1. Ежелгі ғүн-түрік кезеңінен бастау алған Қазақ Ордасының тарихи мәні, тағылымы


Ақтамберді шығармаларының жариялануы, зерттелуі



бет21/42
Дата30.05.2023
өлшемі137 Kb.
#177987
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   42
Байланысты:
әдебиет толық

30. Ақтамберді шығармаларының жариялануы, зерттелуі
Сарыұлы Ақтамберді (1675-1768) атақты жырау, қолбасшы батыр, қоғам қайраткері. Ұлы жүздің Ошақты руынан. Әкесі Сары мен шешесі Сырбикеден жалғыз туған. Жыраудың «атадан жалғыз туғанның жүрегінің бастары сары да жалқын су болар» деуінде өз өмірінің шындығы бар. Ақтамберді жырау өз ғұмырнамасын толғауларына көркемдік қуаты зор, келісті нақыштармен түсірген. Шығармалары зиялы зергердің қолтаңбасын танытады. Әлі де қолға түспеген толғаулары ел аузында сақталуы ықтимал. Қазіргі қолда бары 300 жолдан аспайды. Азғантай қазынасының өзі афоризмдерге толы. «Күмбір-күмбір кісінетіп», «Уа, қарт Бөгенбай», «Менімен ханым ойнаспа», «Жауға шаптым ту байлап», «Заманым менің тар болды» және тағы да басқа өлең-толғаулары батылдыққа, ізгілікке, патриоттық күй-сезімдерге толы. Жырау өзінің алғашқы туындыларын осы шамада 10-11 жасында шығарма бастапты. Ақтамбердінің бұл кездегі өлеңдері мұң, зар, жалғыздыққа налу түрінде келеді. Ақтамбердінің «Балаларыма өсиет» деп аталатын толғауы соңғы туындыларының бірі болса керек. Жырау балаларын тірліктегі бірлікке, талап-мұратқа, татулыққа үндейді. Жас ұрпақтың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруы елді мақсатына жеткізерін ескертеді. Халықты алауыз мінездерден сақтандырады. Ақтамберді толғаулары мен жырлары С.Мұқановтың «Қазақтың 18-19 ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктер», «Ертедегі әдебиет нұсқалары», «Алдаспан», «15-18 ғасырдағы қазақ поэзиясы», «Бес ғасыр жырлайды» жинақтарына енгізілген.
31. Тәтіқара ақынның шығармашылық мұрасы
Осы уақытқа дейін жаттаған жырларымыз: "Қамыстың басы, майда түбі сайда", "Кебеже қарын, кең құрсақ", "Кеше тоқыраулы судың бойынан"
Жыраулар поэзиясынан нәр алып, ақындық поэзияның тууына жол салған ізашар тұлғалардың бірі – XVIII ғасырда тірлік кешкен Тәтіқара ақын. Тәтіқара (1705, қазіргі Қостанай облысы Сарыкөл ауданы – 1780, сонда) – ақын, жырау. Абылай ханның ақылшысы ретінде біршама уақыт хан сарайында тұрған. Олжабай, Бөгенбай батырлардың қалмаққа қарсы жорықтарына қатысып, олардың ерлік істерін мадақтаған, толғауларында жауынгерлерді табандылыққа, төзімділікке үндеген. 1756 жылғы Цин империясы басқыншылары мен Абылай сарбаздары арасында өткен соғысты сипаттаған жалынды жырлары (“Қамыстың басы майда, түбі сайда”, “Кебеже қарын, кең құрсақ”, т.б.) Тәтіқара есімін халыққа кеңінен танытты. Белгілі ғалым Е.Ысмайылов өзінің «Ақындар» деп аталатын еңбегінде Тәтіқара ақынның шығармашылығына назар аударып, оны қазақ пен жоңғар арасындағы ұрыс-шайқастарды суреттейтін көптеген жырлар шығарған эпик ақын ретінде жоғары бағалайды. Зерделей назар аударуды қажет ететін пікірді академик Ә. Марғұлан айтады. Оның пікірінше, Тәтіқара жырау – XVIII ғасырдың бірінші жартысында жасаған қазақтың ірі ақыны, жыршы-импровизаторы. Оның өлеңдері мен жырларынан тек ауыз әдебиетінің ерекшеліктері емес, жазба әдебиетке тән сипаттар да байқалады. Ә.Марғұлан пікіріне ден қойсақ, Тәтіқараның әрі ақын, әрі жырау болғанын бағамдаймыз. Бүгінге дейін сақталып жеткен шығармаларына сүйене отырып, Тәтіқара ақынның шығармашылығы жайында төмендегідей ой түюге болады: Тәтіқара туындыларының жыраулар поэзиясынан негізгі ерекшелігі – өлеңдеріне арқау болған мәселелерді ой сүзгісінен өткере отырып, реалистік мазмұнда жырлауы. Оның себебін романтикалық пафосы басым түсіп жататын жыраулар поэзиясының дәл оқиға үстінде шығарылуымен, ал Тәтіқараның ерлік, батырлық туралы туындыларының (яғни, көлемді жырлардың үзінділері) оқиға болып өткеннен кейінгі уақыт аралығында жырлануымен сабақтастыруға болады. Бұл айырмашылықты байқау үшін Тәтіқараның «Қамыстың басы майда, түбі сайда...», «Кебеже қарын, кең құрсақ...» деп басталатын үзінділері мен ақынның өз замандасы Ақтамбердінің ерлік, батырлық жайындағы жыр-толғауларын салыстыра оқу жеткілікті болмақ. Тәтіқараның «жырау» емес, «ақын» деп аталуының сыры да оның шығармаларында өмірлік шындықтың басымдық алуына және соған сәйкес реалистік көзқарастың жетекші әдіске айналуына байланысты. Өз кезегінде бұл жағдай ақын шығармаларындағы сюжет динамикасының сипатына әсер еткен. Салыстыра айтар болсақ, жыраулар поэзиясында елдің рухын қайрау, намысқа шабу, жігерлендіру сияқты әрекеттер мақсатты түрде алдыңғы планға шығып, жыр-толғауларына серпінділік, екпінділік етене болып келсе, Тәтіқара шығармаларында бейнеленіп отырған жағдайға байыппен баға беру әрекеті басым түседі. Қорыта айтқанда, өлең-жырларында өмірлік шындықтың аясынан асып кетпей, мейлінше шынайы бейнелеуді құнттаған Тәтіқара ақын – қазақ әдебиетінде реалистік ақындар поэзиясының тууына із салған ХVІІІ ғасырдағы көрнекті тұлғалардың бірі.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   42




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет