1 АБАЙ ҚАРА СӨЗДЕРІНДЕГІ КОММУНИКАТИВТІК ЕМЕС СИНТАКСИСТІК БІРЛІКТЕР
Абай «Қара сөздерінің» зерттелу жайы
Қазақ тіл білімінде А.Байтұрсынұлынан бастау алатын Абай шығармаларының тілі ғалымдар М.Дулатов, Қ.Жұбанов, С.Мұқанов, М.Әуезов, Қ.Жұмалиев, Х.Сүйіншәлиев, Қ.Өмірәлиев т.б. ғылыми зерттеулерінде тереңдей зерттелгені белгілі. Десек те бұл зерттеулерде Абай шығармаларының барлық қырлары ашылды деп айта алмаймыз. Сондай қырлары ашылмаған күрделі мәселелердің бірі – ақын қара сөздерінің зерттелу жайы. Ақын қара сөздері аталмыш ғалымдардың еңбектерінде тілдік норма, жанрлық, сильдік тұрғыдан ғана зерттелгенмен әлі күнге дейін лингвистикалық зерттеудің нысаны бола қойған жоқ. Осы күнге дейінгі зерттеулерге шолу жасау барысында ақынның қара сөздерін тілдік тұрғыдан жан-жақты талдап сипаттайтын арнайы еңбектің жоқ екеніне көз жеткіздік.
Ақынның «Қара сөздерінің» тілі туралы «Қазақтың бас ақыны» атты мақаласында алғаш рет ғылыми пікір айтқан ғалым А.Байтұрсынұлы болатын: «Абайдың қара сөздері жалпы адамның түсінуіне ауыр екені рас. Бірақ ол ауырлық Абайдың айта алмағанынан болған кемшілік емес, оқушылардың түсінерлік дәрежеге жете алмағанынан болатын кемшілік. Олай болса айып жазушыда емес, оқушыда» [3, 155-б.].
Ғалым Қ.Жұбанов «Абай – қазақ әдебиетінің классигі» деген мақаласында: «Абай біздің жазба әдебиетіміздің атасы болғанда, өлеңін, қара сөздерін тек қағазға жазғандығымен ғана емес, жазба әдебиет пен ауыз әдебиеттің осы айырмашылығын ашқандығымен де атасы болады. Қазақ әдебиетін ауыз әдебиеті дәрежесінен шығарып, неше мың жылдай көнігіп, етке, қанға сіңісіп болған ескі ауыз әдебиет дағдысынан құтқарған адам – Абай. Ескі ауыз әдебиетіндегі артық қыстырмалардан алғаш тазартқан да Абай» [4, 267-б.], - деп Абайдың жазба әдебиетіндегі орны туралы алғаш рет пікір білдірді.
Қазақ тіл білімінде Абай шығармаларының стилі мен грамматикалық тұлға тәсілдерін зерттеуші Х.Сүйіншәлиев («Абай Құнанбаевтың қара сөздері» (кандидаттық, 1952), «Абайдың қара сөздері», 1956), Қ.Өмірәлиев («Абай афоризмі», 1993), Т.Қордабаевтың («Қазақ жазбалары тілінің синтаксисі», 1966) ғылыми зерттеулерінде талданса, ғалым Р.Сыздықтың «Абайдың прозалық шығармаларындағы күрделі ойдың берілуі», «Абай шығармаларының тілі» (1968) және «Абай тіліндегі негізгі морфологиялық ерекшеліктер» (кандидаттық, 1971), «Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылысы» (1971) және «Абай шығармаларының тілі» (докторлық, 1974) атты еңбектерінде ақынның тілдік табиғатына алғаш рет тілтанымдық зерттеулер жүргізілді.
Қара сөздердің жанрлық ерекшелігі туралы алғаш рет ғылыми пікір айтқан М.Әуезов болатын. «Жалпы алғанда, – деп жазады М.Әуезов, – Абайдың барлық қара сөз дейтін мұралары көркем өзіне бөлек бір алуаны болып қалыптанады. Бұлар сюжетті шығармалар емес. Бұрынғы жазушылар қолданған естелік, мемуар да емес. Стиль, мазмұн жағынан алғанда, осы шығармалар Абайдың өзі тапқан, бір алуан көркем сөздің бір түрі. Кейде бұлар сыншылдық, ойшылдық және көбінше адамгершілік, мораль мәселелеріне арналған өсиет, талдау тәрізді. Бұл шығармаларда Абай өзінің оқушыларымен әңгімелесіп, жүзбе-жүз кездесудегі мәслихат, кеңес құрып отырған ұстаз тәрізденеді. Өзі онымен жауаптасып, әңгімелескен кісі тәрізденіп отырады» [5, 204-б.]. Жалпы Абай қара сөздерінің баспа бетін көріп, ғылыми талқыға түсіп, зерттеу нысанына айналуына М.Әуезовтің қосқан үлесі зор. Әсіресе ғалымның Абай қара сөздерінің жанрлық ерекшелігі, олардың саны мен тақырыбы, соның ішінде 38-қара сөз жөнінде келтірген ғылыми-теориялық тұжырымдары көптеген іргелі зерттеулер жасауда, пікірлер келтіруде басшылыққа алынып жүр.
Х.Сүйіншәлиев еңбегінде Абай қара сөздерінің тақырыбы мен идеялық мазмұны, ақын қара сөздеріндегі түр мен стиль, тіл ерекшеліктері зерделенсе, Қ.Өмірәлиевтің зерттеуінде: «Қара сөздерінің тақырыбындағы әр алуандастық оның лексикасына ғана емес, синтаксисінде де белгілі бір тіркестік орам, сөйлемдік түр табуға, ондай үлгіні әдейі ұстанып отыруға анық итермелеген сияқты» [6, 92-б.] демекші ақын қара сөздеріндегі кейбір грамматикалық ерекшеліктер сөз етілген.
Р.Сыздықтың «Абай шығармаларының тілі» атты еңбегінде: «Абай - әдеби тілдің проза жанрындағы бірқатар стильдердің ізін салған жазушы. Осы тұрғыдан Абай «Қара сөздерінің» тілін талдау арқылы қазіргі жазба әдеби тіліміздің сан салаға бөлінген стильдік тармақтарының даму барысын (алғашқы кезеңін) танып-білуге болады» [7, 3-4], - дегеніндей Абайдың әдеби мұрасы қазақ тілі тарихының материалы ретінде зерттелді.
Аталған ғылыми зерттеулерде қара сөздердің грамматикалық жүйесі арнайы зерттеу нысаны болмаса да, синтаксистік құрылысы жөнінде бірді-екілі пікірлер ұшырасады. Осы пікірлерге шолу жасап өтсек:
«Абай прозасының сөйлем құру – синтаксистік стиль ерекшелігі де бар. Оның сөйлемдері шұбалаңқы, түсінуі қиын сөйлем емес. Керісінше, жинақты, көбіне жай сөйлем. Кей сөйлемдері сұрау ретінде, кейбірі сөйлеу – диалог ретінде, кейбірі автор монологы есебінде келеді. Абай сөйлем құруында кейбір жаңалық та кездеспейді емес» [8, 150-б.], - деп Х.Сүйіншәлиев мұны Абайдың өзіне тән стильдік ерекшелігі тұрғысынан бағамдаса, Р.Сыздық Абай прозасының кейбір синтаксистік ерекшеліктерін сөз ете келе, қара сөздердің синтаксистік құрылысын әдеби тілдің даму тарихымен байланыстыра зерттейді.
Ғалым Т.Қордабаев өз зерттеуінде Абай шығармаларындағы синтаксистік категориялардың берілуі мен түрлерін баяндаса, Қ.Өмірәлиев «Абай қара сөздері синтаксисіндегі екі ерекшелік» атты мақаласында синтаксистік үлгілердің жасалуындағы ерекшеліктерді әдеби тіл мен нормаға қатысты қарастырады. Зерттеуші Р.Сыздық еңбегінде Абай қара сөздерінің синтаксистік құрылысын талдай келе олардағы кейбір сөйлем түрлеріндегі сөйлем мүшелерінің орын тәртібіндегі, төл сөз конструкциясындағы ерекшеліктер сөз етіледі. «Абай «Қара сөздеріндегі» құрмалас сөйлемдердің берілуі» деген мақаласында құрмалас сөйлемнің түрлері, бағыныңқы сөйлем баяндауышы болып келетін есімше, көсемше, шартты рай тұлғалардың қызметін, шылаулар мен есімдердің қатысуы жан-жақты дәйектелген. Сонымен қатар Р.Сыздық Абай шығармаларының тілін зерттей келе мынадай қорытынды жасап, ондағы бірнеше ерекшеліктерді атап кетеді.
«Синтаксис саласында (прозалық шығармалар тілінде):
Күрделі ұзын-ұзақ конструкциялар бар. Олар: құрмалас сөйлемдер мен бірыңғай жайылма мүшелері бар сөйлемдер. Бұл – Абай тұсындағы қазақ прозасына тән тәсіл, бірақ Абайда бұлардың өзгелерден принципті айырмашылығы бар.
Синтаксистік параллелизмдер көзге түседі. Бұл – Абай прозасына оның поэзиясы тілінің тікелей еткен әсері. Синтаксистік тәсілдер – Абайдың ең сипатты индивидуалдық белгілерінің бірі.
Сөйлем мүшелерінің, құрмалас сөйлем компонентінің орын алмасып келген сәттері бар. Бұл – ауызекі сөйлеу нормасының ықпалы Абайда өте аз, өзге нұсқаларда едәуір.
Ауызекі сөйлеу стилінде құрылған сөйлемдер бар. Олар толымсыз сөйлемдер мен дәнекер шылаулары түсіріліп берілген конструкциялар.
Төл сөзді конструкциялардың берілуінде ертеден келе жатқан, сол кездегі әдби тілген тән тәсілі де (сөйлемдердің деп-ке аяқталуы, айтты деді, сөйледі, сұрады тәрізді сөйлеу етістіктерінің екі реттен қайталап келуі), жаңа тәсілдерді де (осы күнгі нормативтік тәсілдер) бар. Абай мен Ыбырай – бұл салада алғаш жол көрсетушілер.
Міне, қазіргі нормамен салыстырғанда сай келмейтін «ерекшелік» принципімен алынған грамматикалық тұлға-тәсілдердің Абай тіліндегі басты топтары осылар» [7, 318-б.].
Абай «Қара сөздерінің» мәтінін философиялық герменевтика тұрғысынан белгілі философ Ғ.Есім де зерттеді. Философиялық герменевтика үлкенді-кішілі тілдік бірліктердің семантикалық, когнитивтік, подтекстік, контекстік сипаттарына сүйенетінін ескерсек, Ғ.Есімнің зерттеуін де лингвистикалық зерттеуден алшақ жатқан, оқшау, бөлек зерттеу деп айтуға болмайды.
«Түсінікті түсіну деген сөз – біреудің ойлау тәсілін меңгеру. Мысалы, Абай Алла тағала адамзатты махаббатпен жаратқан дейді. Бұл – ақынның түсінігі, біздің түсінікті түсіну әрі түсіндіру. Сол себепті екінші бөлімді «Түсініктер туралы түсініктер» деп атадық» [9, 88-б.], деп «оқырман санасына бірден жол таба алмайтын түсінік беруге талаптандық» [9, 88-б.] деуі – көне мәтіндерді түсіндіріп талдау – мәтін герменевтикасы қарастыратын мәтін лингвистикасының негізгі нысаны болып табылады. Ғалымның бұл зерттеуі қара сөздерді мәтін теориясы тұрғысынан зерттеп-зерделеуде бағыт-бағдар болары анық. Сондай-ақ, философтың: «Абай ойына келген нәрселерін еркін айту үшін жанр ойлап тапқан. Ол – сөз жанры. Ақынның қара сөздері – еркін ойдың жанры. Мұнда ешқандай бір дәстүрге, тәсілге бағынушылық жоқ [9, 300-б.]» деген тұжырымы да Абай қара сөздерінің жанры төңірегінде таласып жүрген зерттеушілердің басын, қосып ортақ бір пікірге келуге бастама болады деп санаймыз.
Академик ғалым Р.Сыздық «Абай тілін танудың жаңа қырлары немесе мәтін теориясы бойынша зерттеулер» атты мақаласында ғылымның бар салаларындағыдай, оның тілтаным атты тармағында да әр кезеңде жаңа бағыттардың, жаңа жүйелердің пайда болып жататындығын ескертіп, «тіл маманы шығарманың мәтінімен жұмыс істеп, ашық айтсақ, шығарманың мәтін арқылы қолданысқа түскен сырын, яғни оқырманға қалайша жеткенін немесе жеткізілу көзделгенін зерделейді. Ежелгі философия дүниесінен келе жатқан «автор (жазушы) - мәтін - оқырман» деген үшемдік таным немесе дискурс - тіл мамандарының «еншісі». Бұл орайда мәтінді (яғни шығарманы) оқырманның қабылдауы, бұған қажет «фондық білік» (танып-білу қоры - негізі, шамасы) деген категорияны сөз етуге тура келеді. Жалпылама айтқанда, жазушының (ақынның) шығармасын (не оның жеке бөліктерін) оқырман түсінуі (қабылдауы) үшін сонда сөз болған шындықты (реалийлерді), мәдени дүниені жақсы білуі керек. Сол сияқты белгілі бір сөздер адам баласы тіршілігінің белгілі бір саласының «мәдени коды» болып келеді, яғни сол саладағы таным мен тәжірибенің белгісі (көбі ұлттық белгісі) болады. Демек, белгілі бір дәуірдегі жазушының шығармасын, айтпақ идеясын оқырмандары түгел немесе саралай түсіне алды ма – осыны зерделеу де мәтін лингвистикасының шаруасы. Сөйтіп, дискурс дегеннің мәні зор екен» [10, 4-б.], - деп Абай шығармаларын зерттеуде дискусртық тұғыдан келуді меңзейді. Ғалым мәтін лингвистикасы мен дискурсты қатар алып синоним ретінде қарастырса да, мәтінге дискурстық талдау жасауда оқырман қабылдауы (декодирование), мәтіндегі ұлттың танымы мен тәжірибесі сақталған «мәдени кодты» аша білу, т.б. сияқты мәселелерге назар аудару керектігін көрсетеді.
Сондай-ақ, 2009 жылы Абай қара сөздерінің лингвомәдени және жанрлық мәнін ашуға арналған Г.Мұратованың «Абайдың тілдік тұлғасы: дискурстық талдау мен концептуалды жүйесі» атты докторлық диссертациясы жарық көрді (Г.Ә.Мұратованың «Абайдың тілдік тұлғасы: дискурстық талдау мен концептуалды жүйесі» тақырыбындағы докторлық диссертациясына көз жүгіртіңіз). Автор зерттеуінде Абай қара сөздерін антропоцентристік бағдарда қарастырып, тілдік тұлға мәселесін талдау дискурстық талдау негізінде жүзеге асатынын дәлелдейді. Зерттеуші: ««Ырыс алды - тірлік» дейді, ол қай тірлік? Ол осы жан кеудеден шықпағандық па? Жоқ, ондай тірлік ит те де бар» деген 6-қара сөзін талдай отырып, былай дейді: «Тілдік тұлға осы мәнмәтіндегі дүниені қабылдау мен таным процесінде алынуға тиісті ақпаратты басқаша жеткізіп (пайымдап) отыр... Нәтижесінде, «Ырыс алды - тірлік» концептуалды құрылымының мазмұны оны құраушы компоненттермен тікелей байланысып тұр дей алмаймыз, яғни «тірлік итте де бар», ендеше адамның «көкірегі мен көңілі тірі болса, ырыс алды сол болмақ»» [11, 23-б.], - деп тілдік тұлға мен концепт мәселелері аясында айқындайды.
Жоғарыда келтірілген ғылыми пікірлерден көріп отырғанымыздай, ақын қара сөздерінің әдеби тіл тарихы шеңберінде ғана қарастырылып келгенін, оның грамматикалық жүйесінің, соның ішінде синтаксистік құрылысының зерттелуі кешеуілдеп қалғанын ескере келе, қара сөздердің синтаксистік құрылысын талдау ғылыми зерттеуді қажет ететінін тағы да баса айтқымыз келеді. Бұл пікірімізді Р.Сыздықтың: «Бірқатар морфологиялық тұлғаларын талдаған бірер диссертациялық жұмыс пен нақты лингвистикалық немесе стилистикалық талдаусыз айтылған бірен-саран пікірлер болмаса, Абай «Қара сөздері» күні бүгінге дейін жан-жақты әдеби-лингвистикалық тұрғыдан зерттеуге ұшыраған емес» [7, 295-296-бб.] деген пікірімен қуаттай түсеміз.
Достарыңызбен бөлісу: |