сөздің сесі басты
Қорытынды Қазақ халқының көкірегінде шер болып қатқан, туған жерінен, елінен, жұртынан айырылып, ен далада жосып «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» кезеңін басынан өткерген шақта бір қарт баласына:
Сен ғанасың, құлыным, сен ғанасың,
Мен де көпке бармаспын сен қаласың.
Ойран болған орданың орнына кеп,
Отау тігіп, оттарын сен жағарсың – деген екен. Бүгінгі таңда сол қарттың баласы болмаса да ұрпағы егеменді ел болып, сол ойран болған орданың орнында отау тігіп, отын жағып, түтінін түтетіп отыр. Ендігі тілегіміз тәуелсіздігіміздің туын көкке көтерер, еліміздің көк байрағын желбіретер, ата – бабаларымыздың асыл мұраттарын асқақтатар бүгінгі жас ұрпақ, ертеңгі еліміздің тізгінін ұстар жастарымыз өз жерімізді, өз елімізді қадірлеуге, сүюге тиіс екендігін естен шығармаса екен дейміз.
Тақырыбы: «Тәуелсіздік - тұғырым»
Мақсаты:
1. Оқушыларды отаншылдыққа, ұлтжандылыққа, туған жеріне, ата-мекеніне деген сүйіспеншіліктерін арттыруға дұрыс бағыт-бағдар беру
2. Өз елінің тарихын сыйлай білуге,оны мақтаныш сезіммен айтуға жаттығу
3. Оларды патриоттық рухта тәрбиелеу
Көрнекілігі: ҚР 1991-2015 жылға дейінгі тарихынан үзінділер бейнеленген слайдтар, үн қағаздар, буклеттер, карта, фотосуреттер, үнтаспа.
Барысы:
І.Ұйымдастыру кезеңі
ІІ. Психологиялық дайындық
Отырған қонақтарға сәлемдеседі.Гүл шоқтарын ұсына отырып тілектерін білдіреді
- Хош келіпсіз,мерекелік көңіл–күйіңіз қандай?
- Менің тілерім: азат еліміздің аспаны ашық болсын !
- Қазақстанның азаматы болғаныңызды мақтан тұтасыз ба?
- Менің тілерім: егемен еліміздің еңсесі биік болсын!
- Мерей тойымызды қалай қарсы алмақсыз?
- Менің тілерім: тәуелсіздік туы - асқақ болсын!
- Бүгінгі күніңізге ризасыз ба?
- Менің тілерім:егеменді ел көрікті, бетегелі бел көрікті болсын!
ІІІ.Әдеби-музыкалық бөлім
Қазақтың аспаны қандай кең болса, ақылы да сондай кең. Қазақтың жері қандай кең болса, пейілі де сондай кең. Қазақтың жүрегіне тек қазақтың баласы емес, бүкіл әлем сыйып кетеді. Даласындай дархан, жазирадай жомарт елбасымыздың кемел саясатының арқасында егемендікке қолымыз жетіп,бүгінгі күні мерей тойымыздың 24 жылдығын тойламақпыз,мерекелеріңіз құтты болсын!
Мың өліп, мың тірілген қаһарман ұлт – қазағым,
Аз ба сенің өткерген адам төзбес азабың.
Өткеніңе үңіліп, бүгініңе көз тастап,
Тарих бетін ақтарсам мұң шертеді азалы үн.
Тәуелсіз күнге жеткенше айырылдық талай тарланнан,
Тайғанап тасқа құладық асусыз биік заңғардан.
Аққа да қара жағылып, телміріп темір торлардан
Еркіндік күттік сарылып арайлап атқан таңдардан…
1-оқушыЖелтоқсан бастауы - ғасырлар қойнауынан жалғасып келе жатқан ұлы тарихтың бір белесі.
Желтоқсанды талай ақын жырлаған,
Бұл құбылыс таусылмайтын жыр маған
Таусылмайтын сыр маған.
Тұғырыма жаңа қонған Ескерткіш,
Сол күндердін, сол түндердің елесіндей мәңгілік
Айналасын ән қылып,
Алаңдағы сол дауыстар бүгінде,
Естіледі жаңғырып, - деп ақындарымыз жырлағандай, Желтоқсан жаңғырығы бізге Тәуелсіздіктің таңын әкелді.
2-оқушы
Тәуелсіздік бақытына оранып,
Елім жатыр шаттығына қуанып.
Желбірейді көкте туы әдемі,
Егемен ел бал дәуренін өткеріп.
Қазақ елін - туған жерді сүйемін,
Туған елім бірге жаным сүйегім.
Үлкен өмір сырларынан ой түйіп,
Намыс үшін өртенемін, күйемін.
Болмақ емес көңілімде ой бөтен,
Адал ойды қиялымда тербетем.
Қазақпын деп әлемге жар салып,
Асқақтаған армандарға жетем мен!
3-оқушы 16 желтоқсан күні қазақ жастары Республика алаңына бейбіт шеруге шықты. Үкімет жастарға қарсы күш қолданды. Қаншама өмір қыршынынан қиылды, қанша ана аңырап баласын жоқтады?! Тірі қалғандары қуғынғы ұшырады, оқудан, жұмыстан шығарылды. Оларды кейіннен ақтағанмен, бәрібір жүректе сыз қалды. Ел намысы жолында құрбан болған аға-апаларымыздың аруағына бас иеміз! Біздің жас тәуелсіз мемлекетімізді олардың рухы қолдасын.
4-оқушы Тәуелсіздік - ұлы рух. Ұлттық бақыт. Желтоқсан оқиғасы мен қоғамның, тарихтың, ұлттық жаратылысында бір құдіретті заңдылық, өзекті тұтастық бар.
5-оқушы Желтоқсан оқиғасы - халқымыздың ұлттық намысының оянуы, саяси сананың өсуі. Сан ғасыр, сан жылдар көрсетіп келген әділетсіздікке, шындықтың шексіз бұрмалауына қазақтардың көрсеткен қарсылығы - тарихи құбылыс.
6-оқушы Желтоқсан көшесі - қанқожа болған жастарымыздың ояну кезеңі, жан дауысы. Желтоқсан көшесі - әділет жолындағы жаңғырықтың бастамасы, қазақ ұлтының үлкен шеруінің тұсаукесер көшесі.
7-оқушы
Жалғасып соғыс өтті сан ғасырға,
Біз көрдік қас дұшпанның балтасын да.
Еліме тәуелсіздік келіп жетті,
Мыңжылдық күрестердің арқасында.
Жаңғырды халқымыздың мың өшкені,
Бар мұнда сан ұрпақтың үлестері.
Ел үшін мәңгілікке жалғасады,
Ақыл-ой, ар-намыстың күрестері.
Көрініс: «Қайраттың хаты». (Сахнада Қайраттың анасы)
8-оқушы Ұлым менің! Сен әлі жиырма бірдесің. Аман болсаң, бір жерден шығатын алмастай өткір жігіт боларсың деп үміт қылады сорлы анашың... Адам ерлігінің ең зор сынағы - жеңіліске ұшырағанда рухы түспеу, мойымау. Мұнар тау бар, алыс та болса, жақын. Сендер шыққан алаң - намысқой қазақтың тағдыр таразысы болайын деп тұр ғой.
(Сахнада Қайраттың інісі Талғар жүгіріп келеді, қолында хат бар)
9-оқушы: Апа, апа, Қайрат көкемнен хат келді.
8-оқушы Рас па? Құлынымның хаты ма? Әкелші, өзін көрмесем де хатын оқып мауқымды басайын.
Хат оқылады.
10-оқушы
- Амансыздар ма, туған-туыстарым! Менің нақақтан абақтыда отырғаныма сіздер сенеді деп ойлаймын. Жасақшыны ұрды, өлтірді деген жалаға сене көрмеңіздер. Алаңда, жатақхана жанында ұсқыны суық жасақшылардың жиналған қазақ жастарын ұрып-соғып, бейкүнә қыздарды шашынан сүйреп, қорлағандарын көріп шыдамадым. «Еруліге-қарулы» деп мен де топ ішіне кіріп, көмектесуге ұмтылдым. Менің де, сол күнгі алаңға шыққан қазақ жастарының да еш кінәсі жоқ. Алаңға барғанымыз - азаттық іздеп барғанымыз. Біз ұлтшылдықтың үлгісін емес, «ұлтжандылықтың» үлгісін көрсеттік. Қазақтың бостандық алар күні алыс емес! Аман болыңдар!
11-оқушы Бостандықтың шынжырлап маталған ескі өмірді қиратқан 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына биыл 24 жыл толмақшы. Желтоқсан оқиғасының лебімен көкжиегімізден азаттық пен теңдіктің таңы атып, қазақ елі тәуелсіздікке қол жеткізді.
12-оқушы Тоғжан, мына менің қолымдағы хат Қайрат көкемнің ең соңғы жазған хаты екен, тыңдашы. «Алаңға барғанымыз - азаттық іздеп барғанымыз», - деп, сол азаттық таңының атқанын көрмей кетті-ау, қайран көкем!
13-оқушы Көңіліңді босатпашы, Талғар, Қайрат, Ләззат сынды аға-апаларымыз азаттықты бізге аманат қып тастап кетті емес пе?
14-оқушы Дұрыс айтасың, Тоғжан! Кенесары абылай, Сырым мен Исатай, Міржақып пен Мұстафа, кешегі Қайрат пен Ләззат аңсаған тәуелсіздікті қорғау, ата-баба арманын орындау - біздердің міндетіміз.
15-оқушы Талғар, өзің білесің, еліміз егемендік алғалы қарыштап дамуда. Еліміздің жаңа астанасы Астанамызға 20 жыл толды. Еліміздің жаңа әнұраны еліміздің бейбіт аспанында шырқалуда. Тәуелсіздік үшін алаңға шыққан ұлдарын да ұмытпай, еске алуда... Тәуелсіздік мәңгі болғай!
Ән. «Желтоқсан желі»
Қорытынды сөз:
Бабаларымыздың арманы болған Тәуелсіздігіміз тұғырына мінді. Алматының қақ ортасындағы алаңға Тәуелсіздік тұғыры орнатылды. Онда болған адамның ойына міндетті түрде 1986 деген сан оралары сөзсіз. Бұл дегеніміз - ызғарлы желтоқсан, солақай саясаттың сойылына жығылған жастардың тағдыры. Тәуелсіздік тұғыры тұрған алаң біреу ғана.
Тәуелсіздік - баға жетпес бағымыз,
Қымбаттан да, ең қымбатты бағымыз.
Тәуелсіздік - білектегі әліміз,
Тәуелсіздік - жүректегі әніміз.
Бұдан былай біздің жүрегімізге желтоқсан қасіреті сияқты ұлтымыздың қайғысы емес, мерейлі-мерекелі, шуақты берекелі қуаныштар толсын деп тілейік!
Елімізде тек бейбітшілік, бірлік, ынтымақ, ырыс болғай деген тілекпен, «Тәуелсіздік - тұғырым» атты тәрбие сағатымызды аяқтаймыз
Достарыңызбен бөлісу: |