138-2-бап. Ұлттық біліктілік жүйесінің құрылымы Ұлттық біліктілік жүйесі мыналарды:
1) ұлттық біліктілік шеңберін;
2) салалық біліктілік шеңберлерін;
3) кәсіби стандарттарды;
4) маманның кәсіби даярлығын бағалау және біліктілік сәйкестігін растауды қамтиды.
138-3-бап. Ұлттық біліктілік шеңбері 1. Ұлттық біліктілік шеңбері кәсіби қызметтің жалпы сипаттамаларын әрбір біліктілік деңгейі үшін сипаттаудан тұрады.
2. Ұлттық біліктіліктер шеңберін әзірлеуді еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган білім беру саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен бірлесіп жүргізеді және оны әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық комиссия бекітеді.
Ескерту. 138-3-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.06.2014 N 212-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).