Шыңғыс хан шапқыншылығы заманында елімізде ислам дінінің таралу тарихы
ХІІІ ғасырдың бас кезінде, яғни, 1219 жылы Орта Азияға Шыңғыс хан жорығының басталғаны белгілі. Бұл сол кездегі аса ірі жойқын соғыстың басталуы болса, екінші жағынан бұл соғыс мәдениеттер қақтығысының да бастауы болатын. Атап айтар болсақ, моңғол мәдениетімен түрік мәдениетінің, түрік мәдениетімен парсы мәдениетінің қақтығысы.
Шыңғыс хан және ол бастаған моңғол шапқыншылығы жалпы адамзатқа, әсіресе түріктерге, олардың болмысына, дініне, жалпы мәдениетіне не әкелді? Жақсылық немесе жамандық әкелді деп жәй айта салу мүмкін емес. Осы мәселе бойынша бүгінде ғалымдарымыздың, зерделі қауымымыздың арасында қарама-қарсы екі ой, көзқарас қалыптасқан. Ортақ көзқарас жоқ. Бірі тек қана зұлымдық әкелді, болмысты, мәдениетімізді бүлдірді десе, екіншісі, оған қарсы түрік болмысын, мәдениетін парсы мәдениетінен, дінінен, болмысынан, тілінен сақтап қалды деген ойды алға тартады. Енді, осылардың көзқарастарын қарастырып, таразыға сала отырып өз ойымызды дәлелдеп көрейік.
Академик В.В.Бартольд моңғолдардың шапқыншылығы жөнінде былай дейді: "Культурная страна была завоевана диким народом, еще совершавшим человеческие жертвоприношения; при завоевании городов жители иногда подвергались поголовному избиению, кроме нужных завоевателям ремесленников, которые уводились в плен. Людям, пережившим такие ужасы, естественно, казалось, что стране не оправиться и в тысячу лет. Под влиянием отзывов современников и европейские ученые полагали, что монгольским завоеванием был нанесен культурной жизни Азии и Восточной Европы еще более тяжкий непоправимый удар, чем, например, культурной жизни Южной Европы великим переселением народов" [1].
Т.Арнольд "Ислам діні, өз тарихында қауіп-қатерлер мен соғыстардың ішінде Моңғол шапқыншылығынан асқан зияндысын көрген емес. Шыңғыс ханның әскерлері аққан селдей келіп, Ислам орталықтарының бәрін ойрандап, мәдениеттің жетістіктерін жапырып жіберген. Бірақ, Ислам тоқыраудан тез оянды; құлаған үйлердің тамтықтарының арасынан қайтадан шығып жаңғырды және сол варвар шапқыншылардың өзін өзіне (ислам дініне - Б.Ш.) тарта бастады" дейді [2].
Отандық тарихшыларымыз "Моңғол шапқыншылығы мен оның өктемдігі Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанның қалыптасқан шаруашылығының дамуының экономикалық негізін қиратып, осынау аудандардың бірігу процестерін баяулатып, қиюын қашырады, сөйтіп, олардың өзара шаруашылық, этникалық, мәдени жағынан бір-біріне және төңірегіндегі далаға әсер етіп, араласып-құраласып кетуіне кесірін тигізеді. Ол жаулап алған елдердің, оның ішінде Қазақстанның да, әлеуметтік-экономикалық құрылысын белгілі дәрежеде кері кетіреді. Қоғамдық қатынаста оның ең бір артта қалған түрлері, тіпті құл иеленушілікке дейін - қолданылатын болды. Моңғолдар жаулап алған егінші-отырықшы елдерде, мысалы, Орта Азия мен Қазақстанда қоғамдық қатынастарға ешбір жаңалық енгізе алмады, ал соңғы екі аймақта феодализмнің еншіліктер жүйесі мен жер-суды шартты түрде тарту етіп беру жүйесі баяғыдан жүзеге асырылып келе жатқан еді" [3] - дейді.
Жоғарыда айтылғандардан Шыңғыс хан шапқыншылығы жаулап алған жерлеріндегі қалаларды талқандағанын, халқын аяусыз қорлағанын, үлкен материалдық-әлеуметтік шығынға ұшыратқанын, рухани-мәдени орталықтарын, соның ішінде мешіт, медреселерді де ойрандағанын көреміз. Осылайша түрік халықтарын өз ықпалында ұстап, абсолюттік билік орнатуға ұмтылғанын көреміз.
Шыңғыс ханды жақтаушылар негізінен екі дәлелді алға тартады. Біріншісі, Шыңғыс хан көшпелі мәдениеттің өкілі, сондықтан ол көне түрік мемлекетін, оның мәдениетін, ұлттық болмысын қайтадан бұрынғы қалпына келтіруші, қорғаушысы. Екіншісі, Шыңғыс хан түрік нәсілінен, сондықтан да ол түріктерге көмекке келіпті-міс.
