-тын болып келмей, -тұғын формалары да ұшырасып отыратындығы соңғы варианттардың әлі де норматив тұлғалар екенін дәлелдейді.
Осылардың барлығынан байқайтынымыз – бұл авторлар ең алдымен тұрған немесе тын варианттарын атамай, тұғын-ды көрсетеді, мысалдарды да тугун формасымен береді. Ықшамдалған -тын вариантының да бар екенін жол-жөнекей, жақша ішінде ғана білдіріп өтеді. Тек П.М.Мелиоранский: «Тұрған мало-помалу сократилось в тұғұн. В современном разговорном языке сокращение идет еще дальше. Теперь в живой киргизской речи нередко слышится форма алатын, түсетін» [29, 62-б.], – деп сол кездегі (ХІХ ғасырдың аяқталар тұсындағы) норманы ашып айтады.
Сөйтіп, фонетикалық трансформация жолымен грамматикаланған тұрған сөзінің (тұрған >тұғын> >тын -тін) ХІХ ғ. ІІ жартысындағы қазақ әдеби тілінде соңғы екі варианты (тұғын, тын) қатар қолданылғанын атаймыз. Оның өзінде фонетикалық редукцияланудың алғашқы сатысы – тұғын қолданылу жиілігі жағынан әлдеқайда басым болған. Әсіресе прозалық мәтіндерде оның ішінде енді-енді туа бастаған қоғамдық-публицистикалық, ғылыми стильдерге жататын материалдардың тілінде -тын аффиксінен гөрі тұғын жарты сөзі жиірек пайдаланылған. Абайдың прозасы да осыны танытады.
2-сөзде: Әке балаға қимайтұғын малыңды кірелеп, сол айдап кетіп тұрды ғой [22, 9-10-б.].
3-сөзде: Қазақтың бірінің біріне қаскүнем болмағының, бірінің тілеуін бірі тілеспейтұғынының, рас сөзі аз болатұғынының, қызметке таласқыш болатұғынының, өздерінің жалқау болатұғынының себебі не [22, 11-б.]?
17-сөзде: Орынсыз, болымсыз нәрсеге үйір қылмай, бойды таза сақтайтұғын, күнәкәрліктен, көрсеқызар жеңілдіктен, нәфсі шайтанның азғыруынан құтқаратұғын, адасқан жолға бара жатқан бойды қайта жиғызып алатұғын мен емес пе?
Ақыл айтыпты: «Не дүниеге, не ахиретке не пайдалы болса, не залалды болса, білетұғын - мен, сенің сөзіңді ұғатұғын - мен, менсіз пайданы іздей алмайды екен, залалдан қаша алмайды екен, ғылымды ұғып үйрене алмайды екен, осы екеуі маған қалай таласады? Менсіз өздері неге жарайды?» - депті.
Жұмсақ төсекте, жылы үйде тамағы тоқ жатқан кісіге төсексіз кедейдің, тоңып жүрген киімсіздің, тамақсыз аштың күй-жәйі қандай болып жатыр екен деп ойлатып, жанын ашытып, ұйқысын ашылтып, төсегінде дөңбекшітетұғын - мен. Үлкеннен ұят сақтап, кішіге рақым қылдыратұғын - мен, бірақ мені таза сақтай алмайды, ақырында қор болады. Мен таза болсам, адам баласын алаламаймын: жақсылыққа елжіреп еритұғын - мен, жаманшылықтан жиреніп тулап кететұғын - мен, әділет, нысап, ұят, рақым, мейірбаншылық дейтұғын нәрселердің бәрі менен шығады, менсіз осылардың көрген күні не [22, 38-б.]?
Мұндағы сақтайтұғын, құтқаратұғын, жиғызып алатұғын, білетұғын, ұғатұғын, дөңбекшітетұғын, рақым қылдыратұғын, еритұғын, тулап кететұғын -тұғын формалы есімшелерді қимыл иесінің қызметін атқарып тұр.
29-қара сөзде: Қазақтың мақалдарының көбінің іске татырлығы да бар, іске татымақ түгіл, не құдайшылыққа, не адамшылыққа жарамайтұғыны да бар.
Ата-анасынан мал тәтті көрінетұғын антұрғанның тәтті дерлік не жаны бар [22, 63-б.].
30-қара сөзде: Қырқын мінсе қыр артылмайтұғын осы бір «қырт мақтан» деген бір мақтан бар, сол неге керек, неге жарайды?
Өлімге шыдайтұғын қазақ көргенім жоқ, өлімге шыдамаймын деген де қазақ көргенім жоқ, кеңірдегін ғана көрсетеді-ау: «қиылып қана қалайын» деп.
Егер осы сөз бойына лайық кісі көрінсе, ақылы жоқ болса да, қайратыменен-ақ кісі айдындыратұғын адам болғаны ғой! Егер шын айғайды көргенде, кірер жерін таба алмайтұғын дарақы, жұртты осы сөзімен айдындырамын, «мына кәпірден кісі шошитұғын екен» дегізіп айдындырайын деп айтып отырған құр домбытпасы болып, босқа қоқиып отырса, соны не дейміз? Ай, құдай-ай! Жанға мырзалық қылатұғын, ердің жадағайда-ақ сертке тұрғыштығы, малға мырзалығы, дүниені бір тиын есеп көрмейтұғын жомарттығы - әртүрлі белгісі бойынша тұрмас па еді [22, 65-б.]?
31-қара сөзде: Бұл төрт нәрсе - күллі ақыл мен ғылымды тоздыратұғын нәрселер [22, 67-б.].
34-қара сөзде: Жұрттың бәрі біледі өлетұғынын және өлім үнемі қартайтып келмейтұғынын, бір алғанды қайта жібермейтұғынын [22, 73-б.].
40-қара сөзде: Осы, біздің қазақтың өлген кісісінде жаманы жоқ, тірі кісісінің жамандаудан аманы жоқ болатұғыны қалай?
Қайраты қайтқан шал мен жастың бәрі бітім қылады, шалдар өзді-өзі көп құрбыдан айрылып азайып отырса да, біріменен бірінің бітім қылмайтұғыны қалай?
Бір елдің ішінде жамағайынды кісі бірге туғандай көріп, іші елжіреп жақсы көріп тұрып, елге келсе, әрі-беріден соң қайта қашқандай қылатұғыны қалай?
Жаттың бір тәуір кісісін көрсе, «жарықтық» деп жалбырап қалып, мақтай қалып, өз елінде сонан артық адам болса да танымайтұғыны қалай?
Бір жолаушы алыс жерге барса, барған еліне өз елін мақтаймын деп өтірікті сыбап-сыбап, қайтып келген соң сол барған, көрген елін, жерін мақтап, өтірікті сыбайтұғыны қалай?
Қай қазақты көрсем де, баласы жасырақ болса, оның басынан пәрмене болып жүріп, ержеткен соң суық тартатұғыны қалай?
Біреудің ағайыны торқалы той, топырақты өлімде, адалдық берекеде алысуға табылмай, барымта алалық, ұрлалық десе, табыла қоятыны қалай?
Бәйгеге ат қоссаң, атыңды тартыспайтұғын ағайын, атың келсе, бәйгесіне өкпелейтұғыны қалай?
Баяғыда біреу біреуді пален жасымда келе жатқанда пәлен жерге жеткізіп салып еді деп, соны өлгенше айта жүруші еді. Осы күнде бұл жылғы берген ендігі жылға жарамайтұғыны қалай?
Байдың баласы кедей болса, ұрлық қылуға арланбайды, байға кірісуге арланатұғыны қалай?
Күнде тілін алатұғын достан кейде бір тіл ала қойған дұшпанға кісінің өле жаздайтұғыны қалай?
Көп кісі досым жетілсе екен демейді, егерде жетілсе, бағанағы досына бір бітімі жоқ дұшпан сол болатұғыны қалай?
Кей жұрт ақыл айтарлық кісіні іздеп таба алмайды. Қылығының қылшығын танитұғын кісіден қашық жүретұғыны қалай?
Біреу біреудікіне келгенде үйдегі малының бәрін де айдап келіп, өз үйіне кісі барғанда бар малын далаға айдап жіберетұғыны қалай?
Тыныштық іздеп таба алмай жүрген жұрт тыныштық көрсе, сәтке тұрмай, тыныштықтан жалыға қалатұғыны қалай?
Елді пысық билегені несі? Пысықтың бәрі кедей келетұғыны несі?
Тоқал қатын өр келетұғыны несі? Кеселді кісі ер келетұғыны несі? Кедей кісінің кер келетұғыны несі?
Нәпсісін тыйып, бойын тоқтатқан кісінің жаман атанып, нәпсісі билеп, мақтанға еріп, пәле шығарған кісі мықты атанатұғыны несі?
Қазақтың шын сөзге нанбай, құлақ та қоймай, тыңдауға қолы да тимей, пәлелі сөзге, өтірікке сүттей ұйып, бар шаруасы судай ақса да, соны әбден естіп ұқпай тынбайтұғыны қалай [22, 107-б.]?
Бұл тәсіл де қазақтың жалпы халықтық тілі нормасына жат емес, бірақ, әрине, дәл Абайдағыдай аса өнімді емес. Ал Абайдың мұнда -а+тын жұрнағымен жасалатын есімшеге қызметтес етіп актив қолдануы, біздіңше, жазушының шеберлік талғамына байланысты, өзі қалап қолданған грамматикалық тәсілдердің бірі болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |