• 2008 ҚазаҚстан Республикасы бiлiм


Көркем мәтіннің бейнелілік сипаты



бет16/37
Дата25.11.2016
өлшемі4,56 Mb.
#2505
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   37

Көркем мәтіннің бейнелілік сипаты


Қандай да болсын ақын-жазушының шығармаларына тілдік тұрғыдан қойылар негізгі талап - олардың көркемдік деңгейі. Әдеби туындыны көркем дүние деп атау, ал оның авторын шынайы қаламгер деп тану үшін шығарма белгілі бір көркемдік талаптарға жауап беруге тиісті. Ал көркемдіктің өлшемі - қолданылған сөздің ойды бере алатындай орынды һәм бейнелі қолданыстарға ие болуымен тығыз әрі тікелей байланысты. Проза мен драмаға қарағанда, поэзия тіліне қойылар көркемдік талап жоғары. Өйткені, "Поэзия өмір шындығын ойшылдықпен, ерекше сезімталдықпен ашып көрсетеді, бейнелеп суреттейді десек, тіл, сөз әлгі ақындық, көркем ой жеткізудің құралы" [1, 11]. Көркем ойды жеткізудің соған сай поэтикалық жүйесі қалыптасады. Мұндай көркем жүйенің әр авторға тән өзіндік сипаты болады. Мәселен, кейбір қаламгерлер шығармаларында теңеу мен эпитеттер, кейбір ақын-жазушыларда ауыспалы мағынадағы поэтикалық құралдар, үшіншілерінде синтаксистік айшықтаулар көбірек кездеседі. Б.Күлеев шығармаларының тілінде эпитет, теңеу, метафора, инверсия, қайталау сияқты поэтикалық құралдар мейлінше көбірек қолданыс тапқан.

Б.Күлеев өлеңдерінде осындай көркемдік, бейнелілік тудыратын сөздердің ең үлкен тобы - эпитет сөздер. Кезінде А.Байтұрсынов "Бір нәрсені көптен айырып, көзге көбірек түсерлік етіп айтуынсыз келгенде, ол нәрсенің атына айқын көрсеткендей сөзді қосып айтамыз" деп [2, 155] жазған. Айқындау, яғни, эпитет-көркем әдебиеттің бейнелілік тудыратын аса мол ресурстарының бірі. Эпитет те теңеу сияқты троптарға, синтаксистік фигураларға жатпайды. Өйткені троптар ауыспалы мағынада тұрса, ал айшықтаулар немесе фигуралар сөздің сөйлемдегі орнымен, қайталануымен немесе тіркес жасау ерекшеліктерімен, яғни олардың синтаксистік құрылысымен байланысты. Кейбір ақын-жазушылардың тілін зерттеуде эпитетті троптың шеңберінде қарастыру ұшырасып жатады, оның тура мағынадағы сөз екендігі, әуелгі семантикалық ерекшелігі бұрмаланып беріліп жүрген жайы да бар. Троптарды қолдану жазушының көркем ойының астарлы ойлау жүйесімен байланысты болса, эпитетті қолдану оның байқампаздығын аңғартады.

Эпитет арқылы тіркестер жасау Б.Күлеев поэзиясында негізінен алғанда табиғат көркін берумен байланысты. Жалпы, бұл - дәстүрлі ерекшелік. Табиғат лирикасында эпитеттер қашан да көбірек қолданылған. Мәселен, жасыл жапырақ, сұрғылт бұлт, қыналы қыр, тобылғылы қызғалдақ, жылтыр қанат көбелек, жазғы таң, қырмызы қыр, т.с.с. Адамның түр-түсін, заттың ерекше белгісін беруде де эпитеттің өзіндік мәні бар. Мәселен, үлкен қала, елең-алаң күй, қатты, қара жартас, сүйікті анам, сұлу қыз, адал жүрек, ақ ниетті перизат, т.б.

Бернияз белгілі бір эпитеттерді бірнеше рет қайталай қолдана отырып та, бейнелілік тудырады:


Жаңа дүние, жаңа тұрмыс, жаңа жан,

Жаңа бағыт, жаңа иман, жаңа заң,

Қашан, қайда болды ескілік-есте жоқ,

Бәрінде де жаратылыс жаңадан*

"Не істер ем?"


Эпитеттер ақын шығармаларында үш түрлі жолмен жасалады:

1. Сын есімдер ешбір жұрнақсыз түбір күйінде тұрып, зат есімнің сипатын, сынын айқындайды. Мысалы: қалың ағаш, жарық жұлдыз, жас ақын, ақ қағаз, көркем көз, т.с.с.;

2. Зат есімнен сын есім тудыратын жұрнақтар арқылы. Мысалы: жаз-ғы таң, қыс-қы боран, айбар-лы азамат, аршын төс-ті ел, бу-лы арал, т.с.с.;

3. Заттың не құбылыстың айрықша белгісін көрсететін сөздер ретінде етістіктер де қолданылады. Мысалы: қиқулаған қаз, жүгірген аң, майысқан гүл, т.с.с.

Теңеу сөздер де Б.Күлеев шығармалары тіліндегі ең актив қолданылған лексикалық бірліктер қатарынан орын алады. Эпитет сөздерді қолдануда экспрессивтілік айқын көріне бермейді. Себебі, біріншіден, сөз тура мағынасында тұрғанда экспрессияға бейімдік таныта қоймайды. Ал теңеулерде түсінік ассоциациясы семантикалық жағынан алғанда басқа сөздің тіркесінен барып қалыптасады да, теңеулердің лексика-семантикалық структурасында экспрессоидық қуат жатады. Сондықтан да теңеу сөздерде стильдік реңк эпитеттерге қарағанда айқынырақ байқалады. Теңеулер Бернияздың әр жылдары жазылған әр алуан тақырыптағы өлеңдері мен поэмаларында кездесе береді. Ақын қолданған теңеулерді сипатына қарай авторлық теңеулер және бұрынғы әдебиетте бар дәстүрлі теңеулер деп екіге бөлудің жөні бар сияқты.

Автордың дара шығармашылық қолтаңбасынан шыққан теңеулерінде екі сөзден жасалған теңеулердің саны көбірек. Мәселен,


Қаптаған қап тауындай қалың күшпен,

Аямай салдың маған салмағыңды

"А, жалған білім жаңа алдарыңда"

Ақ сұңқардай айналаға көз салып,
Жастық алтын тұрған кезде бабында

"Қайтер едің?"


Мұңды жүрек улы дәрі

Толтырылған сарайдай.
Байырғы теңеулер авторлық теңеулерге қарағанда көбірек қолданылған. Бұлар - халық ауыз әдебиеті үлгілерінде, ХҮ-ХҮІІІ ғасырлардағы жырауларда, Махамбетте, Абайда, одан беріде Мағжанда қолданылған теңеулер. Мысалы: селдей, моншақтай, қызғалдақтай, айдаһардай, арыстандай, жолбарыстай, найзадай, алдаспандай, қырмызыдай, таудай, жіптіктей, судай, дариядай т.с.с. Ауыз әдебиеті шығармаларында теңеу сөздер сын есім тудыратын -дай, -дей, -тай, -тей жұрнақтары арқылы да, секілді, сияқты, тәрізді, бейне, сықылды деген септеуліктер арқылы да жасалған. Жалпы қазақ тіліндегі теңеулерді Т.Қоңыров жасалу жолдарына қарай он топқа бөлгендігі белгілі [3, 11]. Ал теңеулердің синтаксистік құрылысына келгенде, ғалым оларды жалаң теңеулер, күрделі теңеулер, бірыңғай теңеулер, толымды теңеулер, толымсыз теңеулер, болымсыз теңеулер деп алтыға бөліп қарастырады [3, 22-40]. Бернияз Күлеев шығармаларының тілінде синтаксистік құрылымына қарай жіктеліске түскен теңеулердің бұл алты түрі де ұшырасады.

Жалаң теңеулер - теңеудің байырғы түрлерінің бірі. Т.Қоңыровтың айтуынша, теңеудің бұл түрінде сөйлемнің тұрлаулы және тұрлаусыз мүшелері толық болмайды немесе кейбірі түсіріліп айтылады. Ондай теңеулер, синтаксистік тұрғыдан келгенде, жалаң сөйлемге ұқсайды. Т.Қоңыровтың жалаң теңеулер деуі де осыдан туындаса керек.


Қайрат қызса, құмды судай сапырдық,

Таудай істі түк көрместен жапырдық.

Аламыз деп алтын айды аспаннан



Арыстандай айбат шегіп атылдық -
деген төрт өлең жолынан тұратын үзіндіде судай, таудай, арыстандай деген үш теңеу бар десек, сөйлемдердің морфологиялық тұлғасына= көрініп тұрғандай "сен" деген қимылды атқарушы, істі жүзеге асырушы субъект жасырын тұр. Сонымен бірге бұл екі сөйлемде тұрлаусыз мүшелер де толық емес. Мұндай жалаң теңеулер Бернияздың өлеңдері мен поэмаларында көптеп кездеседі, сол себепті де теңеудің өзге түріне қарағанда осы жалаң теңеулер ең көп қолданылған деуге негіз бар.

Өзінің құрылысы жағынан күрделі теңеу - жалаң теңеуге қарама-қарсы құбылыс. "Мұнда не образ, (көбіне образ) не предмет немесе екеуі де өздеріне бүтіндей күрделі ұғымды негіз етіп алады да, соның нәтижесінде күрделі ойға негізделген, шытырман суретке құрылған, эмоциялық-экспрессивтік әсері күшті теңеулік образдар жасалады", - дейді Т.Қоңыров [3, 23]. Теңеудің осындай күрделі түрі Б.Күлеев поэзиясында да көрініс тапқан. Негізінен, мұндай екі немесе одан да көп тілдік компоненттерден жасалатын теңеулер адамның не құбылыстың кейпін беруде қолданылып, суреттеліп отырған объектіге мейлінше бейнелілік үстемелейді. Айталық: шын сұлудай, ақ сұңқардай, алтын қияқты найзадай, айбатпен аузын ашқан айдаһардай, жас жігіттей көңілі шағылмаған, зіл тастай момын көңіл т.с.с. Бұл теңеулердің қай-қайсысында да жалаң теңеулерге қарағанда, образ айқын, автордың айтпақ ойы, поэтикалық идеясы бүтін берілген.

Теңеу сөздердің келесі бір түрі - бірыңғай теңеулер. Бірыңғай теңеулер конструкцияға құрылған. Бұл теңеулердің өзге теңеулерден басты айырмашылығы - олар бірдей морфологиялық тұлғада тұрып, бірыңғай синтаксистік қызметте болады. Ең бастысы бірыңғай теңеулер арқылы автордың айтпақ ойы бір-бірімен толықтырылып, үдемелі ыңғайластық қатынаста болады. Мәселен, Бернияздың "Іңкәр жүрек" поэмасында:
Жауқазындай жайқалып,

Жан біткендей шайқалып,

Сыбырласты сала да


деген жолдардағы асты сызылған сөздер бірыңғай теңеулер. Егер олардың лексика-семантикалық қызметіне қарасақ, онда бірыңғай теңеулер қосарлана келіп, негізінен, бір объектінің жай-күйін көрсетеді. Теңеудің бұл түрі ақынның лирикасына қарағанда поэмаларында жиі кездеседі. Соған қарағанда олардың оқиғасы күрделі әрекетті беруге бейім екендігін көруге болады. Мұндай тұжырым жасауымызға бірыңғай теңеулердің прозалық шығармаларда көбірек ұшырасатынын да дәйек ретінде айта кетудің маңызы бар.

Толымды теңеулерді орыс тіл білімінде бірқатар зерттеушілер арнайы қарастырған. Олардың қатарында В.В.Томашевский, т.б. атауға болады [4]. Теңеуді толымды және толымсыз деп бөлушілердің пікірінше, ең басты мәселе - теңеуге тән конструкцияның барлық бөліктерінің яғни объектінің, образдың, белгінің түгел болуы немесе болмауы. Мәселен,


Бірінен бірі жарық сансыз жұлдыз,

Көрсетер көкті көркем бейне күндіз.

Жарқылдап жалақ ойнап жүрген қыздай,

Жалт етер жымың қағып қалдырған із.


деген тармақтардағы бейне күндіз "Әдемі түн" теңеуі образ болса, жұлдыз - объект, ал белгісі - көрсетер көкті. Осы үзіндідегі тағы бір теңеу "қыздай" десек, ол толымды теңеудің компоненті болады. Мұнда объекті ортақ, ол - жұлдыз, ал белгісі - "ойнап жүрген", образы - "қыздай" болады.

Толымсыз теңеуде теңеуге тән үш компоненттің бірі түсіріліп беріледі. Мәселен, Б.Күлеевтің "Әдемі түн" өлеңі:


Ай сүттей, аспан жылтыр, желсіз тыныш,

Айнала естілмейді ешбір дыбыс

деген жолдардан басталған. Аңғарсақ, сүттей - образ, ай - объект, белгі - жарық болуы керек, алайда өлең мөлшері, буын, бунақ саны ол екі сөзді қажет етпейді. Бұл - көркем әдебиет үшін сыйымды құбылыс. Егер сол жолдардың синтаксистік құрылымына талдау жүргізсек, онда ол ықшамдау құбылысының заңдылығынан туған ерекшелік болып шығады.

Теңеу болып тұрған сөздерді синтаксистік жағынан саралағанда, соңғы алтыншы түрі - болымсыз теңеулер. Болымсыз теңеу кейбір орыс ғалымдарының анықталмаған теңеу деген түріне келеді. Мәселен, А.Квятковский [5, 282], И.Б.Голуб [6, 239] теңеудің осы түріне ерекше мән бере тоқталған. Бұл теңеудің жасалуы жөнінде Т.Қоңыров: "... қазақ тіліндегі болымсыз теңеулер -ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе жұрнақтарының және жоқ пен емес сөздерінің көмегімен пайда болады" - деп үш жолын көрсетеді. Бернияз поэзиясында, негізінен алғанда, болымсыз етістіктің жұрнақтары арқылы жасалған түрлері жиі кездеседі:


Жас жігіттей көңілі шағылмаған,

Жас қыздардай қызығы арылмаған.
Біздің ойымызша, теңеулерді бұлай алты топқа бөле қарастыру синтаксистік жағынан алғанда ғана өзін-өзі ақтайды. Өйткені көптеген теңеулер лексика-семантикалық, морфологиялық жағынан келгенде жоғарыда жеке-жеке көрсетілген теңеулер шеңберіне сия бермейді. Кейбірі әрі толымды, әрі бірыңғай болуы немесе әрі толық, әрі болымсыз болуы мүмкін. Дегенмен, тілдің арнайы бір саласы, синтаксистік жағынан келгенде, теңеулерге осылай классификация жасаудың жөні бар екендігіне қосыламыз.

Тілдегі сөздердің логика-семантикалық топтарға бөлінетіндігі жөнінде шетел ғалымдары Ш.Балли [7], Б.Рассел [8], Р.Карман [9], орыс ғалымдары Б.З.Панфилов [10], Н.Д.Арутюнова [11], Ю.С. Степанов [12], О.С.Ахманова [13], т.б. айтқан еді. Біз ілгеріде келтіре кеткен зерттеулерінде Т.Қоңыров та теңеулерді логика-семантикалық жағынан қарастыра отырып, оларды ассоциациялық типтерге бөледі. Ғалымның айтуынша, ондай типтер бесеу. Теңеулерді өнімді қолданған Б.Күлеев шығармаларынан осы типтердің барлығын дерлік кездестіруге болады. Парадигмалық және синтагмалық құбылыстармен байланысып келетін мұндай ассоциациялық топтар объектінің, образдың, белгінің функцияларына қатысты болады. Мәселен, бірінші жағдайда объект (Т.Қоңыров оны предмет деп атайды) біреу болады да, образдар мен белгілер көп болады. Бернияздың "Жастық күнім" өлеңінің объектісі - жастық күн. Кесте арқылы көрсетсек, былай болып шығады:

Екінші типте бір образ бірнеше затқа бірдей қаратыла айтылады. Бұл жерде теңеудің бейнелеу құралы ретіндегі мүмкіндігінің кең екендігін және семантикалық өрісінің де үлкен екенін аңғаруға болады. Себебі, теңеу сөздердің семантикалық мағынасы теңелген затқа байланысты, салыстырылған объектіге қатысты әрдайым жаңа семантикалық өріс тудырып отырады.

Келесі ассоциациялық топта объекті мен белгі біреу, образдар әр алуан болып келеді, яғни автор белгілі бір затты немесе құбылысты бейнелеу барысында түрлі теңеулерді қолданған. Б.Күлеев поэзиясындағы осындай объекті мен белгінің тұрақты түрде болып келу жиі байқалады.

Б.Күлеевтің өлеңдері мен поэмаларында, негізінен, логика-семантикалық ассоциацияның екінші типі кездеседі де, әр түрлі белгілер мен объектілерді бейнелеуде сұлудай, қызғалдақтай, жолбарыстай, арыстандай, судай, бұлақтай т.с.с. теңеу түрлері актив қолданылады.

Теңеу сөздерді семантика-стилистикалық жағынан да бөлу - тіл білімінде бұрыннан бар дәстүр. Теңеулерді осылай бөлуде ғалымдар әр қилы пікірлер айтады, содан барып кей жағдайда терминологиялық жағынан бұл мәселеде бірізділікті ұстана бермейтіні байқалады. Біз өз жұмысымыздың мақсаты мен міндеттеріне қарай, Б.Күлеевтің тілі мен стилін сипаттай алатын семантика-стилистикалық мәні айқын бірнеше түрлерді ғана алып, талдау жүргізбекпіз.

Семантика-стилистикалық белгілері арқылы теңеулерді әр түрлі топтарға бөле қарастыру олардың бейнелі сөз ретінде тілдің басқа да осындай көркемдік құралдарымен, лексикалық бірліктерімен байланысу мүмкіндіктерінің мол екендігін байқатады, сондай-ақ теңеулердің семантика тудыру ерекшелігін, стилистикалық қызметін аша түсетіні сөзсіз.

Ақынның поэзиялық туындыларында эпитеттік теңеулер, метафоралық теңеулер, гиперболалық теңеулер, литоталық теңеулер кездесіп отырады. Эпитеттік теңеулердің құрамындағы эпитет теңеу болып тұрған сөздің бір белгісін, мөлшерін-қасиетін, түр-түсін, сынын айқындап тұрады да, жұрнақ жалғанбай не жекеше, не көпше түрде қолданылады:


Айдын көлде ақ күмістей мөлдір су,

Мөлдір суда жібектей жұқа мұнар бу

"Гүл"
немесе,
Күн күлімдеп, жаңа жаздай туып,

Жер жаңармай қайырылмас қайта қайырылмас

"Күз"
деген үзінділердегі ақ күмістей, жаңа жаздай деген тіркестер эпитеттік теңеулер болып, оның беретін бейнелілігін арттыра түседі. Теңеулердің ішінде ауыспалы мағынамен селбесе келетіндері метафоралық, метонимиялық және синекдохалық теңеулер десек, Бернияз шығармаларында соңғы екеуі аса көп кездесе қоймайды, мейлінше арнайы айтуға тұрарлық қолданыс тапқаны - метафоралық теңеулер. Мысалы,
Жас қызғалдақ секілді жетпей солған,

Көріңдерші, әйелдің мүшкіл халін?!


дегенде, әйелді қызғалдаққа теңеу тура емес, ауыс мағынада туған образ. Суарған семсер сияқты, Жастықта жатпа, жайпаңда; Жүрегім жүзге тілініп, Оттай жанып лаулады деген сөйлемдерде ауыспалы мағынаға ие болып тұрған метафоралық теңеулер кездеседі. Метафоралық теңеулерде метафора мен теңеу арасы жуықтай түседі. Сол себепті оған қарап теңеуді троп ретінде қарастыратын ғалымдар да бар. Құбылыстың күйін немесе заттың ерекшелігін асыра айту, әсіресе, қаламгердің эпикалық шығармаларына тән. Оны "Жорық" поэмасынан көреміз. Бернияз мұндай гиперболалық теңеулерді қолдануда өзінің алдындағы әдебиеттегі дайын теңеулерді де қолданады. ХҮ ғасырдағы жыраулар поэзиясының ең көрнекті өкілдерінің бірі - Қазтуған жыраудың:
Балығы тайдай тулаған,

Бақасы қойдай шулаған

немесе,

Балдырғаны білектей,



Баттауығы жүректей
деген жолдарын келтіреді. Сондай-ақ, ақынның төл қолтаңбасы болып табылатын авторлық теңеулері де аз емес. Айталық,
Толғандым да долдандым,

Дәу перідей қозғалдым

Албастыдай еліріп,

Жалмауыздай емініп.


Гиперболалық теңеулер шығармаға экспрессивті-эмоционалды реңк үстемелеп, стилистикалық мәнде жұмсалады. Гиперболалық теңеулерге семантикалық жағынан қарама-қарсы литоталық теңеулер де ақын поэзиясының тіліне тән. Ақынның белгілі бір кездегі көңіл күйінен хабар беретін:

Аспан саған алақандай бір уыс,

Жердің жүзі тебінгідей тар қуыс
деген өлең тармақтарындағы литоталық теңеулер де стилистикалық мәнде жұмсалған.

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Ахметов З. О языке казахской поэзии. Алматы: Наука, 1975. - 210 б.

2. Байтұрсынов А. Шығармалары. Алматы: Жазушы, 1984.

3. Қоңыров Т. Қазақ теңеулері. Алматы: Мектеп, 1978. - 192 б.

4. Томашевский Б.В. Стилистика и стихосложение. Ленинград, 1959. -270с.

5. Квятковский А. Поэтический словарь. Москва: Советская энциклопедия, 1966. - 375 с.

6. Квятковский А. Поэтический словарь. Москва: Советская энциклопедия, 1966. - 375 с.

7. Голуб И.Б. Стилистика современного русского языка. Москва: Высшая школа, 1986. - 335 с.

8. Балли Ш. Общая лингвистика и вопросы французского языка. Москва, 1955. - 416 с.

9. Рассел Б. Человеческое познание. Москва, 2002. - 464 с.

10. Карнап Р. Значение и необходимость. Москва, 1959. - 169 с.

11. Панфилов В.З. Грамматика и логика. Ленинград: Наука,1963. - 78 с.

12. Арутюнова Н.Д. Логические теории значения // Принципы и методы семантических исследований. Москва, "Наука", 1978.

13. Степанов Ю.С. В трехмерном пространстве языке. Москва: Издательство МГУ, 1985. - 258 с.

14. Ахманова О.С. Словарь лингвистических терминов. Москва, 1969. - 607 с.

Редакцияға 1.02.2008 қабылданды

Б. Келгембаева



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   37




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет