12. Қазтуғанның өлең-толғауларындағы атамекен тақырыбы.
Қазтуған жыраудың "Мадақ жыры", "Туған жермен қоштасу" сынды туындыларын ежелгі қазақ поэзиясының таңдаулы үлгілеріне жатқызуға болады. Ақынның халық жыраулары арқылы жеткен бірқатар толғаулары И.Березиннің "Түрік хрестоматиясында" (1862), Ғабдолла Мұштақтың 1910 жылы шыққан "Шайыр, яки қазақ ақындарының басты жырлары" жинағында, М.Мағауиннің "Алдаспан" кітабында (1970) жарияланды.
Атамекен жайлы: «Алаң да, алаң, алаң жұрт»
«Салп-салпыншақ анау үш өзен,
Салуалы менің ордам қонған жер,
Жабағылы жас тайлақ
Жардай атан болған жер»
13. Қазтуғанның «Мадақ жыры». Әдеби мәні.
Қазтуған жыраудың дара жаратылысын, өмір жолының көркем бейнесін танытатын толғау – «Мадақ жыры».
Жалпы мазмұнына қарай отырып, бұл толғауды Қазтуғанның айбар-даңқы қазақ даласына танымал болған тұсқа телуге келеді. Өйткені жырау өзінің кім екендігін көрсету үшін алға тартатын суреттеулер де, баяндаулар мен сипаттаулар да айтылған әрекеттердің қай-қайсы да сол сәтке дейін бастан өткен жағдайлар екенін айғақтайды.
Қазтуған жыраудың монологы іспеттес «Мадақ жыры» толғауын ішкі мазмұн желісінің өзгерістеріне орай төрт бөлікке жіктей қарастыруға болады және бұл бөліктердің әрқайсысы жырау өмірін түзетін нақты кезеңдердің көркем бейнесі болып табылатынын айту абзал. Мәселен:
Бұдырайған екі шекелі, Мұздай үлкен көбелі,
Қара ұнымы сұлтандайын жүрісті, Адырнасы шайы жібек оққа кірісті... –
деп келетін алғашқы бөлікте жыраудың жорықтарға толы өмір кезеңдерінің суреті берілсе:
Айдаса қойдың көсемі, Сөйлесе қызыл тілдің шешені,
Ұстаса қашағанның ұзын құрығы, Қалайылаған қасты орданың сынығы... –
деген екінші бөлікте жорық-жортуылдардан тыншу тауып, бейбіт күндерді бастан өткерген уақыттарда ел ішінде жыраудың атқарған қызметтерінің және сол істерінің салмақ-маңызын аңғартатын бейнелер жасалған. Бұлай ой түюге себеп болып тұрған жәйт – көрсетілген тармақтарда тұрмыс-тіршілікке қатысты сөздердің («қой», «қашаған» сияқты түлік атауларының) қолданылуы ғана емес, сол сөздерді пайдалана отырып, жырау жасаған біртұтас образ, яғни жорықтан тыс тіршілік бейнесі.
Достарыңызбен бөлісу: |