46. Дәстүрлі және критериалды бағалау жүйесін салыстырыңыз.
Дәстүрлі (нормативтік) бағалау мен өлшемдік бағалаудың арасындағы айырма салыстыруда болып табылады. Дәстүрлі бағалауда оқу жетістіктері оқушылардың басым көпшілігі жете алатын, орташа статистикалық нормамен, өлшемдік бағалауда бағалау өлшемдері түрінде берілген, белгілі бір эталонмен (оқу мақсатымен) салыстырылады.
Әр критерий бойынша ең жоғары ұпай (дескриптор) оқушы тақырыпты оқып-үйреніп болу соңында шынайы қол жеткізе алатын деңгейді бейнелейді. Сондықтан мұғалім оқушының білім-білік-дағдыларындағы, ол қол жеткізе алатын өсімшелерді жобалай алады, осы жолдағы жасалатын әрбір қадамды жоспарлай алады.
Өлшемдік бағалау оқушының белгілі бір бағыттардағы әр түрлі кезеңдердегі жетістіктерін салыстыра отырып, оның сәйкесті дағдыларының даму үдерісін бағалауға мүмкіндік береді. Ол үшін сол оқушының бір бағалау өлшемі бойынша ал,аг әр түрлі ұпайларын салыстыру жеткілікті болады.
Өзіндік бағалау туралы
Оқушының өз оқу іс-әрекетінің жеке ерекшеліктері туралы рефлексия мен өзіндік бағалау арқылы сезінуі оның ойлауы мен шығармашылығының дамуының маңызды құралы болып табылады. Өлшемдік бағалауды қолдану бағалау үдерісіне өзіндік бағалау жасау арқылы оқушының өзін тартуға жағдай жасайды. Жалпы алғанда, тек рефлексия ғана оқушыға өз оқу іс-әрекетінен тәжірибе жинақтауға, қойылған мәселені шешу үшін ішкі мүмкіндіктерін жұмылдыруға, өзін-өзі жақсырақ түсінуге мүмкіндік береді.
Өз жетістіктері мен кемшіліктерін талдай отырып, оқушылар оларды жою жолдарын табады, өз жұмыстарының күшті және әлсіз жақтарын көре отырып, өзін-өзі бағалауға үйренеді, осы нәтижелерді пайымдау арқылы өзінің ары қарай алдағы уақытта жасайтын жұмыстарының бағдарламасын жасай алады.
Тек өзін-өзі бағалау ғана мұғалімге оқушылардың оқудағы қиындықтары туралы көп ақпарат бере отырып, оқыту үдерісіне дер кезінде түзету жасауға көмектеседі.
Дұрыс ұйымдастырылған рефлексия тапсырманы табысты орындауға ықпал ететін оң ахуал тудырады.
Дәстүрлі оқытуда көп кикілжің тудыратын баға ештеңені де өлшемейді, ол оқушылардың оқудағы тәртібін түзеу үшін ғана жиірек пайдаланылады, сондықтан көп оқушылар тек баға үшін оқиды. Бағалаудағы зерттеушілік амал өлшемдік бағалауды ұсына отырып, бағаның мадақтау мен жазалу құралы ретіндегі рөлін жояды.
Нақты қойылған бағалау өлшемдері өзара келісілген «ойын ережесі» сияқты белгілі бір шарттарды сақтай отырып, жұмыс нәтижелерін бағалауға қажетті белгілерді дұрыс анықтауға ықпал етеді. Жақсы жасалған бағалау өлшемдері ғана оқушыларды айқын қойылған мақсаттарға жетуге, өз іс-әрекетіне баға беруге және оны түзетіп отыруға ынталандырады, сол арқылы оқытуда стресті болдырмауға жағдай жасайды.
Нақты жасалған бағалау өлшемдерінің жоқтығы жұмыс мақсатының мұғалімге де, оқушыларға да түсінікті еместігін, дұрыс бағаламауға ғана емес, бүкіл оқу іс-әрекетінің маңызын төмендетуге алып баратынын көптеген тәжірибе көрсетіп беріп отыр.
Бағалаудың екі жүйесіндегі тұжырымдамалық ерекшеліктер:
-Оқу бағдарламасын меңгерудегі олқылықтарды жою үшін оқушыларды ынталандыру;
-Оқу бағдарламасының тиімділігін бақылау;
-Оқу үрдісін ұйымдастырудың және оқу материалын меңгерудің ерекшеліктерін анықтау үшін мұғалім, оқушы және ата-ана арасында кері байланысты қамтамасыз ету.
Критериалды бағалаудың артықшылықтары:
-Оқушының жеке басы емес, тек қана жұмысы бағаланады;
-Оқушының жұмысы дұрыс орындалған жұмыс үлгісімен (эталон) салыстырылады;
-Баласына оқу үрдісі кезінде қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.
Критериалды бағалау – оқушылардың білім жетістіктерін ұжыммен келісілген, оқу үрдісіне қатысушыларға алдын-ала белгілі, оқушылардың негізгі құзыреттіліктерінің қалыптасуына жағдай жасайтын, білім берудің мақсаты мен мазмұнына сәйкес нақты анықталған критерийлер бойынша салыстыруға негізделген үрдіс.