Артериялық қан ағу малдар үшін өте қатерлі. Себебі, қысқа уақыт ішінде қан тоқтату шаралары қолданылмаса, мал көп қан жоғалтып, қансырайды. Артериялық тамыр жараланғанда, қан атқылап, шапшып ағады. Қанның түсі-шымқай қызыл. Қан ағу көп уақытқа созылса, қан шапшуы әлсірей бастайды. Қан тамырдың қиылған өзегінің бірінен (орталык жағы), кейде қиылған өзегінің екі жағынан да ағуы мүмкін. Мысалы: малдың күре тамыры жараланса, қан қиылған тамырдың екі шетінен де шапшып ағады.
Веналық қан ағу. Вена қан тамыры жараланса, қан шапшымай жайлап, біркелкі ағады, түсі қоңыр қызыл. Қан жараланған тамырдың тек төменгі шетінен ғана ағады. Жүрекке жақын, кеуде қуыстарындағы вена қан тамыры жараланса, қауіпті жағдай тууы мүмкін. Яғни жараланған тамырға ауа кіріп, ауа эмболиясы атты жағдай туып, мал өлімге шалдығуы ықтимал. Сол себептен кеуде төңірегіндегі жарақатты тез арада матамен жауып, кеудеге ауа кіруін болдырмау керек. Кіші веналық қан тамырлары жараланғанда қан ағуы өз бетімен тоқтайды немесе жараланған аяқты көтерсе, қан тоқтату үшін соның өзі жеткілікті.
Капиллярлық қан ағу — деп ұп-ұсақ артерия мен қан тамырлардың (қылтамырлар) ең жіңішке бөліктерінен аққан қанды айтады. Жараланған жердің ұлпаларынан қан ағып тұрады. Қан ұю процесі нашарламаса, қанағу өз бетімен тоқайды.
Паренхималык, қан ағу дегеніміз — паренхималық органдар (бауыр, көк бауыр, өкпе) жараланғанда пайда болады. Бұл капиллярлық қанағуа ұқсас, бірақта өте қатерлі, себебі, бұл ағзалардағы ұсақ қан тамырларының өзегі өздігінен жабылмайды. Сондықтан қан тоқтату қиынға түседі. Қанап тұрған бауырды операция кезінде қара ет, фасция, фибриндік пленкалармен жауып, тығындап, қан тоқтату әрекетін жасаса, өкпенің жараланған жерін тігеді, қазір арнайы өзі кілейленетін гупка тығындарпайдаланылады. Ал көк бауырды операция кезінде алып тастайды.
Анатомиялық қанағудан басқа қанағуды топтастырсақ, механикалық қанағу (жаралану, жарақаттану себептерінен), тамыр қабырғаларының әртүрлі ауру себептерінен өзгеруі, қан құю процестерінің өзгеруінен, сыртқы атмосфералық қысымының азаюы не ұлғаюы, фосфор, бензол сияқты химиялық заттармен улану сияқты әртүрлі себептерден қанағу пайда болатынын айтқан жөн.
Ашық механикалық жарақаттарды емдеу. Жарақатты емдеуде қолданылатын шараның бірі, жарақатты зиянды әсерден қорғап, оның жазылуына қолайлы жағдай туғызуға бейімдеу. Ондай шаралар неғұрлым ерте және тиянақты жасалса, соғүрлым ол нетижелі болады. Жарақатты емдеу әдістері оның пайда болған уақытына, инфекция түсіп асқынуына қарай әр түрлі болады.
Жаңадан пайда болған жарақатты емдеу. Кездейсоқ, аяқ астынан пайда болған жеңіл, ашық жарақаттарға ем көрсетер алдында қосымша ластамауға әрекет жасау керек. Ағып тұрған қан болса, оны таза, стерильді дәкемен сүртіп, 5% йодтың спиртті ерітіндісін қайнаған сумен екі есе сұйылтып, соған шыланған мақта – мәрлі тампонды жарақатқа қойып, қысып таңғыш салу керек. Жарақат жеңіл, беткейлі, қан ағу аз болса оны өңдеуге септо – спрей, монклавит - 1 немесе антисептикалық ұнтақтар ақ стрептоцид, йодоформ қолданады. Таңғыш салу міндетті емес. Жарақат үлкен және терең болса жарақаттың айналасын, қуысын тазартып, жоғарыда аталған антибактериалдық дәрілердің бірімен өңдеп, шеттері бір-біріне беттестіріп тігіледі. Қазір бұл мақсатта жібек, капрон жіптермен қоса көпмақсатты, сіңіп кететін, полиамидті «Поликон» жібі қолданылады. Оны «сіңіп кететін» (сіңу уақыты 180 – 240 күн) және сіңбейтін жіп ретінде де қолдануға болады. Оған антибиотик сіңірілген, сондықтан тігіс айналасы іріңдемейді. Соған байланысты оны барлық ұлпаларды, теріні, бұлшық еттерді, сіңірді, қан тамырларын, ішкі үлпершек (паренхималы) ағзаларды тігуге қолдануға болады.
Жарақатты емдегенде оның кезеңдеріне қарай ем қолданады. Жарақатты емдеуің бірінші кезеңіндегі емдеу қағидалары (принциптері):
1. жарақатқа тыныштық беру;
2. орталық жүйке жүйесін артық ауырсыну сезімдерінен сақтау;
3. жарақатты өлі еттен және экссудаттан тазару;
4. инфекцияға қарсы өңдеу;
5. организмнің ауруға қарсыласу қабілетін жоғарлату.
Жарақатты емдеудің екінші кезендегі қағидалар (принциптер):
1. жарақата тыныштықпен бірге өлшемді қозғалыс беру;
2. грануляцияны тітіркенуден, жарақаттардан қорғау;
3. грануляция, эпителийзация және тыртықтану процесстеріне әсер ету;
4. эпителийзация процесстерін жеделдету;
5. неғүрлым жарақаттың орнында тыртықтың аз қалуына әрекет жасау;
Осы қағидаларды іске асыру үшін төменгі ем әдістері қолданылады:
1. механикалық емдеу әдістері;
2. физикалық емдеу әдістері;
3. химиялық емдеу әдістері;
4. биологиялық емдеу әдістері;
5. патогенетикалық емдеу әдістері.
Бұл емдеу әдістердің кейбіреулері арнайы бөлімдерде толық қарастырылатын болады.
Жарақатты механикалық әдіспен емдеу. Бұған жарақаттың айналасын механикалық тазалау және хирургиялық өңдеу әдістері жатады.
Жарақаттың айналасын механикалық тазалауда алдымен жарақаттың бетін стерильді дәкемен жабауып, оның төңірегіндегі жүндерін қырқып, қажет болса 0,1% марганец қышқылды калидің, фурацилинің ертіндісімен тазалап жуу керек. Құрғатып, йодталған спиртпен немесе 0,5% мүсәтір қышқылымен, теріні өңдеп, майынан тампон таза болғанша тазартады. Осыдан кейін 5% йод тұнбасымен, септо – спреймен немесе монклавит – 1 ерітінділерінің бірімен өңдеп, жарақаттың бетін ашады. Жарақаттың бетін ластанған қоқымнан тазартады, жоғарыда аталған антисептикалық ерітінділермен жуып шаяды. Осыдан кейін хирургиялық өндеуге кіріседі.