1-лекция. Этика мен эстетиканың пәні


-лекция. Өнер онтологиясы мен өнер құрылымы



бет11/13
Дата12.04.2022
өлшемі327,5 Kb.
#138944
түріЛекция
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13
Байланысты:
этика
алғашқы көмек көрсету, Жер кадастрын жүргізу тәртібі
11-лекция. Өнер онтологиясы мен өнер құрылымы.
Онтология дегеніміз – болмыстың іргелі принциптері, жалпы болмыстық мәндер туралы ілім. Өнер онтологиясы көркем шығарманың сезімдік-материалдық объект ретінде өмір сүруінің заңдылықтарын зерттейді.
Өнердің кез-келген туындысы белгілі бір материалдық қабыршағы және құрылымы бар объективті текст ретінде көрінеді. Онда тұрақты мағына сонымен қатар, оны әртүрлі қабылдауға, түсінуге мүмкіндік беретін, жол ашатын астар да бар. Өнердің жалпы теориясы шығарманың негізгі тақырыбы мен идеясының арасында алшақтық болуын теріске шығармайды.
Интегративті идеялық мағына шығарманың образдық-тақырыптық құрылымы мен сыртқы және ішкі түрлердің күрделі қарым-қатынасы барысында ашылып отырады. Сыртқы түрге оны қабылдауға мүмкіндік беретін образдың сыртқы қабаттары, яғни түр, жарық, үн тембрі, актердің бітім-болмысы, костюм, ішкі көркемдікті тілдік құралдарды жасаудың, ұйымдастырудың және іске асырудың тәсілдері жатады.
Әуездік немесе пьесалық текст нотада, типографиялық белгілерде мүлгіген физикалық объект. Олар ондағы мағына түлеген, сыртқа шыққан жағдайда ғана өнер шығармасы мәртебесіне ие болады. Мағынасы қаншалықты материалдық қабатқа тәуелді және қандай түрде оған жабысқан – бұл өнердің әрбір түрінде өзінше көрініс береді. Р.Шуман, А.Скрябин шығармашаларында орындаушылар үшін түсініктеме жазған, И.С.Бах, Ф.Шуберт ешқандай нұсқау бермеген.
Осындай бақылаулар өнер физикалық құрылым ретінде өмір сүрмейтіндігін көрсетеді.
Мартин Хайдеггер (1889-1976) өнер туындылары зат түірнде басқалар тәрізді өмір сүре береді деген. Сурет қабырғада мылтық не қақпақ сияқты ілулі тұр. Бетховеннің квартеттері баспа шоландарында картоп погребте жатқан сияқты жата береді. Барлық өнер туындыларының осындай метариалдық, заттық қабаты бар. Бірақ оның мәні мұнда емес. Көркем шығарманың шынайы болмысы оның рухани табиғатында. Өнер туындысының шын мағынасы ол түрткі бола алатын барлық тарихи мағыналардың жиынтығы болуында. Дәл осы томаға-тұйықтық, тылсым табиғат, жұмбақ болмыс, көркем текстің метаморфозасы. Әрбір тарихи дәуірге одан өзінің онтологиялық мәселесін табуға мүмкіндік береді.
ХХ ғасырда өнер онтологиясының өзекті мәселелері Эдмунд Гуссерль (1859-1938) феноменологиясында, Мартин Хайдеггер экзистенциализмінде, Ролан Барт (1915 ж.) структурализмінде қарастырылды. Оларды қызықтырған негізгі мәселе - өнердің көмегімен адам қаншалықты болмыстың терең қабаттарына бойлай алады? Адам санасын жалаң психологизм мен кездейсоқ онтологиялық белгілер мен символдардан тазарта алатын көркем қабылдаудың қандай идеалды моделі бар? Көркем жан толғаныстарының көмегімен болмыстың мәндік қабаттарын тануға бола ма? Сөйтіп, ХХ ғасыр өнер онтологиясы мәселесін біршама байытты. Бұрынғы сұрақтар өнер символикасы мен болмыстың мәндік қабатының өзара байланысы төңірегіндегі ізденістермен толықтырылды. Текстің композициялық астарындағы негізгі символдарды игеруге мән берілді. Әрбір шығарма аяқталған соң өзінің авторы меншігінен босап, басқаның қызығу, қабылдау оқу объектісіне айналады. Осы уақыттан бастап ол автордың түпкі ойынан басқа да мағыналар мен мән әлемі бола алады. Роман, сурет, пьеса, симфония төңірегінде әртүрлі шындықтар мен ой ағымдары туындайды. Бұған рухани-мәдени кеңістік, уақыт, дүниетанымдық стереотиптер мен ұстанымдар да әсер етеді.
