когамдык саяси омири
КСРО-ның ыдырау барысын тездеткен 1991 жылғы тамыз бүлігі 1991 жылдың қазанына қарай көптеген республикалардың өз тәуелсіздігін жариялауына септігін тигізді. 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының тәуелсіздік жөнінде Конституциялық Заң қабылдауы улкен айтыс-тартыстың арқауы болды. Сөз жоқ, осыдан бір жыл бұрын Қазақстанның тәуелсіздігі жөніндегі Заң көптеген қарсылықтарға ұшырар еді, 1991 жылдың соңғы 4 айының ішіндегі саяси процестер тығырықтан шығудың табиғи жолына бастап әкелді: Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялады. «Мұндай заңды көп ұлтты Қазақстан халқы көптен күткен еді, - деп мәлімдеді республиканың халық депутаты С.Сартаев, - егер де оны біздің халқымыздың көптеген ұрпақтары жақындата түсті десем, ақиқатқа қарсы айтқан болмас едім. Тәуелсіздік үшін күрес үздіксіз дерлік жүргізіліп келді».
Қабылданған құжаттың 1-бабында Қазақстан Республикасы тәуелсіз, демократиялық, унитарлық және құқықтық мемлекет деп анықтама берілген. Ол өз аумағында барлық өкімет билігін толық жүзеге асырады, ішкі және сыртқы саясатын дербес жүргізеді, басқа мемлекеттермен өзара қарым-қатынасын халықаралық құқық қағидалары негізінде құрады. Қазақстан аумағы біртұтас, бөлінбейтін және қол сұғылмайтын болып табылды.
Заңның 2-бабында республика азаматтары ұлтына, діни сеніміне, қоғамдық бірлестіктерге қатыстығына, шыққан тегіне, әлеуметтік және мүліктік жағдайына, кәсібіне, тұрған жеріне қарамастан барлық құқықтар мен міндеттерді, бостандықтарды пайдалана алатыны атап көрсетілді. Егемендіктің бірден-бір иесі және мемлекеттіліктің қайнар көзі республика азаматтары болып табылады. Республика аумағынан кетуге мәжбүр болған және басқа мемлекеттерде тұратын қазақтарға өздері азаматтары болған мемлекеттің заңдарына қайшы келмесе, Қазақстан Республикасының азаматтығын да қоса алу құқығы берілді. Республика аумағынан жаппай қуғын-сүргін, күштеп ұжымдастыру, басқа да адамгершілікке қайшы акциялар барысында қашып шыққандар мен олардың ұрпақтарының елге оралуына қолайлы жағдайлар жасалды.
Мемлекеттің аса маңызды міндеттерінің бірі қазақ ұлты және Қазақстанда тұратын басқа ұлттар мен ұлт өкілдері мәдениетінің қайта өрлеуі мен дамуына қамқорлық жасау болып табылады. 3-бапта Қазақстан Республикасы Мемлекеттік өкімет органдарының құрылымы анықталды. Қазақстан Республикасының және оның атқарушы өкіметінің басшысы - Президент болып табылады. Республика мемлекеттік тәуелсіздігінің экономикалық негіздері анықталған 4-баптa республиканың тәуелсіз мемлекет мәртебесіне сәйкес келетін және меншіктің барлық түрлерінің көпқырлылығы мен теңдігіне негізделген дербес экономикалық жүйесінің болатыны атап көрсетілді. Жер мен оның қойнауы, су, әуе кеңістігі, өсімдіктер және жануарлар дүниесі, басқа да табиғи байланыстар, ғылыми-техникалық және экономикалык мүмкіндіктер Қазақстан Республикасының меншігіне жатады.
Достарыңызбен бөлісу: |