-ар тұлғасының -ар + -лық тұлғасымен келіп сөз тіркесін түзудегі қызметі.
Қазіргі әдеби нормамызда бұл тұлғаның септік жалғауларымен құбылып қолданылуы жоққа тән. Абай тілінде -ар жұрнақты есімшеге -лық жұрнағы үстелген тұлғалы конструкциялар да кездеседі. Бұл өлеңдерінде де, прозасында да етістіктен болған есім ретінде өте жиі қолданылған. Бұл тұлға мәтінде қимылдық мәнде жұмсалып, етістіктермен тіркескенде есімшенің -а+тын тұлғасына синонимдес келеді. Ал -лық тұлғалы сөз тіркестерінің көне түркі тілдерінде меншіктілік, арнау мәнін білдіретін болып қалыптасқаны Г.Ж.Утегенованың «Орта ғасыр жазба ескерткіштеріндегі есімді тіркестердің жасалуы («Мұқаддимат әл-Әдаб», ХІV ғасыр)» атты зерттеу жұмысында айтылған. Абай мәтіндерінде -ар тұлғалы сөз тіркестері -лық жұрнағы жалғанатын негіз ретінде келіп, көбінесе атау тұлғада кездеседі. Төмендегі мысалдарда -ар + -лық тұлғасымен жасалған сөз тіркестері анықтауыштық қатынас түзіп, қабыса байланысып тұр.
1-сөзде: Балаларымның өзіне ілгері өмірінің, білімінің пайдасын тыныштықпен көрерлік орын тапқаным жоқ, қайда бар, не қыл дерімді біле алмай отырмын, не бол деп бағам [22, 8-б.]?
8-сөзде: Ол малды суармақ, тойғызбақ; саудасын жиғызбақ, күзеттірмек, бақтырмақ, ұры-бөрі, қыс, суық-сұғанақ - солардан сақтанбақ, солардан сақтарлық кісі таппақ. Және де білім, ғылым кедейге керегі жоқтай-ақ: «Бізді не қыласың, ана сөзді ұғарлықтарға айт!» дейді [22, 23-24-бб.].
9-сөзде: Уа, әрнешік бойларынан адам жақсы көрерлік, я көңілге тиянақ қыларлық бір нәрсе тапсам керек еді. Қашан әбден біліп, үмітімді үзген кезде, өзге жаққа барып, жатты өз қылып, үйір боларлық қайрат жалын сөніп те қалған екен [22, 25-б.].
10-сөзде: Егер де ержетсін десең, өзі ержетіп ата-анасын тұзақтан құтқарарлық болса қазақтан туа ма екен? Екінші – балаң мейірімді болып, асырарлық болып туа ма, жоқ па? Әуелі – өзің қаруың қайтарлық қартаюға жетемісің, жоқ па? Балаң мал табарлық болары, мал шашарлық болары – ол да екіталай. Құдай тағала саған еңбек қылып мал табарлық қуат берді. Ол қуатты халал кәсіп қыларлық орынға жұмсаймысың? Ол ғылымды оқыса, ұғарлық ақыл берді, қайда жібергеніңді кім біледі [22, 27-б.]?
21-сөзде: Біреуі жатқа мақтанарлық мақтанды іздейді. Екіншісі өз елінің ішінде мақтанарлық мақтанды іздейді [22, 44-б.].
25-сөзде: Балаларды оқытқан да жақсы, бірақ құлшылық қыларлық қана, түркі танырлық қана таза оқыса болады[22, 51-б.].
26-сөзде: Һәм ұялғандары ұялмас нәрседен ұялады, ұяларлық нәрседен ұялмайды [22, 55-б.].
32-сөзде: Қылам дегенін қыларлық, тұрам дегенінде тұрарлық мінезде азғырылмайтын ақылды, арды сақтарлық беріктігі, қайраты бар болсын [22, 70-б.]!
33-сөзде: Үшінші - «дарқансың ғой, өнерлісің ғой, шырағым», немесе «ағеке, нең кетеді, осы ғанамды істеп бер!» дегенде «маған да біреу жалынарлыққа жеткен екенмін» деп мақтанып кетіп, пайдасыз алдауға, қу тілге алданып, өзінің уақытын өткізеді [22, 71-б.].
34-сөзде: Тілеуді құдайдан тілемей, пендеден тілеп, өз бетімен еңбегімді жандыр демей, пәленшенікін әпер демек - ол құдайға айтарлық сөз бе [22, 74-б.]?
41-сөзде: Енді мұндай халықты еріксіз қорқытып көндірерлік күш-қуат ешкімге бітпейді. Ол баланы қазақтың бәрін паралап көндірерлік дәулет бір кісіге бітуге мүмкін де емес [22, 110-б.].
Мысалдардағы тыныштықпен көрерлік орын, сақтарлық кісі, ұғарлықтарға айт, жақсы көрерлік нәрсе, тиянақ қыларлық бір нәрсе, үйір боларлық қайрат жалын, тұзақтан құтқарарлық бала, асырарлық бала, мал табарлық бала, мал шашарлық бала, мал табарлық қуат, кәсіп қыларлық орын, ұғарлық ақыл, мақтанарлық мақтан, құлшылық қыларлық оқу, ұяларлық нәрседен, қылам дегенін қыларлық қайрат, тұрам дегенінде тұрарлық мінез, арды сақтарлық беріктік, жалынарлыққа жеткен, айтарлық сөз, көндірерлік күш-қуат, көндірерлік дәулет сөз тіркестеріндегі есімше тұлғасы мен -лық жұрнағының қызметі ерекше. Мысалдардан көріп отырғанымыздай -арлық тұлғалы сөз зат есіммен тіркесіп келіп бағыныңқы сыңарда жұмсалған. Сонымен, -ар тұлғасы дара күйінде келіп те зат есіммен қабыса байланыса алады, сондай-ақ, -лық жұрнағымен келіп те қабыса байланысады. Десек те, анықтауыштық қатынас түзетін бұл тұлғалардың сөйлемге үстейтін стильдік ерекшеліктері жоқ емес. Мысалы, жоғарыдағы мал табарлық бала сөз тіркесін мал табар бала деген сөз тіркесімен салыстырар болсақ, -лық жұрнақты сөз тіркесінде арнау мәнін айқын аңғарылып, анықтауыштық қызмет басым болса, -лық жұрнағынсыз келген сөз тіркесінде болжалды келер шақ мәні алға шығып тұр. Ал -ға барыс септігімен келген сөз тіркестері өзара меңгеріле байланысып тұр.
Абай шығармаларында сөз тіркесін түзуге қатысқан -ар жұрнақты тұлғаның қолданылуы қазірде пассив тәсіл болып табылады. Бүгінде бұл тұлғаның тек болжалды келер шақ мәнін білдіру сипаты ғана сақталып, оның анықтауыш қызметін атқаруы, барыс септігінде келіп қолданылуы, -лық жұрнағы жалғанатын негіз ретінде келуі қолданыстан шығып қалған. Қазіргі әдеби тілімізде -ар тұлғасын қимыл есім жасайтын -у жұрнағы, -арға тұлғасын -уға тұлғасы, -арлық тұлғасын есімшенің -атын тұлғасы алмастырып отыр.
Достарыңызбен бөлісу: |