Көркем туындыны әр оқыған сайын жаңа бір қыры мен сыры көтеріліп, оқырманды оған таныс емес, тағы да бір әлемге тартып отырады.
Әр адамның өз таңдауы бар. Өнер туындысының мағынасы әрқашанда жасалып отырады. Өнер суретшінің тілі, оның көмегімен адам өз ойын жетілдіреді, жаңадан ой тудырады, бірақ ол автордың түпкі ойы мен ұстанымын қайталамайды. Сондықтан өнер авторы аяқтаған соң оны қабылдаушылар санасында, ой ағынында дамып, басқа да мағыналар әлеміне жол ашады.
Сөйтіп, өнер туындысы әрқашанда жаңарып, түлеп отырады. Бірақ бұл процесте текстің авторының ықпалы мүлдем жоқтың қасы. Осыны бақылаудан, түсінуден Р.Барттың әйгілі «автордың өлімі» ұстанымы пісіп жетілген. Мұндай интенцияға тек оқырманның интеллектуалдық өрісі ғана емес, текстің өзінің мүмкіндігі де себеп болады.
Жак Дерриданың текст автордан биік, оның болмысынан автордың ойына кірмеген мән-мағына табуға еріктіміз дейтіні осыған меңзесе керек.
Көркем фактілер – кез-келген мәдени-әлеуметтік қауым өз киімін кигізер эластикалық материя. Бірақ ол әр дәуір немесе орта қабылдаған үйлесім, үндестік өлшемдеріне бағынады.
Өнердің жалпы тарихымен танысу барысында сәулетте, әуезде, әдебиет пен кескіндемеде әртүрлі дәуірде және халықтарда ұдайы кездесіп отыратын тұрақты құрылымдар мен өзін-өзі бейнелеу жолдары бар екендігі көзге түседі. Шығарманың тақырыптық-образдық құрылымында ұдайы қайталанып отыратын түркілер мен сюжеттер өзінің ұқсастығы жағынан көне халық шығармашылығы мен фольклорларына дейін еске түсіреді.
Осындай қайталанудың тағы да бір деңгейі көркем шығармалардың жазылу және жасалуы жолдары мен әдістеріне де қатысты туындайды.
Кеңістіктік және уақыттық тұрғыдан бір-бірімен еш уақытта ұшыраспаған көптеген этностарды тұрақты символдар мен сюжет, қақтығыстар мен баяндаудың ұқсастығы мифтер мен ертегілерде кездесіп отырады. Әртүрлі мәдениет адамдарының қиялында ортақ белгілер бар.
Осы құбылыстың табиғатын зерттеумен Джеймс Фрезер (1854-1901), Эрнст Кассирер (1874-1945), Карл Густав Юнг (1875-1961), Клод Леви-Стросс (1908 ж. туылған), Нортроп Фрай (1912-1985), Федор Иванович Буслаев (1818-1897), Александр Николаевич Афанасьев (1826-1971), Александр Николаевич Веселовский (1838-1906), Ольга Михайловна Фрейденберг (1890-1955), Владимир Яковлевич Пропп (1895-1970), Елизар Моисеевич Мелетинский (1918 ж. туылған) айналысқан.
Халықтың ұжымдық фантазиясының нәтижесінде пайда болған мифте табиғат адами ұғымдарда, ал адамзат табиғи терминдерде бейнеленген. Осы құбылыс психологиялық параллелизм немесе антропоцентризм деп айшықталған.
Халық шығармашылығының көптеген ескерткіштерін зерттеп, қиялдаудың әмбебап түрлерін жинақтап бүкіл әлем әдебиетінің символдық ілімнің сөздігін жасауға болады. Мұндай мүмкіндікті Н.Фрай поэтикалық ритмдердің табиғи ритмдерімен о бастан-ақ байланысты болғандығымен түсіндіреді. Мысалы, таң шапағы мен көктен батырдың тууы мен қайтадан тірілуінің, сонымен қатар, қаратүнектің жойылуымен байланыстырылады. Күннің батуы мен күн образдары арқылы топан су, хаос, әлемнің ақыры бейнеленеді.
Халық шығармашылығында көрініс берген мифологиясының барлық түрін салыстырсақ, өзің мен басқа, жақсы мен жаман, жарық пен түнек қарама-қарсылығы бейнеленген.
Әртүрлі этностардағы мифологиялық түрткілердің бірегейлігі мифтің шығу тегінің жалпы адам баласына ортақтығын дәлелдейді. «Отан-ана», «Атамекен ана» образдары Отан идеясының символдық маңызын анықтайды.
Кез-келген миф – өмірдің бастапқы формасы. Оның құндылығы стихиялы болса да адамның және адамзаттың өмірлік маңызды ситуацияларының мағыналы моделі болуында. Н.Фрайдың пікірі бойынша, миф өнерден туындаған. Миф шын мәнінде өнер. Мұндай қорытынды эстетика ғылымы үшін өте маңызды, өйткені ол өнердің образды тақырыптық құрылымының қозғалу тетігін түсіндіруге қосымша мүмкіндіктер ұсынады, тұрақты стилистикалық жолдар мен композициялық формулалардың себебін ашады.
Миф құрылымының түр жасаушылығын, ерекшелігін негізге алған семиотик және структуралист ғалымдар бұл бағытта маңызды жаңалықтарға қол жеткізді. Структурализм методологиясы мифтің құрылымын элементтерінің өзара қатынасы ұдайы өзгеріске ұшырап отыратын динамикалық жүйе деп қарастырды. Құрылым бүтіндік, тұтастық ретінде барлық бөлшектерінің жиынтығынан әлдеқайда үлкен деген пікір өте маңызды ереже болып табылады. Өйткені шын мәнінде мұнда тіл мен ойлаудың, таңба мен образдың күрделі қарым-қатынасы сөз болады.
Өнертану мен әдебиеттанудағы структурализмнің маңызды саласы нарратология, яғни баяндау теориясы. Бұл күндері нарратология дербес пән болып есептелінеді. Ол 60-жылдардың аяғында өнер табиғатының коммуникативтік мүмкіндіктерін анықтау мақсатында структурализм концепциясын қайта қарау нәтижесінде қалыптасты.
Нарратология баяндаудың екі маңызды аспектісін ашып көрсетеді: біріншіден, әңгіме болып отырған оқиғаларды орналастыру мен жеткізу әдістері мен жолдары. Екіншіден, жазушы оқушымен тікелей немесе жанама диалог ретінде жеткізудің формалды құрылымының ерекшелігін анықтау. Нарратологияның қалыптасуына Роман Якобсон (1896-1983), Ролан Барт (1915-1980), Цветана Тодорова (1989 ж. туылған) сүбелі үлес қосты. Олар әлемде белгілі барлық әңгімелердің бәріне ортақ формалді-құрылымдық модельді табуға тырысты.
Көркемдік әмбебап универсалийлердің қатарына стиль ұғымы да кіреді. Стиль теориясының көрнекті өкілі Мейер Шапиро (1902-1992) стиль дегеніміз өнердің өзі дей отырып, бұл ұғым менталитеттің кез-келген типінде тұрақты конструктивті принцип бар екендігін көрсететіндігін анықтаған. Зерттеушілер өнер стилі ғана емес, өмір сүру стилі, мәдениет стилі туралы жиі айтады. Стиль дегеніміз – идеялық-этикалық, қоғамдық тарихи мазмұн бірлігіне сәйкестендірілген бейнелеу жүйесінің көркем түрде суреттеу құралдары мен әдістерінің тарихи қалыптасқан жалпы тұтастығы. «Жазушы дегеніміз – стиль» қағидасын әр жазушының дәуір үнін, заман тынысын өзінше суреттейтін әдістері мен жолдары деп түсіндіруге болады. Күрделі нәрсенің қарапайымдылығын, қарапайым нәрсенің соншама күрделілігін әркім өз талантының мүмкіндігімен дәлелдейді. Жазушының таланты мен субъективті көзқарасынан, дара стилінен өмірлік шындық қайта жаңарып, жарқырап көрінеді.
Т.Әлімқұловтың Махамбет өміріне арналған «Қара ой» әңгімесі бар. Ол «сол күні ай тұтылған» деген бір кішкене детальдан басталған, бірақ осы бір кішкене деталь әңгімедегі көркем бояуды қаншама қанықтырып тұр десеңші. Суреткер ойынан шыққан осы бір детальға кәміл сенеміз. Әйтсе де, Махамбет өлген күні ай тұтылмаған шығар, бірақ Махамбеттей өр ақынның өлімі табиғаттың сирек болатын құбылысы болған күнімен сәйкес келуі оның халық тарихындағы ерекше тұлға екендігін еске салатын жазушы ұсынған стильдік шешім.
Жазушы стилін оның шеберлігі айқындаса, осы шеберлік шығарманың көркемдік құдіретін айқындайды.
Шеберлік те, стиль де суреткердің творчестволық әдісі мен дүниетанымына тікелей тәуелді нәрсе.
Сыншы С.Жұмабеков «Әлімқұловтың стилін айқындауда әдіс, дүниетаным, шеберлік атты үш категория төңірегінен іздейміз» деп жазды.
Суреткер талғамы да стильдік компоненттердің біріне жатады.
Т.Әлімқұловтың «Сары жайлау», «Көк қаршыға», «Қара ой», «Қара қобыз» сияқты шағын әңгімелерінде адамдық, күйшілік өнердің заманмен жекпе-жегі, пенделік әрі товорчестволық драма жан-жақты көрсетіледі. Творчество адамдарының тұңғиық тағдырын, қайсар өмірін, рухани жалғыздығын, бірақ болашаққа ұмтылған ұлылығын Т.Әлімқұлов өзіндік сара жолмен суреттеген.
Өнердің дәуір аралық универсалийлерінің тағы да бір түрі – жанр. Жанр дегеніміз – көркем шығармалардың белгілі түр аясында салыстырмалы тұрақтылығын сипаттайтын ұғым.
Егер әдебиеттің салалары эпос, лирика және драма болса, онда әдеби жанр ретінде роман, повесть, новелла, поэма, элегия, сонет, трагедия, комедия көрініс береді. Әуездің тұрақты жанрлары – соната, симфония, кескіндеменікі – портрет, пейзаж, натюрморт.
Жанрдың пайда болуы сюжет, ритмикалық құрылым, композицияның даралануымен тығыз байланысты. Жанрдың формалді белгілерінің ең маңыздылары – композиция мен тіл құрылымы. Трагедияның тілі комедия тіліне ұқсамайды, сол сияқты әңгіменің тілі ода мен сонеттің тілі бола алмайды.
М.И.Бахтин (1895-1975) жанр көркемдік даму барысындағы шығармашылық естің түрі деп анықтаған.
Қоғамның дамуы күрделенген сайын өнердің классикалық қабаты мен бұқаралық қабатының жігі одан әрі ашыла түседі.
Өнер құрылымы.
Өнер құрылымын анықтайтын категориялар қатарына композиция, көркем текст, көркем уақыт, көркем кеңістік және түр жатады. Бұлардың кейбіреуі өнердің барлық түріне ортақ, ал кейбіреуі тек жеке түрлерде көрініс береді, бірақ олардың бәрі эстетикалық категориялар тобын құрайды, өйткені олар өнер шығармасының құрылымын түсіндіреді.
Композиция – көркем шығарманың құрылу әдісі. Бұл ұғым өнердің барлық түрі үшін маңызды. Суретті өз шығармасы біртұтас және көрнекті болуы үшін әрбір сызықты, бояу мен жарықтың өзара қарым-қатынасын жан-жақты ойластырады.
Әрбір тарихи дәуірге тән композициялық шешімдер мен принциптер бар. Мысалы, классикалық шығармаларға қатал ұстамдылық, симметрия мен қайталаушылық тән. Бұл сәулет өнерінде, кескіндемеде жақсы байқалады. Ал постмодернизм өнері көзге түсіп тұратын қарама-қарсылықты, мен мұндалап тұратын артық бір детальдарды ұнатады.
Поэзия мен музыкада ритмикалық қатар сақтау үшін қайталанатын жолдар немесе дыбыстар болады.
Сонет, рондо, анекдот және әңгіме композициясының өзіндік сипатымен ерекше айқындалады.
Үлкен жанрларда сюжет өте маңызды роль атқарады. Сюжет – көркем түсіндірудің әдісі, оқиғаны ұйымдастыру: әрекет қалай іске асады, мінез қалай дамиды, кейіпкерлер мен жағдайлар қалай қиылыстырылады, яғни образдардың ішкі мағыналық байланысы.
Композицияның көптеген әдістері әдебиеттануда жан-жақты қарастырылған, бірақ олар жалпы эстетикалық мағынада өнердің барлық түрлерінде қолданылады, бірақ әрқайсысының өзіндік ерекшелігі есепке алынады. Кескіндемеде түр мен сызық композициясы, сәулет өнерінде көлемді, терең кеңістіктік композиция, кино өнерінде жарық, дыбыс пен әуезді құрастыру, кіріктіру өте маңызды.
Композиция – көркем шығарманың әртүрлі қабаты мен деңгейін құрастырудың өзіндік заңы.
Көркем текст - автордың оқушыға, тыңдаушыға, көрушіге бағытталған негізгі ойын жеткізетін мағыналық өріс.
Бұл категория үш негізгі функцияны орындайды:
1)ақпаратты жіберу;
2)жаңа ақпаратты дайындау;
3)ақпаратты есте сақтау.
Көркем текст назарына ұсынылған адам бұған әр уақытта қосалқы автор ретінде қатынаста болады. Өйткені ол оған беріліп отырған ақпаратты ұғынуы қажет, сонымен қатар өзінің де қатынасын білдіріп отыруға міндетті.
Осы тұрғыда Әлия Бөпежанованың «Өнердің қай туындысы да, ең алдымен, көркем текст» деген пікірімен толық келісуге болады.
Текст қазіргі гуманитарлық мәдениеттегі шешуші ұғым. Ал текст – автор, оқырман және мәдени контекст арасындағы диалог.
Көркем текстің өткен мәдени құндылықтарды сақтап отыратын ой қазыналық функциясы өте маңызды. Мәдениет тарихына ене отырып, көркем текст тек өткенді еске алу үшін ғана емес, болашаққа бағыт-бағдар бола алады, өйткені олардың бітім-болмысында тамаша құндылықтар әлемі мүлгіген.
Өнердегі кеңістік пен уақыт категориялары арқылы эстетика тарихында өнер түрлері жіктелген.
Яғни өнердің кеңістіктік және уақыттық түрлері бар.
Кеңістіктік өнер түрлері – сәулет, мүсін, кескіндеме, графика.
Уақыттық өнер түрлері – музыка, поэзия, уақыт пен кеңістіктегі өнер түрлері, пантомима, балет, театр, кино т.б.
Мұндай жіктеудің негізі болғанымен, оны тым әсірелеуге болмайды. Өйткені кез-келген өнер туындысында кеңістік пен уақыттың өзара байланысы әрқашанда сақталып отырады. Белгілі бір жазықтықта картина, гравюра, кинокадр іске асырылса, сәулеттік шығармалар, мүсін, қойылымдағы кішкене көріністер, билер үш өлшемді кеңістікте өмір сүреді.
Көркемдік уақыт дегеніміз – нақты уақыттық қатынастардың өнерде бүгілу ерекшелігін айтамыз. Көркем өнердің әрбір түрінде өнер өзіндік сипатта уақытты түсіндіреді. Тарихтың әр дәуірімен этнос уақыттың өзіне тән тұғырнамасын ұсынады. Ол созыла берілуі немесе ұзақ уақыттың «жылт етіп» тез өтуі мүмкін.
Мысалы, импрессионизм – бір сәттік сезімді, көріністі, жылт етіп қылаң берер мөлдір әсерді бейнелеуді мүддеге айналдыру.
Өнердің гносеологиялық қыры кеңістік пен уақыттың үйлесімді байланысын көрсетеді.
Түр - өнердің әлем бояуының жан-жақтылығын әртүрлі түрлердің неше түрлі байланыстары арқылы беретін өнердің аса маңызды құралы.
Түр көрушінің түйсігіне негізделеді.
Өнер құрылымының маңызды категориялары – композиция, көркем текст, көркем уақыт, көркем кеңістік түр.
Композиция – көркем шығарманы жасау әдісі.
Көркем текст автордың оқушыға, тыңдаушыға, көрушіге бағыттаған, бағытталған хабары.
Көркем уақыт көркем шығармада шынайы уақыттық қатынастардың берілу формасы.
Көркем кеңістік - өнер шығармаларында көркем реалдылықты бейнелеу түрі.
Түр – көру түйсігіне негізделген өнер құралы.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет