«Мәдениет дегеніміз не?» – деген сұраққа жауап беру үшін бұл сөздің этимологиясына, яғни осы күрделі ұғымды білдіретін сөздің шығу тегіне тоқталуды жөн көрдік. Көне заманда «культура» деген ұғым «жерді өңдеу» деген мағынаны берген. Кейінірек, дәлірек айтқанда, Цицеронның еңбектерінде (б.э.д. 45 ж.) бұл сөздің мағынасы тереңдеп, «жанды жетілдіру» деген ұғымды білдірді. Уақыт өткен сайын еуропалық тілдерде мәдениет сөзі «білім беру», «даму», «қабілеттілік», «құрметтеу» сияқты мағыналарға ие бола бастады. Қазақ тіліне бұл термин арабтың «маданият»- қала, қалалық деген сөзінен енген. Бұл ортағасырдағы мұсылман мәдениетінің өркендеу кезеңінде қалыптасқан маариф (білімділік) және адаб (әдем, мораль) түсініктерімен байланысты. Мәдениетке берілген көптеген анықтамаларды альтернативтік (қарсы қоюшылық) деп атауға болады. Бұл жерде алдымен көзге түсетіні – мәдениет пен табиғатты «культура» мен «натураны» қарсы қоюшылық.
Қазіргі заманғы сөздіктерде мәдениетке төмендегідей анықтамалар берілген: а) мәдениет – белгілі бір халықтың қол жеткен табыстары мен шығармашылығының жиынтығы; ә) мәдениет — адамзат қауымының белгілі бір тарихи кеңістіктегі қызметі мен өзіндік ерекшеліктері (палеолит мәдениеті, крит-микен мәдениеті, қазақ мәдениеті ж.т.б.; б) мәдениет — адамдық әрекеттің белгілі бір саласының жетілу деңгейі (сөйлеу мәдениеті, еңбек мәдениеті, құқық мәдениеті ж.т.б.); в) агро-мәдениет (дәнді өсімдіктер мәдениеті, цитрустық мәдениет ж.т.б.).
Осыған дейін қарастырылған ұғымдарды негізге алып, қоғамдағы мәдениеттің төмендегідей қызметтерін айқындау мүмкіндігі бар:
Адамды қалыптастыру қызметі. Бұл — мәдениеттің қоғамдағы басқа қызметтерін бойына жинақтайтын және оның негізгі мазмұнымен тікелей байланысты нышан. Егер біз адамды әлде құдай, әлде табиғат, әлде еңбек жаратты деген пікірталастардан сәл көтерілсек, адам мәдениетті, ал мәдениет адамды қалыптастырғанына көзіміз жетеді. «Жеке адам өзі өмір сүріп жатқан қоғамның туындысы, төл перзенті». Маугли — көркем бейне. Жануарлар арасында кездейсоқ өскен адам мәдениеттік қасиеттерден жұрдай болады.
Адамға ең қиыны — адам болу. Ал оның негізгі шарттарының бірі ретінде ізгілік пен зұлымдық, ақиқат пен жалғандық, әділеттілік пен өктемдік, бодандық пен азаттық, сұлулық пен ұсқынсыздық арасындағы адамның таңдауын аламыз. Соның нәтижесінде жеке тұлғада өзіндік сана тұрақталады, ол озық мәдениет үлгілерін өз бойына сіңіреді. Жалпы алғанда, мәдениеттің алға басуы дегеніміз дүниежүзілік тарихтың адам үшін, оның мүдделері мен өзіндік мақсаттары бағытында толыққанды ашылуы болып табылады.
Жалғастық, мәдениет мұрагерлік қызметі. Мәдениеттің бұл қызметі бір ұрпақтан екінші ұрпаққа берілетін бүкіл адамдық өмір тәсілдерінің өзіндік ерекшеліктеріне қатысты. Ақпараттық (информациялық) беріліс әлеуметтік жүйеде биологиялық тұқым қуалаушылықтан өзгеше жүреді. Шын мәнісінде қоғамда ұрпақтар жалғастығы мәдени мұраларды игеру, қабылдау және оны шығармашылықпен дамыту арқылы жүзеге асады. Мәдени ақпараттар — салт-дәстүр, әдет-ғұрып, рәсім-рәміз, діл мен тіл, дін және өнер, білім т.б. руханилықтың белгілі бір деңгейін меңгерудің нәтижесінде мәдениет субъектісінің өзіндік санасының жанды буынына айналады.
Танымдық қызметі. Мәдениеттің қоғамдағы бұл қызмет-міндетінің сан алуан қыры бар. Бірден біздің назарымызды өзіне аударатын нәрсе — мәдениет пен білімнің арақатынасы. «Табиғаттан қулығын асырып жіберуге» (Гегель) бағытталған адамдардың білімі, әрине мәдениеттің негізгі құрамдас бөлігіне жатады. Ертедегі гректің «пайдейя», ислам Өркендеуіндегі маариф», қазіргі өркениеттегі «интеллигенттілік» ұғымдары мәдениет пен білімділіктің іштей туыстығын, үндестігін білдіреді. Осы сипатта, әсіресе зиялылар (интеллигенция) мәдениетті сақтау және дамыту ісінде үлкен қызмет атқарады. «Бүгінгі күнге лайық адамдық қарым-қатынас орнату — интеллигенцияның басты міндеті.
Реттеу қызметі. Бұрынғы Кеңес Одағында шыққан кітаптарда «мәдениетті ғылыми жолмен басқару» атты сөз тіркесі кең етек алған-ды. Бірақ адамның дүниеде өмір сүру тәсілі ретінде түсіндірілетін мәдениетті басқару мүмкін емес, әйтпегенде адамды тетікке, қуыршаққа айналдырған тоталитарлық айла – шарғы үлгілерін көреміз. Айталық ертедегі Грекияда ешқандай шенеуніктер адам басына театрлар неше билет сатты деген ақпарат жинаған жоқ. Солай болса да елдегі жоғары мәдениеттің және рухани ізденістің қандай деңгейде болғаны бәрімізге белгілі.
Коммуникативтік, қарым – қатынастық қызмет. Бұл мәдениеттің қоғамдағы негізгі қызметтерінің бірі. Адамдардың қарым – қатынасы, мәдениеттер сұхбаттасуы – әлеуметтік шындықтың басым көрінісі. Адам ерекше бір өрісте – қарым –қатынас өрісінде болады. Руханилық пен ізгілік, әдемілік пен жақсылық тербелісі адамды нәзік тормен қоршаған; қоғамдық өмірде тек зат пен тауар алмасуы ғана емес, ең алдымен идеялар, мамандық шеберлік тәжірибелерімен сезімдік үлгілерімен ауысу толастамақ емес. Мәдениет игіліктерін жас нәресте анасының ақ сүтін еміп, оның әлди жырымен сезім дариясына шомылып қана адамдық қасиеттерді бойына сіңіре бастайды.