Мысалы, тарихшы-ғалым З.Жандарбек "Соғыстың алғашқы кезеңі, түрік халықтарын азат ету мақсатында жүргізілді" - деген ой айтады. Яғни, түріктерді парсы мәдениетінен, дінінен құтқарушы ретінде көрсетеді [4]. Соған байланысты түріктер Шыңғыс ханды көптен күткен құтқарушылары ретінде шын ниеттерімен қарсы алыпты-мыс. Бұл ойын ғалым Рашид ад-диннің шығармаларына сүйене отырып дәлелдеуге тырысады. Мысалы, "Қаялық билеушісі Арслан хан, Бесбалықтағы ұйғыр билеушісі Идиғұттардың Шыңғыс хан жағына шығуы олардың барлығының Шыңғыс ханды толық қолдағанын көрсетеді" [5]. Сондай-ақ Отырар қалашығында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары, қаланың өрт шалған бөлігі тек қаланың ішкі қорғанында ғана бар екенін дәлелдеп берді. Мұның өзі Отырар халқының да Шыңғыс хан әскеріне жаппай қарсылық көрсеткенін байқатады - дейді [6].
Сонымен қатар дін басыларының Шыңғыс хан жағында болып, елді қарсылықсыз берілуге шақырған елшілік қызметтер атқарғанында құтқарушыға көрсетілген құрмет есебінде бағалайды. Ал қарсылық көрсеткендердің түгелімен қырылғандығын мына көрініс арқылы көрсетеді: "Хусейн Қожа Сығанақ халқын Шыңғыс хан әскеріне қарсыласпай берілуге үгіттейді. Бірақ халық оны тыңдамай өлтіреді. Осы үшін моңғолдар қала халқын түгелімен қырады" [7].
З.Жандарбек ойын қорыта келе былай дейді: "Шыңғыс хан Түрік мемлекеттігін қайта қалпына келтірді. Сол тұлғаның еңбегінің арқасында түркі дүниесі жеке халық ретінде жер бетінде өмір сүру мүмкіндігін алды. Бұл оның адамзат тарихындағы басты миссиясы болды. Түркі дүниесі өз дамуының жаңа сатысына аяқ басты" [8].
Ал, жоғарыда келтірілген тарихи деректер, керісінше түріктердің дамуын Шыңғыс хан шапқыншылығының бірнеше ғасыр уақытқа тежегенін көрсетеді.
Енді, жоғарыдағы келтірілген дәлелдемелерді талдап көрелік. Біздің ойымызша түріктер Шыңғыс ханды құтқарушылары ретінде қарсы алмаған. Олар өздерінің дәрменсіздіктеріне байланысты қарсылықсыз бағынуға мәжбүр болған. Оның себебі түрік мемлекеттерінің арасында үздіксіз қырқыстар болып жатуына байланысты ауызбіршіліктің болмағандығы. Сондықтан амалсыздан қарсылықсыз берілу айласына барған.
Екіншіден, сол кездегі ел қамын ойлаған зиялы қауым өкілдері, әсіресе, дін қызметкерлері, халықты аман алып қалу үшін оларды қарсыласпай берілуге әдейі шақырған. Оған мысал Мұхаммед Зарнукидің Зарнұқ қаласы халқын қарсыласпай берілуге көндіруі, Шыңғыс ханның ол қалаға "Құтылғ балық", яғни "Жақсы қала" деп ат беруі дәлел бола алады.
Үшіншіден, қалаларды қиратпаған деген ойда шындыққа сай келмейді. Отырар қаласының іші ғана емес, сыртыныңда жермен-жексен болғанына тарих куә және тек бір ғана Отырар емес Сырдария бойындағы бірнеше қала Отырар кебін киген.
Жалпы Рашид ад-диннің жазбалары болған оқиғалар жөніндегі талдауы жоқ тарихи фактілер ғана. Ал қарапайым фактілерден бір беткей ғылыми тұжырымдар жасау тарихты бұрмалауға алып келетіні анық.
Сонымен бірге Шыңғыс ханды мәдениетімізді дамытушы, барлық діндерге еркіндік берген ұлы тұлға ретінде көрсетушілер де бар. Мысалы, журналист Әмірхан Балқыбек "Шыңғыс хан - далалық тұлға" деген мақаласында "Жаулап барған жеріндегі халықтың діни сеніміне қиянат жасамау да ұлы Шыңғыс ханнан қалған өнеге" дейді. Автордың бұл ойымен келісуге болмайды. Себебі "Шыңғыс мұсылмандардың құрбан айт кезінде құрбан шалуына тиым салып, бұйрығын орындамаған мұсылмандарды ату жазасына кескен" [9]. Керісінше моңғолдардың әдет-ғұрпын, дәстүрін енгізе отырып, түріктердің болмысын өзгертуге тырысқан.
Осылай мұсылмандардың қалыптасқан әдет-ғұрпы, дәстүріне қарсы болған.
Немесе келесі бір бұйрығының мазмұнын қарастырып көрелік: "Он разрешил употреблять в пищу кровь и внутренности животных; когда хотят есть животное, должно связать ему ноги, распороть брюхо и сжать рукой сердце, пока животное умрет и тогда можно есть мясо его; но если кто зарежет животное, как режут мусульмане, того зарезать самого..." [10].
Шыңғыстың көзі тірісінде өзінің кейбір ұлдары да оның мұсылмандарға жасаған зұлымдығын істеген. Мысалы, Шағатай хан құрбан шалуға және бай дәреті құйынуға қарсы болған, тіпті, қасындағылардың "мұсылман" сөзін айтуына тек бәлағаттау мақсатымен болғанда ғана рұқсат еткен. Бұл қылықтары жөнінде тарихшы Ата Мәлік Жуайни былай деген: "Шағатай ханның билігі тұсында мұсылмандар өте қиын уақытты бастан кешті, өйткені ислами үкімдер бойынша мал бауыздап союға және күндіз суға түсуге қатаң түрде шек қойылған-ды. Осы шек салдарынан сол жылдары Хорасан елінде ешкім әшкере мал бауыздй алмады. Аталмыш шектің жойылуы үшін мұсылмандар арызданғанда, Шағатай хан оларды: "Арам еттен жеңдер!" деп, қайтарушы еді" [11]. Бұдан оның ұрпақтарының да мұсылмандарға қатынасы қандай болғаны байқалды.
Осы жерде ажыратып алатын бір мәселе ол Шыңғыстың жеке басының ислам дініне, түрік мәдениетіне қатынасы және оның өлімінен кейінгі ұрпақтарының қатынасы.
Шыңғыс хан Орта Азияда бар болғаны сегіз-ақ жыл өмір сүрген. Осы уақыттағы негізгі мақсаты түркілерді толықтай өз билігіне бағындыру болған-ақ. Олардың мәдениеті, діні, тілі, т.б. оны онша қызықтырмағанға ұқсайды. Олай дейтініміз Шыңғыс дүниеден өтерінің алдында ғана Бұхараға әдейі адам жіберіп Эшреф деген білімді қадиді алдырады. Мақсаты ислам діні жөнінде білу, мұсылман деген кім, оның атқаратын парызы қандай, оларға түсініктеме алу болған. Бұны Әбілғазы бахадур хан өзінің "Көне түркілер шежіресі" деген еңбегінде баяндайды. Бұл жағдайдың өзі оның ислам діні жөніндегі бұрын түсінігінің, көзқарасының қандай деңгейде болғандығын аңғартады [12]. Егер де ислам дініне оның көзқарасы бұрын қалыптасқан болса, онда мешіт, медресе, сарайларды қиратпаған болар еді ғой. Сондықтан Шыңғыс хан мұсылмандыққа оң көзімен қараған, исламға жақын болған, дінге қиянат жасамаған, діндерге еркіндік берген деген тұжырымдар шындыққа сай келмейді. Оның Орта Азиядағы іс-әрекеті, жүргізген саясаты соған дәлел.
Шыңғыс хан өлгеннен соң оның шапқыншылық саясатын оның ұрпақтары әрі қарай жалғастырды. Мысалы, Жошының орнына таққа отырған оның ұлы Бату хан дәуірінде империяның көлемі одан әрі кеңейгені белгілі. Оның Батысқа қарай жасаған жорығында орыс княздіктерін талқандап, Польша, Венгрия, Чехия және басқада елдерді жаулап алды. Жеті жылға созылған жорығында Бату билігіне Еділдің батыс жағынан Дунай өзенінің төменгі сағасына дейін, Қырым мен Солтүстік Кавказ және батыс-қыпшақ даласы бағынышты болды. Еділдің төменгі сағасына қайтып оралған Бату жаңа моңғол мемлекетін құрды. Кейіннен ол мемлекет Алтын Орда деген атқа ие болды.
Сонымен қатар, Шыңғыс хан өлгеннен соң оның ұрпақтары жергілікті халықтардың мәдениетін, дәстүрін, тілін, дінін қабылдап, түркілене бастайды. Бұл процесс әсіресе ХІІІ ғасырдың соңы ХІV ғасырдың басында қарқынды жүріп, ал ХІV ғасырда моңғолдар толықтай түркіленіп болады. Бұл заңды құбылыс. Осы кезде Алтын Орда халқы моңғолдармен қоса "татарлар" деп атала бастайды.
Алғаш ислам дінінің шиғалық бағытының кубравия тариқатын қабылдаған Солтүстік Кавказ бен Дербент маңын билеген Берке хан болды. Ол осы тариқатқа арқа сүйеп, олардың өкілдерін дін тарату үшін әр жаққа жібереді [13]. Ислам дінін мемлекеттік идеологияға айналдыруға тырысады. Яғни, дінді мемлекетті біріктіретін басты күшке айналдыруға күш салады. Бірақ, бұл саясаты түрік халықтары жағынан қолдау таппайды. Себебі, кубравия тариқаты олардың рухани дүниесіне жат, парсы мәдениеті мен дәстүріне негізделген ағым болатын.
Ал, Алтын Орда тағына 1312 жылы отырған Өзбек хан ислам дінінің сопылық бағыты иасауия тариқатын мемлекеттік дін ретінде қабылдайды. Мемлекеттің басқару жүйесін көне түркілік мемлекет басқару жүйесіне келтіреді.
Өзбек ханнан кейін таққа отырған Жәнібек хан иасауи тариқатынан бас тартып, шариғат жолына бет бұрады. Мемлекетті басқару саласына Ираннан, Хорасаннан, Хорезмнен нақшбандия тариқатының оқымыстыларын шақырады. Осы кезде иасауи тариқатын ұстанған түріктер нақшбандия тариқатына бет бұрған ханнан теріс айналады. Бұл, шын мәнісінде, ислам дінінің әртүрлі тариқаттарын ұстанған парсы және түрік мәдениеттерінің күресін көрсетті. Міне, осы процесс Қазақ мемлекеті құрылған кезеңге дейін жалғасып отырған.
Біздің ойымызша бұл процестің жалғасуының басты объективті себебі, абсолюттік билікке ұмтылған хандардың саясатына байланысты болған.
Шыңғыс хан ұрпақтары абсолюттік билікті сақтау үшін жергілікті түрік халықтары мәдениеті мен парсылар мәдениетінің қақтығыстарының өздерінің саяси ойларын жүзеге асыруға пайдалы екендігін түсінген. Сондықтан олардың рухани және материалдық күшін әлсірететін қару ретінде тариқаттар шайқасын әдейі пайдаланған. Бұл жөнінде нақты тарихи-діни және философиялық тұрғыдан келесі мақаламызды қарастырамыз.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Бартольд В.В. Культура Мусульманства. Москва, 1998, 88-бет.
2. Arnold Thomas. The Preaching of islam, Oxford, 1931, 71-бет.
3. Қазақстан тарихы, Алматы, Дәуір, 1994, 107-бет.
4. Жандарбек З. Йасауи жолы және қазақ қоғамы. Ғылыми зерттеу. Алматы: "Ел-шежіре", 2006, 53-бет.
5. Сонда. 53-бет.
6. Қараңыз: Жандарбек З. Йасауи жолы және қазақ қоғамы. Ғылыми зерттеу. Алматы: "Ел-шежіре", 2006, 53-бет/ Қожаев М. Отырардың қысқаша тарихы. - Түркістан: "Мирас", 1998, 68-бет.
7. Жандарбек З. Йасауи жолы және қазақ қоғамы. Ғылыми зерттеу. Алматы: "Ел-шежіре", 2006, 54-бет.
8. Сонда. 54-бет.
9. Бұлұтай М. Дін және ұлт. Алматы, "Арыс" баспасы, 2006, 503-бет/ Ersahin Seyfettin. Kirgizlar ve islamiyet, S/E/K Yayinlari, Ankara 1999, 41-бет.
10. Хара-Даван Эренжен. Чингис Хан как полководец и его наследие. Алматы, 1992, 183-187 беттер.
11. Бұлұтай М. Дін және ұлт. Алматы, "Арыс" баспасы, 2006, 503-504 беттер (/ Cuveyni, Ata Melik, Tarih-I Cihangusa, cev. M.Ozturk, Ankara 1988, I.)
12. Қараңыз: Әбілғазы. Көне түркілер шежіресі. М.1996, 78-бет.
13. Қараңыз: Тизенгаузен В.Г. Сборник материалов относящихся к истории Золотой Орды. Том 1 - Санкт-Петербург: 1884, с.507.
Редакцияға 28.02.2008 қабылданды
С.А. Уталиев
Достарыңызбен бөлісу: |