15. ШАҒЫН ЖИНАҚТЫ МЕКТЕПТЕРДІ БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІ
Білім саласында еңбек ететін адамдардың басқару мәдениеті, олардың кәсіптік-педагогикалық мәдениетінің құрамды бөлігі болып табылады. Дәстүрлі ұғымда кәсіптік-педагогикалық мәдениет негізінен педагогикалық қызметтің нормалары, ережелері, педагогикалық техника және шеберлікпен байланыстырылады. Ал, соңғы жылдардағы психологиялық-педагогикалық зерттеулер педагогикалық мәдениет категорияларына педагогикалық құндылықтар, педагогикалық технология және педагогикалық шығармашылықты да қосатын болды.
Мектеп басшысының басқару мәдениеті– оның тұлға ретінде мектеп басқарудың технологиясы мен құндылықтарын жасау, игеру және оны алға жылжытуға бағытталған жұмыстарда өзінің шығармашылық күш-қуатын танытуы. Бұндай жағдайда басқару мәдениетінің компоненттері – аксиологиялық, технологиялық және тұлғалық-шығармашылық болып табылады.Қазіргі заманғы мектепті басқарудың маңызы мен мәні болып табылатын басқару педагогикалық құндылықтардың жиынтығын құрайды. Мектеп басшысы басқару қызметінің процесінде басқарудың жаңа теориясы мен концепциясын игеріп, ептілік пен дағдыларды меңгереді. Ал практикалық қызмет барысында олардың қаншалықты маңыздылығына баға беріледі. Қазіргі кезде басқару тиімділігін артыруда білім, идея, концепция сияқты басқаруға қатысты педагогикалық құндылықтар үлкен маңызға ие болуда.
Педагогикалық жүйені басқарудың құндылықтары сан алуан. Олар: әртүрлі деңгейдегі тұтас педагогикалық процесті басқарудың мәні мен маңызын ашатын құндылық-мақсаттар; білім жүйесін басқару мақсаты, мектепті басқару мақсаты, педагогикалық ұжымды, оқушылар ұжымын басқару мақсаты, тұлғаның өзін-өзі тәрбиелеу, өзін-өзі дамытуын басқару мақсаты және бағалау құндылық-мағлұматтарға басқару қызметіне реттеушілік сипат береді; құндылық-білімдер басқару саласындағы мектептің білімінің мәні мен маңызын ашады; басқарудың әдістемелік негізін, мектепішілік менеджментті білу, ауыл және қала мектептері мұғалімдерімен жұмыстың ерекшеліктерін білу, педагогикалық процестерді басқару тиімділігін критерийлерін және т.б. Құндылық қатынастар педагогикалық процеске қатысушылар арасында өзара байланыстың, кәсіптік қызметке, өзіне деген қатынастың, педагогикалық және оқушылар ұжымындағы тұлғааралық қатынастардың мәнін ашады. Құндылық-сапалар басқарудың субъективтігі ретінде басқарушы-менеджердің дербестік, тұлғалық, араласушылық қасиеттерінің көптүрлігінің мәнін ашады. Ол сапалар бастықтың өз қызметін болжамдап, оның салдарын алдын-ала көре білу қабілеті, өз әрекеті мен мақсатын өзгелердіңәрекетімен, мақсатымен салыстыра білу қабілеті, ынтымақтасу және бірлесе басқару қабілетінен және т.б. көрінеді.
Мектепішілік басқару технологиясы арнайы педагогикалық міндеттерді шешу басшы-менеджердің педагогикалық талдау және жоспарластыру, педагогикалық процесті бақылау және реттеуді атқара алатын іскерлігіне байланысты. Мектеп басшысының басқару қызметі өзінің табиғатында шығармашылық болып табылады. Басқарудың құндылықтары мен технологиясын меңгере отырып басшы-менеджер тұлғалық ерекшеліктері мен басқару объектісінің ерекшеліктеріне сай, ол құндылықтарды өзінше қайта құрып, талдап түсіндіруге ұмтылады. Осылайша, педагогикалық жүйені басқару тұлғалық қабілеттерді іске асыратын және жұмсайтын сала болып табылады. Басқару қызметінде мектеп директоры тұлға, басшы, ұйымдастырушы және тәрбиеші ретінде өзін-өзі танытады. Мектепішілік басқарудың теориясы мен практикасында (Ю.А.Копержевский, Т.И.Шомова және т.б.) педагогикалық талдаудың негізгі түрлері анықталған. Талдаудың субъектісіне (не талданады) қарай оның көптеген түрлері кездеседі. Солардың арасынан параметрлік, тақырыптық және қорытынды талдау деп аталатын үш түрді бөліп атауға болады. Параметрлік талдау оқу процесінің барысы мен нәтижесі туралы күнделікті мәлімет жинап, ондағы кемшіліктердің себебін анықтауға бағытталады. Параметрлік талдау барысында тұтас педагогикалық процестің барысына өзгерістер мен түзетулер енгізіледі. Параметрлік талдаудың мазмұны ағымдағы сабақ үлгерімі, сыныптағы, мектептегі бір күндік, бір апталық тәртіп, сабаққа, сыныптан тыс шараларға қатысу, мектептің санитарлық жағдайы, сабақ кестесінің сақталуы және т. б. сияқты мәселелерді қамтиды. Соның ішіндегі мектеп директоры мен оның орынбасарларының негізгі жұмысы – сабаққа және сыныптан тыс шараларға қатысуы. Параметрлік талдау нәтижелерін тіркеп, жүйелеп, қорыту таақырыптық педагогикалық талдауға негіз қалайды. Осы тұрғыдан алғанда параметрлік талдау – фактілерді атап көрсету емес, оларды салыстыру, жинақтау, оның қалыптасу себебін анықтап, соңғы салдарын болжау. Осындай талдау нәтижелері және соның негізінде қабылданған шешім шұғыл түрде іске асыруды қажет етеді. Тақырыптық талдау педагогикалық процестің барысында барынша тұрақты ағымдар мен нәтижелерді зерттеуге бағытталады. Тақырыптық талдау мазмұны мынадай кешенді мәселелерді қамтиды: оқытудың озық әдістерін үйлестіру, оқушылардың білім жүйесін қалыптастыру; мұғалімдердің, сынып жетекшілерінің адамгершілік, эстетикалық, дене, ақыл-ой тәрбиесінің жүйесі; мұғалімнің педагогикалық мәдениетінің деңгейін көтеру; мектепте қалыпты орта қалыптастырудағы педагогикалық ұжымның рөлі және т.б. Параметрлік талдау негізіне сүйене отырып, тақырыптық талдау барысында мектеп басшылары қорытынды талдаудың мазмұны мен технологиясын негіздейді.Қорытынды талдау уақыт, кеңістік және мазмұн жағынан да барынша кең көлемді қамтиды. Ол оқу тоқсаны, жарты жылдық, оқу жылының қорытындысымен өткізіліп, қол жеткен нәтижелер, олардың алғышарттарын оқып-үйренуге бағытталады. Қорытынды талдау басқару циклының барлық функцияларын қамтиды. Қорытынды талдау үшін мәліметтер параметрін, тақырыптық талдау тоқсандық, жартыжылдық бақылау жұмыстары, мұғалімдер, сынып жетекшілері, қоғамдық ұйымдар ұсынған ресми есеп, анықтамалардан құралады. Педагогикалық талдаудың барлық объектісін біріктіруші – ортақ әдістемелік жүйе болып табылады. Педагогикалық талдаудың негізгі объектілері – өз бойына балаларды оқыту мен тәрбиелеудің барлық мақсаты, міндеті, мазмұны, түрлері мен тәсілдерін жинақтаған сабақ, сыныптан тыс шаралар және мектептің оқу жылының қорытындысы.
Кез келген педагогикалық үдерісті басқару мақсат қою мен жоспарлаудан тұрады. Педагогикалық жүйенің үнемі қозғалыста, үнемі даму үстінде болуы оқу-тәрбие жұмысында мақсат қою мен жоспарлауды жетілдіріп отыруды қажет етеді. Әрине, тәрбиеленушілердің бойында белгілі бір қасиеттің қалыптасуын дәл белгілеу, жоспарлау мүмкін емес. Ал жоспарлау жеке тұлғаның барынша және жан жақты дамуына қолайлы объективті жағдай туғызуы тиіс. Сондықтан педагогтардың алдында тұрған мақсаттар мен міндеттер қоғамның алдындағы жалпы міндеттер мен мақсаттардың көрінісі болып табылады. Мақсат жоспардың өзегі болғандықтан ол педагогтің де, оқушының да әрекеттін қамтуы керек. Басқару қызметінің мақсаты – жұмыс түрлері мен тәсілдерін, оның жалпы бағыттарын айқындайтын бастау.
Педагогикалық жүйеде мақсат қоюдың ерекшелігі қоғамның объективті талаптарын білу жеткіліксіз. Бұл жерде басқару әрекетінің жалпы мақсаттарын оқушылардың жас ерекшелігі мен дербес-психологиялық ерекшеліктерін ескеріп белгілеу орынды. Жалпы мақсатты жан-жақты тармақталған «ағашқа» теңейтін болсақ басты мақсат оның «діңі» болып шығады. Сондықтан оның педагогикалық процестің басты мақсаты жекелеген мақсаттардың іске асуы есебінен нәтиже беретінін ұмытпау қажет. Сапалы түрде мақсат белгілегенде директормен бірге мұғалімдер, оқушылардың да осы жұмысқа тартылуы, оладың әрқайсысының педагогикалық үдерісте белгілі бір құқық, міндет, жауапкершілік арқалауына жағдай жасайды. Мақсат қоюды осылай түсіну кешенді мақсатты бағдарламаны іске асыратын жоспарластыруға мүмкіндік береді. Кешенді мақсатты бағдарлама мектеп жұмысы жоспарының қысқартылған моделі емес, ол мектептің жалпы жоспарынан бөліп алынған барынша маңызды 3-4 мәселе нақтылана түскен бөлігі. Бұндай мақсатта бағдарламаның мазмұнын айқындайтын қысқаша түсініктемесі болады; оның жалпы мектептік жоспардағы орны; басты мақсаты, міндеттер жүйесі; мақсатқа жету көрсеткіштері; орындалу мерзімі; міндетті орындауды басқарудың мәліметпен қамтамасыз етілуі; бағдарламаның орындалуын бақылау; қорытынды талдау; бағдарламаны орындауға енгізілген түзету. Мектептегі басқаруды жоспарлауда зерттейтін құбылысқа жасалған педагогикалық талдаудың негізінде іске асатын мақсатты бағдарлама деп білеміз. Бұл жерде жоспар түрінде қабылданған шешім ұзақ перспективаға арналуы, шұғыл, ағымдағы істерді шешуге бағытталуы мүмкін. Осыған байланысты мектеп жұмысының жоспары перспективалық, жылдық, ағымдағы деп бөліп қарастырылады.
Мектеп жұмысының жоспарын дайындау оның орындалуының шынайылығын, нақтылығын,үздіксіздігін қамтамасыз ететін бірқатар талаптарды сақтауды қажет етеді. Ол, ең алдымен, мақсат бағытының талабын сақтауға байланысты. Оның мәні педагог және оқушылар ұжымыжұмысының негізгі бағыттарын дамытып және тереңдетіп, мектеп жұмысының барлық тәжірибесін есепке алу деген сөз.
Мектепті басқарудың ұйымдық формаларын тиімді пайдалану оның дайындық деңгейі мен бағыттылығына тікелей байланысты. Педагогикалық кеңес, директор жанындағы кеңес немесе ұйымдастырудың шұғыл формалары педагогикалық үдеріске қатысушылардың ынтымақтастығы мен мүдделігіне қарай мақсатқа жеткізеді.
Достарыңызбен бөлісу: |