«Жалғыздық». Ақын жаңа дүниемен келісе алмағандықтан жалғызсырайды. Шәңгерей Бөкеев шығармаларындағы жалғыздық сарыны “Бұл дүние панилығын етеді екен» өлеңінде байқалады:
Шайтанға шаршап тұрған ат бергенің -
«Тамұққа жақынымды жақ!» дегенің.
Жыланды жолда жатқан соқпай кетсен -
Тап болған бір ғаріпті шақ дегенің.
Кең сарай сахара да өтті күнім,
Тас болат, тар қапада шықпайды үнім.
Жалғыздық жанға батса, шер тарқатқан
Қобыздай күңіренген қайран тілім!
Шәңгерейдің басқа өлеңдерінде де кездесетін ізіне түскен жалғыздық бұл өлеңінде де қайталанады. Бақытты тек жар жанынан іздеушіліктің негізгі себебі де осы жалғыздық. Ақынның әлеумет өмірінен аулақтап, жақсылықтың бәрін жары айналасынан іздеушілігі кездейсоқ емес, өмірге жалпы көзқарасымен байланысты. Егер ақын өзі өмір сүрген дәуірдің жалпы құрылысымен, оның даму процесімен келісе алмай, күресуге дәрменсіз болса, онда ақындар бұл өмірде мені қанағаттандыратын еш нәрсе жоқ деп, махаббатты машықтап, жекелік-дарашылдыққа беріледі. Демек, Шәңгерейдің барлық жақсылықты жар қойнынан іздеуі де, өлеңдерінің элегиялық сарында болып келуі де сол дарашылдығына келіп тіреледі.
«Жігіттің болса алған жақсы жары» өлеңдегі ақын ізденісінің басты себебі— жалғыздық мәселесі. «Делбеймін көңілімді жалғыздықтан» деу арқылы осы күйзеліспен күресіп жүргендігін байқатады. Бұл өлең ақынның ішкі сырын танытар бірегей туындыларының бірі.
«Өмір мен өлім». Ақынның өмір мен өлім туралы пәлсапалық толғанысынан өмір шындығының елесі көрінеді. Ол тумақ, өлмекті табиғи құбылыс ретінде түсінеді. Бұл ойын өлеңінде лирикалық бейне арқылы жеткізеді. Барлық қауіп-қатерді себеп-салдарлы түрде көрсетеді. «Ол күндерді тапсырдым»,«Өмірдің өтуі» өлеңінде қырдағы құланың аман жүрмегі жоқ, құдыққа құлан құласа, құлағында құрбақа ойнар, суға құлан шұбырса, жолын тосқан жолбарыс жүрегін жұлып, жем етер. Ол да аман қалмайды. Бөкен терісін бөрік еткен, сексеуілді күрке еткен мерген жалғыз оқпен оның да қазасын жеткізеді. Мерген де ажалдан құтылмайды. Кім болса да ажал оғынан құтылмақ емес дейді. Өз заманындағы әлеуметтік құрылысқа жатырқай қараған ақын алдағы болашақтан үміт күтпейді. Ақын ескі қоғамдық құрылыстың күйреуін белгілі мөлшерде өз басының да трагедиясы деп түсінетін сияқты.
Бұл дүние пәнилығын етеді екен,
Бір дәурен өтіп, бірі жетеді екен...
Өзіне халық аузын қаратқан ер,
Тіріге, өлсе, қадірі кетеді екен...
Бұл сөздерінен де өмірдің өтуі, ескінің өтіп, жаңаның келуі, елді аузына қаратқан ерлердің, көзден тайса, көңілден кететінін айтып, торыққандай болғанын көреміз.
Жалғаншы жарық дүние!
Бізден де бір күн қалады,
Піл сауырлы қара жер
Қойынын ашып, қол жайып,
Құшағына алады.
Бұл өлең жолдары арқылы ақын, өмірдің өткінші екендігін, адамзаттың түбі барары қара жер болатынын жеткізгісі келеді
Достарыңызбен бөлісу: |