1-лекция. Этика мен эстетиканың пәні


-лекция. Табиғат эстетикасы. Өнердің ерекшеліктері



бет10/13
Дата12.04.2022
өлшемі327,5 Kb.
#138944
түріЛекция
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13
Байланысты:
этика
алғашқы көмек көрсету, Жер кадастрын жүргізу тәртібі
10-лекция. Табиғат эстетикасы. Өнердің ерекшеліктері.
Табиғат әлемі адам өмірінің бастауы. Басы да, соңы да жоқ, уақыт пен кеңістікте шексіз үздіксіз қозғалыста және өзгерісте болатын, өзінің барлық шексіз көптүрлілігімен көрінетін табиғат және ғарыш әлемі адамның санасында әр уақытта эстетикалық сезімдер туғызып, эстетикалық қатынастардың объектілері болады. Өздігінен табиғи құбылыстар мен қасиеттер әдемі де, ұсқынсыз да емес. Олардың түрі, бояу, үні мен иісі о бастан-ақ адамға акустикалық, оптикалық жағынан әсер етеді. Бірақ физикалық, физиологиялық тағы да басқа табиғи қасиеттер эстетикалық құндылықтармен барабар емес. Олардың эстетикалық тазалығы адам дүниені материалды-рухани түрде игере бастаған уақыттан бастау алады.
Археологияның, этнографияның, өнер тарихының мәліметтеріне қарап, адам табиғат сұлулығын бірте-бірте ақырындап игере бастағандығын көреміз.
Адам өзін табиғаттың бөлінбес бір бөлшегі, құрамдас тобы деп есептеді. Әрине, табиғаттанудағы ұлы жол оңай болмаған, беймәлім нәрселерді, құбылыстарды тану жолында адам қилы-қилы, «соқтықпалы-соқпақсыз» жолдардан өтуге мәжбүр болған. Табиғаттың мүлгіген тылсым сырына үңілген сайын адам өзі де дамып, рухани-физикалық қатайып отырған. Өзінің зердесі жеткен нәрселерді әртүрлі формаларда бейнелеуге, оған қандай да болсын із қалдыруға тырысқан.
Жазба ескерткіштердің алғашқы қарлығашы пиктограммалар, тас бетіндегі суреттер, мүсіндер, сәулет мұралары, тұрмыстық бұйымдардың бетіндегі көне жазу, ою-өрнек – адамның табиғаттың сырын түсіну жолындағы жетістіктері. Табиғи әлем тірі мен өлінің, яғни өмір әлемі мен тастар әлемінің бірлігі болып табылады.
Аристотель сұлулық сыры заттың көлемі мен орналасу тәртібінде деп есептесе, жаратылыс көркінің құрылымдылық белгілеріне Платон өлшем мен теңдестікті, Леонардо да Винчи арақаытнас жарасымын жатқызады. Сонымен қатар, табиғатта кез-келгенге көріне, ашыла бермейтін ырғақ, сарын, әуен де бар ғой. Тіршілік аясында ырғақ жүйесі тіршілік тәртібімен мақсатты іс-қимылмен ұштасады. Ырғақ тұрақты біркелкілік өлшемін қалыптастырып, кеңістікте келісімді байланысты көрсетеді де, уақыт ішінде нақпа-нақ үйлесімділік пен жүйелілікке бағынышты болады. Осы табиғи заңдылық күй табиғатында көрініс табады. Күйдің нәзік ішкі өрнектік иірімі – ырғақ. Күй өнерінің табиғаты жаратылыстық жарасымды үйлесімділігін сөзбен бейнелеу арқылы танытады.
