-ар тұлғасының барыс жалғауымен (-ар + -ға) келіп сөз тіркесін түзудегі қызметі. Қазіргі қазақ тілінің нормативтік грамматикаларының ешбірінде -ар жұрнағымен жасалған есімшенің барыс септігінде келіп, қимыл есімі мағынасында жұмсалатындығы көрсетілмеген. Шынында да қазіргі нормамызда келер шақ есімшенің барыс септігінде тұрып қолданылуы жоққа тән. Сөйтсе де, бұл тұлға күні кешеге дейін қазақ тілінде, оның ішінде әдеби нормасында белгілі бір грамматикалық қызмет атқарған өнімді тәсіл болғаны байқалады. Ең алдымен, -арға тұлғасы Абай тілінде өте мол орын алған. Және оның қолданылуы не стильдің, не поэзия өлшемдерінің мүдделеріне қабыспайды, яғни ол Абайдың өлеңдерінде де, прозасында да өте жиі кездеседі. Мысалы, 1-сөзде: Жоқ, ғылым бағарға да ғылым сөзін сөйлесер адам жоқ. Мұңдасып шер тарқатысар кісіболмаған соң, ғылым өзі – бір тез қартайтатұғын күйік [22, 7-б.]. Осындағы шер тарқатысар кісі, сөйлесер адам есімді сөз тіркестеріндегі -ар тұлғалы келер шақтық есімше кісі, адам зат есімдерімен тіркесіп келіп, оның алдағы уақытта болатын, қосымша сапасын білдіріп тұр.
-ар тұлғалы есімшелердің есім сөз тіркесінің бағыныңқы сыңары қызметінде сирек кездесуінің себебі – есімшелердің білдіретін шақтық мағынасында деп анықтайды М.Балақаев пен Т.Сайрамбаев «Қазіргі қазақ тілі» атты оқулығында. -ар тұлғалы келер шақтық есімше зат есіммен тіркескенде көбінесе, оның болашақта болатын, қосымша сапасы ретінде жұмсалады [23, 51-б.]. Есімшелер заттың қимылдық сапасын процесс күйінде білдіреді.
-ар жұрнақты тұлға заттың іс-әрекетке қатысты динамикалық сынын білдіріп, атрибуттық қызмет атқарғанда есімшенің а + тын тұлғалы екінші түріне мағыналас болып келеді. Жоғарғы мысалдардың барлығында да -ар жұрнақты сөздерді -атын жұрнақты тұлғамен алмастыруға болар еді. Бірақ, бұл екі тұлғаның да араларында мағыналық реңк бар, екеуінде де шақтық мағына бар, яғни -атын тұлғасында осы шақтық, -ар тұлғасында келер шақтық реңк басым екені сезіледі. Сондықтан келешектегі іс-әрекетке автордың тілек, қалау мәндегі қатынасын білдіретін реттерде -ар тұлғасы қолданылған.
3-сөзде: Әм, ол ескі сөздердің қайсысы заман өзгергендікпенен ескіріп, бұл жаңа заманға келіспейтұғын болса, оның орнына татымды толық билік шығарып, төлеу саларға жарарлық кісі болса керек еді, ондай кісі аз, яки тіпті жоқ [22, 14-б.].
13-сөзде: Әуелі – не нәрсеге иман келтірсе, соның хақтығына ақылы бірлән дәлел жүргізерлік болып, ақылы дәлел - испат қыларға жараса, мұны якини иман десе керек. Біреу өлтіремін деп қорқытса да, мың кісі мың түрлі іс көрсетсе де, соған айнып, көңілі қозғалмастай берік боларға керек [22, 31-б.].
32-сөзде: Қоярға орны жоқболған соң, оларды қайда сақтайсың [22, 70-б.].
Бәрін мұнда жазарға уақыт сыйғызбайды.
36-сөзде: Кірерге жер таба алмай, кісі бетіне қарай алмай, бір түрлі қысымға түсесің [22, 77-б.].
41-сөзде: Екінші - ол адам есепсіз бай боларға керек. Аталарын паралап, балаларын алып, бастапқы айтқандай жолға салып, тағлым берсе, сонда түзелер еді [22, 110-б.].
Келтірілген мысалдарда есімді сөз тіркестері де, етістікті сөз тіркестері де қолданылған. Айталық, төлеу саларға жарарлық кісі, қоярға орны жоқ, жазарға уақыт есімдісөз тіркестері бағыныңқы сыңары есім сөздерден жасалып, қабыса байланысып тұр. Ал, дәлел - испат қыларға жараса, кірерге жер таба алмай, бай боларға керек етістікті сөз тіркестерінің бағыныңқы сыңары етістіктерден жасалған. Есімді сөз тіркестеріндегі -арға тұлғасында атрибутивтік қатынас басым болса, осы тұлғадағы етістікті сөз тіркестерінде келер шақтық мән басымдау.
Бұл сөйлемдерді қазіргі нормаға салсақ, -ар+ға қосымшалы сөздерді -у+ға қосымшалы варианттармен алмастыруға әбден болар еді. Жоғарыда аталған сөз тіркестеріндегі -арғатұлғасының керек сөзімен тіркесінде оның -уға тұлғасымен мағыналас түсетіндігі тіпті айқын сезіледі. Бұл қолданыстағы -ар жұрнақты тұлға осы күнгі -у жұрнақты қимыл есімінің дублеті ретінде келген. Абай қара сөздерінде -ар тұлғасымен синонимдес -у, -арға тұлғасымен синонимдес -уға тұлғасы да қатар қолданылған. Мұны мына мысалдардан көруімізге болады: ынтамен ұғу керек, көңілге бекіту керек, ой кеселді нәрселерден қашық болу керек, салынбау керек. Ғалым М.Серғалиев сөз тіркестерінің синонимдігін зерттей келе, мынадай талдау жасайды: «... олардың арасында синонимдік қатынастың болатынын аңғару қиын емес: түсіну үшін қажет – түсінуге қажет – түсінерге қажет. Бұлардың арасындағы ортақ, жалпы ұқсастық ұғынықты болу керек, ал айырмашылығына келетін болсақ, біздіңше, ол – қай стильге жататындығынан байқалады» [24, 194-б.], - дей отырып түсіну үшін қажет тіркесін – жалпыға түсінікті және көпшілік қолдана беретін әдеби тіл нормасы, түсінуге қажет конструкциясын – кітаби-жазба тілге, түсінерге қажет сөз тіркесін – жекелеген авторлардың әдетіндегі қолданыс деп тұжырым жасайды. Келтірілген пікірден сөз тіркестерінің қалыптасу, даму ерекшеліктеріндегі диахронды сипатын анық аңғаруға болады. Әрине, әрқайсысының өзіне тән қолданыс мәнері бар, бірақ мағыналық алшақтық жоқ. Яғни бұдан шығатын қорытынды алғашында ауызекі тілде қолданылып келген жоғарыдағы сөз тіркестеріндегі -арға тұлғасының бірте-бірте жазба тілде қолданысқа түсе бастағанынан -уға, одан -у тұлғасына айналуының көрінісі болса керек. Айтылған пікірлерге қосыла отырып, айтарымыз: Абайда қолданылу жиілігі жағынан -арға тұлғасы едәуір болғанмен, өткен ғасырда бұл форма өз орнын -уға вариантына бере бастаған. Өйткені өзге нұсқаларда сан жағынан -арға дублеті -уға тұлғасынан кемдеу ұшырасады. Ал Абайдағы жиілік – бір жағынан, осы тәсілді, жоғарыдағы ғалымдар айтпақшы, жазушының өзі қалап, таңдап қолдануына да байланысты. Тегі, Абай қазақтың халық тілінде бар тәсілдерді мейлінше актив пайдалану принципін ұстанғанға ұқсайды.
-ар жұрнақты тұлғаның төңірегіндегі тағы бір ерекшелік деп оның Абай тілінде жиі субстантивтеніп, септік жалғауымен қолданылғандығын айтуға болады. Сірә, Абай тіліне тән белгінің бірі – өзге сөз таптарын (сын, сан есімдер, есімше тұлғалар) жиі субстантивтендіргендігі. Бұл амал-әрекеттен -ар жұрнақты есімше де тыс қалмаған.