Оқушылар білімінің беріктігі. Бұл принципке мына заңдылықтар бар: білім мазмұны және оқушылардың танымдық күштерін дамыту оқыту процесіндегі бір-бірімен өзара байланысты бөліктер; оқу материалын түсініп есте сақтау оның мазмұнына, оқушының материалмен жұмыс істеуіне, оқуға, мұғалімге байланысты; білімнің беріктігіне оқытуды ұйымдастыру, оқыту түрлері мен әдістерінің алуан түрін қолдану, оқытатын уақыт әсер етеді. Оқушы есінде қалуға тиісті материалдарды таңдайды, сондықтан оның есінде оған пайдалы және қызықты білімдер ғана жақсы сақталады.
Түсініктілік принципі. Бала өзінің ойлау қабілетіне, жинақталған білімнің, іскерлігінің, ойлау тәсілдерінің көлеміне қарай түсінеді. Аталған принципті жүзеге асыру үшін әуелі оңай, белгілі, қарапайым материалдар, содан кейін қиын, белгісіз, күрделі оқу материалдары оқытылады.
Ынталандыру принципі. Бұл принциптің маңызы өте зор. Оқуға, білімге, мұғалімнің жеке басына деген, сондай-ақ оқу жұмысының барлық әдістеріне, түрлері мен нысандарына оқушыларды ынта-ықылас болса, олардың оқу-таным әрекеті сенімді, ерікті, қуанышты болады. Сондықтан мұғалім, ең алдымен, сабақтарын қызықты, тартымды, әсерлі етіп өткізуге міндетті.
Гуманизациялау (ізгілендіру) принципі- оқушыға деген ерекше сүйіспеншілікті, құрметті талап етеді. Балалаға сенім артып, оның жеке басының қасиеттерін ескеріп, оқу-таным әрекеттерінің жемісті болуына қолайлы жағдайлар мен мүмкіндіктерді жасау керек. Оқу процесінде, сабақтарда балаларды қорқытпай, қысымшылық жасамай, керісінше, олармен жылы қарым-қатынас жасау міндет.
Мәселелік принцип- оқу процесінің мазмұны, әдістері, ұйымдастыру нысандары мәселелі сипатта болуын талап етеді. Мәселелі оқыту білімді дайын түрде бермей, оқушылардың ізденуін, дербестігін, шығармашылық ойлауын дамытуға бағытталады.
Интеграциялау принципі. Бұл- жалпы білім мазмұнын анықтауға, оқу бағдарламалары мен оқулықтарды жазып шығаруда ескеретін маңызды принцип. Интеграция- әртүрлі пәндердегі негізгі принциптер мен заңдылықтарды өзара тығыз диалектикалық бірлікте қарастыруды көздейді.
Достарыңызбен бөлісу: |