Шерменде домбыраға желдің күрсінісі мен сары қыздың күлкісіне дейін түсіріп терлеген, шалқар ойлы, зергер Тәттімбеттің, аза мен арман астасқан мынандай тұста, әр ырғағы елім, жерім деген қазақтың қанды жасынан бүр жарған «Саржайлаудай» күмбезді сарайды тұрғызбасқа мүмкіндігі болған жоқ. (А.Сүлейменов)
Өнер – шындықты рухани игерудің маңызды түрі. Онда жеке тұлғалық, даралық үлкен орын алады. Дүниені көркемдік тұрғыдан тану ғылым мен философиядан бұрын қалыптасқан. Бірақ осы уақытқа дейін өнердің тылсым, жұмбақ мәні түгел анықталып болған жоқ. Ең алдымен, өнер сөзінің мағынасын анықтайық. Мамандар бұл сөздің үш түрлі мағынасын анықтайды. Кең көлемде өнер дегеніміз – табиғи қасиеттерден өзгеше құбылысты дүниеге келтіретін адам іс-әрекетінде көрінетін шеберлік. Бұл ракурста ол көне грек тілінен шеберлік, өнер деп аударылып жүрген «Технэ» сөзіне жақын.
Екіншіден, өнер дегеніміз - әлемді сұлулық тұрғысынан игеру, яғни дүниені көркемдік тұрғыда меңгеру. Бұған пайдалы, қажетті заттарды, машиналарды жасау, қоғамдық және жеке өмірді ұйымдастыру, күнделікті өмірде және адамаралық қатынаста өзін-өзі басқару жатады.
Үшіншіден, адам іс-әрекетінің ерекше түрі болып табылатын көркем өнер шығармашылығы да өнер деп анықталады.
Біз назар аударған үш анықтаманы бір арнаға тоғыстырып, сонымен «Өнер дегеніміз не?» деген сауалды өзімізге қойып, оған жауап беруге талпынсақ онда мынадай қорытынды шығады. Өнер дегеніміз – объективті шындықты оның қайталанбас өзіндік болмысы, даралық сипаты тұрғысынан көркемдік жолымен игеру, сезіну.
Көркем өнер әрбір жеке құбылыстың өзіндік қайталанбас болмысына көңіл бөледі. Көркем өнер үшін жалқы тағдырдың басқаларға ұқсамайтын кездейсоқ, бірегей ерекшелігі маңызды.
Эстетиканың негізін қалаушылардың бірі – Баумгартен логикалық танымның объектісі ақиқат болса, ал эстетиканың негізгі объектісі – сұлулық, көркемдік деген.
Н.Г.Чернышевский ғылым бейтарап білім береді, ал өнер өмірге үкім шығарады депті. Л.Н.Толстой өзінің «Өнер дегеніміз не?» тақырыпты көлемді мақаласында, өнердің ондаған анықтамаларын келтіріп, «Нағыз өнерді басқалардан бөліп көрсететін ерекшелік - өнердің әсерлілігі» деп өз пікірін білдіріпті. Шынында да нағыз өнер туындысы ешкімді бей-жай, бейтарап қалдырмайды, ол ерекше жан толқыныстарын тудырады, нағыз өнермен бетпе-бет ұшырасқан адам не күледі, не жылайды, не болмаса керемет күйінеді, не болмаса керемет жек көреді. Бұл көркем өнердің әсерлілігінің күшін көрсетеді.
Егер біз әлем мен адам қатынасының полифониясын мойындасақ, онда оны жан-жақты түрмен, бояумен, ырғақпен, әуезбен біздің сана-сезімімізге құя алатын өнердің де құдіреті мен күшін мойындайсыз.
Әлем мен адамның қарым-қатынасының көркем бейнесін әдебиет сөз, көркем сурет түр мен бояу, мүсін өнері пластикалық бейнелер, графика – сурет сызықтары, штрих, жарық, көлеңке, музыка дыбыстық ырғақтар, кино мен театр әртістердің ойыны, сәулет өнері кеңістіктің әртүрлі қиылыстары арқылы береді.
Өнердің қалыптасуында және дамуында еңбек ету процесі маңызды рол атқарды. Тарихи жағынан, өнер оның нақты бір түрі ретінде дамиды, олар еңбек іс-әрекетімен тығыз байланыста болды.
Өмірдің өзі сияқты өнер де көпжақты және көпмағыналы, әртүрлі тәсілдердің көмегімен іске асады. Сәулет өнері, мүсіндеу өнері, сөз өнері, ырғақ өнері. Бұлардың әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері, тәсілдері бар. Мысалы, шешендік өнері – қазақ халқына тән көркемдік шеберліктің тамаша түрі. Ол – көрген-білгенді көкейге тоқып, көп үйренуді тілейтін, тартысқа түсіп, жалықпай жаттығу арқылы жетілетін өнер. Нағыз шешен үшін сөз шебері болу жеткіліксіз. Табанда тауып сөйлейтін тапқыр, топта тайсалмай сөз бастайтын батыл, сөз сайысында саспайтын салқынқанды болу қажет.
Өнердің бірнеше функциясын атап көрсетуге болады.
Біріншіден, оған танымдық функция тән. Өнер туындылары күрделі қоғамдық құбылыстар туралы бағалы ақпарат беріп отырады. Кей жағдайларда адамның санасының терең қабатында дамып, енді көпшілік санасында қылаң бере бастаған күрделі өзгерістер алдымен өнерде бейнеленді, сонан соң біраз уақыт өткен соң ғана ол ғылыми зерттеудің объектісіне айналады.
Кез-келген өнер туындысының бастапқы объектісі адам болып табылады. Жалпы өнерді, әсіресе көркем әдебиетті адамтану немесе өмір оқулығы деп бағалау кездейсоқтық болмаса керек. Мұның өзі өнердің екінші бір функциясына, тәрбиелік мәніне меңзейді. Өйткені кез-келген өнер туындысы адамның адамгершілік және идеялық қалыптасуына әсер етеді.
Дегенмен, олардың танымдық және тәрбиелік функциясы оның ерекше сипаттамасы емес, өйткені мұндай міндетті қоғамдық сананың барлық түрлері орындайды. Өнердің ерекше функциясы, яғни оны шын мәнінде өнер ететін функциясы – эстетикалық функциясы болып табылады.
Көркем өнерге «тапқырлықтан гөрі тағдыр, әйтеуір тағдырдан гөрі осынау үлкен өмірдің уайым-қуанышымен тамырласып жатқан ойдың тағдыры керек. Оған азу тісі кетілмеген өмірдің қат-қабатының, бел-белесінің суреткер ашқан шабан ағыны керек» (А.Сүлейменов).
Өнер, өз кезегінде, «қай қатер, қай мазақ, қай қазаға да қасқайып қарсы тұратын, адамның еркіндігін ту етіп көтерер, шындықты, ең алдымен, қан қақсаған шындықты айғақтар ардың дабылы» (А.Сүлейменов).
А.Сүлейменовтен алынып отырған екі цитата өнердің қоғамдық сананың басқа түрлерінен гөрі тұлғалық сипатының тереңдігін көрсетеді. Өнердің тұлғалық өлшемдеріне осынша терең мән берген сыншы-драматург суреткер жауапкершілігі туралы да сөз қозғайды. Суреткердің жауапкершілігі өз міндетін айқын түсінуден басталады. Тағы да А.Сүлейменов тілімен айтсақ, «ол-қоғам адамының көргенін, көнгенін, сезген-түйгенін, Хэмингуэйге жүгінгенде, өз басынан өткергендей», «қан сөлін қашырмақ» өнер деңгейінде бүйірін созып тыныс алып тұрған шығарма, тірі шығарма деңгейіне көтеру міндеті.
Адамның суреткерлігіне, суреткердің азаматтығына сын туар сәт те осы. «Суреткер нені көрді?». Бұл бір. «Суреткер неге көрді?». Бұл екі. Суреткер жауапкершілігі деген мәселені таратып айтқанда ендігі бір кезігетін ұрымтал сәт: нені көргенін, неге көргенін қалай айтыпты. Бұл үш. Бұл және де жазушылықтың шығандап шығатын, шырқап көрінетін тұсы (А.Сүлейменов).
Жауапкершіліктің мәні мен мағынасын бұдан артық айту қиын шығар.
Өнердің тұлғалық сипатының тағы да бір белгісі – оның адамды дүр сілкіндіретін, жанын селт еткізетін құдіреті. «Жүректің соғысы – физиология, ал жүректің не қуаныштан, не үрейден барып бас алатын лүпілі – эстетика, өнер – өмірге бергісіз қайрат сөз» (А.Сүлейменов).
Өнертану дегеніміз - өнердің әлеуметтік-эстетикалық мәнін, шығуы мен даму заңдылықтарын, түрлік бөліну ееркшеліктерін, көркем шығармашылықтың табиғатын және оның қоғамдағы ролін зерттейтін ғылымдардың жиынтығы.
Өнертанудың күрделі құрылымы тұтастығымен, кемелдігімен ерекшеленеді.
Біріншіден, өнертану, ең алдымен, өнердің жеке түрлері туралы ғылыми білімдердің жүйесі: әдебиеттану, әуезтану, сәулеттану, кинотану т.б. Бұл ғылымдардың әрқайсысы салыстырмалы дербестігімен оқшауланады, бірақ көркем шығармашылық туралы біртұтас сана ретіндегі өнертанудың жаңа құрылымына кіреді.
Екіншіден, өнертану жалпы түрде үш пәннен тұрады: өнер тарихы, өнер теориясы, көркем сын. Өнер туралы жеке ғалымдар да осыған ұқсас бөлімдерден тұрады:
Театртану – театр тарихы, театр теориясы, театрлық сын.
Әуезтану - әуез тарихы, әуез теориясы, әуез сыны.
Үшіншіден, өнертану жалпы өнер табиғатын зерттеу мақсатында басқа ғылымдармен белгілі қатынаста болады. Бұл тұрғыда оның өнер социологиясымен, көркем шығармашылық психологиясымен, мәдениеттанумен байланысы аса маңызды.
Өнер туралы ондағы мағынаның мәні материалдық қасиетті игеруінің ерекшелігімен анықталады.
Сәулет – адамдардың эстетикалық қажеттіліктері мен рухани, материалдық сұраныстарын қанағаттандыратын әртүрлі құрылыстар жасау өнері.
Бейнелеу өнері ұқсастық принципін негізге ала отырып, қоршаған орта мен әлеуметтік өмірді суреттейді. Бұған живопись, графика, мүсін және көркем сурет түсіру жатады.
Живопись немесе кескіндеме – белгілі бір жазықтықта бояулар мен түрлі-түсті материал негізінде жасалатын шығармалар. Суретшілер сан түрлі бояуларды еріктеріне бағындырып, өз ойлары мен сезімдерін кенеп бетінде мың құбылта алады.
Кескіндеменің негізгі жанрлары: пейзаж – табиғатты, ауылды, қаланы, өндірісті бейнелеу; натюрморт – табиғи заттарды, яғни гүлді, аңды, жемістерді, тұрмыстық заттарды бейнелеу; сюжетті – тапқырлық бейнелеу тарихи, батальді, анималистік, тұрмыстық жанрға бөлінеді.
Графика (нақыштап ою) – бұл ең алдымен, сурет, ақ пен қара түстің сызықтық алмасып отыруына негізделген бейнелеу өнері.
Мүсін шындықты көлемді кеңістіктік формада бейнелейді. Негізгі материалдар тас, мыс, мрамор, ағаш. Өзінің мағыналық қабатына байланысты, монументальді (ескерткіш, монумент); станоктық (портрет, жанрлық көірністер статуя); кіші мүсіндік формалар (ойыншықтар, медальдар, тасты қашау) болып бөлінеді.
Декоративті – қолданбалы өнер – адамның тұрмыстық қажеттіліктерін өтеу барысындағы әдемілік пен ыңғайлылықты жасауға бағытталған өнер түрі. Бұған әшекейлеудің әртүрлері орнамент, ою жатады. Осы өнердің нәтижесінде панно, мозайка, фреска, витраж, гобелен, кілем пайда болған.
Көркем әдебиет – сөздің мол мүмкіндігі нәтижесінде пайда болған өнердің түрі.
Музыка немесе әуез – үндер мен ырғақтардың әртүрлі байланысынан туындайтын өнер. Симфониялық, опералық, камерлік музыка бар.
Театр – шындықты бейнелеу әртүрлі актерлардің ойыны көмегімен сахнада көрсетілетін өнер.
Балет – адам денесінің әртүрлі қозғалысы арқылы белгілі мағынаны бейнелеу өнері.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет