1 абай қара сөздеріндегі коммуникативтік емес синтаксистік бірліктер


-мақ тұлғасының сөз тіркесін түзудегі қызметі



бет9/39
Дата06.02.2022
өлшемі0,5 Mb.
#81095
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   39
Байланысты:
Айнұр Нұрбекова

-мақ тұлғасының сөз тіркесін түзудегі қызметі. Тілімізде кім үшін? не үшін? неге? қандай мақсатпен? деген сұрақтарға жауап беру арқылы іс әрекеттің не үшін, қандай талапқа лайық істелетінін, болатынын (не болмайтынын) білдіріп мақсаттық қатынас түзетін сөз тіркестері қолданыста көптеп кездеседі.
Сөз тіркестерін арнау, меншіктік, мекендік, мақсат, себеп-салдар, мезгілдік, объектілік, салыстырмалық т.б. қатынаста қарастырған академик М.Серғалиевтің «Синтаксис мәселелері» атты еңбегінде аталған сөз тіркестері алғаш рет құрылымдық, семантикалық жағынан жан-жақты сараланған.
Бұл жөнінде ғалым: «Қазіргі қазақ тілінде мақсатты білдіретін басқа да күрделі конструкциялар сияқты сөз тіркестерін құрауға көптеген грамматикалық тұлғалар қатынасады» [24, 164-б.], дей келе, оларды мақсатты білдіру қызметіне қарай былайша топтайды: «1) - қалы тұлғалы көсемше; 2) үшін шылауы қатысқан тіркес; 3) барыс жалғаулы сөз; 4) - а, - е тұлғалы көсемше; 5) де, бол көмекші етістіктері қатысқан тіркес; 6) бола сөзі қатысқан тіркес; 7) ниет, ой, мақсат сияқты сөздердің семантикалық, тұлғалық қызметіне қарай жасалған бағыныңқы компонент» [24, 171-б.].
Мақсаттық қатынасты білдіретін сөз тіркестерінің Абайдың қара сөздеріндегі қолданысында жоғарыда көрсетілген тұлғалардың бәрі де кездеседі.
Абайдың қара сөздерінің тілінде -мақ (-мек, -бақ, -бек, -пақ, -пек) жұрнағы – мақсаттық қатынасты беруде ерекше көзге түсетін грамматикалық тұлға. -Мақ тұлғасының мақсатты келер шақ жасауы, грамматикалық мағына беруі – оның бірден-бір негізгі қызметі болса, Абайдың тілінде ол өзге де көп қызметтерінің бірі ғана болып табылады.
Қара сөздердегі -мақ тұлғасының қолданысы өз алдына жеке қарастыруды қажет етеді. Өйткені бұл тұлға супиндік (мақсаттық) мағынаны да береді. Оның осы мағынаны беру қызметі басым болып табылады. Мысалы: Ол мал көбейсе, малшыларға бақтырмақ, өздері етке, қымызға тойып, сұлуды жайлап, жүйрікті байлап отырмақ. Қыстауы тарлық қылса, арызы жеткендік, сыйы өткендік, байлық қызметімен біреудің қыстауын сатып алмақ, ептеп алмақ, тартып алмақ. Берілген мысалдардадағы -мақ тұлғалы етістікті сөз тіркестерінен субъектінің әртүрлі іс-әрекетті орындамақ болған мақсаты мен ниеті айқын көрініп тұр.
Бұл қолданылу жиілігі жағынан да, атқаратын қызметі жағынан қазіргі нормамен салыстырғанда, Абай тілінде айрықша болып көрінеді. Абайда -мақ жұрнақты сөз бірнеше қызмет атқарады: ең алдымен ол атау септіктегі таза қимыл есімі ретінде, екіншіден барыс септігінде қолданылуы.
«Мақсаттық мағынаны білдіретін сөз тіркестері -у және -мақ тұлғалы қимыл есімдердің, кейде зат есімдердің қозғалыс мәнді етістіктермен тіркесуі арқылы жасалады» [21, 600-б.]. Абайдың қара сөздерінде де және -мақ тұлғалы қимыл есімдер барыс септігі жалғауында келіп мақсаттық қатынас жасайды. Мысалы: Хайуан артын, осы күнін де бұлдыр біледі, алдыңғы жағын тексермекке тіпті жоқ. Әуелі, өзіңді білуге, ерінбей-жалықпай үйрену керек, ол менің ісім. Соны не үміт үзбестікке, не онысы болмаса, мұнысы бар ғой деп, көңілге қуат қылуға жаратсам керек еді, ондайым жоқ. Біреуі атын, киімін «айран ішерім» деп, солардың арқасында сыпайы, жұғымды жігіт атанбаққа, өзінен ілгерілерге елеулі болып, өзі қатардағының ішін күйдіріп, өзінен кейінгілерге «әттең дүние-ай, осылардың, атындай ат мініп, киіміндей киім кигеннің не арманы бар екен?!» - дейтұғын болмаққа ойланбақ. Осы сөйлемдердегі тексермекке тіпті жоқ, білуге үйрену керек, үміт үзбестікке жаратсам, қуат қылуға жаратсам, атанбаққа ойланбақ, дейтұғын болмаққа ойланбақ деген сөз тіркестері барыс септігінде келіп мақсаттық қатынас түзіп тұр.
«Кей кезде бірнеше тұлға қосарланып келгеннен кейін де барыс жалғауы жалғанады: Естіген нәрсені ұмытпастыққа төрт түрлі себеп бар (А.).
Осыншалықты көп реттерде кездесе бергенімен, барыс жалғауының мақсаттық мағынаны білдірудегі рөлі, -қалы жұрнағы мен үшін шылауына қарағанда, бәсең, солғын [24, 165-б.].
Мақсаттық қатынас құрайтын көсемшенің ‑ғалы, ‑гелі, ‑қалы, ‑келі тұлғасы туралы А. Ысқақов: «етістік негізге жалғанып, контекске қарай, келер шақ мәнін білдіреді және сол келер шақтық мән баяндауыш арқылы аталатын амалдан кейін жүзеге аспақшы ниетті де білдіретіндіктен, әдетте, сөйлемде мақсат пысықтауыш болады» [25, 309-б.] десе, М.Серғалиев: «Көсемшенің -қалы, -келі, -ғалы, -гелі жұрнақтарын – мақсаттық мағынаны білдіру үшін жиі қолданылатын тұлғалардың бірі деп көрсете келе, -қалы жұрнағын әрқашан үшін шылауымен ауыстыруға болатынын, сонымен қатар, бұл тұлғаның -қалы формасынан да жиі ұшырасатынын атап айтады. Сондай-ақ, егер үшін тіркескен сөз есім (көбінесе зат есім) болса, оны барыс септігінің жалғауымен ауыстыруға болатынын айта келе, үш тұлғаның да ауысып келуіне негізгі себеп – мақсаттың ашық, айқындылығы» [24, 164-165-бб.], - дейді.
Мысалы: Екінші – бұзақылар біреудің ойында жоқ пәлені ойына салып, бүйтсең бек боласың, бүйтсең көп боласың, бүйтсең кек аласың, мықты атанасың деп, ауқаттыларды азғырғалы әлек болып жүр. Мұндағы азғырғалы әлек болып жүр мақсаттық қатынасты білдіруші сөз тіркесін азғыру үшін әлек болып жүр, азғырмаққа әлек болып жүр деп ауыстыруға болады. Грамматикалық форма әртүрлі болса да мағына өзгермейді. Десе де әр форманың өзіне тән мағыналық реңкі бар.
Абай мәтіндерде -мақ жұрнақты тұлғаның керек деген сөздермен келген тіркесі көңіл аударады. Қара сөздерде керек сөзі барыс септік жалғаулы сөзбен тіркесіп келіп (-маққа керек) те, барыс септігін қабылдамай нөлдік формада да кездесіп те (-мақ керек) мақсаттық мағына береді. Алайда, -мақ, -у тұлғалы сөздердің керек сөзімен барыс септікте тұрып меңгерілуі атауда тұрып тіркесуінен сирегірек кездеседі. Мысалы: Білім-ғылым үйренбекке талап қылушыларға әуелі білмек керек. Зарарынан қашық болу, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек.
Тілдік табиғатында барыс септіктегі қимыл атауын меңгеруге тиіс керек –мақ тұлғалы сөзбен тіркескенде мақсаттық мағына беру мәні күшейе түседі. -мақ жұрнақты тұлғаның осы күнгі жұрнақты тұлғаға мағынасы мен қызметі жағынан синоним болып түсетін жері осы тіркесте айқын сезіледі. Бұл тұлғалар керек модаль сөзімен тіркескенде қимылдың мақсатын білдіріп, қазақ тіліндегі қимыл есімі, қимыл атауы қатарында қолданылады. Мысалы: Әрнешік білмек керек, жоғарғы жазылмыш екі түрліден басқа иман жоқ. Кім де кім ахиретте де, дүниеде де қор болмаймын десе, білмек керек: еш адамның көңілінде екі қуаныш бірдей болмайды, екі ынтық құмарлық бірдей болмайды, екі қорқыныш, екі қайғы – олар да бірдей болмайды. Егер де мал керек болса, қолөнер үйренбек керек.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   39




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет