Есенгелді мен Саржан сұлтандар Ташкентке келгенде оның Мәделіхан мен Ханпадшайым тоқалды шақыруында да үлкен кәп бар. Саржандар келгеніне ай болса да құшбегі күнде бір сылтаумен оларды қабылдамады. Мұндай қорлыққа наразы Қасым төре балалары қайтып кетейін десе, аңдыған көз тыпыр еткізер емес. Бұлардың жатқан жатыстары, қонақтан көрі тұтқын салтына жақын. Дос бүйтпесе керек еді, сонда Бегдербек қас па? Осылай жұмбаққа шешім таба алмаған қыр бекзадалары құшбегінің бір уәзірінен жақында жағдайды білді. Құшбегі Қоқан ханы келуін күтуде, бар шаруаны төрт көзі түгел отырып сөйлеспек көрінеді... Сол күткен Мәделіхан бүгін келіп, Қоқаннан алысқа шығып үйренбеген хан, жол соғып қалжыраған екен. Кешке құшбегімен дидарласпақ. Бегдербек кісі қабылдайтын шатырында. Қасым төре балаларының ой-пікірлерін білу керек.
Жанындағы ағасы Есенгелдіге қарағанда Саржанның жауынгер екені біліну себебі: Саржан беліндегі жез сақиналы күміс қында сабы сары мүйізден соғылған 8 қарыс ақ семсер. Есенгелдінің белбеуінде кішкентай ғана күміс кездік, ай мүйіз, алтынмен зерлеген арқар шақша...
Өзбектің жүзімі сый-құрметтің басы. Бегдібектің мазасыз отырған Есенгелді мен Саржан көңілін аулауға айтқан оқиғасы: бір қазақ пен бір өзбек дос болыпты. Аулына келген өзбекті қазақ қойын сойып, қымызын тосып әбден сыйлапты. Жолы түсіп, қазақ шаһарға келсе, өзбек досы сый-құрмет көрсетіп алдына бір тегене жүзім қойыпты. Бұрын жемісті жемеген қазақ, таңсық көріп асай бастапты. Қомағай қазаққа не шыдасын, жүзімнің таусылып бара жатқанын аңғарған сараң өзбек: — Алдыңыздағының атын юзім дейді, оны бүйтіп бір-бірлеп үзіп жейді, — деп аздап жеудің керек екенін ескертеді.Сонда қазақ:— Иә, мұны бізде жүзім дейді, бір жегенде жүзін жейді, — деп саусақтарын сала түсіпті.
Иә, сіздердің тілектеріңіз менде, ал менің тілегім Қоқан ханында, сонда не болғаны? — Аллатағала, дүниені домбыраның пернесіндей, бір үнді бір үнмен байланыстыра жаратса амал не? Алдияр тақсырдың не айтатынын кім біледі? Біздің тілек өзіңізде, тақсыр құшбегі, — деді Саржан, тілек біреу-ақ: сіздер берген жауынгерлеріңіз қандай ерлік іске бара алатынын ана жылы өз көзімізбен көрдік. Әрине айдалада жатқан қазақ елі үшін өзбек ағайынға жан қию оңай емес. Сондықтан қарамағыңыздағы Сыр бойын, Қаратау, Сайрам, Шу, бойын жайлаған Қыпшақ, Қоңырат, Шымыр, Ысты, Сиқым, Сыбан, Жаныс ауылдарынан сарбаз жинап елімізді, жерімізді қорғауға мүмкіндік беріңіз.