41-дәріс. Тақырыптың аталуы: Балалардың қимыл белсенділіктерін арттыру
В.А.Сухомлинский «Ойынсыз ақыл ойдың қалыпты дамуы жоқ және олай болуы мүмкін емес. Ойын дүниеге ашылған үлкен жарық терезе іспеттес, ол арқылы баланың рухани байлығы жасампаз өмірмен ұштасып айналадағы дүние туралы түсінік алады. Ойын дегеніміз – ұшқын, білуге құмарлық пен еліктеудің маздап жанар оты» деген.
Ойын барысында балалар өздері де байқамай әртүрлі жаттығуларды орындай бастайды. Ойын баланы іздену жолына бағыттайды, жеңіске деген қызығушылығын оятады, ал осыдан шыға келе олар жылдам, жинақы, шапшаң, тапқыр болуға, ойын шартын сақтап отырып тапсырмаларды нақты орындауға тырысады.
Ойындарда, әсіресе топтық ойындарда жеке тұлғаның адамгершілік қасиеттері, жауапкершілік сезімдері қалыптасады, тәртіп, күш жігер, мінез – құлық тәрбиеленеді. Көрнекіліктердің әдістері, сұрақтың қызық та, тиімді түрлері, жұмбақтар, әзіл есептер, ахуал жағдайлары, сайыстар балалардың белсенді ойлау әрекетін дамытуға көмектеседі. Ойын барысында баланың ойы үнемі дамып, жетіліп отырады, ұшқырлана түседі.
Ортаңғы топ балаларының білуге деген ынтасы мен мүмкіндіктерін толық пайдалану және оларды оқу үрдісінде үздіксіз дамытып отыру оқу іс-әрекет барысында алған білімдерін тәжірибеде қолдану дағдыларын қалыптастыру үшін өзімнің оқу іс-әрекеті, мерекелік ертеңгіліктер, серуенге шыққанда қимылды ойын элементтерін көп пайдаланамын. Кей бала ойында шынайы өмірді бейнелесе, кей бала ішкі сезімін білдіреді.
Мағжан Жұмабаев: «Ойын – баланың өз ісі. Баланың ойынына кірісуші болма. Баланы бір нәрсе бүлдірмес үшін тек шеттен бақыла». Ойын тек әрекет емес, балалардың да, үлкендердің де қызығушылық ермегі адамды рахат пен қанағат сезіміне бөлейтін іс–әрекет. Бала тұрмақ, үлкен адамдар да әлі күнге дейін ойнайды, әрине ойынның түрлері де, мазмұны да сан алуан. Оның өзгеріп отыруы балалардың жас және дара ерекшеліктеріне байланысты. Ұлттық ойындар – қазақ халқының ерте заманнан қалыптасқан дәстүрлі ойын - сауықтардың бір түрі. Оның бастауы алғашқы қауымдық қоғамда шыққан. Ұлттық ойындар негізінде әр халық түрлі – түрлі жаттығулар жасау жолымен дене шынықтыру ісінің негізін салды. Бертін келе шынайы спорт ойындарының шығуына түрткі болды. Оның адам денсаулығын жақсартуда пайдасы аса күшті. Ұлттық ойындар – ата-бабаларымыздан келе жатқан біздің байлығымыз, асыл қазынамыз. Сондықтан, үйренудің күнделікті тұрмысқа пайдаланудың заманымызға сай ұрпақ тәрбиелеуге пайдасы орасан зор. Ойын баланың алдынан өмірдің есігін ашып, ұштаса береді. Міне, қимылды ойын дегеніміз - тынысын кең алысқа меңзейтін, ойдан-ойға жетелейтін, адамға қиялмен қанат беретін осындай ғажап нәрсе ақыл-ой жетекшісі, денсаулық кепілі, өмір тынысы.
Ұлттық ойындардың менің тобымдағы балаларға лайықтары «Көкпар», «Орамал алу», «Тақия жасыру», «Алтын қақпа», «Ақ серек - Көк серек», «Айгөлек», «Ақ сандық – Көк сандық», «Ақ сүйек» баланың көзін жұмғызып алаңдағы ағаш ішіне сүйекті лақтырып жіберіп, іздеу т.б. қимылды ойындар ойнату арқылы баланы тапқырлыққа, жылдамдыққа, шапшаңдыққа, икемділікке, батылдылыққа үйрету іске асырылады. Яғни, таңертеңгі қабылдау кезінен кешке баланың үйге қайтуына дейінгі уақыт аралығындағы күн тәртібіне сәйкес дене тәрбиесі күні бойғы тәрбие түрлері мен біртұтас сабақтас жүргізіледі. Сондықтан да, бағдарлама бойынша арнайы өтілетін тақырыптық тәрбие сәттерінің арасында әуелі дене сергіту, жұмыс соңында ырғақты қимыл –қозғалыс ойындары өткізіледі. Ең бастысы ата-бабадан қалған өнер мен өнеге, үлгілерінің лайықтыларын баланың сана сезіміне құйып көзіне көрсете отырып, ойын арқылы бойына сіңіріп, оларды әдептілікке, мейірімділікке, ізеттілікке, туысқандық пен бауырмалдыққа, үлкенге - құрмет, кішіге – қамқор болуға баулып адамдық қасиеттерді қалыптастыру. Бір ғажабы қимылды ойындар балалардың жан сұлулығын, тән сұлулығын жан-жақты жетілдіруге, белсенді болуға бағытталған. Ойынды ойнау барысында балалардың жас ерекшілігі ескеріледі. Оқу іс-әрекеттерінде бағдарламаның мазмұнына қарай сергіту жаттығулары ретінде қолдануға болады. Ойын – мектеп жасына дейінгі балалар іс-әрекеттерінің негізгі түрі. Ойын – баланың, бүкіл балалар тобының ұйымшылдығының дамуында басты рөл атқарады. Балаларға ұлттық ойындар арқылы халқымыздың тарихын, мәдениетін таныстыру қолға алынған. Ойынның шығу тарихына шолу жасауда көңіл аударатынымыз ол еңбекпен, өнермен, қоршаған ортамен тығыз байланыста дамыған, яғни ойынды өмірден ажыратып қарай алмаймыз. Балалар тек ойнап қана қоймайды, сонымен бірге ойлайды, аңғарады, көп нәрсені білуге, зерттеуге талпынады. Яғни, қазіргі заман ағымына қарай белсене қатысады. Аса көрнекті үздік педагог Н.К.Крупская қимылды ойын жөнінде былай деп айтқан: «Ойын – өсіп келе жатқан бала организмінің қажеті. Ойында баланың дене күші артады, қолы қатайып, денесі шыңдала түседі, көзі қырағыланады, зеректілігі, тапқырлығы, ынтасы артып жетіле түседі.
Достарыңызбен бөлісу: |